Ал ұлттың бұзылуы мен ұрпақтың бұзылуы, ең алдымен осы тілбұзарлықтан басталады. Ондай ұлт біртіндеп өзінің бүкіл ұлттық белгілерінен, ерекшеліктерінен, өзгешеліктерінен айырылып, аты да, заты да жоқ, әйтеуір қарнын тойғызып, киім кигеніне мәз, аузынан «елімізде тыныштық» деген сөзді тастамайтын мәңгүрт бір тірі жанға айналады. Қазір «айналайын-ау, қазақша сөйлесейші» десең, «какая разница?» дейтін бейшара қазақ жастары сол қасіреттің басы ғана. Ал оған қарсы еш шара қолданбай, болашақта бәрі түзеледі деп өзімізді алдарқата береміз бе? Бүгінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеймеуінің бір себебі, осы ғасырдың ең күшті және ең қауіпті идеологиялық қаруы теледидарды түгелге жуық орыс тілінің жекеменшігіне беріп қойғанымыз болып отыр. Оны күлтілдетіп-бүлтілдетіп сипақтатудың енді еш жөні жоқ!
Екіншіден, бүкіл дүниежүзілік лингвистикада ұлтаралық тіл, ұлтаралық қатынас тілі деген термин жоқ. Оны ойлап тауып, орыс тілін солай атау Қазақстанда ғана ашылған «жаңалық». Біз бүйте берсек, кезекті, яғни «очередной межрелигиозный форумда»: «Ұлтаралық дін», «Ұлтаралық қатынас діні» дегенді ойлап табуымыз да мүмкін. Сол «ұлтаралық қатынас тілі», яғни орыс тілі қазір Қазақстандағы жүзден астам телеарналарды түп-түгел басып алған. Олардың ішінде бізге келіп ақпарат тарату хақы (құқық емес), яғни рұқсат алмағандары қаншама дейсіз?! Сипақтатпай ашығын айтсақ, орыстілді телеарналардан берілетін, көрсетілетін дүниялар (оларды солай атауға тура келіп отыр) түгел дерлік қазақтың ұлттық тіліне де, дініне де, бүкіл жансезіміне де, ұлттық тағылым-тәрбиесіне де, ұлттық салт-дәстүріне де бастан-аяқ қарама-қарсы, теріс пиғылды көрсетуде. Олар телеайнаның бетін кейде түгелге жуық жауып жіберетін әйелдің жалаңаш бөксесінен, әйелдердің бұтжапқышынан, желінқабынан бастап, ең ақыры еркекпен аймаласып жатқанына шейін көрсететін жарнамалар мен қанды қырғынға, қыз зорлауға дейінгі көрсететіндері түп-түгел ұлтымызға жат, хайуани әрекеттер ғана. Біздегі «Жаңалықтар», «Новости» деп аталатындардың өзінің көп уақыты адам өлтірудің түр-түрі, 4-8 жас аралығындағы сәби қызды зорлау, жылаған сәбиін анасының буындырып өлтіруі, өзін-өзі не туған анасының басын шабу немесе арамен кесіп тастау сияқты «жаңалықтарды» айтумен өтеді.Қысқасы, 80%-ға жуық мұсылмандар тұратын Қазақстандағы телеарналар алуан-алуан азғындық пен арсыздықты, мұсылман жұртына жат хайуандық пен малғұндықты, онан қалса қазақты ұлтсыздандыру мен ұлттық санасынан, ұлттық тілінен айырудың ең қатерлі қаруына айналдырылды. Өзінің тағдырына, ұлтының тағдырына ренжіген адам не демейді, осыны көріп отырып:
Азаттық таңы атқанда
Алдымнан шығып кіл егес,
Алақан жайып аспанға
Мен күткен бақыт бұл емес, – деп еңірегің келеді. Еңіремегенде қайтесің, егер өз еліңде, өз жеріңде өзің егіп, өзің суарып, өзің өсірген, өзің пісірген наныңды да «Московский», «Полтавский», «Бородинский» деп орыстың нанын жеп отырғандай болсаң. Қазір қазақтар алдағы уақытта бірнәрсе болатынын, болуы мүмкін екенін, немесе үміттеніп отырғанын айтқысы келсе «деп күтілуде» дейтін болды. «Қызығушылық танытты», пәленбай теңгені «құрайды», биіктігі пәленбай метрді, сантиметрді «құрайды», «құрап отыр», «қайда болмасын» немесе «қайда бармасын» деп шатып-бұтып, алқынып, қиналып сөйлейтін ұлтқа айналды. Қазір қазақтар біреуі түшкіріп жіберсе, бұрынғыдай «Жәрахымалла!» демей, «Сау болыңыз» дейтін болды. Жоғарыда айтылғандардың бәрі «проявил интерес», «ожидается», «составляет», «где бы не было», «куда бы не пошел» деген орыс әкесінен туған қазақ балақай сөздері. Ұлттың, яғни қазақтың жойылып жер бетінен жоқ болып құрып кетуі осылайша тілі орыс тілінің көшірмесіне айналудан басталады. Бұл дәлелденген нәрсе. Талай ұлт осылайша жоқ болып кеткеніне бүгінгі тарихтың өзі куә. Осы қауіпті жағдай бүгінде Қазақстандағы телеарналар арқылы байқаусыз, білдірмей жүзеге асырылып келеді. Орыстар мұны «медленная смерть» дейтінін қазекем жақсы біледі. Амал нешік…
Әнебір жолы бір әзірбайжан жігіті: «Кәсіпкерлікпен көп елді араладым. Сонда бір-бірімен орысша сөйлесетін екі-ақ ұлтты көрдім. Бірі – укчалар, бірі – қазақтар» деді көзімізді бақырайтып қойып. Жердің тесігі болмай қалды…
Манадан бергі сөзімізді орыстілді «цивилизованныйлар» «откуда у него столько негативов?» демес үшін және ылғи жақсылықты айтуды жарататын қазекемдерге дәлелдеу үшін қазақша хабарлар беретін телеарна журналистерінің не сөйлеп тұрғанына құлақ түргізейік.
Мынау «ұлттық арна» деп аталатын, қазақ тілінде ғана хабар тарататын «Қазақстан» телеарнасы журналисінің сөз саптауы:
6000 шаршы метрді құрайтын жалдамалы үйдің тұрғындары….
Темір тордың аржағына оның сыбайласы тоғытылды.
Қазір ол сәтті жүзеге асып келеді.
Қайда металл бұйымдары бар, соған атсалысады (орыс зергері туралы).
Меруерттің ашқан жаңалығы ғалымдар тарапынан қолдауға ие болуда.
Осының бәрі күні кеше дерлік, яғни үстіміздегі 2013 жылғы ақпанның 6-шы жұлдызында бас-аяғы 5-10 минутта «Қазақстан» ұлттық арнасының «Жаңалықтарынан» жазып үлгерген қазақшамыздың түрі. Егер сол 5-10 минутта телеарна журналисі қасиетті қазақ тілін осылайша орысшаның некесіз туған баласындай күйге түсіріп тас-талқан қылса, ол қалған бүкіл эфирлік уақытта қандай қасіретке душар етерін өзіңіз ойлап көріңіз. Таза қазақтың бауырынан өрбіген, өзін қазақпын деп есептейтін адам, оның үстіне өзі журналист адам азды-көпті намысы болса, орыстың «дом площадь которого составляет 6000 кв. метров» деген ұзыннан-шұбақ шұбыртпасын со күйінде бір сөзін қалдырмауға тырыспай-ақ «құрайтын» деген құрып кеткірді айтпай-ақ «6000 шаршы метрлік» десе жетіп жатыр ғой! Бұл жерде оны орыстың «составляет» сөзін қайтіп алып тастауға не білім-білігі жетпей тұр, не сол сөзді алып тастауға қорқыныш туғызатын құлмінез діңкесін құртып тұр. Жалпы осы күнгі қазақ тележурналистері орысшадан аударылған «құрайды», «құрайтын», «құрап отыр», «деп күтілуде» (ожидается»), «қызығушылық танытты» деген жолдыбай, сөздермен-ақ әлемдегі ең бір інжу-маржандай құлпырып тұрған қазақ тілін сұрқай, сүреңсіз тілге, бар-жоғы орысшаның аударма тіліне айналдырып болып қалды. Болып қалды дейтін себебіміз, қазір жұрт телеарнадан не көрсе, соған еліктейді, не естісе соны сол күйінде қайталайды. Осы күні телеарна журналистерінің аузынан «тоғытылды» деген сөз түспейтін болды. Әдетте, надан адам біреуден өзіне беймәлімдеу бірнәрсені естісе, көрсе соны қайталауға асығып тұрады. Әйтпесе, «Темір тордың аржағына оның сыбайласы тоғытылды» дегенді қалай түсінер едіңіз? «Тоғытылды» сөзі тек көпше түрде айтылады. Мысалы, «қой тоғытылды» бір отар немесе бір қора қойды жууды, суға түсіруді «тоғыту» дейді. «Фашистер бала-шаға, әйел-еркек, жас-кәрі демей концлагерьге тоғытты». Ал әлгіндей жалғыз адамды тоғытты деп өмірі кітап бетін ашпаған адам айтатын шығар. «Сәтті жүзеге асып келеді» деген ше? Бұл орыстың «удачно осуществляетсясы»-ның өзі ғана. Өз басымен ойлап ешнәрсе істегісі келмейтін, көрген-білгенін айтып беруге қабілетсіз тек орысшадан аударып айта салатын адам ғана солай сөйлейді. Бұның бәрін бірауыз сөзбен тілдегі паразитизм десе де болады. «Қайда металл бұйымдары бар» деген де, «Меруерттің қолдауға ие болған жаңалығы» да есі дұрыс қазақты еңіретіп жылататын сөз саптау. Әйтпесе, соны «қолдауға ие болған демей, «ғалымдар да қолдауда» десе, орысшаның өгей баласындай емес, нағыз қазақы сөз болар еді-ау.
«Астана» арнасы ақпанның 9-шы жұлдызы күні «Баласынан нотариалды түрде бас тартқан…» дегенді естігенде «бас тартудың жаңа бір түрі шыққан екен дейсіз бе? Жоқ, бұл кәдімгі «она нотариально-отказалась от ребенкадан» «Астана» журналисі асырап алған бала сөз. Бала сөз емес, нағыз бәле сөз! Біріншіден, оның орысшасы да онша келісіп тұрған жоқ. Қазір орыс газеттері, әсіресе «ЛГ» тілімізді В.Познер сияқты жайттар бүлдіріп барады деп зар еңіреуде. Қазір орыстар телеарнадағы «ток-шоу» деген сөздердің өзіне қарсы шығуда. Ал «Астана» журналисі қазақ сөздік қорына «нотариалды» дегенді қосты. Енді осыны көп ұзамай кейбір тілбұзарлар пайдалана бастайды. Оны «баласынан жазбаша бас тартты», «бас тартқанын жазбаша мәлімдепті» десе жетіп жатыр. Ұтыры келгенде айта кетейік, қазір «бұл сөзді аударуға болмайды, ол термин сөз» деп қазақтың басын қатырушылар көбейіп кетті. Шындығында, олардың термин сөз деп жүргені бар болғаны латын, грек тіліндегі сөздер. Оларды Еуропа мемлекеттерінің әрқайсысы өз тіліне сәл бейімдеп қолданады. Ал ол «термин-сымақтарды» 2 миллиардқа жуық қытай – қытайша, 1 миллиардтан астам Үндістан – хиндише, жапон – жапонша, арабтар – арабша, ирандықтар – парсыша, корейлер – корейше атайды. Ал «термин, оған тиіспеу керек» деу әшейін қазақты тұқыртудың, сенің тілің оны атауға дәрменсіз деудің және Еуропаға, Ресейге табындырып қоюдың бір арамза тәсілі. Екіншіден, өзіміз әңгімелеп отырған телеарналар журналистері сияқты кейбір ғалымсымақтар мен еуропашыл саясаткерсымақтардың соған басын қатырып жатпаудың бір жолы. Оны тілдегі паразитизм демегенде не дейсің? Иә, «құрайды», «құрауда», «тоғытылды», «көңіл-күйің жоқ қой», «қызығушылық туғыздылар» қазақ тілін айдай арудың ақ жүзіне күл шашқандай етуде. Бұл ауру күннен-күнге меңдеп барады. Осы «Астана» телеарнасы сол күні «Күнделік» бағдарламасында «Айгүл Мешітбаева түрмеге тоғытылды» дегенде қалың қойдың ішінде суға шомылып жатқан Айгүл көзіңе елестегендей болады. Атам қазақ біреу бір істі бастағанын көрсе «Іске сәт!», «Сәтін салғай» дейтін де, ал жол жүріп бара жатқан жолаушыға «Жолың болсын!» дейтін еді. Қазір телеарналардан «Оған сәттілік тілейміз» дегенді естіп алған қазекемнің жастары да соны қайталайтын болды. Бұл да орыстың «желаю(ем) удачи»-ынан туған сөз. Бұрын түшкіріп жіберсең «Жәрахымалла» дейтін қазақ қазір «Сау бол!» дейтін болды. Қазақ қоштасып жатқанда ғана «Сау бол» дейтін еді. Біз сөйте-сөйте күндердің күні болғанда «бірлігіміз жарасқан», «елімізде тыныштық» деуіміз аз болғандай қазақ пен орыс бір туған немесе екеуінің әкесі бір, шешесі бөлек болған екен дегенді де ойлап табуымыз мүмкін. Әнебір кезде бір орыс ғалымы әл-Фараби христиан дінінде болған деп соқты. Сонда біз «апыр-ау, ол қалың араб жайлаған Шам (Дамаск) мен Бағдатқа оқу іздеп емес, христиан дінін қабылдауға барған шығар», бұл «орыс ойына келгенін істейдінің» кері емес пе деп күлгенбіз.
