Келешекте Қазақстан халқы толығымен ғаламторға «кетеді». Мемлекеттік мекемелер, шенеунік кеңселері, әкімдіктер, ХҚКО-лар алдындағы «кезек» атаулы тарихқа айналады. Адамдардың барлығы мемлекеттен керекті құжаттарды ешқайда шықпай-ақ, үйлерінде отырып алады. Осы іс «Электрондық Үкімет» аясында жүзеге асырылып жатқандығы мәлім. Енді мемлекет елге құқықтық көмекті және құқықтық насихатты да Интернет арқылы белсенді жүргізуге кіріспек. Бұл хабарды Парламентте Әділет министрі Берік Имашев хабарлады.
Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің кешегі жалпы отырысында депутаттар «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» және оған ілеспе – қос заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. «Қазақстан Конституциясының 13-бабына сәйкес, білікті заң көмегін алуға әркімнің құқығы бар. Заңда көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі. Осы заң жобасы аталған салада болған олқылықтардың орнын толтырып, оны айқын бірыңғай жүйеге келтіреді» деді министр Б.Имашев.
«Заң жобасы қабылданған жағдайда мемлекет кепілдік берген заң көмегін қала тұрғындарының алуына мүмкіншіліктері мол. Ауылдық жерлерде, ауыл тұрғындары мемлекет кепілдік берген заң көмектерін қанша деңгейде және қанша түрінен ала алатындығын көпшілігінде біле бермейді. Осыны қалай ұйымдастырмақсыздар?» деп сұрады депутат Ж.Ахметбеков. «Қазір «Электрондық Үкімет» бар, сайт бар, оған әрбір адам кіруіне болады. Соған жүгініп, өзіне қажетті ақпаратты, құжатты алып жүргендер арасында ауылдықтар да бар» деп жауап қатты Берік Мәжитұлы. Бірақ қалаулы алыс ауыл тұрғындарында ғаламторға кіру мүмкіндігінің жоқтығын алға тартты. «Бұған енді әділет органдары кінәлі емес шығар? Қай жерде телефон не ұялы байланыс бар, сонда Интернет те болуға тиісті» деді Әділет министрі, әйткенмен жағдайды түзеуге септесуге уәде етті: «Мен сізге жазбаша хабар берейін. Коммуникациялар министрлігімен сөйлесейін».
– Мемлекет кепілдік беретін заң көмегі білікті болуға, яғни деңгейі, объектісі, ауқымы, саласы бойынша толыққанды және әралуан болуға тиісті, – деді депутат Галина Баймаханова. – Басқаша айтқанда, нақты өмірлік жағдайда нақты адамға нақты көмек көрсетілуі керек. Осы орайда Интернет ресурстарын пайдалану өрісінің кеңейіп отырғандығы, оның құқықтық көмек көрсетуде және тұтастай алғанда, қоғамның құқықтық сауаттылығын арттыруда қолданылуы қуантады. Бірақ ғаламтор арқылы көрсетілетін заң көмегі қаншалықты толыққанды?
– «Электрондық Үкімет» бағдарламасы соңғы 3-4 жылда белсенді іске асырыла бастағандығын ескеру қажет, – деді министр
Б.Имашев. – Заң көмегі де осы бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Іс жүзінде, «Электрондық Үкіметке» жүгінетін адамдардың көбісінің сұрақтары, мәселелері құқықтық сипатта болып келеді.
Бұл ретте министр қаралып отырған заң жобасының осыған қатысты жаңалығы да барлығын хабарлай кетті: «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» заңының жобасы «барлық мемлекеттік органдарды өздеріне өтініш жасаған кез келген тұлғаға өз құзыреттері шегінде құқықтық ақпараттандыру түрінде тегін заң көмегін көрсетуге міндеттейді»! Рас, қолданыстағы азаматтардың шағымдарын қарау туралы заңына сәйкес, бұған дейін де меморгандар халықтан ғаламтор арқылы келіп түсетін арыз-шағымдарды қарайтын. Сосын көбіне жалтарма жауап беріп, өзге органға жылжыта салатын. «Енді органдар интернеттік шағымдар бойынша өз құзыреті шегінде тегін заң көмегін беруге міндетті, – деді Әділет министрі. – Әрине, бұл үшін ресурстар талап етіледі. Өйткені сайтты ұстап тұру керек және басқалар».
