Ел тәуелсіздігіне қызмет етіп отыр ма?
Бейімбет Майлиннің «Көшпелі махаббат» деген әңгімесі бар. «…Ауылдың ортасынан қақ жарып жүретін жолдың үстінде төрт-бес кішкене бала құм үйіп ойнап жатыр екен. Менен қорықты, бір-біріне жалтаңдап қарап: «Орыс келе жатыр…» деп тұра қашты. Біреуінің ат қып мінген талы қалды. Біреуінің шуда жіптен бау таққан құрығы қалды. Мен күлдім…». Ондыққа дәл тигізіп ататын Би-ағаңның осы жазбасында суреттелгендей, қазақ баласы көре сап қашатын орыс келгелі, орыстың ізін ала өзі түгілі, атын да естіп көрмеген өзге де ұлт өкілдерінің шоғыр-шоғырымен шұбатылып келіп, күнгейлі-теріскейлі қазақ тағдырына араласып кеткеніне де ғасырдың өлшем болатын уақыты жетті. Қазақ секілді құм кешіп, қу мекиен шөл басып, Қытай қашып, Ауған аспаса да, басым бөлігі өз ықтиярымен де емес, бір түнде берілген саяси бұйрықтың тегеурінімен вагонға тиеліп телім-телім болып тентіреп келіп, жат жерде жүріп өмір жалғастырып, «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деп аталса да, ұлтты тұтастыру мен сақтап қалудың ең үлкен құралы ретінде олар руханиятын дамытуды ұмытқан жоқ. Әсіресе, әдебиеті мен өнерін.
Себебі, бір ұлттың әдебиеті дегеніміз – сол ұлттың асқақ рухы. Тіл, сөз өнері, көркем әдебиет сақталса ғана ұлттың сақталып қалатынына көзі ашық зиялысының бәрі сенді. Сол сенім жолында тақыр жерден тамырын тіміскілеп жүріп әдебиетін жасады. Барлық елдің әдебиетіне тән дәстүрлі жанр – поэзиядағы ұлттық үн мен прозадағы азаматтық әуен қазақ жерінде жүріп те жоғары деңгейге көтерілді. Уақыттың барлық қабаттарына барлау жасау, тақырып ауқымдылығы, өршілдік, тарихи күрделі дүниелерге бойлау, модерн мен авангардтың жалына қол апарып, бағындыруға талпыну, бір сөзбен айтқанда, қазақ әдебиетінің қазаны қалай қайнап жатса, Қазақстандағы ұлттар әдебиетіне де классикадан бастап жаңашылдыққа дейінгі барлық сорап тән. «Бүгінгі әдебиеттің басты кемшілігі не?» деген сауалға берілетін «жастар кітап оқымайды», «кітап тиражы аз», «шөпті де, шөңгені де өлең етіп жатыр», «кроссворд секілді әр сөзі әр жаққа қарап тұратын байланысы жоқ, тілдің құнын түсіретін тұрпайы да жат, мазмұнсыз, көркемдік идеясыз повестер мен әңгімелер қаптап кетті» дейтін жауап ірілі-ұсақты ұлттардың баршасының әдебиетіне айтылатын ортақ сын. Жыл сайын әдебиетке жаңа толқын келіп қосылып жатады. Олар да бір бағанның бойын қуалап, бір жолға бір сөзден ғана жазып, арасына тыныс белгісін қоймастан, бір тыныспен оқылатын шумақтарды «өлең» деп атап, постмодернизм кеңістігіне «құлаш ұрып», интернет әдебиетті дамытып, алдыңғы буын ағалардың екі көзін алақандай етіп алаңдаушылығын туғызып, «ах» ұрғызып қояды. Қысқасы, ортақ ауа жұтып, ортақ тағдыр кешіп, ортақ сана шеңберіндегі дүниетаным бірдей қалыптасып, бірдей тәрбие тезіне түсіп, бір идеологияға бағынған қоғамда өмір сүрген соң мұның бәрі заңдылыққа саяды. Президент әдебиет пен мәдениет қайраткерлеріне Мемлекеттік стипендияларды табыс еткен салтанатты жиында: «Бүгінде шығармаларын қазақ тілінде жазатын қазіргі жазушыларды Қазақстанда орыс тілді оқырман аз біледі. Бәлкім, аударма саласын дамыту туралы ойластыру қажет болар. Отандық авторлардың туындылары қазақстандықтардың мақтанышына айналуға тиіс. Мен бұдан бұрын да өңіраралық мәдениет алмасу туралы айтқанмын. Биылдан бастап еліміздің өңірлері арасында мәдениет күндері тұрақты өткізілуі тиіс. Қазақстандық мәдениет пен өнердегі патриоттық, ең алдымен, біздің қоғамда болып жатқан ұлы тарихи оқиғалардың өзгерістерінен көрініс табуы керек. Кез келген жанрдағы кез келген туынды, мейлі кино немесе мультипликация, музыкалық немесе драмалық шығарма болсын, бірлік, патриоттық, жасампаздық идеяларын насихаттауы қажет. Бұл – сіздердің басты миссияларыңыз. Еліміз Тәуелсіздік жылдарында көптеген жетістікке жетті, оның бәрі барша қазақстандықтардың бірлігі мен келісіміне негізделген. Бізге мұны ұмытуға болмайды» деген-ді. Елбасының осы тапсырмасынан кейін кешегі Ғабиден Мұстафиндердің ізімен ұйғыр жазушысы А.Ашири өндірістік өмірден сыр шертетін «Жылы жүрек» атты повесть жазып аяқтапты.
Бірақ әдебиеттің даму соқпағында, шағын ұлттар үшін кедергі мен кемшіліктер де болмай қалмайды. Сол кемшіліктердің ішіндегі ең қасіреттісі, қазақ топырағында жүріп өз ұлтының рухы мен ұятын көтеріп жүрген жасы үлкендері кейінгі жастарының тілінің қасаң тартып, тіпті алдының ұмыта бастағандығын айтып, қамығады. Бір қуанарлығы, ойы озық, сөзі сергек өз әдеби орталары бар. Бұл орта өзіндегі «бар» мен «жоғын» түгендеп, пікір алмасып, ұлты алдындағы парызы мен қарызын сезінуге мүмкіндік береді. Парызды сезіну ормандай көп орыс ұлтының ақыны мен жазушысын айтпағанда, Жазушылар одағында тіркелген отызға тарта мүшесі бар ұйғыр әдебиетінің өкілдерінен бастап, кәріс әдебиетінен тіркелген қос қаламгер Лаврентий Сон мен Виктор Ким, қарашай ұлтынан қаламгер атанып жүрген (Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі) жалғыз ақын қызы Зулпа Чумаковаға дейін бірдей өріс алып, күншуақта ғана жүруді қолай көрмей, қоғам мен өз ұлтының көмекейіне көлденең кептелген сүйекті алып тастау үшін жанталаса қалам тербеуді қарыз санайды.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ.
Айтар ойға айқындама
Ахметжан
Ашири,
жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы Ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрағасы:
– «Ұйғыр қаламгерлері бүгінде не жазып жатыр, қалай жазып жатыр?» деген сұрақ төңірегінен келсек, еліміз тәуелсіздік алғалы бергі жиырма жыл айналасында жасалған игі істер, бүгінгі заман адамдары, олардың жаңа кезеңдегі ойы, мінезі, дүниетанымындағы өзгерісі ақын-жазушылар қаламынан тысқары қала алмайды. Мысалы, ақын Патыгүл Мақсотованың өлеңдері, жазушы Тельман Нурахуновтың бүгінгі күні ұмытылуға айналған ауыл тақырыбына қайта жол тартып, ауыл жастарының өмірінен сыр шерткен «Тағдыр» атты үлкен повесі қазақ, орыс тіліне аударылып, көмескі тарта бастаған басқа да тақырыптар қайта жаңғырып, көркем дүниелер қатарын толықтырып жатыр. Ауыт Масимов деген жазушымыздың «Комерт құпиясы» деген повесі қазақ тілінде Байтұрсыновтың аударуымен жақында «Жұлдыз» журналында басылды. Ресейдің «Литературная газетасында» жарияланды. Жуықта ғана «Илхам» сыйлығын алды. Ұйғыр әдебиетінің көркемдік кеңесін басқарып отырғаннан кейін әрі қаламгерлік парызым ретінде әдебиетіміздің кешегі ірі өкілдерінің ізімен тарихи сүбелі тақырыптарға баруды жөн санап, қазір көне ұйғыр, түркі тарихына байланысты өзіме қажетті материалдарды жинақтап жатырмын. Тарихи ескі жазбалар мен мұрағат деректері негізінде ХІІІ ғасырдың басындағы ұлы Шыңғысхан мен ұйғыр елі Едіқұт әміршісі Баурчық – артекенің достығы туралы «Едіқұт» атты үлкен роман жазып бітірдім. Тарихтан Едіқұт деген алып ұйғыр мемлекеті болғанын көзі қарақты жұрттың бәрі біледі. Бұл – ақиқи дерек. Роман орыс тілінде жарық көрді, қазір ағылшын, түрік тіліне аударылып жатыр. Жақын арада Шыңжаң Ұйғыр автономиялық елінде жарияланып қалар деп отырмыз, роман-эпопеяның ІІ кітабы «Баурчық – артеки» деген атпен жақында шықты. Оқырман жылы қабылдады, қаламгер әріптестердің пікірі оң. Әдебиетке келіп жатқан талантты жастардың шоғыры да мол. Біз оларды ауылдан іздейміз, мектептен іздейміз, өлеңдерін, әңгімелерін жинақтап, топтама етіп бастырамыз. Тек жастар шығармашылығынан тұратын «Арзо бұлақтары» деген жинақ баспада әзірленіп жатыр.
Валерий
Михайлов,
ақын,
«Простор» журналының
бас редакторы:
– Орыстілді әдебиет асфальтта да туа береді, ал нағыз орыс әдебиеті тек топырақтан ғана бастау алады. Менің бұл сөзім қазақ жерінің қуаты мен қасиеті орыс әдебиетіне Павел Васильев пен Иван Шухов, Иван Щеголихин мен Николай Корсунов, Валерий Антонов пен Морис Симашко, Евгений Курдаков пен Надежда Чернова сияқты дара дарындарды сыйлады деп тәптіштей түссем, түсініктірек бола ма деймін. Жалпы, Қазақстандағы орыс әдебиетінің қалай дамып, өрістеп жатқанын білгісі келген адам біздің журналымызды бір парақтап шықсын. Біз журналымыз арқылы тек орыс әдебиеті мен этникалық орыстардың шығармашылығын насихаттаумен ғана шектеліп отырған жоқпыз, дәстүрлі мектебіміздің үлкен бағыттарының бірі – аударма арқылы қазақ әдебиетінің бар бұтағы кең көлемде танылып отыр. Қазақ әдебиетінің барлық классиктері мен талантты қазақ ақын-жазушылары ғана емес, Қазақстанда тұрып жатқан ұйғыр, кәріс, неміс, дүнген, күрд, тағы басқа ұлттар қаламгерлерінің де шығармаларын орыс тілі аудармасы арқылы үлкен алаңға алып шығатын біздің «Простор» журналы екені шындық. Авторларымыз да көп. Бізге бүкіл ТМД аумағынан: Ресей, Украина, Белорусь, Молдова, Армения, Өзбекстаннан жазады. Кеңес кезінде «Дружба народов» деген журнал болған, сол басылымның қызметін бүгінде біз атқарып отырған сияқтымыз. Атына заты сай, «Простор» деген – әдеби аңсар-шабыттың ауқымдылығы һәм тақырып көкжиегінің кеңдігі. Бүгінгі әдебиеттің әр тыныс алғаны сезіледі. Өз шығармашылығыма келсем, осыдан он жыл бұрын шыққан «Ұлы жұт» деген кітабым ілгеріректе Ресейде, жақында Германияда басылып шықты, ағылшын тіліне де аударылып, жарық көрген болатын. Ал қазақ тіліне ақын Ғұсман Жандыбаев аударып, оқырманға жол тартты. Тағы бір айтпағым, Ресей елі секілді Қазақстанда да әдеби сыйлықтардың санын арттыру қажет. Әйтпесе, Жазушылар одағы тағайындайтын кішігірім сыйлықтан бастап Мемлекеттік сыйлыққа дейінгі аралықтағы қаламгерлерге берілетін сыйақы, марапат мөлшері бізде аз, тым аз.
Парақшамызға жазылыңыз