Телеарнамызға қайта оралайық. «Көңіл-күйлеріңіз түсіп қалды ма?» Бұл да «Астана» телеарнасынан (23.08.12). Орыстың «настроение упало», «пропалосынан» сөзбе-сөз аударылған осы былдырлақтың өзі-ақ қазақты өз сөз саптауынан айыруға мол жетіп жатыр. Дені сау қазақ «көңіліңнің қошы жоқ қой», «көңіліңнің қошы болмай тұр ма», «көңіл-күйің қалай» дейді ғой. Ал жоғалған жылқыларды іздеу үшін КТК тілшісі Айзат Тұрғанбекованың айтуынша «Тікұшақты ұйымдастыруға келіссөз жүргізілуде» көрінеді. (21.02.2013). Көпшілікті, халықты ұйымдастыру, көтеріліс, митинг, жиын ұйымдастыру деген бар. «КТК» Ресей өнеріне, Ресей музыкасы мен әншілеріне, орыс тіліне бір табан жақын арна ғой. Соның арқасында енді тікұшақтар митингісі, тікұшақтар концерті сияқты жай қазақтың «басы жетпейтін» бірнәрсе ойлап тапқан шығар деп қалдыңыз ба? Жоқ, бұл әйтеуір қазақшаға берілген уақытты қалай болса солай өткізе салудың амалы десек, екіншіден, журналистің кітапты қалай «сүйіп оқығанын» анық көрсетіп-ақ тұр. Әлде бұл журналист те осы күні автобустың есігінен басын қылтитып «Прямо по Абая», «Прямо по Утеген батыра» деп бақырып-шақырып бара жатқандардың о жақ, бұ жағындағы біреу емес пе екен? «Тоғытқыштардың» бірі «КТК» телеарнасында жүр екен. Әшейінде осындағы 3-4 қазақ жігітінің бүкіл қазақтың салт-дәстүрінен бастап, күйеуге тиген жас келінінің, бата беріп тұрған ақсақалының, мұғалімінің сабақ беруін мазақ қылып тұрғанын көріп, қанымыз басымызға шабатын еді. Ішімізден апыр-ай қазақтан басқа бір халық өзін мұнша мазаққа, қылжаққа айналдырғанын көрсе, бір күн шыдамас еді-ау, не мыналарды, не өзін бір жайлықылар еді-ау дейтінбіз. Олар қазір «7»-ші арнаға ауысып алып, сол қылжақтарын сонда жалғастырып жүр! Ал «КТК»дағылардың «Петропавлда жаяу жүргінші абақтыға тоғытылды», «…абақтыға тоғытылатын болады»-ны бас-аяғы 2-3 минутта үш рет «тоғытқанын» көріп, өйтпесе «КТК» бола ма дей салдық.
Адам баласы, әсіресе ақыл-есі әлі де толыспаған бала-шаға жақсыдан гөрі жаманды үйренуге өте бейім болатыны белгілі. Ал өмірге, әр нәрсеге өз пікірі қалыптасып болатын 20-30 жас аралығындағы Мақсат Мәлік деген зіңгіттей жігіттің («31» арна журналисі): Кейін білгеніміздей, оқиға заставадан… орын алған» деген шұбыртпасын ол өзі ғана қазақша сөйлеу мәнері дей алатын шығар. Орыстың «Как стало известно позжесін» немесе «как мы узнали позжесін» айтпай-ақ қойсам таза қазақша болып кетер деп қорыққандай «кейін білгеніміздей»-ді қосудың түкке керегі жоқ екенін білмегені ме? «Орын алды»-сы қай орын? Ал «заставасы» ше? Өзі қазақы ортада өскен адам осыны «Уақиға (оқиға) шекара бекетінен… шақырымда болған екен (болыпты) десе, заман ағымынан кеш қалған болар ма еді? Осы М.Мәлік арада бір күн өтер-өтпесте тағы да қайта-қайта «бірінен соң бірі орын алған оқиға»-ға тап болды (7.02.13). Осы жігіттің қайта-қайта «28-ші панфиловшылар паркі» дегенін естігенде сауатының деңгейі сол шығар, әйтпесе, ол 28-ші панфиловшылар екенін білер еді дедік те қойдық. Одан «КТК» қалыссын ба, ондағы «Қайғылы оқиғаның орын алғанына 40 күн болыпты» (5.02.13). Көріп отырсыз, телеарна журналистерінің біліксіздігінің, ізденісінің жоқтығының көркем әдебиеттен бейхабар, орыстар қалай сөйлесе, бұлар да солай сөйлеуге тырысатын құлмінездің, өздері болып жатқан (орын алған емес) уақиғаны көркем, жатық, қысқа да нұсқа теледидар тілімен, ең бастысы қазақша сөз саптау мәнерімен бере білмеуінің және көп «басын қатырмай-ақ» орысшадан сол күйінде аударып бере салуға дағдыланған «дайын асқа – тік қасық»тығының кесірінен қайран қазақтың тілі осындай «орысшаның асыранды баласы» күйіне түсті. Міне, теледидары осылай сөйлейтін қазекемнің үлкен-кішісі түгел осылай аударма тілмен сөйлеуге көшіп барады. Бұл қазақ ұлтының жойылуының ең басты белгісі. Түріктің әлемге аты мәшһүр жазушысы Фетхуллаһ Гүлен айтады: «Біз – адамбыз. Ал адамның бүкіл өмірінің өзегі – өз тілі» дейді. Авардың атақты ақыны Расул Ғамзат айтады: «Егер тілің өледі, жойылады десе, мен сол ертеңіне өлер едім» дейді. Ол мұны Мәскеудің, Кремльдің қылышы көкжелкеде қылпылдап тұрған Кеңес заманында-ақ қорықпай айтқан. Ал Ресейден азаттық алдық деп қалың қазақ ұлардай шулап, тойдан-той өткізіп жатқан 21 жылдан бері қазақ басшылары олай демек түгіл өзінің қабылдауына келген бір орыстың бетіне қарап «неге қазақша сөйлемейсіз?» деп көріп пе? Оның есесіне Қазақстанда Ресейдің саясатын жүргізетін, қазақ проблемасы туралы жазбақ түгіл бір орыстың атындағы ауылды өзгертем десең, у-шу шығаратын мақалаларды жариялайтын газет-журналдарды бүкіл ауылдар мен қалаларға қардай боратып, үйіп тастады. Қазақтар «Астанам, жас қалам», «Бас қалам», «қазағымның мақтанышы» деп жарысып ән арнап, жарысып арнау өлең жазатын Астана қаласындағы дүңгіршектерден қазақша газет-журнал табу ең қиын шаруаның бірі. Тағы да телеарналарға бір сәт бет бұрайық.
«31» арна. 31.02.2013. «Компаниямыздың саны санаулы». Ирина Советжан
Ұшақтағы керосин көлемі тағы да 2 жарым сағатқа…
Белдемше байламаған жолаушылар…
Балықтарға кислород жетіспегендіктен қырылып жатыр. Мақсат Толықбай (7.02.2013)
Капитанның өліміне байланысты оқиға барысы біздің қадағалауымызда болады (5.02.2013)
Кейбір аңшылар қасқырларды табиғат ортасында мүлдем көрмеген.
Су қоймалары мен бөгеттерге түгендеу жүргізілген
Бұл статистика көңіл көншітпей тұр. (Бұл өзіне-өзі қол салушылар тізімі туралы)
Ұшақта қанша мөлшерде жағармай болғаны туралы
Бүгінгі жұмыс әулетіне (әлеуетіне?) байланысты 3% қабілеті шектеулі жандар болуы керек. Руслан Ербота
Көпті білгеннен сұрама, көпті көргеннен сұра
Апатты жағдайда қону дерегі жиілеген. Ирина Советжан
Жұмыс барысында дөрекілік танытып. А.Боранбай
Мәдениетсіздік танытқан. Н.Рахай
Толыққанды ақпар беруден бас тартты. А.Боранбай
Осы балдыр-батпақтардың ішіндегі ең сорақысы Мақсат Толықбай деген журналистке «кислород жетіспеуі» болды. Бұл жігіттің осы сөзіне қарап, оның орта мектепті бітіргеніне де күмәнданып қалдық. Әйтпесе, «кислород»-тың оттегі, оттек екенін журналист емес кез келген орта мектеп оқушысы да біледі ғой. Бұл қазақ тележурналистерінің қандай шыңырауға құлап кеткенін көрсетіп тұрған жоқ па?!
«31» арнаның «Жаңалықтарынан» бас-аяғы 5-10 минутта көшіріп алған бұларды сөз тіркесі деуге де, сөйлем деуге де келмейтінін сөз қадірін білетін, ата-анасы таза қазақ адамдар анық байқайды. Ал оларға «сандырақ», «аузына келгенін ақтара салу» немесе «сапырмай сөз» десең, сотқа беріп, бәлеге қалуың мүмкін. Бірақ неге екенін қайдам, оларды тыңдап отырып, өз басым осылай дегім келеді де тұрады. Әйтпесе, бірінші сөйлемді «… керосин көлемі» демей-ақ «керосин әлі де 2 сағатқа жететін еді десе, «объем керосина» деген орысшаның «көлемі» дегенін неге айтпайсың деп орыстар сабап тастамас еді ғой. Келесі журналист оны «қанша мөлшерде жағармай болғаны туралы» деп тағы ләйліп кетті. Бұл да сол «объем»-ды айтпай-ақ қойсам әлдеқайтіп кетемін деген қорқақтық, әлде сауатсыздықтың бір түрі. Екіншідегі, «белдемше» деген мүлде басқа нәрсе, ол – ас пісіргенде, басқа да жұмыс істегенде белден төменгі жақты жауып тұратын алжапқыш немесе фартук. Журналист оны көліктегі белбеу немесе белдікпен (ременьмен) шатыстырып, өзі де, жұртты да шатыстырып отыр. Ал енді «капитанның өліміне байланысты оқиға барысы біздің қадағалауымызда болады» деген журналисті өзі не сөйлеп тұрғанына жауап бере алатын адам деу де күмәнда. Өйткені өлер капитан өлді, болар уақиға болды. Енді оның барысын қалай қадағаламақшы. Ендеше, бұл не деген жаңылтпаш? «Аңшылар қасқырларды «табиғат ортасында» көрмеді деу ше? Құдай-ау, дені сау ұлттың ұрпағы бұлай сөйлемеуі керек қой деп айқайлағың келеді екен бұларды тыңдап отырып. Әйтпесе, «өмірінде қасқыр көрмеген аңшылар да бар екен» деп дені сау сөз айтатын журналист табылмағаны ма?Қазақ «өріске, жайылымға кеткен малымызды түгендедік», «түгендеу керек» дейтін еді. Өйткені малдың аты мал. Ол желдеп кетеді, ығып кетеді, біреулер ұрлап кетеді. Ал о заман да, бұ заман «су қоймалары мен бөгеттерге түгендеу жүргізілді» дегенді де осы «31»-ден естіді ғой құлағы түспегіріміз! Әлде бұл Храпунов тақылеттес біреулер шетелге ұшақпен суқойма, бөгет алып кетті ме деген қауіптің алдын алу ма? Оны да қоя тұрыңыз. Егер сіз телеарнадан осы күні «Жаңалықтар» ретінде жиі айтылатын өзін-өзі өлтіру (қол салу) туралы «жаңалық» айтып тұрған қазақ тележурналисі «бұл статистика көңіл көншітпей тұр» десе қайтер едіңіз? «Көңіл көншітпей тұр» деген бір нәрсенің өте аз екенін, дұрыс орындалмағанын білдіреді. Ендеше, суицидтің статистикасы «көңіл көншітпей тұр» деген журналист адам өлімін азсынып тұр ма? Ал Ирина Советжанның «апатты жағдайда қону дерегі жиілеп кеткені» несі? Бұл мүлде басқаша айтылуы тиіс, яғни сөйлем бұлай құрылмауы керек.