Б.Имашев меморгандармен Интернет арқылы «сөйлесуді» қалайтын қазақстандықтар қатарының күрт артқанын айтты. «Бізде 2011 жылмен салыстырғанда, 5 есе өсті! – деді ол. – Біз «Электрондық Үкімет» аясында барлық келіп түскен сұрақтарға жауап беріп келдік. Менің «министр блогына» сауал түсті ме, мен оған түсініктеме беремін. Сосын іс жүзінде ол әрине, «ресми түсініктеме» сипатына ие болады. Сондықтан біз қазір бір шешім қабылдадық: оған сәйкес, енді Әділет министрлігі сайтта тек қабылданған заңдар аясында және өз министрлігінің құзыреті аясында ғана жауап беретін болады!» Оның айтуынша, басқа ведомстволар да осылай жауапкершілікті арттыруда екен.
Әділет министрі депутаттарға «Электрондық Үкімет», ведомстволық сайттар және басқа да интернет-ресурстар арқылы мемлекеттің едәуір құқықтық көмек көрсетіп отырғандығын» хабарлады. «Жалпы, «Электрондық Үкімет» шеңберінде 236 интерактивті және транзакциондық қызмет көрсетулер ұсынылады, – деді Әділет министрі Берік Имашев, – мұның 108-і – лицензиялау порталында іске асырылады. Қазірдің өзінде Әділет министрлігі «Электрондық Үкімет» порталы арқылы электрондық форматта 38 құқықтық сипаттағы қызметті көрсетеді».
Google Analytics-тің ресми деректеріне жүгінген Берік Мәжитұлы «2011 жылдың өзінде ғана Әділет министрлігінің сайтына 322 мың 624 адам кіргендігін жеткізді. «Ал 2012 жылы 1 миллион 665 мың адам кірген! Яғни жылдық көрсеткіш бес есе өскен. Осы ретте ақпарат тек Қазақстан азаматтарын ғана емес, басқа ел тұрғындарын да қызықтырады» деді Б.Имашев.
Бүгінде әлемдегі озық тәжірибелер зерттелуде. Бұл жерде тіпті алысқа бармай-ақ, көрші Ресей құрамындағы Татарстанның үлгісін қарастыруға болар еді: бұл республикада бүгінде кейбір сот істерін виртуалды режимде өткізу қолға алына бастапты. Татарлардың айтуынша, осылайша, айыптыларды сот залына жеткізу сияқты тасымалдық, ұйымдастырушылық және басқа шығындар үнемделеді екен. Бұл жүйе дамыса, тіпті сот залдарының қажеті болмай қалуы мүмкін. Әйткенмен бұл – әзірге алыс болашақтың ісі.
Сот ісі демекші, негізгі жобаға ілеспе заң жобасы арқылы қолданыстағы «Адвокаттық қызмет туралы» заңының 6-бабы жаңа редакцияда қайта жазылмақ, онда «адвокат көрсететін заң көмегіне ақы төлеу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатындығы» нақты көрсетілмек. «Адвокаттар көрсететін тегін заң көмегі алимент өндіріп алу, зейнетақы және жәрдемақы тағайындау, босқын немесе оралман мәртебесін алу, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандар, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагерлері, І және ІІ топтағы мүгедектер мәселелері бойынша, бұған қоса, іс жүргізу заңнамасында көзделген жағдайлар мен тәртіпте өтініш білдірген азаматтарға қолданылады» деп хабарлады Әділет министрі Б.Имашев. «Тегін қорғаушыдан» енді осылар да үміттене алады.
Айхан ШӘРІП, aikyn.kz
Парақшамызға жазылыңыз