///

Мен – жазудан басқа тіршілігім болмаған адаммын

1072 рет қаралды

«Мен – жазудан басқа тіршілігім болмаған адаммын. Жазудан басқа тілеуім болған жоқ. Бар күш-жігерімді, қажыр-қайратымды осы жазу саласына ғана жұмсадым» деген біртуар қаламгер де жетпістің бел ортасына таяп қалыпты. Жазушының әр жылдар ойларының бір парасын оқырмандарға ұсынып отырмыз.

Мұхтар Мағауин

Қара ормандай қалың қазақ өз орнында отырған. Билігінен айрылса да, білігінен айрылмаған. Ұлысы құласа да, ұлттық санасынан арылмаған. Бұдан былай, елдің рухани тізгіні көркем сөз билігіне көшеді. Ежелгі мұра – елдің елдігін ұмыттырмайды. Жаңа әдебиет – халықтың бүгінгі ахуалын айғақтайды. Түптеп келгенде, Бұхар жырау, Махамбеттен басталған, отаршылдыққа қарсылық ұраны, азаттық жыры, Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір әйгілеген бодандық ахуал, Абай айғақтаған жаңару, жаңғыру идеясы – ұлттың тұтастығын сақтаған, оның рухына нәр беріп, көкірек-көзін ашқан өміршең, әрі айрықша қуатты құбылыс болды. Ақыры, қазақты ежелгі даналығы үстіне, Еуропаның озық білімін ғана емес, өзгеше саясатын да игерген жаңа бір топ – Алаш қайраткерлері қалыптасты. Кенесары ханның өлімінен соң арада алпыс жыл өтпей, ұлттық тәуелсіздік мәселесі тағы да бірінші орынға қойылды. Бірақ, осы, ағартушылық ұраны, саяси күреске толы төңкеріс жылдарының өзінде ұлттық рухтың ең ауыр әрі абыройлы жүгін көтерген – көркем әдебиет екен. Ахаң, Жақаң, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Жүсіпбек…

* * *

Әлбетте, ұлттық рухтың негізгі ұстын-тірегі – билік дедік. Бұл билік халыққа тәуелді (болуға керек). Ал халықтың қандай ауан, ниет-пейілде болмағы – жаршыларына байланысты. Бұл жаршының жазарман болуы шарт емес. Өнер атаулының барлығы да ұлттық рухтың көрінісі. Жалынды сөзден гөрі сырлы ән мен күйдің әсері артығырақ шығуы мүмкін.

* * *

Неге дәл осындай мүсәпір халге түсті, бұл тексіздік пе, жетесіздік пе, әлде басқадай бір құпия сұмдығы бар ма деп ойлайсың. Әуелден өз жұртына опасыз, өз діліне қайырсыз дейін десең, өткен ерлік тарихы көз алдыңда тұр. Әуелден өзін қор, басқаның бәрін зор санады дейін десең – осыдан небәрі жүз жыл бұрын, отаршылдық түнегінде, Батыстың озық ғылым-білімінен мақұрым кезінің өзінде бойына жан теңгермеген – Абай сөзін еске алайықшы, шамасына қарамай, орыс-орманды, сарт-ноғайды – ешкімді менсінбейтін қазақ еді ғой.

* * *

Анығын айтсақ, дәл қазіргі кезеңде қазақ тілінің мемлекеттік өресін тарылтып, қолдан келгенше қарсы әрекет жасап, тек тіл ғана емес, қазақ рухы көрініс табар барлық сала, барлық жерде ұлттың өрісін шектеп, болашағына балта сілтеп отырған – басқа емес, тілсіз, түйсіксіз, имансыз қазақ текті шенеуніктер.

* * *

Менің ұғымымда өз елінде тұрып жатқан қазақ үшін кісілік өлшемі – туған тілін білу. Анасын сатқанадамда қандай қасиет болуы мүмкін. Жарайды, танымай туғанына кінәлі емес. Бірақ қазір ес біледі ғой. Яғни,көріп тұрған анасына қайтып оралуы шарт.

* * *

Қазақта жау бар. Қуатты, қатерлі жау, күн озған сайын күш алып, тамырын тереңге жайып барады. Ақыры түпке жетсе, сол ғана жетеді.

Ол қандай жау? Кім? Кім емес, не? Бүгінгі қазақтың жалғыз-ақ жауы бар. Ол – ұлттық сананың кемдігі. Өзін-өзі қор тұту, өзін-өзі кемсіту, өзіне тиесілі сыбағаға ұмтылмау, былайша айтқанда – ұлтсыздық!

* * *

Қазақтың жауы – ұлтсыздық! Бүгінде басымызда тұрған бар кесел, ертеңгі тұман мен күмән – түп-түгел осы ұлтсыздық дертінің зардабы.

* * *

Қалай айтсаңыз да ұлттық рух мәселесі ең алдымен тірі сөз – көркем әдебиетке тікелей қатысты. Бұрынғы жазарманның неден қадірлі болғанын мана, сөз басында айттық, өкімет пен партияға керек еді, тамағы тоқ, көйлегі көк еді, сондықтан да айбынды болды, сондықтан да кеудесі көтеріңкі жүрді. Бүгінгі жазарманның ешкімге де керегі жоқ, аш-арық, өлмелі жағдайда күн кешіп жатыр. Өскен, немесе өсіп келе жатқан бала-шағаның уайымы бірінші орынға шыққан, сананы тұрмыс билейтіні рас екен. Бұрынғыны – айтқаныма жүрсін деп молынан жемдейтін, ендігі – айтқаныңа жүрем деп, өзі сұранып, талғажау табады.

“Үркер”

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар