//

Барша қытайды жылатқан бала

868 рет қаралды
5

монгол эрӨзінің таңғажайып дауысымен, талайлы тағдырымен бүкіл қытайды жылатып, таңдай қақтырып таңғалдырған қаршадай ұл туралы бейнеролик бүгінгі ғаламтор әлеміндегі ең аты шулы, ең таңдаулы, дақпырты күннен күнге өсіп жатқан елеулі оқиғаның бірі болып тұр. Он екі жасар Уудам атты бала бүкіл қытайлық «Дарын» тележарыста «Алыстағы анашым» атты әнді бақилық анасы мен әкесіне арнап, әсем де әрлі, әдемі де нәзік дауысымен әуелете шырқағанда көзіне жас алмаған көрермен, көңілі толқымаған жан болмаған.

Қазылар алқасының өзі де тебіреністен туған көз жастарын жасыра алмады. Олардың «Сен қай өңірден келдің?» деген алғашқы сұрағына Уудам: «Мен қиыр солтүстіктегі Хөлөнбуйрдан келдім» деп тайсалмай жауап қатты. Уудам қытайдың қиыр солтүстігінде тұратын бұрат-моңғолдың барғы сүйекті баласы екен. Тап сол кезде Қытайдың солтүстігіндегі моңғол көшпенділері мал жайылымдарын талан-таражға салмауды, табиғатты ырықсыз өзгерістерге ұшыратып, тоздырып, бүлдірмеуді биліктен талап етіп қарсылық шараларын ұйымдастырып жатқан еді. Осы жайға толық қанық адамдай Уудам әділқазының «Арманың не?» деген сұрағына «Бүкіл әлем гүлденіп жайнап, жап-жасыл болып тұрса» деймін дегені. Баланың астарлы жауабынан тіксініп, тілін тістеп қалған қазы, «қандай ән әкелдің» деп сұраған, сонда бала «Ана туралы» деген. «Ол қалай аталады?» деген сұраққа, «ол Алыстағы анашым» деп аталады дейді. «Неге бұл әнді таңдадың?» десе, «Менің анам осы әнді өте-мөте жақсы көруші еді» деп жауап берген.  Сұрағын жітірмелеткен қазы «Анаң қазір қайда?» деп дүңк еткізеді. Тосылып қалған бала жұтынып алып, «Анам Көкке кеткен» деп мұңаяды. Бұл жауапты күтпеген қазы абдырап барып, бәлкім баланың жасыған көңілін ауламақ болған шығар «Әкең қайда?» дейді. Енді бала іркілместен, «Әкем де Көкте» деп жауап қатқан. Осыдан кейін көрермен де, қазылар да, сахнада жалғыз өзі қалшиып тұрған бала да сәл тым-тырыс күй күй кешеді. Сонан соң барып қазы «Ал әніңді тыңдайық» дейді. Мұңлы да сазды, әуеніне сөзі сай әнді сызылта орындаған кезде көңілі толқып, көзіне жас алмаған жан болмаған. Бейнероликті тамашалап біз де еріксіз толқығанымызды жасыра алмаймыз…. Қазылар алқасы бір ауыздан «Жарайсың» деген. Сөйтіп қаршадайынан тұлдыр жетім қалған Уудам тағдырдың тауқыметін қайсарлықпен жеңіп шығып, өзінің әсем даусымен бүкіл қытай көрермендерін бас идірді. «Ер азамат жыламайды! Сен нағыз жігіт екенсің!» деді  қазы. Әннің сөзі мынадай екен:

Алыстағы анашым

Сағымдар толып рахман нұрға,

Анамды көрем оқысам дұға

Айранын алып, келер деп ұлым,

жүрген-ақ шығар қараумен қырға.

Алыстағы анашым,

Сағынып жүр-ау баласын

Қара орман бұлты қақырап көктің

Оралады анам, оқысам дұға,

Шоғына оттың ысытып шайын,

Отыр-ау мүлгіп, телміріп қырға.

Көгілдір таулар көлкілдеп әне,

Көңілім кетті көл болып ана.

Кісі боп ұлың ат жалын тартты

Күндерде бір күн құшармын ана.

 Қарамер

http://www.youtube.com/watch?v=ls2vwtacTDA

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

  1. Өте тамаша. Біздің қоғам осындай сезімдерден, көз жасынан алыстап бара жатыр. Қоғам селт етпейді. Мен бәрін аудармасыз түсінім отырмын.

  2. Негізі бала тұлдыр жетім ғой. “Анаң қайда ” деп сұрағанда “Анам Көк тәңірінің мекенінде” деп жауап береді. Әкесі де сол мекенде деп жауап бергенде жүрегі бар адамның көзіне жас үйірілетіні бар. Аздап моңғол тілін түсінсең әнді жылап тұрып тыңдайсың…

  3. Бұдан мен мынаны байқадым:
    1.Қытайдың отарында мәңгілікке қалғандай елдің рухының әлі күнге дейін күш бермей қасқайып тұрғандығын;
    2.Қаршадай баланың таза моңғол тілінде сөйлеуі, бұ да таңғаларлық оқиға;
    3. Төрт-бес ғасыр бұрын будда дініне еніп кеткен моңғолдардың жадында Тәңірлік наным-сенімнің өшпегендігі де назар аудартады;
    4. Ән құдыретінің шекара-шекке қарамай әлемді шарлап кететіндігі;
    5. Жюридің “Моңғол ер жыламайды!” деуші еді деген сөздің өзі құлдық санадан тыс, жауыма көз жасымды көрсетпеймін деген ұғымды меңзейді екен;
    Осылай ойласам, қаршадай баланың бойындағы қасиет бізге де тағылым болатын сияқты;

  4. Бұл осыдан 2 жыл бұрын болған уақиға. Біраз кешігіп берілген хабар екен. Ол жарыста осы бала 2-ші орын алған. Одан кейін Моңғолияға шақырылып бір көркем киноға ойнап та үлгерген. Сүйкімді ақылды бала… Әннің сөзін сәл теріс аударған екен. Мүмкін қытайшаға бір аударылып одан қазақшаға қайта аударылғаннан болар. Мысалы қайырмасы: “Алыстағы анашым, Жан сүйер тәңірім” деген мағынаны білдіреді…

  5. Жақсының жаттығы, игіліктің ерте-кеші жоқ қой деп әдейі ұсынып отырмыз. Әннің сөзін Лхагвасурэн, өлеңін Төгсжаргал деген кісілер жазыпты. Моңғол тіліндегі түп нұсқадан тәржімаланды. “Сағынып жүр-ау, баласын” деп ананың балаға деген іңкәрлігін сездіре кету үшін әдей солай алдым. Бұл жолда “шүтээн минь” деген сөзді “Тәңірім” деуге болмайды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар