Студент күнімізде шәкірттерімен әрқашан тең дәрежеде сөйлесетін, қалжыңдары аңызға айналып кететін Абдул-Хамид Мархабаев ағайға біз тобымызбен үйір болатынбыз. «Қарындарың ашты ма?», – деп, жасыл жейдесінің төс қалтасынан ақша шығарып, асханаға жіберетін әкелік қамқорлығының өзі арамызды туыстардай жақындатты ма екен? Бірақ ол кез бұл кісінің қазақ әдебиетінде кейін қалған фантастика жанрының алғашқы және көрнекті авторы екенін аса түйсіне қоймаған шағымыз. Филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, әлемдік фантастика үлгілерін қазақша сөйлетіп жүрген аудармашы ұстазымыздың өмір жолы ешкімдікіне ұқсамайтын, өзгешелеу екенін кейін білдік. Сөйтіп, балалық шағының бір жылын кептер қууға арнаған, оқуға түспей жатып фантаст-жазушыларды ащы сынымен түйреген қиялгермен әңгіме өткізуге ниет таныттық. Тұңғыш ғылыми-фантастикалық “Ғарыштағы қымыз” жинағынан бастап, “Арал әуендері” , “Сен кінәлісің, Шолпан планетасы”, “Жұлдыздар жарығы Жерге жетеді”, т.б. жиырма шақты кітабын тасқа басқан қарымды қаламгермен арадағы әңгіме төмендегiдей өрбіді.
– Арал теңізі, Көкаралдың батыс шекесіндегі Ауан ауылында дүниеге келіппін. Өзі шала сауатты, өмірінде қару ұстап көрмеген әкем Файзулла майданға кетіп, оралмады. Анамыз Сәби Сұлтанқызы шаңырақ иесінің жоқтығын білдірмей, төрт ұлы мен құрсақта қалған жалғыз қызын асырап-бағып жеткізді. Әкеміздің орнын басып, нанбайшы болып қалған анамды тамақтан тарыққан жұртшылықтың жасы кішісі – «Сәби апа», үлкені «Сары кемпір» атайтын. 1946–1947 жылдары Көкаралды оба індеті жайлаған. Соған орай Аралда тура Мәскеуге бағынатын обаға қарсы станция құрылып, Ауанда оның филиалы ашылған болатын. Екі ағам – Садулла мен Әбдіқалық соған жұмысқа тұрды. Жұрт «чума» деп кеткен сол кеңсеге жалаңаяқ қатынап жүрген сол ағаларымды «қызмет» бабында жоғарылатты ма, әйтеуір 1948 жылдың күзінде Аралға қоныс аудардық. Сөйтіп, Арал қалалық Т.Г. Шевченко атындағы №13 мектептің бастауыш класында оқи бастадым. Біреуден артық, біреуден кем дегендей, оқып жүрдім. Бірде орыс тілі пәнінің мұғалімі (бәріміз Фимин Афанасьевич атайтынбыз) үйге берілген тапсырманы тексерді. Дәптерді әр баланың қасында тұрып, парақтап жүрген. Менің дәптерімде бір сөйлем де жоқ еді. Мұндайда ағайдың әдеті оқушыны (ол кезде ұлдар мен қыздар бөлек оқитын) жауырын астынан шымшып, бұрап алатын. Маған да сөйтті. Жаным көзімнің ұшына бір-ақ келді. Ағай көк еттен бүрген күйі, орнымнан тұрғызды да: «Кластан шық! Ертең ата-анаңсыз келме!» – деді. Бұл мұғалімдердің үйреншікті сөзі болғандықтан менің де етім өліп кеткен-тін. Жақ ашпадым. Кітап, дәптерімді жинап, кенептен тіккен ала дорбама салдым да жүре бердім. Ағаларым қарсылығыма қарамай, айқай-шумен киіндіріп, ала дорбамды ұстатып, мектепке қарай сүйрейтін. Мен болсам төңіректі басыма көтеріп, бажылдап жылайтын едім. Кейде шешем араша түсіп, мені аяп, үйге қайтадан кіргізетін еді. Ағаларым жұмысқа кеткесін, сарайдағы төрт-бес кептерді қуалаумен ұзақ күнді өткіздім. Мен кептер қуып жүргенде екінші тоқсан да аяқталып қалған еді. Бір күні соғыстан жалғыз аяқпен оралған класс жетекшім Сатаев ағай үйге іздеп келді. Үй-ішіме оқу үлгерімін көрсетті. Ол кісіге салса, өткен екі тоқсан бойы бірде-бір үштік алмаппын және сабақтан қалмаған екенмін. Бұдан артық не қуаныш керек?! Біз де риза, класс жетекшім де риза. Салып ұрып көшеде ойнап жүрген балаларға келдім де демалыстан соң мектепке оралатынымды жайып салдым. Сонда біреуі: «Енді оқуға қайтып барғанда, не абырой табасың?», – демесі бар ма? Сол сөз санама сақ ете түсті. «Абыройымды сақтап», мектепке бармай қойдым. Келесі оқу жылында төменгі кластың партасына бір-ақ отырдым. Қысқаша айтқанда он бір жылдық мектепті екі түрлі «стильмен» тәмамдадым десем де болады.
– Оны қалай түсінуге болады?
– Оны ғалымдар тарихи формацияларды жіктегендей жіктесек, «Рахат Бисенбинге дейінгі» және «Рахат Бисенбиннен кейінгі» дәуірлер деп бөлудің қисыны келіп тұр.
– Қызық екен.
– Иә, қызық! Басынан баяндап берейін. Бір күні өмірімдегі елеулі оқиға болды. Қандай дейсіз ғой?! Есеп сабағынан өткен бақылау жұмысынан ғұмырымда тұңғыш рет бестік алдым. Пән мұғалімі Рахат Бисенбин атымды ерекше атап, өмірімде естімеген мақтауларын жаудырсын келіп. Ендігі жерде сол мақтауларды ақтау үшін Бисенбин ағайдың сабағынан әлгі бағадан төмен түспеу керектігін түсіндім. Осылайша аспандағы кептер қуу мен жердегі асық атуға жұмсалатын «уақыт бюджетін» қысқартуға тура келді. Олардың орнын алгебра, геометрияның «ізін ала» физика, химия, тіпті оншама суқаным сүйе бермейтін тіл мен әдебиет, қысқасы, сабақ кестесіндегі барлық сабақтар басты. Ара-арасында қазақшаға аударылған шетелдік қызық-қызық хикаяларды, соғыс туралы кітаптарды оқу үшін теңіз жиегіндегі «Балықшылар» клубы жанындағы жапырайған кітапхананы да жағалауды шығардым. Ол кездерде, «соғыстан аман қалған өмірім – олжа» деп жүрген ересектер жағы «шайтан суға» үйірсектеу еді. Әрине, мұндай ортада газет-журнал оқу оншама үрдіс болмаған. Төрт пен беске етім үйрене бастады. Тіпті, мектеп бітірерде үздік аттестатқа үміткер үш баланың бірі болып шыға келдім. Ұстаздарымның көбі мектепті «келешек ұлы математик» бітіріп жатқанына сенімді еді. Бірақ мен өзіме сенгендерді «тақыр мұзға отырғызып кеттім». Себебі, үш күн бойы математика жолына түсу үшін Алматыға баратын жалғыз поезға іліге алмай қалдым. Өмірдің өзі көбіне кездейсоқтықтан тұрады-ау дейім. Айт жоқ, той жоқ, бір күні тапа-тал түсте көшенің қарсы бетіндегі көрші – кез келген адам ат шаптырып, шақырып келтіре алмайтын аудандық оқу бөлімінің бастығы Мүбарак Рысқұлов анама сәлем бере келді. Шәй үстінде елге үміт күттірген жас түлектің бұлай жүргені жарамайды деп, биыл қалада жаңадан ашылып жатқан сегіз жылдық мектепке аға шопер вожатый ғып жіберетінін айтты. Сегіз жылдықта өткен үш жылда, математиканы былай ысырып қойып, әдебиетке «қырындай» бастадым. Аудандық «Социалистік Арал» газетіне жиі шығып тұратын болдым.
– Демек, журналистикаға алғашқы баспалдақ сол аудандық газет болды ғой. Ал фантастикаға қалай келдіңіз?
– Ол былай басталды. Қазақтың С.М. Киров атындағы университетінің филология факультеті, журналистика бөліміне абитуриент бола жүріп, Медеу Сәрсекеевтің «Ғажайып сәуле» повесіне сын мақала жаздым. Ол «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді. Фантастика жанрындағы 55 жылға жуық соқпақ жолдың басы – осы. Осылайша әдебиеттің небір жазушы, не зерттеушісі де жүрегі дауалап бара бермейтін фантастика жанрын «төңіректедім». Нақ осы кезде менің бағыма орай, қазақ тілінде тұңғыш та жалғыз ғылыми-танымдық «Білім және еңбек» журналы жарық көре бастаған. Ханыңа да, қараңа да «пішту» демейтін өркөкірек көңілмен редакцияға бардым. Редактор мені бірден әңгімеге баурап алды да журналдың жалақыдағы қызметкері секілді тапсырма бере бастады. Әсіресе, фантастика жаза беруім керектігін басып айтты. Осылайша бөлмелес курстастарым әлі де қалың ұйқыда жатқанда, азанмен етпеттен жатып жазу жазуға жаттыға бастадым. Сабақтан кейінгі кездерде оқу залында отырып жазуды да әдетке айналдырдым. Тәлейіміз бар екен, бізге кураторлыққа Шериаздан Елеукенұлы бұйырды. Студенттік жылдарымда қолжетімсіз көрінетін «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», әсіресе, енді-енді қанаттанып келе жатқан «Білім және еңбек» журналына жазғандарым арқылы көпшілікке таныла бастадым. Ол жарияланымдарым өзіме Сергей Павлович Королев ай сайын, тоқсан сайын Байқоңырдан ұшырып жатқан ғарыш аппараттарының зымыран жеткізгіштері тәрізді көрінетін. Бірде «Қазақ әдебиетіне» «Орбита – Адам жаны» атты теориялық зерттеу мақалам шықты. Онда албырт көңілмен жас қиялгерлерді өзімше «сойып салғам». Бір таңғаларлығы, басылым қызметкерлері мақалама қалам тигізбей жіберіпті. Сол «сойылғандардың» ішінде өзім жиі жазып тұратын «Білім және еңбек» журналының жауапты хатшысы Талап Сұлтанбеков те бар еді.
– Яғни ол басылымның есігі сіз үшін жабылды ғой? Бірақ сіздің сол журналда бас редакторлық қызметте болғаныңызды білеміз.
– Заманның түзу кезі екен ғой. Бір жылдан кейін, әлгі журналдың бас редакторлығына тағайындалған соң жауапты хатшымен көшеде ұшырасып қалдым. Ең қызығы ол кісі мені журналға қызметке шақырды. Қазіргі күн болса, түп-тұқияныңмен ізіңе ит қосып түсетін жағдай ғой. Гоголь мен Коммунист даңғылындағы үш қабатты үйді паналаған «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» газеттерінде журналистиканың «қамытын киіп жүрген», сол кездің өзінде-ақ елдің сырттай қошеметіне бөленіп жүрген Шерхан Мұртазаев, Тельман Жанұзақов, Сейдахмет Бердіқұлов, Қалдарбек Найманбаев, Әбіш Кекілбаев, Әбіқұл Ибрагимов… барлығының атын түгендеп шығу қиын… Міне, солармен «творчестволық табақтас» болдым.
– Қарап отырсақ, ғылыми фантастикаға көбіне әдебиетшілер емес, өзге нақты ғылым иелері қалам тербейтін секілді.
– Иә, оның рас. 1957 жылдан бастап қазақ әдебиетінде «ғылыми-фантастикалық» деген айдармен әңгіме, повестер баспасөз бетін көре бастаған. Бір ерекшелік – олардың авторлары негізінен «нақтылы» дейміз бе, «іргелі», болмаса «табиғаттану» дейміз бе, әйтеуір, гуманитарлық емес ғылым салаларының мамандарынан болып келген. Ақжан Машанов бастаған геологтар Медеу Сәрсекеев, Шәмшиден Әбдіраманов, физиктер Айсұлтан Қалығұлов, Рысбек Баймаханов, Қазақ университетінің ұстаздары – математика тарихшысы Ауданбек Көбесов, химиктер Немеребай Нұрахметов пен Сандыбай Жайлауов, дәрігер Советхан Ғаббасов, инженер Раушанбек Бектібаев, өнертапқыш Сейілбек Қышқашевтер – бір төбе. «Мына қапталдан» журналистер Шоқан Әлімбаев, Төлеш Сүлейменов, Төлеу Шаханов, Жүніс Сахиев, Нәрбін Кенжеғұлова қосылды. Өткен ғасырдың үшінші ширегінде өз заманының талабына сай келе алатын қазақ ғылыми-көпшілік, ғылыми-танымдық әдебиеттің тұғырын қалай алды деген кітаптарды дүниеге әкелген – солар. Демек, қазақтың ғылыми-танымдық публицистикасы солардың арқасында туа бастағанын мойындағанымыз абзал. Мен де «болмасам да ұқсап бағу үшін» осы жүгі кереметтей ауыр арбаға – фантастикаға жегілгендердің қатарына қосылғым келді.
– Біздегі фантастика жанры шетелмен салыстырғанда кеш дамыған деген пікір көп айтылып қалады. Бұған не айтасыз?
– Рас, біздің аталмыш авторларды өздерінен талай жыл бұрын өмір кешкен классик әріптестерінің шығармашылық жолдарымен салыстыруға келмес. Олардың фантастикаға келу тарихы да әр-
қалай. Мысалы, Жюль Верн. Әуелі туған Нант қаласынан Парижге барып, адвокат дипломы болғанмен, мамандығымен жұмыс істеуге зауқы соқпай, күнкөріс қамымен пьесалар жазады. Жазғанын еш театр қабылдамаған соң ондай кәсіптен баз кешіп, үлкен дүниеге отырады. Жаратқан иенің жебегені ме, ол сол Париждегі әйгілі баспагер Пьер-Жюль Этцельмен танысады. Автор мен баспа 20 жыл бойы жыл сайын 3 романнан жазып беріп, оның әрқайсысына 1900 франктен қаламақы төлеп тұрмаққа келісім-шарт жасасады. Соның алғашқы нәтижесі – «Ауа шарындағы бес апта» романы еді. 35 жасар Жюль Верн тек француз ғана емес, әлемдік фантастика әдебиетіне осылай, метеор тәрізді енгенін қазіргі қазақ әріптестерінің бірі біліп, бірі білмес.
– Ұзақ ғұмырыңызда жазу-сызудан бөлек ұстаздықтың ұлы жолынан айнымай келе жатқаныңызды да білеміз. Енді осы іске қалай келгеніңізден хабардар етсеңіз.
– «Білім және еңбек» журналында жүрген кезім. Бір күні үйге Зейнолла Қабдолов пен Тауман Амандосов қоңырау шалып, журфактың деканына барып кездесуім керектігін айтты. «Әй, Тәкеңде оқытушылық бір бос орын бар. Соған бар», – деді Қабдолов. Тұтқаны қойдым да әрі-сәрі күйге түстім. Екі баламды асырау үшін жалақы жағын ойлауым керек қой, журналдан алатыным оқытушыныкінен жоғары. Бір жағынан әзірше әдебиеттану ғылымының айналымына ене қоймаған, «ғылыми-көпшілік публицистика» деген саланың бастауын жасау «арам ойым» болған-ды. Оны да тастап кетуге көзім қимады.
Сөйтіп, өзімнің ақылшым Әбеге (Нұрпейісовке) телефондап, жағдайды мәлімдедім. Әрине, журналда, өз орнымда жүре бергім келетінін байқаттым. Ол кісі де ҚазМУ-ды жатып кеп мақтасын. Сөйтсем, Зекең мен Төкең ең алдымен Әбемнің «батасын» алған екен ғой. «Жасырын үштіктің» шешіміне әлсіз қарсылық жасап көріп едім, Әбең: «Иди к черту!» – деп телефон тұтқасын сарт еткізді.
Осылайша араға үш жылдан аса уақытты салып, университетке қайта оралдым. Декан мені бірден лекцияға салды. Және кімге дерсіз. Бесінші курсқа. Шәкірттік өткелектің бәрінен өткен, кілең «сен тұр – мен атайын» қасқалар. Алды «талантты талапкерлер ұстаханасы» «Лениншіл жасқа» жұмысқа қабылданып үлгіргендер. Баспасөзде аттары жиі көріне бастағандар. Десе де олармен тез тіл табысып кеттік. Ашық әңгімелесіп, пікір алмасып отыратынбыз. 1981–1985 жж. “Қазақ әдебиетіндегі фантастика поэтикасы” деген тақырыпта докторлық диссертациямды қорғадым. Қалай айтсақ та, бүгінгі ересек ұл-қыздардың елу минут бойы «ауыздарын аңқайтып қойып», сөздің майын тамызып, асыл ойларды құлақтарына құю әй-қайдам, бұрынғымен салыстыруға келмейтіні жасырын емес.
– Осы уақытқа дейін алған атақ-дәрежеңіз де аз емес, биіктерді бағындырған шәкірттеріңіз де жеткілікті. Көңіліңізге медеу тұтар сәттер де аз емес шығар.
– Пайғамбар жасынан да тұтас бір мүшел асыппын. Шүкір, әзірге бойымнан пәлендей әкетіп бара жатқан не физиологиялық, не психологиялық қиғаштықты сезіп жүрген жоқпын. Осы уақытқа дейінгі алған түрлі грамоталарым мен туындыларым, ғылыми-теориялық тұжырымдамаларым жайлы жазылған мақалалардан гөрі әріптесімнің «аузынан шығып кеткен»: «Бұның кітаптарыңның тиражынан шәкірттеріңнің тиражы көп», – деген жалғыз ауыз пікірін қатты қадірлеймін.
Сұхбаттарды жүргізген Айнара АШАН
Дереккөз: “Қазақ әдебиеті”
Парақшамызға жазылыңыз
маган маркабаевтын “гарыштагы кымыз” деген повесинен азгантай гана узинди керек болып тур!отиниш сиздерге Минбер.kz сайты тауып бериниздерши.егер керемет сайт болсаныздар маган осы шыгарманы тауып б
өтінемін ДОСТАР,ОКУШЫЛАР УСТАЗДАР АТА АЖЕ МАМА ПАПА АГА ИНИ АПА Т.Б КОМЕКТЕСИНИЗДЕРШИ!!