///

Міржақып Дулаттың қызы өмірден озды

3439 рет қаралды

2013 жылдың 18 ақпанында 98 жасқа қараған шағында Алаш­тың аяулы ұлдарының соңғы ұрпақтарының бірі Гүлнәр Мір­жа­қып­қы­зы Дулатова апамыз өмірден өтті.

Г.Дулатова 1915 жылғы 4 қарашада Алаштың ар­дақты ұлы Мір­жа­қып Дулатов пен оның аяулы жары Ғайнижамал Досымбе­кова­ның отбасында дүниеге келген. 1939 жылы Алматы мем­ле­кеттік медицина институтын бітіргеннен кейін үздіксіз 48 жыл бойы дәрігер-дерматолог болып қызмет істеді. Мамандығына сай еңбек ете жүріп қазақтың қайсар қызы ХХ ғасырдың басындағы қазақ зия­лы қауымы өкілдерінің, яғни Алаш арыстарының ақта­луына ұйыт­қы болды. Сөйтіп, ол алғаш рет сталиндік репрессия құрбан­дарын саяси ақтау коми­тетіне Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұр­сынов, Міржақып Дулатов, Жү­сіпбек Аймауытов және т.б. қоғам қайрат­керлеріне қатысты материалдарды жолдады. Олар ақталғаннан кейін Г.Дулатова Қазақстан мұра­жайларына (Орталық мұражай, Торғайдағы А.Байтұрсынов және М.Дулатов атын­дағы мұражай, Қостанай, Семей, Астана қалаларындағы мұражайлар) көптеген экспонаттар берді.
Г.Дулатова әке жолын қуып, қолына қалам алып, артына мол мұра қалдырды. Ол 1988 жылдан бастап кешегі күнге дейін мерзімді баспа­сөз беттеріне көптеген мақалалар, очерктер, естелік-эсселер жазып тұрды. Апамыздың қарымды қаламынан туған Алаш арыстарының өмір белестері суреттелген бұл дүниелер жинақта­лып, «Алаштың сөнбес жұл­дыздары» (2010 ж.), «Шындық шыра­ғы»  (2012 ж.) деген атпен жеке кітаптар болып жарыққа шықты.
Г.Дулатова Қазақстан және шетел ғалымдарының әдеби, тарихи-этнографиялық зерттеулеріне үлкен үлес қосты. Әкесі Міржақып Дулатовтың бірнеше шығармалар жинағын құрастырды. 2010 жылы республикада медициналық білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина универ­сите­тінің Алтын медалі берілді. Гүлнәр Міржақып­қы­зы сондай-ақ айрықша еңбегі үшін 2011 жылы Алаш арысы Әли­хан Бөкейханов атындағы тәуелсіз қоғамдық төсбелгімен марапатталды.
Алаш арыстарының көзін көрген, олардың ақталуына саналы ғұмырын арнаған аяулы жан Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова оны білетіндердің жадында әрдайым сақталады.

Қазақстан Жазушылар одағы.

