«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның қазақ тілін қолдану аясын ұлғайту жөнінде баптары болса да, бүтіндей алғанда, бұл құжат қазақ тілінің де, қазақ халқының да көсегесін көгертуге шамасы келмейді дегендей түңілу де жиі естілуде. Мұндай сарыуайымға салынудың себептеріне байыптап ой жүгіртсек, бекер еместігін де аңғарамыз. Бұл мәселені шешудің ел өмірі, болашағы үшін маңызы орасан зор болатынын жұрт барған сайын тереңірек сезіне түсуде.
Ал, заң баптарына үңілсеңіз, онда айтарлықтай кемшін тұстар байқалмайтын секілді. Тіпті, заңды дұрыстап қолдана алған жағдайда, қазақ тілін өмірдің барлық саласына енгізуге бұл құжат барынша құқ беріп отыр деуге болады. Мәселен, 4-бапта «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Мемлекеттік тіл мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі» деп тайға таңба басқандай-ақ көрсетіліп, мемлекеттік тілді меңгеру әр азаматтың парызы екені, үкімет, өзге де тілді дамытуға, халықаралық беделін нығайтуға міндетті деп жазылған. Мұнан артық қазақ тіліне қандай қолдау, қандай пәрмен керек?! Заңда осы секілді тұжырымдар аз емес. Ендеше, бұл заң қазақ тілінің көсегесін көгертпейді дегендей сарыуайымға салыну, бұл құжатқа қанағаттанбау мүлде жөнсіз емес пе. Тіпті, заңдағы нақ осы 4-баптың өзін бұлжытпай қолданған жағдайда бүкіл республика халқын қазақ тілінде сөйлетіп, қызмет етуге даңғыл жол ашылады емес пе. Егер, үкімет орындарында, мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдарда отырғандардың қазақ тіліне бүйрегі бұрса, осы бапты басшылыққа алып-ақ аз уақыттың ішінде қызметтің барлық түрін қазақ тілінде жүргізіп кететіні ешқандай күмән туғызбайтыны даусыз. Ендеше, түңілуге не себеп? Бұл әңгіме осындай сауалдан өрбіп отыр.
Бұл күндері ықпалды орындарда қазақ тіліне бүйрегі бұратындар некен-саяқ. «Егер, заңның нақ осы 4-бабы жүзеге асатын болса олар орындарын босатуға сөзсіз мәжбүр болады», – деген пікірге қарсы дау айту қиын. Ал, тіл туралы заңда мұндайлардың – мүддесі үшін 4-бапты қағаз жүзінде қалдырып, іс жүзінде орыс тілінде алаңсыз қызметін жалғастыра беру жағы да мықтап қарастырылыпты. 5-баптағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», деп жазылғаны, 10-бапта «құжаттама жүргізу мемлекеттік тілде және орыс тілінде» жүргізілетіні, тіпті, 19- бапта мемлекеттік ұйымдардан бастап барлық жергілікті орындарда отырған қазақ тілін білмейтін шенеуніктер мемлекеттік тілде емес, бұрынғыдай орыс тілінде алаңсыз қызмет атқара беретінін жұрттың бәрі де айтпай-ақ түсінсе керек. Ал, бұл арада заңды кінәлаймыз ба, заңды орындауға міндетті шенеуніктерді кінәлаймыз ба? Ақылға салып ойланып көрсек, заңды кінәлауға болмайтын сияқты. Heгe десеңіз, заңда орыс тілділердің де, қазақ тілділердің де мүддесі бірдей ескерілген. Егер, заңды 4-баппен ғана шектеп, тек қана қазақ тіліне ғана пәрмен берілсе, орыс тілділер қайтпек? Ал, бұлардың жағдайын ескеріп орыс тіліне мемлекеттік тілмен бірдей пәрмен берілгенде қазақ тілі қажетсіз болып қала береді. Демек, былай тартсаң өгіз өледі, олай тартсаң арба сынадының кері келіп тұр.
Осындай жайтты ой елегінен өткізсек заң баптарына кінә таға алмайсыз. Заң: «Сіз қызметті мемлекеттік тілде істейсіз бе, орыс тілінде істейсіз бе – өз еркіңіз» деп тұр емес пе. Ендеше, істің бәрін неге қазақ тілінде дөңгелетіп жүргізіп әкетпеске. Әлде қызмет орындарында орыстар көп пе? Бұрын Ресей империясының боданы болған кезде, басшылық Мәскеуден жасалғанда жұмысты бірыңғай орыс тілінде жүргізуге мәжбүр болдық қой. Әрі шынында да шенеуніктер арасыңда Ресей жақтан жіберілген орыстар басым болып келді емес пе. .
Ал, қазір, мұндай орындарда қазақтар аз емес. Басшылардың, басқару орындары қызметкерлерінің дені қазақтар болып, жағдай оңала бастаған жоқ па. Тіпті, кейбір орындарда, бүтіндей аудандар мен облыстарда қазақтар басым. Сонда да, олар істі неге ана тілінде жүргізуге бейімделмейді? Әлде орыстарды ренжітіп аламыз дегендік пе? Қызмет қазақша жұмыс істеуге көшсе, орыстар «кемсітушілікке ұшырадық» деп байбалам салып есімізді шығармай-ма? «Иә, осылай» дегендей жауапты үкімет орындарынан бастап жергілікті мекемелерге дейін жиі естуге болады. Алайда, 1986 жылы желтоқсанда Алматыда, өзге қалаларда алаңға шыққан қазақтардың ең басты талаптарының бірі – қазақ тілінің кемсітушілікке, шетқақпайлыққа, қысымға ұшырағанын жою екені де есімізде. Тәуелсіздік алғанда «тіліміздің көсегесі көгеретін болды» деп бөркін аспанға атпаған қазақ кемде-кем. Өкінішке орай, содан бері жағдай өзгермегенін калай түсінуге болады? Әлі күнге дейін орысшасы шорқақ қазақ мамандар, мейлі басы алтын болсын жоғары қызметке жарамайды. Орысша білмесең, көптеген кеңселерге кіріп шаруаңды түсіндіре алмайсың. Өйткені, басшыларды былай қойып, кеңсе қызметкерлерінің көбімен тілмаш арқылы тілдесуге мәжбүрміз. Соңғы кезде кеңселерде, тіпті, тілмаш та, аудармашы орын да қысқарыла бастады. Мұның өзі орысша білмейтін қазақтардың мұң-мүддесін ешкім құлағына да қыстырмайтын болды деген сөз. Олардың адам құқы аяққа тапталуына жаны ауырып, шырқырап жүрген лауазым иелерін кездестіре алмайсыз.
Қазақтардың 80 пайызы ауылдық жерде тұрады десек, әсіресе, шалғай ауыл қазақтарының басым бөлігін кұрап отырған жастарының дені орысша білмейтіні, білді дегеннің өзі орысша бастыққа бір ауыз өтініш жазып бере алмайтыны және шындық.
Демек тәуелсіздік алдық деп алақайлаған қазақ халқының басым бөлігі тілдік кемсітушіліктің зардабын әлі тартып отыр. Ал, бұлардың саны республика тұрғындарының жартысындай екенін есептеу қиын емес. Олар реніш білдіре бастаса «Конституцияға мемлекеттік тіл – қазақ тілі», деп жаздық. Одан артық сендерге не керек деп шіренеміз. Қала қазақтарының қазақ тілінің мұндай мәртебесі, көзалдау екенін аңғарғаны соншалық, балаларын жаппай қазақ мектептерінен алып, орыс мектебіне ауыстыра бастады. Бұл қаладағылардың ана тілінің болашағынан мүлде күдер үзгені ме сонда? Бір сөзбен айтқанда, қазақтардың өз елінде тілдік кемсітушілікке ұшырап отырғанын өмір шындығы бұлтартпай дәлелдеп отыр.
