Бұл есімнің бүгінгі қазақ әдебиетінде өзіне лайық орнын ойып алғаны рас. Көзқарақты оқырман оның әр шығармасын асыға күтеді. Солай болуы заңды да! Өйткені, Асқар Алтай қазақтың шұрайлы тіліне жөргегінен жарыған жазушы. Алтайдың әйгілі Марқакөл өңірінде бес мыңнан, жеті мыңға дейін алалы жылқы біткен Шонжырбай бай – Асқар Алтайдың арғы атасы. Одан – Жылқышы, Жылқышыдан – Алпысбай, Алпысбайдан – Құмар. Алпысбай атақты Шәкәрімнің ұлы Зиятпен дос болған, Шығыс Түркістан Республикасы басшыларының бірі Сәліспен Семейде бірге оқыған. Арғы бетте генерал Мажунин дүңген көтерілісіне басшылық еткенде, оған қазақтар да қатысқан. Алпысбай ел басына күн туғанда әкесі Жылқышыдан қалған бес жүзден астам қылқұйрықтан көтеріліске қатысқан қазақ жігіттеріне қосарлап ат та мінгізген.
Ал Құмар Мәскеу төңірегіндегі атақты Диверсиялық барлау мектебінің Шығыс барлау бөлімін (1936–1942 ж.) бітірген. Сонда жүріп советтің барлаушылық қатал тәжірибесінен өтіп, қытай, моңғол, тибет, ұйғыр, орыс тілдерінде еркін сөйлеп, еркін жазған. 1942 жылы генерал Дәлелхан Сүгірбаевтың кеңесшісі болып, Совет одағынан Зайсан шекарасы арқылы Шығыс Түркістанға енгізілген. Ол тәуелсіз Шығыс Түркістан Республикасын құрысып, Алтай аймақтық Сақшы бастығы қызметіне тағайындалады. 1951 жылы Оспан батыр ұсталғаннан кейін Құмарды қызметінен алып, Кеңес одағының ұйғаруымен Пекин Заң университетіне білімін көтеруге жібереді. Ол сол кездегі қазақтар арасында жоғары білімді заңгер азаматтардың санаулыларының бірі еді.
Құмар Алпысбайұлы Мағжанның «Батыр Баянын», Жүсіпбектің «Ақбілегін» әңгімелеп отыратын. «Алтайда ел нары екен қалың найман, Қытайға қалың найман қанат жайған» деп әкесінің әнге қоса ыңылдап айтқан сөздері Асқардың құлағында бала шағынан қалып қойған. Ол Шәкәрімнің көптеген өлеңдерін білетін, көп сөйлемейтін. Ал сөйлеп кетсе, сөздің майын тамызатын. Асқардың өз анасы Меңке де сөзге ұста адам еді.
Асқардың балалық шағы өте бай һәм құнарлы болды деуге толық негіз бар. Алты, жеті жасына дейін көп адамды көрген жоқ, қалың жылқы мен малды көрді. Құдды суретпен сызып қойғандай, қыл қаламның да құдіреті жетпейтін сұлу Алтайдай арда табиғаттың ортасында өсті. Өз көзімен көрген жабайы аң-құс, жан-жануарлар бала Асқарды рухани түлетті. Бала кезінен бөрі мен бөлтірік аулауға, бұғы мен аю атуға аңшы Қауқай, Буратай, Нұрғали қариялармен, әкесі Құмармен бірге барып жүрді. Сондықтан да оның шығармаларында аңшылық туралы оқиғалар жиі ұшырасады. Шынайылығымен, тылсымдығымен оқырманын тамсандырады.
Ал мамыр айында Алтайдың алқызыл модағайлары кес-кестеп, қып-қызыл өрттей болып қарсы алған кезде өзі де түсінбейді, жан дүниесі астаң-кестең болып кететін. Сондай таңғажайып сәттерді басынан кешірді.
***
А.Алтайдың тұңғыш жинағы «Қыр мен қала хикаяларына» (1998 ж.) енген «Қара бура», «Қаладағы құтпандар» хикаяттары жазылу формасы соны, тұщымды туындылар.
«Қара бура» хикаятындағы қара бура – символ. Қара бура – қазақтың езіп-жаншылған, сорлаған, қорланған рухы. «Қара бура» – ұлттық намысты қамшылайтын, ес жиғызатын һәм қазақтың өткенін ғана емес, бүгінгі кескін-келбетін де қанын сорғалатып көрсетуімен құнды шығарма.
Ал Асқар Алтайдың «Қаладағы құтпандары» өзгеше дүние. Қаладағы қоғам келбетін бес ит көзімен суреттеп шыққан.
Асқар әңгіме жанрының шебері. Бұған жазушының «Казино» жинағына (2008) енген әңгімелері айғақ. Оның әрбір әңгімесінің мәні мен мазмұны бір-біріне ұқсамайды. Оқыс оқиғалар көкірегі ояу адамды селк еткізері хақ. .
«Құдайсыз қоғамға, имансыз адамға бәрі рұқсат… ештеңе жат емес екен. Ал мұндай мұндар дүниеде өртті жүрек, дертті сана ақылға қонақ бермей, асау сезімге ғана бой алдырмақ…» Жер бетіндегі бүгінгі былықтар мен қырғи-қабақ соғыстар, түрлі-түрлі табиғи апаттар мен катаклизмдерге кінәлі – адамдар!
Сол үшін адам баласы өзін-өзі жақсы жаққа өзгертуі керек. Парақорлықтан, жағымпаздықтан, мақтангершіліктен, қызғаныштан, көреалмаушылықтан, тойымсыздықтан, тыраштанудан, еліктеуден, арақ-шараптан, ысырапқорлықтан, т.б. толып жатқан жағымсыз істерден!..
Жинақтағы Асқар Алтайға тән стиль: оқырманды бірден баурап, жетелейтін шұрайлы тіл, шиыршық атқан оқиға мен оқырманға салар ой, дәл қойылған тақырып менмұндалап тұрады. Қараңыз: «Казино», «Салбурын», «Сібір офицері», «Көзімнің қарасы», «Қабірші», «Балақ бау», «Шың», «Дода», «Дық», «Оба жылғы сауық», «Мар», «Мең-зең», «Кентавр», «Лайбаран», т.б.
« «…Әдебиетімізге өз үнімен, өз тілімен, өз шындығымен екпінді, қарқынды қаламгер келді. Асқардың тілі бай, Алтай тауларының топырағындай құнарлы, шөбіндей шүйгін. Қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған, жал-құйрығы күзелмеген, бөгде сөзбен былғанбаған ортада ер жеткен жазушы екенін кітаптың әр бетін оқыған сайын біле түсесіз». суреткерлігі.
***
Жазушының отыз жасында жазған «Алтай балладасы» (Алтайдың алқызыл модағайы) роман-мифі жайлы баспасөз бетінде көп жазылды.
Аумалы-төкпелі сын сағаттарда, тағдыр не олай, не былай болып кетеді-ау деп тұрған кезде Алланың назары түседі. Біздің арамыздағы рухты адамдар оянады! Жекелеген тұлғалар рухты оятады! Өкініштісі сол, сол қайсар рухты біз ұмытқанбыз… Тіліміз де, діліміз де әлсіз, еліктеуші-солықтаушы ұлтқа айналдық. Ағылшын келсе, ағылшынға, қытай келсе, қытайға, орыс келсе, орысқа еліктейміз.
Дәл бүгін қазақ терісі шала сыпырылған сол бөрі сияқты. Рухы да сондықтан шала. Шала рухты, тіпті рухсыз, намыссыз жұртқа айналып бара жатқандаймыз. Жазушы осыны айтып тұр. Бір кездегі рухты ер мен бүгінгі рухсыз елді меңзеп отырғандай.
«Туажат» романы хақында А.Ментебаева. – «Туажат» Туажат образына сай тылсым сырын да оқырман ой көзімен шолсын деп тереңіне жасырған… Себебі, бір оқығасын қайтып қолыңа алғың келмейтін, оқиғасы оқыған жеріңде-ақ ұмыт қалатын шығармалар көп. Ал «Туажат» санаңда таңбаланып қалатын, қайта-қайта қайталап оқуға оралтатын рухты шығарма».
Роман бір деммен оқылады. Кино көргендей күй кешесіз. Бұл – жазушының шеберлігі.
***
А.Алтайдың кез келген шығармасында жадыңызда жаңғырып тұрар, үнемі үзілмейтін өршіл рух бар. Ол – бабаларымыздың Бөрі тотеміне табынған сонау заманнан келе жатқан – Көкбөрі рухы! Содан да болар, жазушы сомдаған кейіпкерлер шетінен қайсар, қайратты, намысқой, жігерлі.
Әдебиет тарихынан белгілі жәйт, талантты жазушы прозаның қай жанрында болмасын қамшы салдырмас, әмбебап болады. Мейлі әңгіме, мейлі повесть, мейлі роман жазса да! Асқар Алтай да сондай ерек талант иесі! Бұл сөзімізге оның бүгінге дейін жарық көрген шығармалары айғақ.
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ,
жазушы.
«Қазақ әдебиетінен»
Парақшамызға жазылыңыз
Алтай – жақсы жазушы шығар, бірақ, сексенінші жылдары “Қазақ әдебиеті” газетіне орысшадан аударылып басылған монғол жазушысы Ж.Пүрэвтің “Кек” әңгімесін көшіріп романында сол күйі енгізіп жіберген плагиаттығы болмаса…
Шіркінай,құдайдың берген қабылетін місе тұтпай несіне ұрлыққа барады екен,ә?! Ашкөздік-ай… Асқар түзелген шығар деп ойлаймын. Өзінен бір сұрап көру керек екен.