Гулнар апай-2

Алпыс жыл ақылын айтқан апамыз еді

Жақсы адаммен жақын жүру – тағдырдың сыйы. Гүлнәр апаймен алпыс жылдай араласып, осынау тұрған бойы өнеге адаммен жақын жүргенімізді өзіміздің бақытымыз санаймыз. Гүлекеңнің жары Әбен ағамыз «Социалистік Қазақстанда» қызмет атқарғанда менің жолдасым Балғабек Қы­дыр­­бекұлын бауырына тартқан азамат. Сонда таныса келіп, Гүл­нәр апамыздың әкесі – қазақ­тың ұлы перзенті Міржақып Дула­тов пен менің әкем Сейдалы Ора­залиннің тағдырластығын білгеннен кейін араласымыз жақындыққа айналған. Менің әкем де Алашорда қатарында бол­ғандықтан, 1928-1929 жыл­дар­дың аласапыранында Ақтөбе жағынан ұсталса, Торғай жағынан Міржақып атамыз ұсталған екен. Оның аяғы неге соқтырғаны белгілі.
Тағдыр қанша ауыртпалықты басына үйіп-төксе де, Гүлнәр Міржақыпқызы апамыздың соның бәрін үлкен парасаттылықпен, ақылмен жеңгеніне таңғаласың. «Халық жауының» қызы атану оңай емес. Және ол жай көптің бірі емес, Алашорда көсемінің, аты аталуға тыйым салынған адамның қызына жұрттың көзқарасы бел­гілі. Тағдырына өкпелеп, күй­ге­лектікке ұрынбай, бәріне сабырмен қарап, отбасының бере­кесін ортайтпай, ұрпағының өсіп-өркендеуіне барлық жағдай жасаған Гүлнәр апайдың өмірін тек үлкен азаматтық ерлік деп бағаласақ жөн.
Гүлнәр апай мені бір жағынан келінімсің, бір жағынан сіңлімсің деп еркелететін. Отбасымыздың барлық қуанышына ортақтасып, қиындықты бірге бөліскені бізге күш беріп, рухымызды көтеретін. Бұл кісінің әрбір өнегелі ісі жадымызда жатталып, санамызға сің­ген. Гүлнәр апамыздан жұрт­пен араласуды, сыйласуды, ай­на­ламызға парасаттылықпен қа­рауды үйрендік. Тек бізге ғана емес, бұл кісінің талайларға өне­гесі дарып, шапағаты тигеніне куәміз.
Ардақты апамыз біраз жас жасады. Алла тағала бұл адамның басқаларға шапағаты көбірек тисін деген шығар. Бұл фәнидегі жақсылыққа толы өмірінің бақилық өміріне қайырымы болары анық деп ойлаймыз. Артында қалған ұрпағына бұл қазаның халыққа ортақ екенін, оны білетіндердің барлығы аяулы апамыздың нұры пейіште шалқысын деп тілейтінін айтқымыз келеді.
Сапура ҚЫДЫРБЕККЕЛІНІ, ардагер ұстаз.

Қайран, Гүлнәр апай!..

Алғашқы мақалаларым «Социалистік Қазақстанда» басыла бастаған кезде (1948 ж.) мені жақын тартып, бауырына басқан ағаларымның ішінде Мұқан Иманжанов пен Әбен Сатыбалдиевтің өзіндік орны бар еді. Әбекең сол кезде-ақ жасы басқалардан үлкендеу, өмірлік тәжірибесі де мол, ақыл-парасаты кең, дүниенің сырын ұғынған адамға ұқсайтын. Мұқаң да оны ерекше сыйлады. 1956 жылы драма театрының сахнасында Мұқаңның «Менің махаббатым» атты пьесасы қойылып, соған жолдастары жиылып-төгіліп барғанымыз есімде. Гүлнәр апайды сонда бірінші рет көрдік. Ол кісі де жүзі жылы, айналасына аялы көзбен қарайтын, ақыл-парасаты төгіліп, нұр сеуіп тұратын адам екен. Бізді де тез танып, бауыр басып кетті. Содан бері қарым-қатынасымыз үзілген емес. Балалары да біздің көз алдымызда өсті. Қонақжай, көпшіл, өнегесі, үлгісі мол дастарқанын да бөлістік.
Бірақ, ол кезде Гүлнәрдің Міржақыптың қызы екенін білген емеспіз. Олардың өзі де көп ашылып айта бермейтін. Сол бір тұста Әбеңді драмтеатрға директорлыққа ұсынғанмен өткізбей тастап, оның әйелі Міржақыптың қызы екенін сонда ғана естідім. Мен Нұрымбет Жанділдинмен де сөйлесіп көрдім. Бірақ, қатал заманның тәртібін бұзуға бара алмады. Ал, Міржақып творчествосымен мен екі рет танысқанмын. ХХ ғасыр әдебиетін зерттеген тұстарымда оның кітаптарын оқығанмын. Бірақ, бұл тақырыпқа Әбеңмен арамызда әңгіме айтылмады. Үндемеген қалпымызда сыйластығымызды жалғастырдық.
80-ші жылдардың аяқ кезінде Алашорданың ақын-жазушылары ақтала бастағанда Міржақып туралы әңгіме бірден қозғалмады. Ахмет, Шәкәрім, Жүсіпбек, Мағжан ақталғаннан кейін ғана Гүлнәр мен мені қатыстыра отырып, Өзбекәлі Жәнібеков осы мәселені ақылдасты. Мәселенің қай жағынан келу жеңіл болатынын, қиындығын біраз барладық. Сөйтіп, Міржақыпты ақтауға бет бұрдық. Алғашқы мәліметті дайындаған Жұмағали Ысмағұлов екеуміз едік. Гүлекең де көп деректер берді. Ақыры, құдай оңдап, Міржақып ақталды. Кітаптарын бастық. Оның шығармашылығы жайлы зерттеулер жасадық. Осыдан бастап Гүлекеңнің жасарғаны көз алдымызда. Сол қуат, үміт оты оны 98 жасқа жеткізді. Ескінің бәрін білетін кәрі тарих апайдың аузымен жарыққа шығып, Міржақып пен оның замандастары жайлы бірнеше кітап жазылды. Апайдың көңілін көтеріп, ойындағысын айтып кетуге мүмкіндік берген тағдырға қалай риза болмассың. Оның кітаптары тәуелсіздіктің шын тарихы мен ерлері жөніндегі алғашқы тұтас әңгіменің басы еді. Онда қызғылықты оқиға да, адам да, адамдықтың сыны да шынайы мол болатын. Гүлекеңді жанындай жақсы көретін Әлия Бейсенова сіңлісінің сол кітаптар және оның авторы жайлы бірнеше мақала бастыруы да осыдан.
Қош, қайран Гүлнәр апай. Алдың жарық, топырағың торқа болсын.
Серік ҚИРАБАЕВ,  академик.

Қош, халқымның асыл қызы

Отаршылдық саясат тұсында «Оян, қазақ!» кітабымен дабыл қағып, халқын дүр сілкіндірген Міржақып Дулатовтың жалғыз тұяғы Гүлнәр жеңгей жасы 100-ге таянғанда фәни дүниеден өтті. Алыстағы ауылдан Алматыға оқу іздеп, талап қуып келгенімде 1961 жылы Гүлнәр жеңгеймен жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлы таныстырып, қонақ үстінде Міржақып Дулатовтың өлеңдерін бірінен соң бірін жатқа оқып, жабулы жатқан шындықтың бетін ашып, таңғалдырған еді. Өйткені, М.Дулатов туралы жұрт ауыз ашуға сескенетін тұста қонақта кейбір әдебиет сынының «полицейлері» отырғанына қарамай, әңгіме тиегін ағытқаны күні бүгінге дейін көз алдымда.
– Әй Мекемтас, Гүлнәр келін жақын жеңгең болады, сыйласып, сырласып жүр. Бүгінгі біздің әулеттің ең озық өнегелі, әдепті келіні, әкесі арыс Міржақыптың:
«Мен біткен ойпаң жерге
аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі,
Пайдалан шаруаңа жараса, Алаш!», – деген өлең сөзінің патриоттық рухтық отты лебі алаулап тұрады. Ұқтың ба?! – деп қадала қараған еді.
Гүлнәр жеңгей рухани қысымның бар түріне шыдас беріп, Алаш арыстары туралы аса құнды дерек көздерін қалың оқырман қауымға табыстап кетті. Бірнеше құнды кітаптар жазып, өшуге айналған тарихи санамыздың оралуына, ұлттық санамыздың оянуына аянбай еңбек етті.
Гүлнәр жеңгейдің ұлы мақсаты мен арманы Алаш арыстарының рухани мұрасын тарих қойнауынан қайтарып, халқына қызмет еттіру еді. Арманына жетті. Халқының жүрегінде сөзі қалды. Халқының аяулы қызы, ұлттық рухтың тәлімгер жаршысы Гүлнәр жеңгей өмірден өтсе де, рухы бізбен бірге мәңгі жасай бермек. Қош бол, халқымның аяулы асыл қызы.
Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, профессор.

Тектінің тұяғы

1957 жылы Уфа қаласында ғылыми іссапарда жүріп, сол жерде өртенгелі жатқан қазақтың көнекөз 700 кітабын елге жеткізуге себепші болып едім. Солардың ішінде Міржақыптың да кітаптары бар болатын. «Бақытсыз Жамал» мен «Оян, қазақ!». Сол құнды дүниелерді көруге Міржақып Дулатовтың күйеу баласы Әбен Сатыбалдиев деген кісімен бірге Гүлнәр апай да келген еді. Әкесінен қалған осы қимас жәдігерлерді көріп, сол жолы өзінің балалық шағын, отбасын есіне алып, Гүлнәр апай мауқын бір басқаны бар. Мен Гүлнәр апаймен, оның отбасымен сол кезден бастап араласа бастадым.
Гүлнәр апайдың бағы – әкесінің ақталғанын көрумен қатар, Алаш қайраткерлері туралы толымды еңбек пен құнды деректерді кейінгі ұрпаққа қалдыра білгені. Гүлнәр апай тағдырдың ащы дәмін татты. Бүкіл өмірі ақиқат жолында күресумен өтті. Қара жер көтере алмайтындай сұмдық ауыртпалыққа қабырғасы қайысып қарсы тұра білді.
Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова қазақ ұлтына жасалған қанқұйлы қасіретті істің 100 жасаған куәгері еді. Ол кісі қазақтың азат ел болғанын көзбен көріп кетті. Әкелерінің өз ұлты үшін бастаған қасиетті ісі мен ақадал тілегін бүгінгі ұрпаққа жеткізіп кеткен Гүлнәр апайдың алды жарық, арты кеніш болсын деймін!
Иманды болыңыз, Гүлнәр апа! Бақұл бол, қазақтың қамқоршы қайсар қызы!
Тұрсынбек КӘКІШЕВ,
филология ғылымдарының докторы.