Не айтары бар, қазақ соңғы 21 жылдың ішінде туған тілін дамытпақ түгіл, міне, осындай бір ауыр дертке тап болды. Оны аудармаизм дейсіз бе, аудармокардия дейсіз бе өзіңіз біліңіз. Бірақ тілді дамыту дегеннің осындай екінші бір ауыр қасіреті бар екеніне көзіміз жетіп отыр. Бұған осы күні қазынадан қаржы алып отырған түрлі-түрлі тіл басқармалары, тілдерді дамыту орталығы, «қазақ тілі» қоғамы деп аталатындар мен ақпарат министрлігі жедел көңіл аудармаса жағдайымыз мүшкіл, ағайын. Қазақ тілін жауапкершіліксіз, оның небір әсем қолдану ерекшеліктерін, стильдік тәртіптерін ескермеу, кейінгі кезде газеттерге де жайылып барады. «Астана» телеарнасының журналисі (…кедейлік көрсеткіші 1,7%-ды құраған (23.02.2013) енді бірі «Әйелдің орташа жалақысы 150000 теңгені құрайды» деп «құраулап» жатты. Қазақ сөзін орысша «составил», «составляет»-тан алынған осы «құрады», «құрайды», «құрауда», «құрап отыр»-ақ құртып бітіретін шығар дедік іштей күйініп. Қолдан келер басқа қайран жоқ. «Қайсыбірін айтайын қайран, Құдай!» дейтін еді бір ақсақал қатты күйінгенде. Біз осының бәрінің екі түрлі себебін ғана атап айта аламыз. Бірінші себеп – Қазақстанның тіл саясатына келгенде әлі де болса орысқа – Ресейге жалтақтап отырғанының кесірі. Ашығын айтсақ, Ресейден әлі де тіл тәуелсіздігін ала алмағандығымыздың айғағы болса керек. Оның орнына неше түрлі тіл мекемелерін ашып, ақша шашып, теледидардан қазақша сөйлейтін бірлі-жарым орыс адамын жүргізуші қылып, өз еліндегі өгей тіл деген сияқты «ө-ө-ө» леп өкпемізді айтумен ғана келеміз. Ең әрі кеткенде пәленінші жылы түгел қазақшаға көшеміз деп қазекемді алдарқатып қоямыз. Ал «пәленінші жылы пәлен пайыз қазақша сөйлеуі үшін» осы бастан ісқағаздарын қазақшаға көшіру, телеарналарды қазақшалау сияқты оның алғышарттарын жасап, пәлен облыс, пәлен аудан пәлен пайызын қазақшаға жүргізуі керек деген бірауыз бұйрық, не пәрмен берілген емес. Және Қазақстандағы әр үйдің төрінде Ресейдің жүз қаралы телеарналары күндіз-түні орысша сампылдап, анау «7»-ші арна аталатындардан қазақ хандарының өзі орысша қарқылдап күліп өзін-өзі мазақ қып, кез келген мекемедегі бір-екі орыс қатыны, «я по казахски не понимаю» деп ашықтан-ашық мәлімдеп отырған елде қазақ тілі сормаңдай күйге түскені түскен. Қазір Қазақстанда тұратын орысқа, не үлкен бір қазақ министрдің, баласына «қазақ тілін үйрететін курсқа барсаң, ақша төлейміз» десең де бармайды. Оның орнына өзі ақша төлеп ағылшын тіліне барады. Өйткені Қазақстанда қазақша сөйлемек түгіл, түсінбеймін десең де «жить можно вот так!» екенін олар жақсы біліп алған.
Қорыта айтқанда, біздің көзіміз анық жеткен бір нәрсе бар. Ол Қазақстанда қарақұрым телеарналар алдағы уақытта да дәл бүгінгідей күндіз-түні орысша сампылдап тұра беретін болса, қазақ тілі осылайша орысшаның көшірмесіне түгел айналып бітеді де, бірте-бірте жойылып кетеді. Қазір қазақтар бір-бірімен сөйлескенде сөзінің тең жартысы орысша екенін байқап жүрсіз бе? Ол да осы телеарналардың қазақ миына тигізіп жатқан зардабы. Біз бүгінде ең әуелі өзінің ата-бабасының тілін, туған қазақ тілін үйренгісі келмейтін мәңгүрттердің көзін ашып, бетін бері қаратуымыз керек. Егер онымыздан ешнәрсе шықпаса, елімізді, ұрпағымызды солардан және еліміздің дәм-тұзын татып, байлығын өзімізбен бірдей, тіпті өзімізден де көбірек пайдаланып отырған, сөйте тұра қазақтың «нан», «тұз», «су» деген сөздерін айтпайтын келімсектерден және солардың ұрпақтарынан сақтануды үйретуіміз керек! Ойланайық, ағайын!
Мырзан КЕНЖЕБАЙ
“Ана тілі”
Парақшамызға жазылыңыз
Мырзанның сөзі мірдің оғындай нысанаға дөп тиіп-ақ тұр. Соған құлақ асатын билік болса!