Заң біржақты емес, екі тілге бірдей тең дәрежеде пәрмен беріп тұрғанын, қазақ тілінде қызмет етуге ешқандай шек қоймағанын, демек, қазақ тілін қолданысқа енгізу қазақтардың өздеріне байланысты мемлекеттік тіл мәртебесіне сай өмірдің барлық саласында қолданылатыны, бұған қарсы ешкім дау көтере қоймайтыны күмәнсіз. Өзімізбен тағдырлас болып тәуелсіздік алған елдерде, төл ұлтының тілі үстем болуына жол ашылғанын естіп біліп жүрміз. Өйткені, бұл елдердегі төл халықтың зиялы қауымы ана тілі мәртебесін жеке басының мүддесінен жоғары қояды. Мұның бір себебі, бұл елдерде кеңес заманында ұлтшылдыққа қарсы күрес Қазақстандағыдай жосықсыз, жойқын бола койған жоқ. Қазақстан болса тіпті, тәуелсіздік алғанға дейін жүз ұлттың, халықтар достығының лабораториясына айналу лаңынан көз ашпағаны мәлім. Соның салдарынан басқару орындарын өзге ұлттар жайлап алумен қатар, қазақ тіліне жаны ашитын қазақтар жауапты қызметтің маңына жуымайтындай «дәстүр» қалыптасып, соның нәтижесінде қазақтың зиялы қауымы орысшыл, Ресейге табыну рухында тәрбиелеуден өтіп, сұрыпталып қалыптасқаны да ақиқат. Соның салдары болса керек, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде қазақ зиялылары жан сауғалап бұғып қалғаны, ал ұлтшыл деп қуғын көргендерінің өздері «орысшыл едім», «партияға адалмын» деп ақталудан артық үн көтере алмағаны да ақиқат.
Ал, осы тұста Кавказ елдерінің зиялы қауымы партбилеттерін алаңда отқа жағып, журналистері партиядан жариялы түрде бас тартып жатқанда қазақ зиялылары шетінен Мәскеуге құлдық ұрумен болды емес пе. Тіпті, жергілікті ұлт тілімен қатар орыс тілін жаппай үйрену жөнінде талап қойылып, насихат өрістеген кезде грузин ғалымдары балаларға балабақшадан бастап орыс тілін үйрету ой-сананың жетілуіне қып-қызыл зиян деп, ЮНЕСКО-ға жүгініп, ғылыми түрде дәлелдеп, қарсы шығып жатқанда қазақ ғалымдары балабақшаларда қос тілді қатар үйретудің зиянды екенін біле тұра қол шапалақтап қолдаған жоқ па. Соның салдарынан мұны әлі күнге дәстүр етуге күш салынып келеді. Бұл да қазақ зиялыларының өз ұлтының ана тілінің мүддесі мен болашағы жолында күресе алмайтын қауқарсыз болғанын көрсетсе керек.
Бұл арада ғылым мен білім, жергілікті қызмет, өнер мен мәдениет саласындағы жүздеген мың қазақ зиялыларының бәрін жазғыру шындыққа жатпаса керек. Біз бұл арада «зиялы қауым» деп орысшыл болу сынынан мүдірмей өтіп, сұрыпталып облыстық, республикалық басшылық және өзге де ықпалды орындарды жайлап алған топты айтып отырмыз. Ал, мұндайлардың аттөбеліндей болса да өз халқына, өз ұрпақтарына жасап келген, жасап отырған зиянды ықпалы орасан зор екенін ашып айтатын кез әлі алда секілді.
Мұның мәнісін түсіну үшін әйгілі ғалым, белгілі қаламгер Рахманқұл Бердібаевтың мынандай тұжырымдарына зер салған жөн: «Мен былтырғы жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне «Көзқамандар кімдер?» деген мақала жазған едім. Сонда «Манас» жырында өз халқына ниеті мен пиғылы жат болып кеткен кейбір қырғыздардың «Манас» пен оның мемлекетіне жасаған зұлымдық әрекеттері туралы айтылатынын еске алып, эпоста көзқамандар атанып кеткен қара ниетті жандардың қазақ пен қырғыз халықтары арасында әлі де бар деген пікір айтқан едім. Сол сөзімнің жаны бар екеніне барған сайын көзім жетіп келеді. Көзқамандар мәңгүрт емес, одан өзгешелеу. Мәңгүрт деген жау қолына түсіп, қорлық пен зорлықтың неше атасын көріп мүсәпір, ғаріпке айналған жан ғой. Керек десеңіз мәңгүрт туған елі мен жері тұрмақ ата-анасын да танымайтын халге түскен бейшара… Ал, көзқамандар білімді, ақыл-есі бүтін, дүниежүзі тарихынан сөз қозғағанда желдей еседі. Тіпті, кітап та жазатын санасы бар. Бірақ, олардың білімі өз ұлтына жанасымы жоқ, космополиттік білім. Көзқамандардың қазіргі мұрагерлері өз ана тілін білмейді. Халықтың салт-санасын мансұқтайды. Елінің тарихын қадір тұтпайды. Ең қасіреттісі сол, олар елінде болып жатқан құбылыстарға өз ұлтының мақсат-мұраты тұрғысынан емес, басқа бір елдің көзқарасы мен дүниетанымы биігінен қарайды. Сондықтан да, көзқамандар мәңгүрттерден анағұрлым қауіпті».
Ғалымның осынау тың тұжырымына зерделей зер салып, айналамызға осы тұрғыдан үңіліп көрейікші. Ғалымның елімізде көзқамандар бар екеніне көзі жетіп отырса, оларды енді біз ажыратып тани аламыз ба? Олар қазақ халқына қандай зұлымдық әрекет жасап жатқанын сезіне аламыз ба? Қазіргі ел жағдайына, тіл мәселесіне қарасақ көзқамандар реформа мен заң жасауда және оны жүзеге асыруда, насихаттауда ықпалды орындарда отырған азаматтар екенін сезінбеу мүмкін емес секілді. Қазір олардың бірқатарының бет пердесі ашыла бастағанға ұқсайды. Әсіресе, тіл саясатын жүргізу ісінде мұндайларды дөп басып тану қиын болмаса керек. Қазақ тілін мансұқ ету арқылы қазақ халқын адамзаттың даму көшіне ілестіріп, қазақтардың басына бақ орнатуға болады деп пәлсапа соғып жүрген әйгілі Ерболат Масанов секілділерден бастап, балаларын қазақ мектебіне бергісі келмейтін қазақтарға дейінгі алуан әрекеттерден көзқамандықты танып-білуге болатын секілді.
Қазір мұндайлар, тіпті, өз пікірлерін қаймықпай ашып айтып, қазақ халқының мұң-мүддесін аяқтарына ашықтан-ашық таптауды мақтан тұтып астамсып кеткеніне мысалдар аз емес. Мәселен, «Казахская правда» газетінде (1997, №4) жарияланған орыс тілінде жазатын қазақтың талантты журналистерінің бірі деп таныла бастаған Жәнібек Сүлеевтің мақаласындағы мына жолдарды оқып көрейікші. Оның жазғаны айнадай қатесіз болу үшін орыс тілінен аудармай-ақ қояйық: «На данный момент казахская педагогическая и общественная мысль не в состоянии обеспечить даже четыре начальных класса среднего школьного образования. Реальность такова, что казахская школа oт 1 до11 класса это нонсенс, пустая трата средств. Как говорил Н. Озеров: такой хоккей нам не нужен. Следовательно, прежде чем навязывать кому-либо казахский язык, его надо сначала выправить, привести в порядок прежде всего в казахских школах. Для того, чтобы это произошло, необходимо поднимать его (языка) общественный статус через идею самойдентификации казахов, через адаптацию языка к запросам времени и современным ритмам жизни посредством СМИ.
Поэтому в казахские школы должны быть как в Северном Кавказе, только до 4 класса. В среднем школе затем остается только родная речь и литература. И казахскую школу следовало бы перестраивать в этом направлении».
Орысша түсінбейтін оқырмандарымызға мұндай көлемді үзіндіні сөзбе-сөз аударып жатпай-ақ, мазмұнын айтсақ та мәнін ұғынуы қиын бола қоймас: қазір қазақ педагогикалық және қоғамдық ой-сана орта мектептің төртінші сыныбының білім беру дәрежесіне де жетпейді. Қазақ мектептеріне 1-11 сыныпқа дейін қаржы жұмсау дегенің далбасалық, ақшаны желге ұшырғанмен бірдей. Сондай-ақ, өзгелерге де қазақ тілін зорлап үйретіп әуреленудің қажеті жоқ. Оны (тілді) қазіргі заман ағымына ілестіру үшін көп жөндеп, көп жетілдіру керек. Тіпті, Солтүстік Кавказдағы сияқты қазақ мектебін 4 сынып етсе де жетіп жатыр.
Әрине, қазақты қорлап қазақ мектебі мен ұстаздарына бұл мақалада қара күйе баттастырылып жағылғаны, республикамыздағы айтулы ғалымдар мен мамандардың дені қазақ мектептерінің түлегі екені, білім сапасы қашанда жекелеген мұғалімге байланысты болатыны, білімі терең білікті маман қазақ мұғалімдері мен оқытушылары арасында сан мыңдап саналатыны тек қазақ мектебіне қамқорлық кемшін екені баршаға мәлім.
Аталмыш газет Жәнібектің мақаласын жариялай отырып, ол секілділердің ой-ниетін оқырмандарға айқын көрсетуді мақсат етсе керек. Мақаланың соңында редакция түсініктеме беріп, автордың қазақ тілін білмегендіктен сорақы шатасып мылжыңдағаны, Масановтың «пәлсапасымен» үндесетіні атап көрсетіліпті.
Ал, енді, осы «Жәнібек Сүлеев деген кім? «3аман-Қазақстан» газетіне берген сұхбатында (27 маусым, 1997ж.), ол әкесі Азат Сүлеев қазақшадан орысшаға аударатын белгілі тәржімашы болғанын, отбасында қазақша сөйлеп тілі шыққанын, бала күнінде әкесімен бірге көптеген қазақтың ақын-жазушыларының сөздерін тыңдағанын, сөйтсе де орыс мектебінде оқып, кейін орыс тілді журналист болып шыққанын айтып өтеді. Ал, атасы
Алашорда үкіметінің комиссары (министрі), Қарақалпақ АКСР-інің Білім министрі болған әйгілі ұлтжанды Біләл Сүлеевтің жалғыз ұлы Азаттан туған немересі Жәнібекті тексіз деуге болмайды.
Мұны тәптіштеп айтып отырғанымыз оның тағдырлас замандастары, яғни, қазақтан туса да ділі де, тілі де орыс болып жүрген Жәнібек секілділер аз емес. Солардың ішінде Жәнібек құдайға қарағаны деуге болады. Ол өзін «ділім қазаққа жататын маргиналмын» деп мойындаса да қазақ намысын жыртуға тырысып жүрмін «өзімнің, тұла бойымда далалықтың мәрт рухы тұнып жатыр» деп ойлайды екен. Сөйткен Жәнібектің қазақ мектебі мен қазақ тілі туралы түсінігі осындай сорақы болса, өзге маргиналдарымыздың көзқарасы кандай десеңші?
Жәнібек қатардағы журналист, қазақ тілі өмірдің барлық саласына қолданысқа енсе де орысша басылымдар жабылмайтыны, жұмыссыз калмайтыны оған мәлім. Екіншіден, Жәнібек журналист болғандықтан да, өзінің көзқарасын қағаз бетіне түсірумен ғана шектеледі ғой. Ал, егер, Жәнібек секілділер басшы орында, жауапты қызметтерде отырған болса, көзқарасын ашық білдірмей-ақ, оны қалайда жүзеге асыруға тырысып бағатыны күмәнсіз. Осындай көзқарастағы маргинал-қазақтар кеңсе қызметінде, лауазым иелері болып жүрсе іс қазақшаға көшкен жағдайда орындарынан оп-оңай айырылып қалатынын қалай білмесін.
Бұл күндері жергілікті жерлерден бастап мемлекеттік орындарға дейін негізінен нақ осындай маргиналдар жайлап алғанын көріп-біліп жүр емеспіз бе.
Бұл арада ыкпалды орындарға олар қалай жаппай келіп алған дегендей сұраққа да тірелесіз. Мұны түсіну қиын емес. Мұндайлардың бәрі дерлік облыстық, республикалық басқару орындарында болғандардың, әйгілі әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерінің балалары мен немерелері екені күмәнсіз. Олардың бәрі дерлік әкелерінің, аталарының беделі мен қамқорлығы арқасында қолайлы орындарға орналасқаны айтпасақ та түсінікті болар. Сондай-ақ, олардың қай-қайсысы болсын қара бастарының мүддесін халқының мүддесінен жоғары койғандар екеніне ой жүгіртсек, осындай отбасынан шыққан қазіргі маргиналдардың нағыз көзқаман екенін болжап білу қиын болмаса керек.