Бір өзі бір университет, тірі тарих

Қабырғаңды қайыстырып кететін қайғылы хабар – қазаның жеңілі жоқ. Ал, Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатованың өмірден өтуі тіптен ауыр. Өте ауыр. Міржақып Дулатов сынды алаш арысының қызы, Әбен Сатыбалдиев секілді қайраткер қаламгердің жары, Ерлан Сатыбалдиев сияқты ақиық азаматтың анасы Гүлнәр  анамыз тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы еді. Бір өзі бір университет, тірі тарих, бітімі бөлек бекзат анамыз өмірдің талай сынынан өтті, сынбады. «Халық жауының қызы» деп қуғын-сүргін көрген азапты, ауыр жылдарда да әкесі Міржақып жаққан азаттық отын өшірмей, алаш арыстарының мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, бүгінгі күнге жеткізді.
«Жиырмасыншы ғасыр» атты роман-эпопеямда ұлтымыздың ұлы тұлғалары Әлихан, Ахмет, Міржақып бейнелерін сомдаған едім. Сол еңбегіме апамыз аса жоғары баға беріп, жас балаша қуанып еді. 2010 жылы анам Мағрипа Әбенкеліні қайтыс болғанда телефон шалып, көңіл айтумен шектелмей, ұлы Ерлан арқылы хат жолдағанын ұмытқан жоқпын. Бұл да тектіліктің бір белгісі болса керек.
Жаның жәннатта болсын, асыл Ана!
Сәбит ДОСАНОВ, жазушы.

Қос ғасырдың шежірешісі

Өлмейтіндей көрінетін адамдар бар шығар деп ойлаушы едім… Гүлнәр апам да сондайдың сойынан еді-ау! Ажал құрығынан ешкімнің де құтылмасын білсек те қимастық сезім үміт үзгізбей, тым құрымаса, енді бірер жылда ғасырлық ғұмырдың қанжығасына іліктіре көр деп, Алладан тілеп жалбарынатынбыз. Гүлнәр апамның 95 жылдық тойында «100-ге келіңіз!» – деп бәйек болғанымызда, қос ғасырдың тауқыметі ағартқан күмістей аппақ шашты басын күлімдей изеп, керемет дәйекті сөзін ұрпақтарына арнап айтқан еді. «Алаш арыс­тары армандаған Тәуелсіздігіміздің туын жықпай, нық ұстаңдар!» – деп, жиырма жасында айырылған Міржақып әкесі, отызында көз жазып қалған Ғайнижамал анасы, «атакелеп» тізелеріне еркелеп отырған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов аталары есіне түскендей, жанары боталап кеткен-тін…
Құдайым-ау! Алаш алыптарының көзін көріп, сөзін естіп, ақылын тыңдаған, сол жадында қалғандарын том-том кітап етіп бастырған Гүлнәр апамнан басқа кім қалыпты енді, тұлпардың тұяқтарынан?! Дара еді, даңқты еді, дарқан еді, менің ерекше жаратылысты асыл апам! Қос ғасырдың шежіресін жазып кеткен талантты, дарынды болатын. Көкірегі алтын көмбе еді-ау! Құдды, Міржақып әкесіндей сабырлы мінезді, өткір тілді, ақыл-ойы дариядай, құшағына бүкіл елін сыйдыратын мейірімді ұлы ана боп аттанып кеттің-ау, апа, ғапылда.
Асылдың тұяғы, қайран апа! Өзіңнің туған күнің 4 қарашада Міржақып әкең ақталып, күздің шелектеп құйған қара жаңбырына көз жасыңды бақыраштап қоса төккеніңді тарих көрді!.. Сол себепті ұсынады енді, әрдайым Төрді!
Енді қайтіп, Еліңнің ұрпақтары жыламасын! Сіз көрген қорлық, жапаны білмесін!
Тасқа тамырын терең жіберген дара шынарым, Гүлнәр апа! Өлмейтіндей көрініп едіңіз!… Қайтейін!.. Әкеңіздің мүрдесін өзіңіз жат жерден әкеліп, мәңгі жайғастырған кәрі Торғайың қаралы басын төмен салып: «Қош, қош!» – дейді. Бақыл болыңыз, жан апа!
Қайсар ӘЛІМ, көсемсөзші.

