///

Әлімғазы Дәулетқан. Шығыс Түркістанның шындығы немесе Әлихан төре кім еді? (жалғасы)

1042 рет қаралды

Қажымас, адал күрескер Әлихан төренің мейір-махаббаты – Исламиятқа, туған халқына, қасиетті түрік жеріне бағышталғандығына ешкімнің күмәні болмаса керек.

Aлихан тореСонымен, Әлихан төре іске кіріседі. 1944 жылы сәуір айында “Азаттық ұйымы” (Азатлық Тешкилаты) ұйымы құрылды. Кейінгі “Шығыс Түркістан жұмһұриятының” бас хатшысы болған Абдрауып Мақсұмның үйінде сегіз адам бас қосып, Әлихан төре ұстап тұрған Құран алдында ант беріп, пәтуә шығарды. “Азаттық ұйымына” алғаш мүше болған адамдар саны 12 еді, олар мыналар:

  1. Әлихан төре
  2. Рахымжан Сабырхажиев
  3. Қасымжан Қамбари
  4. Әбдікерім Аббасов
  5. Меһеметжан Мақсұм
  6. Сәлижанбай Бабажан
  7. Жани Юлдашев
  8. Мұхиддин Ахмади
  9. Нұрдинбек Рахимов
  10. Абдрауып мақсұм
  11. Зұнұн Таипов
  12. Өмержан Пірмұхаммед.

Бас хатшы Абдрауып Мақсұмның бізге сеніммен айтып беруіне қарағанда, Дубашин мен Совет өкіметіне керегі халық атынан сөз алып, мәлімдеме жасайтын, дайын хаттама-шоттамаларға қол қоятын бір ұйымдық құрылым мен оның жұрт танып, мойындайтын бір басшысының аты ғана керек болған көрінеді.

Қарулы көтеріліске дайындық жан-жақтылы жүріліп жатты. Бұл жұмыстардың бәрін дерлік Құлжаның шығыс жағындағы Нылқы ауданы жерінде Фатих Мүсілимовтың ара ағайындығымен ағайынды Акбар-Сейіт пен, Ғани батырлар жүзеге асырды. Қазақстан шекарасынан қару-жарақ үздіксіз жеткізіліп тұрды.

Сонымен көптен күткен күн де жетті. 1944 жылы 17 тамыз – Құрбан айттың бірінші күні Акбар батырдың бастауымен ыластай жерінен қарулы көтерілістің Іледегі бірінші оғы атылды. Партизандық соғыс басталды. Қысқа ғана уақыт ішінде Нылқы ауданы түгел азат етілді. Кескілескен соғыстардың бірінде Акбар батырға оқ тиіп қайтыс болды да, партизандарға басшылық інісі Сейтке жүктелді. 7 қарашада Құлжа қаласында Әлихан төренің тікелей басшылығында көтеріліс басталды. Дер кезінде көмекке келіп үлгерген Нылқы партизандарының қолдауымен және сол түні Ұсақтал мен Қорғас шекарасынан өткізілген совет қарулы күштерінің сәйкесуімен 11 қарашаға дейін Құлжа қаласының негізгі стратегиялық орындары партизандар қолына өтіп үлгерген болатын.

12 қараша күні “ҰҚАҚ” (Шиң Шысай билік құрған кезде құрылған ұлттық мәдени орталықтар: ұйғыр, қазақ, қырғыз, қалмақ ұйымы солай аталатын) клубында зор жиын ашылып “Шығыс Түркістан жұмһурияты уақытша өкіметі құрылғандығы жарияланды. Он алты адамдық өкімет мүшелері сайланды. Өкімет басшысы болып Әлихан төре бір ауыздан сайланды. Орынбасарлары болып Әкімбек қожа, қазақ төресі Әбілқайыр, ал бас хатшылыққа Әбдрауып Мақсұм бекітілді.

Әр жерде жүргізіліп жатқан партизандық қозғалысқа бір тұтас басшылық жасау мақсатымен өкімет “құмандандық” (әскери бас штаб) штаб құрды. Оның бас қолбасшысы болып совет өкіметі арнайы жіберген Петр Александров, орынбасарлығына Құлжалық ұйғыр Зұнұн Таипов тағайындалды. Бұл құрам кейін талай өзгерді.

Өкіметтің қаулысымен «Азат Шығыс Түркістан» газеті шығарыла бастады. Бас редакторлық, оқу министрі Әбіп Юншиевке қосымша жүктелді.

Азаттық соғысы бүкіл үш аймақ (Іле, Тарбағатай, Алтай) аумағын түгел шарпыды. 1945 жылдың 30 қаңтарына дейін Іле өңірі түгел азат болды.

1945 жылы 5 қаңтар күні Әлихан төренің төрағалығымен Шығыс Түркістан өкіметінің IV кеңейтілген мәжілісі болды. 9 тармақты декларация жариялады. Оның бір тармағы «Қытай жаулаушыларын Шығыс Түркістан жерінен біржола, мәңгілікке қуып шығару» деп, ол екінші тармағында: «Шығыс Түркістан жеріндегі барлық ұлттар тең құқықты бола алатын, еркін, тәуелсіз республика құру» деп анық жазылған болатын. Осынау аса принципал сөздерді тікелей көтерген және табандылықпен енгізуге күш салған Әлихан төре екені баршаға аян.

Шығыс Түркістан халқы бұл декларацияны қуана қарсы алып бар күшімен қолдау көрсетті. Партизандар мен тұрақты әскерлер қатары күн сайын молая түсті.

1945 жылдың 8 сәуірінде «Тұрақты ұлттық армия» құрылғандығы жарияланды. Тұрақты армия қатарында дәл сол кезде он бес мың адам болған еді. Армияның жоғары және орта дәрежелі билігі негізінен советтік генералдар Полинов, Мажаров дегендердің қолында болды. Шығыс Түркістан ислам жұмһұриятының төрағасы Әлихан төреге маршалдық атақ берілді. Ұлттық армияның бас қолбасшысы деген құрметті атағы да болды.

1945 жылдың маусым айында, ұлттық армия үш бағыт бойынша (1-солтүстік бағыт, 2-орта бағыт, 3-оңтүстік бағыт) бүкіл Шинжияңды азат ету жорығына аттанды.

Үш айлық кескілескен соғыс арқылы ұлттық армия, 1945 жылдың қазан айына дейін жер көлемі 2830002 шақырым болатын Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарын толық азат етіп үлгерді. Өлке орталығы Үрімжі қаласын бір соққымен алу ғана қалып еді. Оңтүстіктегі “АлтыШаһар” да бір-бірлеп алына басталған-ды.

Азаттық соғысы осылайша өрттей лаулап бара жатқан бір тұста – 1945 жылдың 15 қыркүйегінде, ұлттық армия Манас өзенінің батыс жағасына жеткенде, жорықты тоқтату бұйрығын алды. Бұйрықты Маршал Әлихан төре емес, орыс генералы Полинов берген болатын. 17 қыркүйек күні ғана Әлихан төре, бұл бұйрықты Полиновқа Москва бергендігін біліп, жаралы жолбарыстай арпалысты. Қанша бұлқынса да тас құрсауды бұзып шыға алмады. Сол күннен былай қарай Әлихан төренің басына ауыр күндер түсе бастады.

Бұл дүние – қайшылыққа, керағарлыққа толы дүние ғой. 1945 жылдың 9 май күні Гитлерлік Германияның туы жығылып, Одақтастардың жеңіс туы желбіреген күн тарихта мәңгі қалды. Ал “Үш аймақ төңкерісі” деп кішірейтіле айтылса да бүкіл “Шығыс Түркістанды шарпыған азаттық қозғалысының жеңіс туы желбірер күнге де қол созым жер қалғанда, такаппар көсем Сталинге “Шығыс Түркістан” картасын ойнау қажетсіз болып қалды. Ендігі жерде ол ойыннан тезірек әрі айламен шегініп шығу қажет болды.

Ұлттық армияның екпінді жорығы тоқтатылған 1945 жылдың 17 қыркүйегі күні, Сталин өкіметі мынадай айла-шарғылы мәлімдеме жасап жатқанынан Әлихан төре өкіметі еш хабарсыз болатын:

Совет Одағының Нанжиндегі бас елшісі Петров Жаңқайшы өкіметінің сыртқы істер министрлігіне нота тапсырды. Онда “Шығыс Түркістан ислам жұмһұриятының” сыртынан саудалаған мынадай сөздер жазылған еді: “Совет одағының Құлжада тұратын консулының хабарлауынша, жақында Құлжалық бір қанша адам консулханамызға келіп,”Біздің Жұңгуадан бөлініп кету ниетіміз жоқ, жергілікті билеушілер бізді езіп-қорлағандықтан, біз оларға қарсы көтеріліп едік. Естулерге қарағанда, Жұңгуо өкіметі бізді Жұңгуодан бөлініп кетер ме екен деп алаңдайтын көрінеді. Бұл тек түсініспеушіліктен туған ой ғана. Сондықтан совет өкіметі ара ағайын болып. Жұңтуо өкіметімен бізді татуластырып қойса болар еді депті. Біздің байқауымызша да олардың Жұңгуодан бөлініп кету ниеті жоқ болса керек. Олар Шинжиаңдағы мұсылмандар басым көпшілікті құрайтын өңірлерге автономия құқы берілуін қалайды. Совет өкіметі өзімен шекаралас аудандарының тыныш болғанын тілейді. Сол себептен де, Жұңгуо өкіметі мақұл көрсе, Шинжиаңдағы аласапыраңдықты тыныштандыру үшін Құлжада тұратын консулымыз арқылы ара ағайындық жасап, екі жақты рахайластырып қойғымыз келеді.

Ішкі жағдайы былыққан шарасыз Жаңқайшы өкіметінің көктен тілегені жерден табылды. Олар дереу іске кірісті. Қытай түлкісі атанған генерал Жаң жежұңды келіссөз жүргізу үшін Үрімжіге аттандырды. “Үш аймақ” өкіметі атынан Рахымжан Сабырхажиев (делегация басшысы) Әбілхайыр Төре (қазақ) және Ахметжан Қасими келіссөз жасау үшін Үрімжіге келді.

Аталмыш “Келіссөз” көріністе “аса қиын жағдайда, талас тартыспен” тоғыз айға созылды. Оның бәрі – шындығына келгенде, уақыт өткізу, Әлихан төрені биліктен тайдыру үшін орай күту, ең бастысы – Қытай коммунистерінің билікке келер күнін жеделтетіп-жақындату үшін ғана істеліп жатты.

Күні бүгінге дейін көзі тірі “Шығыс Түркістан Ислам жұмһұриятының” бас хатшысы Әбдрауп Мақсұмның естелік жазбаларының куәләндыруына қарағанда, Әлихан төре басқарып отырған ресми өкімет, 9 айға созылған жалған “келіссөздің” мазмұны жөнінде бірде бір рет отырыс өткізіп, алқалы топ алдында талқыламаған көрінеді. “келіссөзді” Москваның арнаулы өкілі – Владимир Степанович Козлов деген жүргізді деуге болады. Ол Рахымжан Сабырхажиев бастаған (іс жүзінде Ахметжан Қасими басқаратын) делегация үрімжіге аттанарда қолдарына дап-дайын “Келіссөз шарттарын” ұстата  қояды. “Келіссөз тұйыққа тірелгенде” Құлжаға қайтар алдында, “келіссөз” барысы жазылған барлық құжаттарды папкасына салған Владимир Степанович әлде бір жаққа ғайып болады. Бұл жағдай табаны күректей 8 айға созылады. Осыған шыдай алмаған бас хатшы Әбдрауып Мақсұм бірде Ахметжан Қасимиға: “Ахмет әпенде, біз жақсы болсақ та, жаман болсақ та бір өкімет емес пе едік. Бұларың қалай, өкімет жиналысында бір рет те талқыланбаған “Келіссөз-Бітім” дегендерің не нәрсе, мына орыстарың бізді ойыншыққа айналдырып бітірді ғой” дегенде Ахметжан суық жымиып:

–    Не қыласың соны, одан не шығады Мақсұм? – деген екен.

Арада талай сойқанды істер болып жатты. Әлихан төрені биліктен тайдырудың не бір пасық айла-шарғылары ойлап табылды. Жергілікті ұйғыр өкілдерін айтақтап “Әнжандық өзбек, табаныңды жалтырат, әйтпесе…” деген сияқты әдепсіздіктер үйреншікті жағдайға айналды. Осының бәрін де сабырға жеңдірген маршал Әлихан төре шығар жол іздеп арпалысты.

