Анкара қаласында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының штаб-пәтерінде қазақ қаламгері Хасен Оралтайды еске алу конференциясы өткізілді. Бұл шара Түркиядағы қазақ диаспорасының көрнекті өкілдерінің бірі, жазушы-журналист, қоғам қайраткері Хасен Қалибекұлының туғанына 80 жыл толуына және қайтыс болғанының 3 жылдығына орайластырылды.
Жиынға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев, елшілік қызметкерлері, Түркияның саясат және мәдениет қайраткерлері, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының шақыруымен Қазақстаннан арнайы келген ғалымдар Мәмбет Қойгелдиев, Нәбижан Мұхаметханұлы, Тұрсын Жұртбай, Жарылғап Бейсенбайұлы және Германия мен Түркиядағы Хасен Оралтайдың туыстары, қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. 1933 жылы туған Хасен Оралтай шетелдегі қазақ диаспорасының көрнекті өкілі, тарихшы, публицист, түрік, қазақ, ағылшын, неміс тағы басқа тілдерде жазылған еңбектердің авторы екенін оқырман қауым жақсы біледі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (1994 ж). Қазақ халқының тарихына, этнографиясына, әдебиетіне, саясат мәселелеріне арналған түрік тілінде жазылған «Қазақ түріктері» (Измир, 1961 ж), «Ұлы түрікші Мағжан Жұмабайұлы (Измир, 1965 ж), «Шығыс Түркістан тарихындағы басты мәселелер» (Ыстамбұл, 1975 ж), «Коммунизммен шайқас» (Измир, 1965 ж) кітаптарының авторы. Ол кезінде Мәжит Айтбаевтың «Абылай» дастанын және өлеңдерін (1971 ж) түрік тіліне аударып, тұңғыш рет «Қазақша-түрікше» сөздік бастырды. Түрік халықтарының тарихи тағдырына арналған материалдар жарияланатын «Ұлы Түрік елі» журналын (17 сан) өз қаржысына шығарып тұрды (1962-1986ж.ж). Ыстамбұлда 1973 жылы Алаш қозғалысына, Алашорда партиясына, Алаш өкіметіне дұрыс баға берілген «Алаш» кітабын басып шығарды. Шығыс Түркістандағы қазақтардың еркіндік жолындағы күресі жайлы өмір шежіресін баяндаған «Елім-айлап өткен өмір» атты әйгілі кітабын жазды. Хасен Оралтай 1988-1995 жылдары «Азаттық» радиосының қазақ бөліміне басшылық етті. 1986 жылы Желтоқсанның қанды оқиғалары тұсында дүниежүзіне дабыл қағып, жазықсыз қараланған қазақ ұлтын қорғау туралы үн көтеріп, дүниежүзілік қоғамдық пікір қалыптастырды, сөз сөйледі, мақалалар, кітап жазды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның тәуелсіздік жариялағаны туралы хабарды бүкіл әлемге бірінші болып таратты.
Атақты қазақ қайраткеріне арналған конференцияның ашылу рәсімінде сөз алған ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов «Хасен Қалибекұлы – ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің азаттық күресін шетелде жалғастырушы, ұлт рухын қорғаушы күрескерлердің бірегейі еді» деп қорытындыласа, қайраткердің қарындасы, ғылым докторы Мәриям Хәкім «Ардақты ағамыз Хасен Оралтайдың өмірінің соңғы кезеңіне дейінгі жазған еңбектерінің барлығы қазаққа, ұлтқа пайдалы, қазақтың өткені мен келешегі үшін өзекті мәселелерге арналды» деді.Конференция аяқталған соң Хасен Оралтайдың өмірлік жары Хадиша Хәкім және жазушының ұлы Жәнібек Хәкім қайраткердің рухына арнап Хатым Құран оқытып, арнайы ас берді.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
aikyn.kz
Парақшамызға жазылыңыз