Қазақстанға жаңа сарапшылар жетіспейді. Бұл арада сан да, сапа да маңызды. Байқасақ, соңғы кездері Ресейдің кейбір қалталы топтарының қаржысына күнін көріп жүрген шетелдік сарапшылар елді дүрліктіретін алыпқашпа, теріс пиғылды мақалаларды жариялап жатқанда, мұндай ақпараттық соғыс пен шабуылдарда оларға әлеуметтік желілер мен дәстүрлі БАҚ-тар арқылы тойтарыс беріп отыратын бірен-саран отандық сарапшыны ғана білеміз. Берілген теріс ақпараттың «мысын» басып, салмақты оймен, тіпті әдемі қалжың, сарказммен бетін қайтарып, қазақ халқына дұрыс мағлұмат беріп жүрген сарапшылар қатарында Ерлан Қарин, Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Мұхтар Тайжан, т.б. азаматтар бар.
Соңғы кезде ресейлік БАҚ-тар қазақ ұлтшылдарынан бастап, жергілікті билікті мінеп-сынайтын мақалалар үдеп барады. Мұндай негізсіз мақалаларға жоғарыдағы саясаттанушылар сияқты тек саяси және тарихи тұрғыдан емес, экономикалық, әлеуметтік, демографиялық, тіпті психологиялық, географиялық, т.б. сипатта тойтарыс беретін сарапшылар қайда? Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің де «Жаңа тарихи ойды» қалыптастыру үшін «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасын жүзеге асыру керек» деп қоғамға ой тастағаны орынды әрі уақтылы жайт болды. Отандық блогшылар да: «Ресейден тарайтын қоқыс ақпаратқа көп мән беріп, шыр-пыр боп күйгелектенудің қажеті жоқ» деген пікірде. Бірақ байыппен халыққа тың ой айтатын жаңа сарапшылар легі қажет-ақ. «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» университеттер мен институттардың, зерттеу орталықтарының тар бөлмелерінде күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүр. Шыны керек, осы мақаланы жазу барысында жаңа тұлғаларды да әңгімеге тартуға тырыстық, бірақ білімді де білікті сарапшылар журналистерден қашқақтайды. «Журналистерге сұхбат беретіндей дәрежеде емеспіз» дейді. Бірақ олардың тың ойлары қоғамның дамуы үшін маңызды. Олар ақпараттық соғыста елдің қатардағы сарбазы болуы керек. Олардың қаруы – білімі мен тың ойлары. Сондықтан бұл мақалада жаңа сарапшылар туралы ойларын бұрыннан қалыптасқан сарапшылар білдірді.
Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, саясаттанушы:
– Ең алдымен біздің сарапшыларға сенім жоқ, екінші жағынан, оларға айтылатын сын да жоқ. Өкінішке қарай, біздің алыпқашпа әңгімеге көп көңіл бөліп, ұзынқұлаққа назар аударатынымыз да сондықтан. Шыны керек, бізде сарапшы ұғымы өз деңгейіне әлі де жетпеді. Саясат саласында жүргендердің көбісі – Алматы мен Астананың шекарасынан асып, аудан, ауыл-аймақтарға шықпаған жігіттер. Олар қазақтың өмірі мен қазіргі жағдайын білмейді. Алматы мен Астананың ортасында отырып, халықтың көңілі, биліктің ауысуы, т.б. жөнінде арзан ой айтады. Мемлекеттің бұл саладағы жақсы механизмі – қомақты қаржы бөлу. Басқа елдердегі саясаттанушылар болсын, мәдениеттанушылар болсын, жалпы, кез келген саладағы сарапшылардың алатын жалақысы мен гранттары өте жоғары деңгейде. Оларда сарапшы атану – үлкен дәреже. Кешірім өтінемін, бізде екінің бірі сарапшы болып кетті. Айталық, неге біздің елімізде министрліктер мен әкімдіктегілер көбіне басқа елден сарапшыларды шақырады? Экономистер, саясаттанушылар мен дінтанушылар, қорғаныс саласының мамандары, т.б. сарапшылар көбіне шетелден арнайы шақырылатыны рас. Олар біздің ел туралы не біледі? Бұған аямай қаржы бөлеміз. Шындап келгенде, шетелден сарапшы болып келетіндер бізге дос емес. Олардың өз пиғыл-көзқарастары бар. Мен өз елімде жүріп өз билігімді өзім үшін сынаймын. Ал сырттан келетін сарапшылар қазақ халқы мен Елбасы, Қазақстан саясаты мен болашағын сынап, алыпқашпа әңгіме таратып жатқанда, біздің тарапымыздан өз есеп-қисабымызбен, өз өлшем-бағдарымызмен қарсы шығып, төтеп беріп жатқан ешкім жоқ. Сондықтан идеологиялық-ақпараттық салада көп жағдайда ұтылып жатырмыз. Мәселен, Кедендік одаққа байланысты дау-дамайлар туындағанда, сапалы сарапшылардың жоқтығынан көп жағдайда ұтылып жүргеніміз жасырын емес. Елбасының айтып жатқан мәселелерінде ешқандай мін жоқ. Бірақ түптеп келгенде, сарапшылар аздығы ұлттық қауіпсіздік мәселесімен де байланысты. Ақпараттық шабуыл жасалып жатқанда, оларға қарсы шығатын кім бар? Сондықтан Үкімет бұл салаға қаржыны аямауы керек. Сарапшыларға қаржы бөліп, елді аралату керек.
Ринат ДУМАНҰЛЫ, «Хабар арнасы» АҚ бас продюсері, тележүргізуші:
– Өкінішке қарай, басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстанда сарапшылардың жетіспеушілігі қатты сезіледі. Қай ақпарат құралын алмасақ та, тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде өз пікірін айтып келе жатқан саясаттанушы мен әлеуметтанушылар баршылық, бірақ кейде олардан да оқырман мен көрермен жалықты деген ой келеді. Бұл – заңды ой. Бір жағынан, бұл журналистік қоғамның да проблемасы шығар, бір әріптесіміз бір сарапшыны тартса, жаңа бір адамды шығарғаннан гөрі, бұрынғы сарапшыны эфирге шығарсам, оңай болады дегендей стереотип қалыптасқан. Екіншіден, тағы бір проблема – жаңа тұлғаларды көріп-біле алмай жатқанымызда. Тәуелсіздік жылдары ел ағалары болып үлгерген сарапшылармен қатар, шетелде оқып немесе отандық ЖОО-ны бітіріп келген жаңа көзқараспен, жаңа оймен жұмыс істеп жүрген сарапшылар да қалыптасты. Өкінішке қарай, біз оларды тауып, көрсете алмай жатырмыз. БАҚ өкілдері оларды көбірек іздеп, табуға талпынса деген ойым бар.
Үшіншіден, расында да, көптеген ғылыми орындарда жұмыс істейтін түрлі сала өкілдері, әсіресе, гуманитарлық сала өкілдері сарапшы ретінде телевизияға, газетке шығуға келіспейді. Мұның бір проблемасы – гуманитарлық ғылым саласында жүрген азаматтардың жариялы қызмет етіп, публикамен жұмыс істеуге үйренбегені. Саясаттанушы бола ма, әлеуметтанушы бола ма, өз аты айтып тұрғандай, олар тікелей халықпен қарым-қатынасқа түсуі керек. Бұдан саяси не ғылыми ортада болсын, сарапшы әрі ғалым ретінде рөлі күшейеді. Өкінішке қарай, бізде ғылыми зерттеу, саяси зерттеу орталықтары мен саяси технологиялар орталықтары өте аз. Ресейдің бір өзін алсаңыз, онда мыңдаған ғылыми зерттеу орталықтары бар. Олар тек пікір айтумен айналыспайды, жекелеген ұйымдар мен саяси партиялардың, топтардың, қорлардың грантын ұтып алып, саяси тапсырыстарды орындап, сайлау кезінде саяси технологиялармен айналысып, мұны кәдімгідей бизнеске айналдырып үлгерген. Содан нәпақасын тауып, күн көріп, бір жағынан, өзінің сарапшы ретіндегі қызметін жалғастыра береді. Халықтың аздығы, саяси нарықтың қажетті деңгейде жетілмегендігі осы проблеманы да тудырып отыр. Меніңше, Қазақстанның 100 жаңа бет-бейнесін қалыптастыру үшін бірінші кезекте ақпарат құралдарына көп шыға бермейтін, өзіндік пікірі, ойы бар, шын мәнінде, сарапшы деген атқа лайық болатын азаматтарды әрбір БАҚ өкілі өз ішінен електен өткізіп, оны көбірек шығаруға әрі тек саясаттанушы, әлеуметтанушы, не тарихшы емес, жалпы, сарапшы ретінде насихаттауға тырысуымыз керек. Өзіміз оларға пиар жасап, насихаттамасақ, бізге ешкім оларды қалыптастырып бермейді. Егерде 100 тұлға тізіліп жатса, олармен жүйелі жұмыс жасау керек.