Алаш арыстарының шырақшысы

Гүлнәр… Гүлнәр апай! Атын айтқанда ауыз толатын еді. Гүлнәр Міржақыпқызы тектінің тұяғы еді. Тұяғы болғанда жай ғана тұяғы емес, Гүлнәр апай тұтас бір Алаш арыстарының іздеушісі, жоқшысы еді. Ол Алаш арыстарын бөлмей, жармай, толайым жоқтайтын.
Гүлнәр Міржақыпқызы Алаш қозғалысының қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, тағы басқалар туралы деректерді алғаш жариялаушы. Алматыдағы Орталық мұражайға, Торғайдағы, Семейдегі, Астанадағы мұражайларға саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты олардың жеке заттарын, кітаптар, суреттер, хаттар мен құжаттар, т.б. көптеген экспонаттар тапсырған. Баспасөзде Гүлнәр Міржақыпқызының очерктері мен эсселері 1988 жылдан жариялана бастады. «Свет истины» («Шындық шырағы») кітабы 1995 жылы, 1999 жылы екі томдығы, 2010 жылы «Алаштың сөнбес жұлдыздары» кітабы жарық көрді. Сондай-ақ, ол әкесінің «Оян қазақ!» (Алматы, 1989) кітабын, 2 томдық шығармалар жинағын (Алматы, 1996, 1997), 5 томдық шығармалар жинағын (Алматы, 2004) құрастырушылардың бірі. Осындай ерен еңбекті Гүлнәр Міржақыпқызы өз талабымен, өзінің жүрек қалауымен – жеке күрескерлік мінезімен, ақысыз, пұлсыз, ешкімнен қолдау, марапат күтпей-ақ, көрмей-ақ жасады.
«ҚАЗАҚ» газеті араға 88 жыл салып, 2006 жылдың наурызында қайта шыққанда газеттің тұғыры берік болуын, жұрт сүйсініп оқитын газетіне айналуын, халқымызбен бірге ұзақ жылдар жасап, жарыққа шыға беруіне сәт-сапар, ақжол тілеп, алғаш құттықтаған да Гүлнәр апай еді. Өмірге қайта оралған «ҚАЗАҚ» газетін көріп, қатты толқып, қуанып тұрып: «Үйге әкем кіріп келгендей әсер алғанымды қарашы!» деп еді.
Гүлнәр апайдың бір өзі Алаш арыстарының соңғы шырақшысындай көрінуші еді, арқа тұтушы едік, оның нәзік жүрегі қазақ десе, Алаш жұрты десе езіліп отырушы еді, ұлтының тілекшісі еді… Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, қайран апатайымыз. Пейіште тірлікте аңсап өткен Алаш арыстарымен қауыш.
Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ,
“ҚАЗАҚ” газетінің бас редакторы, жазушы.

*  Отырғандар (солдан оңға қарай) Ғайнижамал, Гүлнәр, Міржақып Дулатовтар, Әзен (Назифа) Өміртайқызы Ақбердина, Ғаббас Нұрымов және Мариям Нұрымкеліні. Түрегеліп тұрғандар (солдан оңға қарай) Ахмедсафа Юсупов, Гүлшаһра (Гуля) Юсупова, Исламбек Өміртайұлы Ақбердин. Орынбор, 1924 жыл.

Ғайнижамал, Гүлнәр Дулато­ва­­лар. Орынбор, 1922 жыл.

* Міржақыптың отбасы Семейден Орынборға оралған, сағынышпен көріскен сәтті бейнелейтін бұл суретке 1923 жылы түскен. Әкесін құшақтап тұрған – Гүлнәр Міржақыпқызы. Суреттің сыртында мына сөздер жазылған: «Анама» – нағашыларыма Гүлнәрдан» («Ана» деп нағашы әжесін айтады екен).
Орынбор, 1923 жыл.

egemen.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар