Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің балдық шекті деңгейінде айырмашылық болады.
Бұл өзгерістер балдық көрсеткіштердің төмендегідей көрінісінен көрінеді. Атап айтқанда, ұлттық университеттер үшін бұл шек – 70 балл, жалпы медициналық мамандыққа – 55 балл, ал өзге жоғары оқу орындарына 50 балл болады. Үстіміздегі жылы елімізде ҰБТ өткізуге арналған 154 пункт жұмыс істейді. Оның 47-і облыс орталықтарында, 107-і ауылдық жерлерде орналасады.
«Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, 2013 жылы әрбір аудиторияға бейнекамера орнатылады. Айта кетерлігі, алдыңғы жылдары орнатылған бейнекамералар өз дәрежесінде жұмыс істеген жоқ. Осыған орай, биыл біздің министрлік қызметкерлері бейнекамера орнатылған барлық бөлмелерді қатаң бақылайтын болады. Балаларының әрбір қимылын ата-аналар да енді сырттан қадағалай алады», – дейді Білім және ғылым министрлігі білім саласын бақылау комитеті сыртқы бақылау басқармасының бастығы Зинаш Жанділдина.
Министрлік өкілінің сөзіне қарағанда, бұрын бейнекамералардың кейбірі іске қосылмай қалған секілді. Ал биылғы ҰБТ-ның қаншалықты дәрежеде «әділдікті» қалпына келтіретінін уақыт көрсетеді.
Әмірхан Алмағанбетов.
egemen..kz
Парақшамызға жазылыңыз