Берекет КӘРІБАЕВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы:
– Біз студенттерімізбен бірге халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовпен бір кездесуде болған едік. Сонда ол кісіге: «Бүгінде біздің жазушыларымыз көбіне тарихи тақырыптарға көп мән беріп, өткен ғасырлардың тарихындағы батырларды көбірек қозғайды. Ал қазіргі заманның тұлғалары қайда? Солар туралы неге жазбайсыздар?» деп сұраған еді. Сол кісінің жауабын сіздің сауалыңызға қатыстырып айтуға болады. Жалпы, әдеби образ өмірден алынады. Бір жағынан, ол – тәрбие құралы. Қай жағынан болса да, ол – батыр, патриот, адал азамат болуы керек. Шындап келгенде, біз 1990 – 2000 жылдар аралығында социалистік қатынастардан капиталистік қатынастарға ауыстық. Сол кезде бізде құндылықтар да өзгерді. Рэкеттен бастап, сыбайлас жемқорлыққа дейін дендеп кетті. Тұлғаларды кім жасайды? Кеше түрмеде ішімдік үшін отырғандар – бүгінгі молда, кешегі базаршыларды тонап жүргендер – қазір әкім не депутат, не кәсіпкер, кешегі миллиардерлеріміз – бүгінгі қашқындар. Қабдеш ағамыз осының бәрін айта келе: «Енді кімді мақтаймыз?» деп өзі сұрақ қойды. Ойланып келсем, ағамыздың айтқаны рас. Тұлғалар жоқ емес, бар. Барлық адамдарды бірдей кінәлауға болмайды. Мәселен, Таразда лаңкесті ұстау барысында қаза тапқан капитан, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов қандай үлгі тұтарлық азамат? Лаңкеспен күресіп, Отан үшін, азаматтардың бейбіт өмірі үшін жанын қиды. Мұндай тұлғалар ішкі істер органдарында, әскерде жетіп жатыр. Әрине, бұл арада заман талабына сай сарапшылар қажет. Мәселен, неге біз ақпараттық тұрғыдан Ресеймен орысша сөйлесуіміз керек? Олармен қазақша болмаса да, ағылшынша сөйлесейік. Сондай білікті сарапшыларды дайындау керек. Түптеп келгенде, Ресейде бұған бағытталған әрі жақсы қаржыландырылатын орталықтар бар ғой. Мәселен, мен білетін бір-екі белсенді блогшы бар. Олар арнайы ақша алып, жұмыс істеп жатады. Жеке адамның жүйеге қарсы жұмыс істеуі мүмкін емес. Сырттан ағылған теріс ақпараттарға жеке адамдар жауап бере алмайды, оған уақыты да, өресі де жетпейді. Бұл салаға арнайы қаржы бөліп, қажетті сарапшыларды жұмыс істету керек. Жасыратыны жоқ, біз бұған енді ғана келіп жатырмыз.
Кәмшат ТАСБОЛАТ
aikyn.kz
Парақшамызға жазылыңыз