Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін құжат тапсырудың уақыты да таяп қалды. «Тест сынағы» деп дүрліккен аласапыранның кезі әлі алда, әрине. Дегенмен мемлекеттік сынақты тапсыру күні жақындаған сайын мектеп түлектерінің бойын болашаққа зор үміт, арман билесе, жүрек түбінде «осы сынақтан сүрінбей өте аламын ба?» деген күдік, қорқыныш тағы тұрады. Оқушыны былай қойғанда, мұғалімдер де үрейленеді. Өйткені, бүгінде Ұлттық бірыңғай тестілеу кезіндегі талап күшейтіліп, жыл өткен сайын сынақ тапсыру қиындай түскен сияқты. Алайда 9 жылдан бері елімізде қолданып келе жатқан ҰБТ-ға көзқарасты өзгертіп, қорқынышты қалай сейілтпекпіз?!
Білім және ғылым министрлігі биылғы ҰБТ сұрақтарының базасы жаңартылғанын, оған логикалық сұрақтардың енгізілгенін айтты. Жалпы ақпарат құралдарында ҰБТ-ға қатысты жаңалықтар жарқ ете қалса, ең алдымен мұғалімдер мен оқушылар елеңдейді. Өйткені оқушылар үшін ҰБТ алдағы тағдырын анықтайтын сынақ болса, мұғалімдер «шәкірттері аз балл жинаса жоғарыдан сөгіс алып қалмаймын ба?» деп қауіптенеді. Бүгінгі таңда ҰБТ барысында сан түрлі жағдайға тап болған түлектер де бар. Жыл сайын ақпарат құралдары тест тапсыру кезіндегі оқыс оқиғалар мен тосын жағдай жайында жарыса жазады. Жалпы жыл сайын ҰБТ уақыты таяған сайын келеңсіз жағдайға жол бермеудің артын бағатынымыз рас. Тіпті, «баланың бөтені жоқ» деп, ҰБТ қорытындысын бәріміз алаңдауға да көштік. Шынтуайтына келгенде, ҰБТ қорқатын дүние ме? Біліміне сенген түлек не үшін қорқады?
– Бізге дейін оқу бітірген балалардан ұлттық бірыңғай тестілеуде кездескен қиын сұрақтар, қатаң тексерістер туралы естіп, «ертең тест тапсырарда мен де бар білгенімнен айырылып, сасқалақтап қалмасам екен» деп қорқамын. Сол үшін дұрыс, түсінікті сұрақтар болса екен дейсің. Қазір мен негізінен математика пәніне көп уақытымды бөлім жүрмін. Өйткені қалған пәндерді осы уақытқа дейін алған білімің бойынша тапсырсаң, математика есеп шығаруды қажет етеді. Негізінен жақсы балл алып шығатыныма сенемін. Алдағы өмірім ҰБТ-дан жинайтын балыма байланысты, қажетті балл жинай алмай қалсам, жоғары оқу орнын сығалай да алмаспын. Мен оны анық түсінемін, – дейді Қостанай облысы, Амангелді ауданының Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектеп оқушысы Луиза Төленова. Оқушының ҰБТ-дан жақсы балл жинап шығуына ата-анадан кем алаңдамайтын жан – мұғалім. Балалардың күйініші мен қорқынышына алаңдайтын ұстаздар шәкірттерінің ең алдымен ата-ананың сенімін ақтай алмайтындығынан қорқатынын айтады.
– Көбінесе үздік оқушылар қатты алаңдайды. Өйткені ата-ананың балаға үміті зор, бала «сол сенімді ақтай алмай қаламын ба» деп қорқады. Сол үшін мектепте психологиялық тұрғыда жұмыстар жүргізу керек. Жалпы, бала тест тапсыру барысында қобалжып, сасқалақтамай, белгіленген уақытты дұрыс пайдалануы тиіс. Көбіне оқушылар «уақыт тығыз болып, ойлануға мұрша болмай қалды. Кейбір сұрақты асығыстықпен белгіледім» дейді тесттен шыққан соң. Сондықтан тест жауаптарын белгілеуде ең оңай пәнінен бастап, жеңілден қиын пәнге қарай өткені дұрыс. Себебі, математика сияқты пәндерге есеп шығарумен көп уақыт кетіп қалады да, басқаларына уақыттары жетпей жатады, – дейді Қостанай облысы, Наурызым ауданы, Шилі орта мектебінің мұғалімі Гүлнар Жаңғабылқызы. Жасыратыны жоқ, ұлттық бірыңғай тестті тапсыру оқушы үшін үрейлі де қауіпті сәтке айналды. Өйткені мектеп те, ата-ана да ҰБТ-ны сынақ емес, тағдырды шешер басты құрал ретінде қарастырады. Осының салдарынан оқушы ғана емес, мектеп мұғалімдері де үрейленіп, әбден қорқып қалған. Әйткенмен, білім жағынан ғана емес, оқушыны ҰБТ-ға психологиялық тұрғыда дайындау керектігі айқын.
Жалпы емтиханнан оқушы ғана емес, кез-келген ересек адам да қорқады. Бірақ мені қатты қобалжытатын дүние, онсызда қорқып отырған балаға министрден бастап ата-ана, мектеп те, мұғалімдер де оқушы көңіліне демеу беріп қолдаудың орнына, қорқынышты одан сайын үдете түседі. Қорқыта бергеннен гөрі, оқушыға ең алдымен қолдау қажет. Былтыр біз психологиялық дайындау, қолдау көрсетудің бір бағыты ретінде «Кәсіби бағдар беру» бағдарламасын ұйымдастырдық. Биыл бұл бағдарламаны Алматы қаласында жалғастырып жатырмыз. Бұл баланың мамандығын таңдау арқылы өзінің ішкі мотивациясын, білімге қызығушылығымен осы ұлттық біріңғай тест тапсыруда сенімділігін арттыруға бағытталған. Жалпы мамандыққа баулу мектептен ғана емес, бала дүниеге келгеннен бастап ата-ана оның не нәрсеге икемділігін бақылап, бағыт көрсетуі тиіс. Ал мектеп оны іліп алып кету керек. Елбасы жолдауында адами ресурстарға мән берді. Бұл адами ресурстарды дамытудағы іс-шараның бірі деуге болады. Ал оны қалай дамытамыз, егер соған бағытталған, соның ішінде мамандық таңдауына бағыт берудегі үкіметтік деңгейде орталық ашылмай?! Бұл үкіметтік қаржыландыру арқылы жасалатын дүние. Егер де өзінің сүйіп таңдаған мамандығын дәл табуына үкімет көмектесетін болса, жастар арасындағы қылмыс пен жұмыссыздық күрт тоқтайтын еді деп ойлаймын. Жастар арасындағы қылмыстың артып, суицидтің өршіп тұрғандығының негізгі себебі жастардың өмірдегі орнын таба алмауында. Оның алдын алу үшін салиқалы орталық болуы тиіс және ол міндетті түрде үкіметтің жанындағы құрылым болуы керек. Сонда ғана бұл мәселенің түйіні шешіле бастамақ. Әрине оған да сатылы жұмыс керек, өйткені бұл үлкен дүние, әлемдік деңгейдегі мәселе – дейді осы ретте Edtech-kz орталығының директоры Ғани Бектайұлы.
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ
“Айқын”