Сондай-ақ, кешегі кеңес империясы құлап, жекешелендіру басталған кезде мемлекеттің байлығы мен миллиондаған сом (ол кезде теңге болған жоқ) несие де осындайлардың қолына түскенін жұрт жақсы білсе керек. Сондықтан да, ірі кәсіпкерлер мен бизнесмендердің бәрі кілең осындай көзқамандар болып қалыптасқаны заңды. Олардың қазақ өнері мен мәдениетіне бес теңгесін де қимай, Мәскеу өнерпаздарына ақшаны судай шашатынынан-ақ халықты былай қойып, ел тәуелсіздігін мансұқтауға әзір екенін байқауға болады. Ал, кәсіпкер-бизнесмендер бола алмай калғандары Алматыдағы, облыс орталықтарындағы жауапты да жайлы кызметте, мемлекеттік қеңселерде.
Егер, қазақ тілі Конституция талабына сәйкес өз күшіне мінсе, мұндайлар жайлы орындарынан бір-ақ күнде сыпырылып қаңғып қалатыны түсінікті. Мұны жақсы сезінген олар қазақ тіліне, қазақшаға жетік мамандарға, сайып келгенде қазақ ұлтына қарсы алуан түрлі жымысқы әрекеттер жасап жатқанын қазақ жұрты әлі терең аңғара қойған жоқ. Сондықтан, олар қазір айтарлықтай жеңіске жетіп отыр деуге де болады.
Мұнда бір көңіл аударарлық жайт, олардың кеңселер мен жауапты қызметтерден қазақ тіліне жетік мамандарды шеттету саясатын айтарлықтай жүргізгендігі. Көптеген жерлерде қысқарту болғанда ең бірінші қазақ тілді мамандардың жұмыссыз қалатыны, осының бір дәлелі болса керек. Мәселен, біраз жыл бұрын Жоғарғы Кеңесте бұрынғы Экономика министрі Үркімбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғау жөнінде сессияда бас прокурордың тергеу қорытындылары тыңдалған-ды. Сонда, Үркімбаевтың депутат ретінде ақталу жөнінде айтқан сөздері баспасөзде жарияланғаны жұртшылыққа мәлім. Тергеу қорытындысы мен Үркімбаевтың оған қарсы айтқан уәжін қатар тыңдаған депутаттардың көбі мұнан ешқандай қылмыстық белгі көре алмай таңданумен болған. Сондай-ақ, Жоғарғы Кеңесте Ұлттық банк басқармасының төрағасы Ғ. Байназаровтың орнынан кетуі жөніндегі мәселе де сессия мәжілісінде қаралған. Байназаровтың денсаулығына
байланысты босағаны, Президентке алғысы мол екендігі оның өтінішінде толық баяндалған-ды. Сонда, бірқатар депутаттар Үркімбаевтың да, Байназаровтың да кінәсі – қазақ ұлтына, тіліне барынша қолдау көрсететіндігі дегендей пікір білдірген-ді.
Расында да, Үркімбаев қазақша білетін мамаңдарға, оларды дайындауға, оқытуға және кәсіпкерлікпен шұғылдануға баса қамқорлық көрсеткен дегендей сөз бекер болмаса керек. Ал, Байназаров болса ұлттық ақша-теңгені кіргізуде үкіметпен айтысып-тартысып, асыра белсенді болған еді және банк жүйесінде қызмет тілі – ағылшын тілі мен қазақ тілі болуын енгізуді негіздеген-ді. Сонымен қатар, банк жүйесі мамандары мен басшыларына қазақ тілін білетіндерді көптеп тартқаны, ол қызметінен кеткеннен кейін кемшілік деп танылып, көрсетілді. Қазір Ғ.Байназаровтың кету себебін жұртшылық айқын аңғара бастағанға ұқсайды. Өйткені, ол кеткеннен кейін «банк жүйесінде қазақтар каптап кетіпті»: дегендей шу көтеріліп, банк бағдарламасына жұмыс тілі қазақ және ағылшын тілі деп бекітіліп кетсе де кейін қазақ тілін лақтырып тастап орнына орыс тілі енгізілді.
Тағы бір мысал: Республиканың Қаржы бақылау комитетінің бастығы, Халықты әлеуметтік қамсыздандыру министрі болған Сейітсұлтан Әйімбетовтің тағдыры да көп жайтты аңғарта алады. Осынау білікті қаржы маманы қызметіне адал болғаны, мемлекет мүддесін жанын салып қорғағаны, казақ мектебін алтын медальмен бітірген ол, қазақ тіліне қашан да қамқор болуға тырысқаны сол кезеңде қазақ басылымдарына жиі-жиі берген сұхбатынан да білінетін. Сірә, оның нақ осындай қасиеті маңайыңдағыларға ұнамаса керек. Қаржы министрі болған, қазақ тіліне жүйрік Дербісовтың де орынан кетуінде де осындай бір кұпия жатса керек. Сөйтіп, қазір басшы орындар да, мемлекеттік кеңселер де қазақ тілін білетіндерден айтарлықтай тазарып калды. Әлде біз қателесіп отырмыз ба?..
Бұл күнге дейін көзқамандар жалпы алғанда орыс зиялыларының, орыс шовинистерінің артына жасырынып әрекет етіп келгені қазір айқын байқалып отыр. Сонымен қатар, мұндайдар өзгені былай қойып, өздерінің туған әкелері мен аталарының арман-мүддесін мансұқ етуден тайынбайтындығын да айтпасқа болмайды. Олар әкелерінің, аталарының беделін, атағын пайдаланып, солардың әлпештеуі мен қамқорлығына бөленіп өніп-өскен жоқ па – өздерін үлде мен бүлдеге бөлеп өсірген ата-анасының перзентіне деген адал махаббатының нәтижесінде алаңсыз мектепте, жоғары оқу орындарында оқып білім алғаны түсінікті. Ал, сөйткен ата-ананың парызын олар ақтап отыр ма? Тіпті, мұндайлардың арасында белгілі ақын-жазушылардың, өнер, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің қазақ ұлтына зор пайдасын тигізген ғалымдардың ұрпақтары аз ұшыраспайды. Тіпті, қазақтың мұң -мүддесі үшін күрескендер мен өмірін қиғандардың да Жәнібек Сүлеев секілді ұрпақтары аз емес.
Ал, мұндайлар болса, әкелері мен аталарының армандарын жалғастырудың орнына, оның бәрін мансұқ етіп, түптеп келгенде соларға қарсы әрекет етіп жүргендерін, сірә, ұғынуға өрелері жетпейтін болса керек. Мұндайлар өздерінің қазақ ұлтының арасынан шыққандықтан және ұлттың сүйікті, құрметті адамдары ата-анасы болғандықтан жан-жақты білім алумен қатар қазіргі отырған қызметтеріне қолдары жеткенін сезінбейтіні таңданарлық-ақ жайт қой.
Егер, мұндайлар әкелері мен аталарының мұң-мүддесін, арманы мен үмітін жан-жүрегімен шынайы ұғына білсе, қазақ ұлтының, қазақ тілінің жағдайын жақсартуға барлық күш-жігерін жұмсап, ана тілін толық меңгеріп алар еді-ау! Халықтың құрметіне бөленген белгілі кайраткер Михаил Есенәлиевтің республикадан тыс жерде өсіп, ана тілінен бейхабар боп ержетіп, ес жиған соң Қазақстанға келіп, қазақ тілін үйреніп алғаны секілді мысалдар аз емес қой.
Өкінішке орай, көзқамандар анасының тілін білгісі келуі былай тұрсын, оны жойып жіберуге белсене атсалысуда. Заң қабылдауда, оны жүзеге асыруда орыс тіліне барынша мол пәрмен берілуі және Конституцияда мемлекеттік тіл мәртебесі берілген қазақ тілінің барған сайын құлдырауының құпияларының сыры да осындай әрекеттерде жатқанға ұқсайды. Бұлай дейтініміз, 1987 жылдары желтоқсан көтерілісінен кейін сол кезде республика басшысы болған Г.Колбин басшыларға екі тілді – орыс тілімен қатар қазақ тілін білуді міндеттегені бәрімізге мәлім. Сөйтіп, кәсіпорын цехтарынан бастап министрге дейін енді тек орыс тілін білумен қатар, қазақ тілін де білу міндетке айнала бастаған еді.
Сонда, орыстандыру саясаты дәуірлеп, Мәскеуден бастап қазақ ұлтшылдығына қарсы күрес асқынып тұрған кезеңнің өзінде Қазақстандағы орыс жұртшылығы басшылық орындарда, кеңселерде, қызмет көрсету орындарында қазақ тілінің енгізілуіне қарсы болмағаны, тіпті, басым көпшілігі мақұлдағаны айқын аңғарылған болатын. Тіпті, кейбір орыстар балаларын қазақ балабақшасына, қазақ мектептеріне де бере бастағаны жиі ұшырасқан-ды. Сондай-ақ, Конституцияны қабылдау жөнінде референдум жүргізілгенде де орыс жұртшылығының бәрі дерлік қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруді қолдағаны айдай әлемге белгілі.
Сөйте тұра, іс басында отырғандардың қызметті орыс тілінде жүргізбесек орыстар кемсітушілікке ұшырайды деп байбалам салуында қандай сыр бар? Орыстардың артында Ресей империясы тұр. Сондықтан, қызметті орыс тілінде жүргізе берген жөн деген сылтаумен мұндайлар жайлы орындарын сақтап келе жатқаны енді түсінікті болса керек.
Егер, дәл қазір Конституция мен Тіл туралы заң талабына сәйкес мемлекеттік қызмет орындарына, жергілікті орындарда, кеңселерде істі міндетті түрде екі тілде жүргізу талабы қойылса, басшылар міндетті түрде қазақ тілін білуге тиіс болса, мұнан орыс тілді жұртшылық ешқандай зиян көре қоймайтыны түсінікті болса керек. Өйткені, қазақ тілін білу талабы барлық азаматтарға бірдей қойылмайды ғой. Мемлекеттік құрылымнан тыс жерлерде – бизнесте, кәсіпкерлікте, өзге де меншік салаларында қай тілде жұмыс істеп, қай тілде өмір сүруі Конституцияда толық қамтамасыз етілгені мәлім. Ал, мұнан нақ осы көзқаман болып жүрген, қазақтың ат төбеліндей ана тілінен мансұқ өскен «білімпаздары» ғана зардап шегетіні өзінен-өзі түсінікті болса керек.
Енді, олар ақпарат құралдарында тек бірыңғай орысша хабар таратуға күш салып, бүкіл қазақ халқы ана тілін білмейді, білгісі де келмейді, қазақ халқы толыққанды ұлт болып қалыптаспаған, сондықтан да, олар жаңа тілді, жаңа ділді қабылдауы керек дегендей уағызды да барған сайын өршіте түсуде. Міне, қазақ тілінің құнарлы түп-тамыры болып отырған ауылдық жерлерді аздырып-тоздыруға ұшыратуы, қазақ мектептерін, кітапханаларды жабуға тырысқан әрекеттер осындай пиғылдан өрбитін болса керек.
Көзқамандар әрекеті, тіпті, Ресейдің империялық пиғылдағы саясаткерлерімен, шовинистерімен тізе қоса жымысқылық жасауға ұласып отырғанына да дәлелдер аз емес. Сөйтіп, сайып келгенде, көзқамандар дегенің Қазақстан Республикасы мемлекетінің тәуелсіздігін тәрк етіп, қазақ жерін Ресейдің бір бөлшегіне айналдыру мақсатын көздейтіні енді ешқандай күмән туғызбаса керек. Егер, дәл бүгінгі таңда мұндай кеселді сылып тастамасақ, оның соңы зор өкінішке ұласатынын болжау қиын емес.
«Қазақ әдебиеті» газеті, №35
2 қыркүйек, 1997 жыл
Қуандық БОҚАЕВ,
публицист