Татарстанның Астанасы Қазан қаласында, ежелгі Ресей еліндегі өз тарихы мен дәстүрі бар Қазан федералдық университетінде қазақтың соңғы ханы Жәңгірге ескерткіш-тақта қойылды. Осы рәсім кезінде аталған оқу орнының басшысы Макзюм Салахов атап көрсеткендей, мұндағы ғылыми кітапхана қабырғасына қазақ ханына ескерткіш тақта қойылуының терең тарихи-танымдық мәні бар.
Өйткені, Жәңгір хан іргетасы 1804 жылы қаланған жоғары оқу орнының материалдық базасы нығаюына 1826 жылдан бастап меценаттық қолдау көрсетіп отырған. Жәңгір кезінде Қазан университеті кітапханасына XVI-XI ғасырлардағы алты түрлі өте сирек кездесетін қолжазбаларды сыйға тартқан. Әрі ол Қазан университетінің алғашқы ректорлары Фукспен және Лобачевскиймен жақсы қарым-қатынаста болған. Олармен бірнеше рет кездесіп, хабарласып, хат жазысып тұрған. Өз кезегінде Қазан университетінің басшылары Жәңгір ханның өтінішін де ұдайы орындап келген. Мәселен, ректорат ханның сұранысына сай «Мұхтасар» атты кітапты құрастырып шығарған екен. Бұл кітап содан соң Жәңгірдің өз қаржысы есебінен Парижде басылып шығыпты. 1844 жылы, яғни Жәңгір хан өмірден өтпестен бұрын Қазан университетінің ғылыми кеңесі қазақтың ханы Жәңгірді бір ауыздан өздерінің құрметті мүшесі етіп сайлағаны тарихтан мәлім.
Ескерткіш-тақтаның ашылу рәсіміне қатысқан Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ғалым Оразбақов пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бұл шара реформаторлық сипаттағы тарихи тұлға Жәңгір ханның көп қырлы қызметі үшін көрсетілген құрмет пен тағзым екені жөнінде сөз сабақтады. Сонымен бірге, бұл рәсім өзара қандас, туыстас Қазақстан мен Татарстан елдері мен жұртшылығы арасындағы достық әрі әріптестік қарым-қатынастардың одан әрі тереңдеуіне ықпалын тигізетінін атап көрсетті.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ – ҚАЗАН – ОРАЛ.
Суретте: Қазан университетінің қабырғасында Жәңгір ханға орнатылған ескерткіш тақтаның көрінісі.
Суретті түсірген
Рафхат Халелов.