Бірақ “Шығыс Түркістан” тағдыры Москва мен Нанжинде әлде қашан шешіліп қойған еді. Әйгілі Ялта конференциясында Сталин… мен Жаңқаншы арасында – Қытай өкіметі Моңғолияның тәуелсіздігін таныса,совет өкіметі Шинжиаң мәселесін Қытайдың ішкі ісі деп қарайтыны  сөз болып, ақыры, осы шешімге тоқтайтындығы мәлімделіп қойылған.

1945 жылдың 18 қыркүйегі күні Москвадан оралған Сталинның арнаулы өкілі, генерал Козлов, Әлихан төремен кездесуі барысында зілдене былай деген болатын: “Мәртебелі Төраға! Біздің ұсынымызды қабыл етуіңізді есіңізге тағы бір салайын. Егер осылайша қасарыса берсеңіз, өзіңіз үшін жақсы болмайды. Ұйғырлар сізсіз-ақ өз істерін өздері істей алады.”

Арада көп өтпей сол мазмұндағы домалақ хаттар маршалдың ққызмет үстелінде жиі пайда болғанын білсе де Әлихан төре басына төнген қатерден қорықпады.

Шарасы таусылған орыстар мен орысшыл ұйғырлардың арманын Совет КГБ органы оп-оңай, бір-ақ күнде орындады.

1946 жылдың 17 маусымы күні Құлжадағы Совет консулы Әлихан төреге телефон соғып – қорғас шекарасында Өзбекстанның сол кездегі бірінші секретары Осман Юсупов күтіп тұр. Сізбен ақылдасатын маңызды мәселелер бар көрінеді. Тез барыңыз – дейді. Әлихан Төре жолға шығады.

Қорғаста да, Алматы да Осман Юсупов жоқ болатын. Екі күн Жаркент қаласында ұстап тұрған соң Алматы арқылы Ташкент қаласына ұшақпен әкетеді. Ташкентте екі жыл бойы Осман Юсуповтың қала сыртындағы дачасында мырзақамақта, тергеуде өмір өткізеді.

Тергеушілердің сұрағы аяқталған кезде Әлихан төреге:

–   Сұрақ осымен аяқталды, енді сіздің бізге айтар қандай талап, тілегіңіз бар дегенде, ешбір ойланбастан былай дейді:

–   “Мінеки, мен сендердің қолдарыңда тұрмын. Атасыңдар ма, шабасыңдар ма, ерік сендерде! Өмірімнің соңғы минуттарында мен сендерден жақсылық тілемеймін. Кешірім де сұрамаймын. Өйткені кешірім сұрарлық күнам жоқ. Мен сендердің жалған уәделеріңе сеніп, халықты азаттық күреске шақырып едім. Олар маған сеніп күрес майданына шығып еді. Осы барыста мыңдаған жастар құрбан болды, жараланып, rемтар болып қалды. Ақыры мынау болды. Олардың қып-қызыл тырнақтары менің жағамда кетті.

Алданған, қапы қалған халқымнан кешірім сұраймын. Мәрттік ете алсаңдар, менің осы тілегімді халқыма жеткізіп қойыңдар. Басқа айтарым жоқ!”

Күні бүгінге дейін Әлихан төренің кім болғанын, оның “үш аймақ төңкерісі” деп аталған ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісіне айналып, 1944 жылы құрылған “Шығыс Түркістан жұмһұриятының” төрағасы, ұлттық армияның маршалы дәрежесіне жетіп, атағы аспандап тұрғанда, бір күнде із-тозсыз жоқ болып кеткенін түсінбей, неше түрлі қаңқу сөз таралып келді.

Саяси аренадан алыстап, өмірлік мырзақамақта ұстап отырған Советтік КГБ, саяси қайраткер Әлихан төрені маршал Әлихан төрені бақылап отырғанымен, ғұлама ғалым Әлихан төренің ақын, жазушы, емші Әлихан төренің қолындағы қаламына шек қоя алмап еді. Ол барлық күш-қуат, ақыл парасатын жұмылдырып жаңа жиһад жолына түсті. 1959 жылы екі томдық “Тарихи мұхаммадий” (Мұхаммед тарихы) кітабын өзбек тілінде жазып бітірді. Бір неше том боларлық өлеңдер, хисса-дастандар жазумен бірге, ибн-Сина үлгісіндегі халық елшілігі, дәрі жасау (формоцептикалық) ілімі жөнінде тракттар жазып қалдырды. Сондай-ақ өзі бастан өткерген тарихи оқиғалар бойынша “Шығыс Түркістан қасіреті” атты көлемді еңбек жазып қалдырды.

Әлихан төре Сағұнийға Алла Тағала ұзақ та мағыналы ғұмыр сыйлапты. 91 жыл өмір сүріп, 1976 жылы Ташкент қаласында дүние салды. Өз тілегі бойынша, Шаих Зайниддин баба зиратына жерленді.

Әлихан төренің ұрпағы бұл күндері Ташкентте тұрады. Бабаларынан қалған мол мұраны халық игілігіне жарату жолында қызмет етіп, 1991 жылы екі томдық “Тарихи Мұхаммадий” кітабын баспадан шығарды. Басқа еңбектері де реттеліп баспаға ұсынылған көрінеді. Өзбек ағайындар Әлихан төрені ұмытпай, оның асқақ рухына ылайықты құрмет көрсетіп жатса керек. Ташкент қаласының бір көшесіне және бір мектебіне Әлихан төренің атын беріпті. Дегенмен, ештен де кеш жақсы деген рас-ау. 1998 жылдың 11қаңтарда Алматыда “Әлихан төре Сағұнийдің туылғанына 113 жыл” атты мерекелік кеш өткізіліп, Ұлы тұлғаның рухына тағзым етілді.

Алматыға бір келіп-кеткен талай көсем сымақ келімсектерге арнап көше аттарын берген қазақ Әлихан төредей түрік халықтарының ортақ перзентіне келгенде сараңдық қылмас деген ойдамыз.

Халқымыздың аяулы ұлдарының бірі Ақжан Машани мен Әлихан төре арасында достық, аға-інілік қатынас болғанын мақтанышпен еске алуға тиіспіз.

1966 жылдан басталған Әл-Фарабитану жолындағы абройлы қызметке белсене ат салысып жүрген Ақжан ағамыз ұлы ойшылдың төл жазбаларынан тікелей аударма жасауға талпынып көп ізденеді. Бұдан 1100 жыл бұрын классикалық араб тілінде жазылған терең мазмұнды Әл-Фараби шығармаларында кезіккен түсініксіз жайларды анықтау үшін екі тілді де жетік білетін адам іздеп жүріп, білетін адамдардың сілтеуімен Ташкентте тұратын Әлихан төрені іздеп табады.

Жақсыда жаттық болған ба? Екі ғұламаның тіл табуы қиынға түспейді. Ақжан Машани екі ай бойы Әлихан төренің үйінде тұрып, әлемнің екінші ұстазы әлеміне терең бойлайды. Кей тұста Әлихан төре арабшадан тікелей өзбекше, кейде қазақша диктовка жасап отырады. Екі ғұлама ұзақ-ұзақ сыр шертісіп, шер тарқатысады. Содан бастап өмірінің соңына дейін барыс-келіс жасап тұрғанын немересі Ахат Ғаппарханұлы Әлихан төре растайды.

1973 жылы Алматыда өткен Әл-Фарабидің 1100 жылдық мерей тойына Әлихан төрені шақыру жөнінде өкімет комиссиясына айтып, сөзін өткізе алмағанына қатты өкінген Ақжан Машани ұстазы (өзі осылай сөйлеген) Әлихан төреден кешірім сұраған болатын.

Әлихан төренің немересі Ахат Ғаппарханұлы. 1974 жылы атасының тапсырмасымен Алматыға Ақжан ақсақалды іздеп келген сапарында мынадай қызық әңгіме болғанын Ахат ерекше сүйінішпен еске алады.

Ақжан Машани: – Балам, атаңның дәрігерлік өнерінен болмаса, басқа да өнер-білімінен не бар, сенде, – дегенде:

–   Журналистпін аға, аздап өлең жазамын, – депті.

–  Ой, байғұс балам-ай, итке лақтырған таяғың журналиспен ақынның басына түспей ме, сенің атаң шалқыған теңіз, ағынды өзен еді ғой. Апырай, сен не деген сорлы едің, өзен жағалап жүріп, шөлден өлетін сорлы екенсің ғой, – деп қатты ренжіпті абыз қария.

Мінеки осы қысқа жауаптасудан-ақ Ақжан атамыздың Әлихан Төрені қаншалық құрметтейтінін байқауға болар.

qamshy.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар