Алпауыт елдердің жоспарымен карта бетінде айқыш-ұйқыш сызықтар сызылғанда, арғы бетте жәудір көз бауыр қалды. Саны аз алаш едік, одан сайын кемідік. Азаматтығы өзге елге тиесілі болғанымен, жүрек соғысы ұқсас, бойындағы қаны бір қазақ еді олар да. Түтілген жүн секілді жайылған ел едік, бір қабырғамыз қирап түсті…
Жә, әңгіме дүйім халық туралы емес, сол халықтан шыққан арда ұл, арқалы ақын жайында еді ғой. Таңжарық Жолдыұлы. Іле бойы қазақтарының жазба поэзиясының негізін қалаған біртуар ақын, түрмеде жатса да, қаламынан айрылмаған бірбеткей тұлға. Халық ағарту ісімен айналысқан қайраткер. Бірақ бары сол ма еді?
Ақыннан қалған тұяқ – Шара Таңжарыққызы. Бүгінде жасы 76-ға келіп, өзі әже атанып отырған кейуана. Осы кісіден ақын жайында әңгіме сұраған едік. Таңжарық Жолдыұлының жұрт танып қалған қыры туралы, кейінгі кезде басылым беттерінде жарияланып жүрген жағдайларды ғана емес, сол уақыттағы ел өмірін, замана халін де айтып беруді өтіндік.
Менің есімде қалған ең көне естеліктер – Бестөбе деген жерде жүрген кезімізбен сәйкеседі. Құлжадан халық жауының отбасы деп қуылғанбыз. Шамамен үш жастамын. Әкем түрмеде жүрген уағы. Қаланың сыртындағы ұйғырлардың қауындығына барып, қауын ұрлаймыз. Жерге тарс еткізіп ұрамыз да, шетінен жей береміз. Бетіміз сатал-сатал. Сондай бір күні кешке жақын «ұрлықтан» келе жатсақ, шешем жолдан күтіп тұр екен. Шыбығымен шықпыртып сабай жөнелді. Кішкентай болсам да, бәле болсам керек: «Ойбай, әти, сен жоқта мына қатын өлтіретін болды ғой» – деп қашыппын. (Әти деп отырғаным – әкем). Шешем сөзімді естіп күліп, реніші тарқап кетіпті. Соны білдім бе екен, неге олай дегенімді.
Мен әкем туралы тек еститінмін. Өзі есімде қалмаған. Екі жас, екі айымда Құлжада қызмет етіп жүрген жерінен ол кісіні түрмеге алып кеткен екен. Өлеңдерінде айтады: «арбаға сап әкетіп бара жатты, жолда Сараны көрдім, мені не үшін әкетіп бара жатқанын білмейді, күліп қарап тұрды» деп. Сол кеткеннен жеті жылға кетті ғой әкем.
Сара деп отырғаны – менің әпкем. Анам Аягөздің қызы, Жаркент жақта бір кісіге он бес жасында ұзатылып, содан Сәлима, Сара деген екі қыз туған екен. Сәлима ертерек тұрмысқа шығып кеткен. Сара менен он төрт жас үлкен болды, Бұқара Тышқанбаев деген кісіге тұрмысқа шыққанша бізбен бірге тұрды. Әкем оған өз қызындай қараған. Одан соң бізбен Уәлихан деген ағам да тұрды. Ол – әкемнің бірінші некесінен қалған бала еді.
Біздің үйде Нұржігіт деген бала да күнелтті. Оның тарихын айта кетейін. Отызыншы жылдары, апақ-сапақ уақытта, Құлжаның барымташылары Қырғыздың Тоқпақ деген жерінде жүріп, екі баланы суға ағып бара жатқан жерінен құтқарып қалыпты. Біреуі он жастан асқан қыз бала екен де, екіншісі төрт-бес жасар ұл екен. Тыныш жүрмей, сол екі баланы өңгеріп әкетіпті де, жолай қызын біреуге сатып жіберіпті. Ұлды алып кеп, Құлжадағы ұйғыр аспазға сатыпты. Ол ұйғырдың әйелі жетім баланы аяп, жақсы қараған екен, бірақ көп ұзамай ол әйелі қайтыс болып, екінші рет үйленеді. Бұл кезде бала сегіз-тоғыз жасқа келіп қалған. Ұйғырдың манты сататын, қазіргіше айтсақ, асханасы бар екен. Сол асханада от жағып, күйе-күйе болып отыратын көрінеді әлгі бала. Қожайынның екінші әйелі жайсыздау болып, баланы қорлайды екен. Ауласын сыпыртады, ауыр-ауыр жұмыстарын істетеді. Ақысына тамақ береді, бары сол ғана. Әкем болса, бұл кезде Қазақ-қырғыз ұйымында ұйымдастырушы болып жүрген кезі, кербездене киініп алып, жұмыстан шыққан соң достарымен асханаға барады, дуылдасып отырады дегендей. Сөйтіп отырған бір күнінде әлгі ұйғыр келіп: «Тәке, мына балаға обал боп жүр, әйелім күн көрсетпейді, осы баланы қамқорыңызға алсаңыз» деп ойын білдіреді. Әкем ештеңені уайымдамайтын, ақкөңіл адам, баланы үйге ерте кетіпті. Сөйткен баланың есімі Нұржігіт екен. Шешем басында бұл баланы қалай асыраймыз деп, уайымдап қалса керек. Сөйтсе әлгі бала ауланы тазалап, шешем іс тіксе, оған көмектесіп, бір сәт тыным таппайды дейді. Әбден зәрезап болып қалған, отырса ұрыс еститіндей жанталасады екен. Көзіне біреу тіке қараса, жас парлай жөнелетін көрінеді. Кейін шешем ол баланы мектепке беріпті. Одан соң буыны қатая бастаған кезде тағы бір туысымыздың Сәлмен деген баласымен екеуі Майтау деген жерге барып, жұмысқа кіреді. Ол Майтауда Совет инженерлері мұнай өндіреді екен. Сонда жүргендерінде 1941 жыл келеді де, соғыс басталып, Совет үкіметі мен Қытайдың арасы ажырап, мұнай өндірісі тоқтайды. Сол кезде Советтің адамдары ештеңені түсіндірместен жұмысшыларға Советтің документін аласыңдар ма деп ұсыныс жасайды. Сәлім бас тартыпты да, Нұржігіт келісім беріпті. Сөйтіп оны Ташкентке алып кеткен. Бұл Нұржігітке тоқталып отырған себебім, кейінгі кезде мені «Таңжарықтың қызы емес, өлеңдерінде Шараны емес, Нұржігітті айтқан» дейтін адамдар шығып жүр. Мен әкемнің 110 жылдығы қарсаңында олармен дауласып, соттасуды өзіме ар көріп, үндемей жүрмін.
Менің толық атым – Шарапатхан. Әкем өзі қойыпты. Еркелетіп Шапай деп те атайды екен. Кейін Пекинге оқуға барғанымда атым Шара болып қысқарып қалды. Өйткені Қытай эроглифінде Шарапатхан деген есім тым ұзақ болып кетеді. Шара дегенннің өзін «Ша» – тегім, «Ра» – атым деп ойлайтын. Оның өзінде «р» әрпіне тілдері келмей Шала дегенге ұсатып айтады.
Әлқисса, әкесіз өсіп келе жаттым дедім ғой. Аласапыран заман басталды. Бас көтерер ер-азаматтардың көбі ұсталып кетті. Бұрынырақ Советтік Қазақстаннан қашып келген қаншама адамды Совет үкіметінің жендеттері қайта әкетті. Кейін білдім, сол кісілердің көбін атып тастаған екен. Олардың ішінде Райымжан Мәрсеков, Шерияздан Мәрсеков, Әбеу Құдышұлы, Сейтжан Жайнақов, Зият Шәкәрімұлы, Ғазез Қалманов, Төлеуғазы Абылайханов, Кәрім Дүйсебаев, Мырзахмет Оразалин, Шәмсі, Әлімғазы Бапин, Қиянат Ғалым, Әбдікәрім Ережепұлы, осы кісінің ұлдары: Қамбар Әбдікәрімұлы, Шабдан Әбдікәрімұлы, күйеубалалары: Ғазез Зейнеков, Сәлім Жанаров секілді азаматтар болған. Көбі елге белгілі адамдар. Бұл кісілердің балаларын Құлжаның маңындағы Күре деген жердегі әскери лагерге тапсырған. Мінеки, сондай заман басталды. 1944 жылы үш аймақ көтерілісі тұтанды. Алтайда оған дейін басталған, Іледе сол 44-ші жылы Нылқы деген жерден бастау алды. Қырғын соғыс болды. Көптеген батырлар шықты, бірнеше адам қайтыс болды. Сол тұста Совет үкіметі бір батальон қарулы әскерді құпия түрде кіргізген екен. Оны басқарып келген командирлері Досанов деген кісі болды. Ол кісіні мен көрдім. Жайлауда отырған едік, сау етіп бір топ әскер келе қалды. Ауыл да дайындалып, күтіп отыр екен, үйлерді босатып, әзірлеп қойған. Мал сойылып, ет табақ-табақ боп тартылып жатты. Бір түн түнеп шықты да, әрі қарай кете барды. Ол кезде баламын ғой, есімде қалғаны осындай көріністер ғана.
Әлгі құпия батальонды Совет үкіметі ұшақпен әкеп, таудың ішіне парашютпен лақтырып кетіпті. Ол батальонның құрамына жер біледі деп, әдейі қытайдан кеткен адамдарды алып, даярлаған екен. Бір қызығы, сол әскердің ішінде баяғы өзіміздің Нұржігіт те болыпты. Түскен соң парашюттарыңның көзін құртыңдар, ешкімге көрсетпеңдер деген бұйрық алған екен, Нұржігіт Құлжаға жеткен кезде Биғайша деген жеңгемізге өз парашютын тастап кетіпті. Ол өзі таза жібектен жасалады екен, тұтас ауыл жібекке қарық боп, кимешек, шылауыш тігіп, бір жарып қалған деседі.
Үш аймақ көтерілісі жеңіске жетті. Гомиңдан үкіметін қуып шықты. Есімде қалғаны, бір күні түнде «Ойбай, қытай әскері қару-жарағын алып, ауылдың үстімен өтеді екен» деп ел шу ете қалды. Оны естіген біз ауыл болып Қамысты деген тауға қаштық. Көктемнің кезі болса керек. Қыстақтағы қараңғы үйлерге бір-екі қонып, қайтып келдік. Сөйтсек, әскер бекетін тастап, түнделетіп, ешкімге тиіспестен, бас сауғалап әлдеқашан қашып кеткен екен. Кеңселері иен жатыр. Оны көрген ел ал кеп тонасын. Терезелерін сындырып, ішінде қалған заттарды талан-таражға салды. Біздің үйге ет турайтын машина бұйырды.
Сөйтіп, дербес ел атандық. Уақытша үкімет құрылып, билікке Әлихан төре келді. Ол кісі мұсылман мемлекетін құрмақ болып, көшеде қыздарды орамалсыз жүргізбеймін деп, біраз тырысты. Бірақ онысы бола қоймады, көп ұзамай «Әлихан төрені Совет ұрлап кетіпті» деген сөз гу ете қалды. Сөйтіп таққа Ахметжан Қасыми келді. Қысқасы, сондай аласапыран заман боп жатты.
Біз Бестөбеден Құлжаға көшіп келдік. Заман өзгерді деген соң, бір жақсылықтан үміттендік. Әкем бұл кезде әлі түрмеде. Үрімжі Гомиңданның қолында қалған, Үш аймаққа кірмейді. Бірақ Гомиңдан Үш аймақты үкімет деп мойындаған соң, шарт жасасқан. Ол шарт он бір пункты қамтыған. Сол он бір пунктың біреуінде тірі қалған саяси тұтқындарды босату да айтылған. Сөйтіп, әкемді 1946 жылы босатты.
Жаздың уақыты еді, үйде анам екеуіміз отырғанбыз. «Түрмеден шыққан екен, қайтып келеді екен» дегенді естіп жүргенбіз оның алдында. Содан бір күні жүрегіміз дүрсілдеп, есіктен қарап тұрдық. Көрші-көлең, туыс-туған жиналған. Бір мезгілде қақпаның есігін ашып, бір кісі кіріп келе жатыр. Үстінде сұр китель, басында шляпасы. (Ұсталған кездегі киімдерін сақтап қойып, шыққан соң қайтарған болса керек). Бір қолын орап алған (Түрмеден шыға берген кезде машинадан құлап, сындырып алыпты, қырсық шалғанда). Шешем жүгіріп барып құшақтай алды. Жылап жатыр. Неше жылдан бергі сағыныш, көрген қиындықтары іштерінде запыран боп қалған, тоқтай алмай егіледі. Аяқтарына оралып мен жылап тұрмын. Көршілер келіп, ажыратып жүр. Бұрын әкемнің бар екенін білсем де, бәрібір тірі жетім едім. Есімді білгелі көріп тұрған бетім, қуана жылаймын.
Ал, сол күннен-ақ біздің үйде той басталып кетті. Құлақ естір төңіректен сәлем беріп келмеген адам қалмаған шығар. Совет консулынан да келді, басқа ұлттың адамдары да кеп жатты. Күндіз-түні кіріп шыққан адам. Үлкен бөлменің төрінде әкем жайғасады, тізесін шынтақтап мен отырамын жанында. Өзім ұл балаша киініп, ұлдармен төбелесіп жүруші едім, енді әкелі болғаннан кейін тіпті құтырып кеттім. Ешкімге есе-теңдік берер емеспін. Біреудің шайын төгіп тастаймын, біреудің табағын қағып қаламын. Басыма қонған бақыт енді ұшпайтындай көрініп еді сол кезде.
Әкем түрмеден бір кішкене ағаш сандық ала келді. Ішінде домалақ-домалақ қатқан нан бар. Нан болғанда ол әбден тас болып қатқан, жеуге келмейтін дүние. Әкем соны балтамен ұрып шағады да, ішінен ширатылған қағаз шығарады. Сөйтсек, ол өзінің өлеңдері екен. Түрмеде тінту болған кезде өлеңдерін соның ішіне тығып, тәспих етіп ұстап, алып шыққан екен.
Әкем келгенін естіп, жайлауда бала оқытып жатқан жерінен Сара апамыз да келген. Оны Бұқара Тышқанбаев деген кісі алатын боп жүрген, сол жолы ұзатып, тойын жасадық.
Тойдан соң әкеме Құлжадан қызмет ұсынып еді, әкем бас тартты. Күнеске кетемін деді. Сөйтіп әкемнің тілегін қабыл алып, Күнестегі жер-су мекемесінің бастығы етіп қойды да, сол жаққа көшіп кеттік. Сонда қыстадық. Жазғытұрым Шапқы деген жерге жайлауға шықтық. Әкемнің астында ат, менің астымда бір тай, шешемде де көлік бар. Күн сайын қонаққа шақырады, тау-тасты жағалап, ел қыдырамыз. Әкем халықтың еркесі іспетті. Алақандарына салып әкетті. Екі айдай солай думандатып жүрдік. Тамыз айы болған кезде әкем тымаураттым деді де жатып қалды. Алдында жауынның астында қалған екен, содан болды десті. Түрмедегі жағдай денсаулығын құртқан ғой, әсілінде. Ондағы көрсетілген азапты айтуға ауыз бармайды тіпті. Өлеңдерін оқыған адам өзі түсінеді.
Бестөбеден дәрігер алдыру үшін кісі шаптырдық. Бірақ Бестөбеге барып келгенше үш-төрт күн өтетіндей жердеміз. Жақын маңда бір Мақсұт деген молда бар деген соң, соны шақырттық. Ол кісі келді де бір дәрі береді. Шешем әлденсін деп ыстық сорпа ішкізді де, әкем шалқасынан жатып, бетін бүркеп алды. Содан мазасын алмайық деп бәріміз сыртқа шығып кеткенбіз. Біраздан соң шешем жағдайын білуге ішке кіріп кетті. Бір мезгілде ойбай салды. Жүгіріп бардық. Сөйтсек, әкем бетін жауып ап жатқан күйі жүріп кеткен екен. Зарладық та қалдық. Анығын бір Алла біледі, әрине. Бірақ кейде ойлаймыз, молда дәріні қателесіп берді ме екен, жоқ әлде басқа бір адамдар ұйымдастырып, қастандық жасады ма деп.
Ертесіне жан-жақтан ел келе бастады. Сойысқа малдарын, саба-саба қымыздарын қоса әкеп жатты. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романындағы Бөжейдің өлімі секілді тура. Киіз үйге қара ту тігіп қойды. Шешем бастаған әйелдер жоқтау айтып отырды. Ер адамдар есік алдына шығып, таяққа сүйеніп тұрды.
Жеті күн өткенде Құлжадан үкімет адамдары келді. Бұл кезде әкемді жерлеп тастаған. Бірақ сонда да қаралы жиын ашты, сөз сөйлеп, көңіл айтты. Содан соң қаулыны оқыды. Ақынның өлеңдерін кітап қылып басамыз, Құлжадағы зиратқа мәйітті көшіреміз деді. Ақсақалдар жағы оған қарсы шықты, сөйтіп Құлжадан ескерткіш тас қана орнататын болды. Одан соң Құлжадан көше береміз, балалары кәмелетке толғанша үкімет ақшалай көмек көрсетіп тұрады, отбасының көші-қонына, қыстық соғымына ұлттық армия жауапты болады деді. Осы мазмұндағы қаулыны оқыды.
Күз келіп, жайлау сарғайды. Күзеуге көштік. Сонда отырып әкемнің қырқын өткіздік. Онда да солай, жан-жақтан мал айдаған адамдар ағылды, күндіз-түні бауырсақ пісіріліп, қазан асылып, дайындық болды. Сөйтіп, күндер өте берді. Өстік, оқу оқыдық, тұрмысқа шықтық, балалы болдық дегендей. Қаулыда айталған уәделер орындалды. Әкемнің кітабы шықты. Одан беріде 80, 90 жылдықтары атап өтілді. Кейін 100 жылдық тойы Қазақстанда да тойланды.
Таңжарық Жолдыұлы – Қытайдағы қазақтар арасында тұңғыш театр ашқан, газет шығарған, ағартушылықпен шұғылданған адам. Түрмеде жатып шығармашылығын тоқтатпаған. Бұл жағынан өзінің тиісті бағасын алды деп ойлаймын. Ендігі тілегім, тек Қытай қазақтарының ақыны деген атақпен шектеліп қалмай, өзінің нағыз, шынайы бағасын алса. Әкемнің 110 жылдық мерейтойы жақындап келе жатқанын алға тартып, таяуда министрікке хат жазғанмын. Ондағы өтінішімді төрт пунктке бөлдім:
1. Таңжарық ақынды Алаш құрбандары қатарына қосу. Мерейтойы да сол дәрежеде аталып өтілуін тілеймін. Қазірге дейін «Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы ұйымы» жағынан ұйымдастырылып, сол баяғы оралмандар дәрежесінен аса алмай келеді. Бұл әділетсіздік деп білемін. Ендігі жолғы мерейтой министрлік тарапынан ұйымдастырылса, жиын-конференцияларға бүкіл қазақ зиялы қауымы, ақын-жазушылары, өнер адамдары қатыстырыла отырып ұйымдастырылса орынды болар еді.
2. Қытайда басылған екі томдық шығармалары Қазақстанда қайта басылып, көп тиражбен бүкіл Қазақстан көлемінде кітап дүкендерінде сатылса.
3. Кейінгі ұрпақ ұмытпас үшін, қазақтың көрнекті тұлғалары қатарлы, ақынның шығармашылығы, ғұмыры кеңінен насихатталса.
4. Ақынға Алматы мен Астанадан бір-бір көше аты берілсе.
Әкем қазақша, орысша, қытайша, араб-парсыша тіл білген адам. 1922 жылы шекарадан бері өтіп кетіп, Нарынқолда үш жыл білім алған. Сол тұста орысшаны үйренген, қазақ әдебиетімен әбден танысқан. Жәрмеңкеде Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгіровті көрген екен дейтін әңгіме де бар. Осы кездерде Алаш идеясын бойына сіңірген.
Абекең әлдеқашан айтып өткен,
Қанеки, мына ақылын қайсы ұқты:
«Көрмесең біреуіңді бірің дос» деп,
«Бірліксіз айтқан сөздің бәрі бос» деп.
Бір қазақ айтқан сөзін ұқпаған соң,
Жағын жар, тілін кез ғып, кеткен «қош» деп.
Ахмет атын бұзып, болды «маса»,
Сөз жазды қос қыртысты, беті таса.
«Ұйқыңды ызылдасам, бөл» деп еді,
Көрмедім, ұққан адам оны да аса.
«Сықылды сынық бұтақ төмендемей,
Жұлғызба, жемісіңді» – деді, – «Жаса!»
Қайтесің, оны да ел тыңдамаса.
Жазылды Міржақыптан «Оян, қазақ!»,
Ескерді оны қашан «ноян» қазақ?
Орнына оянғанның ұйқы басып,
Қалдың ғой, ши түбінде, қоян қазақ.
Әсет те талай сөзді әнмен салған,
Ән салып, талай жерге өзі барған.
Сөзінің мәнісіне құлақ аспай,
Біздің жұрт тек әніне қайран қалған.
Алтынсарин «оқы» деп айтқанымен,
Оқуды тастап қазақ, айранды алған.
Бертінде Сұлтанмахмұт не деп еді?
Ар-ождан, намыс, жігер қайда қалған?
Құлақта сөз, баспада хаты қалмай,
Көкірек талай даңғыл, ойрандалған.
Соларды біле тұра кім қозғалды?
Мінекей, осы емес пе іштегі арман.
Осындай сөзді жазған адамды Алаш қозғалысының өкілі емес деп кім айта алады? Алаш идеясын шекарадан әрі асырған бірден-бір адам емес пе? Менің ендігі арманым сол – жоғарыдағы хатта айтқанымдай, Таңжарық Жолдыұлын қытай қазақтары әдебиетінің өкілі деп қана емес, Алаш қайраткерлерінің бірі деп тарихқа жазса. Қытайда әкем жақсы зерттелді, белгілі дәрежеде ұлықталды, енді осыдан артық әспеттей алмайды ол жақта. Лайықты бағасын алатын болса, тек Қазақстанда ғана алады. Мен үкімет тарапынан осыған байланысты көмек болады деп сенемін.
Жазып алған Арман ӘЛМЕНБЕТ
“Қазақ әдебиеті”
Парақшамызға жазылыңыз
әттең деп аһ ұрып кеткен батырлар көп екен ғой