///

Қара өлең – қарашығымда

1274 рет қаралды

1326962433_duletkerey-kplyАйтыскер ақын боп елге етене танылған Дәулеткерей Кәпұлының жазба ақындығына дәлел бола алатын өлеңдері көңілімді көтерді. Қазақ әдебиеті әлеміне жаңа тынысымен келген Дәулеткерей айтыскер ақын. Халықаралық, республикалық айтыстардың бәйгелі ортасында жүлде алған озық ойлы сөз тұлпары. Қаламы жатырқамаған жазба ақындықтағы өзіндік қолтаңбасы да «мен мұндалап» ерешеленіп тұрады. «Өркениет» әдеби – мәдени қоғамдық журналда (2011ж.№ 2) (67- бетте) жарияланған «Қара өлең – қарашығымда» жырларының жарияланымы тұщымды сөздердің патшалығына жетеледі. Кешегі аталы сөз айтқан Асан қайғыдай қабырғасы қайысқан тұнық ойлардың қамбасынан кәнігі оқырманша ой іздедім. Ел тағдырына қатысты ақын үнін тануға ұмтылдым. Өлеңге деген жауапкершіліктің бар екенін ақын Дәулеткерей жоғары сезінеді.

Ақын қолданысындағы ой өзгешелігіне ерекшелік енгізу болар, мына бір өлең жолдарының бастауына назар аударайық:

«Қамырық оймен қамалып қалаға мәжнүн,

Шаттығын күтіп шаршап ем, шағала жаздың.

Көктемге көңіл ұмсынтып, көкке қаратты,

Санамда сарқыт даусы сарыала қаздың.

Сіз не түсіндіңіз, ал мен ақынның табиғатпен үнсіз тілдесуін сезінем, сөз қолданысындағы «қамырық ойды», «мәжнүн қалаға қамалған» ақын, «шағала жазды» аңсаған ақындықтың ертеңге деген ерекше сенімі бар. Болашағына құпия тылысыммен қарау Дәулеткерейде үйлесім таба кетеді. Арнау өлеңдерге де әр бере жазатын ақын Ақселеу Сейдімбековке арнаған жыр-сағынышын тебірене жеткізген. Сөз саптасында Төлеген ақынның құйылып кететін сөз қатпары сезіледі. Үндесіп жатқан ақынның жан дүниесіндегі ойтаным Ақселеудің адамдық тұлғасын «адаспай асқан арысым алты белесті, жадымнан қалай шығарам жарқын елесті?» деп биіктетеді. Арнау тәлімі жоғарыда айтылғандай «мәңгілік ғұмыр кешетін» поэзияның бөлінбес бөлшегі болуы керек.

Дәулеткерей жырларындағы ерекшеліктің бірі – заман тынысын астарлы ойлардың, көркемдегіш сөз құралдарының қолданысымен жеткізе білумен танылады. Қазақтың қаймана тағдырына қанық ақын қазіргі өмір тынысындағы қазақ халқының ұлттық психологиясында қалыптасқан «жасқаншақтық пен именгіштікті», жайбасарлық пен қамсыздықты ашық айта біледі.

Кекілін самал сүйген құс,

Тау тұғырында билер құс.

Бұратаналар хан ұлындай шіренген,

Мен қазақ боп қалдым именгіш.

Қанатың барда қағылмас,

Тағдырың таумен тамырлас.

Бүгінде мен де, сен де бір – айна қатесіз,

Жорға жүрістен жаңылмас.

Қорыта айтқанда, Дәулеткерей поэзиясы жаңа дәуірдің 2000 жылдығында қалыптасып үлгерген қомақты ойлар мен өзекті сөздердің іргелі үлгісі. Өнеге алуға тұрарлық, үміт етерлік кесек ойлардың жеткіліктілігі айтыскерлік пен жазба ақындық- тың шылбырын бірдей ұстап келе жатқан Дәулеткерей үшін сүбелі табыстар бола бермек.

Поэзия – кемел ойдың тереңдігі мен қарапайымдылығы, мәселенің өткірлігі мен шынайылығы, замана тынысының айқын көрнісі, ғұмыры ұзақ әдебиет жанры бола білгенде ғана «ақын» деген ардақты атқа ие бола алатынын ұмытпағанымыз абзал.

«Ақын – елдің ардағы» деген сол болар.

Бердіғожин Бейсенбай Қапарұлы,

Үш тілде оқытатын Ақтөбе қалалық №21 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

“Шын” порталынан

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар