Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМОВ. «Ес бағында»

1279 рет қаралды

«Соғыстан соң туғандар» антологиясы

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМОВ

БІРІНШІ СӨЗ

 Адам ғапыл дүниені дер менікі.

 «Менікі» деп жүргеннің бәрі – ОНЫКІ.

 Абай

 1

Ойлар қандай, күндіз-түні мыйды ұрған?!

« ОРТАҚ»? «МЕНШІК»?..

Опа бермес бұлдыр мән?

Күллі дүниенің Қуанышы мен Қайғысын

Құдайым-ай, екі-ақ Сөзге сыйдырған!

Қалай өзі?..

Қайғы-зарға жеңсік пе ел?

Қазына бар ма, көңілдерді көншіткен?

Сайқал сөйлеу, саудаласу, соғысу,

Қожа болу

Қозады-ай кеп МЕНШІКТЕН!

Міне, тағы мың жыл өткен ретпен;

Сол пенделер, бірін-бірі құл еткен.

Қожалығы қозған сайын, долданып,

Миғұла Мый

Тепкілейді Жүректен!..

 2

«Ортақ, Меншік.

Ымырасыз қос ұғым.

Талай көсем ойлап өлген жосығын.

Ортақ, Меншік.

Бесенеден бері бір

Бітпей қойды-ау осы Қайғы, осы Мұң!

«Ортақ! Меншік!..»

Сөйлеп өткен сан шешен,

Сөздерінің сырын ертең ел шешер.

Ортақ, Меншік…

Күнді ғана неліктен

Айналайын! – деп айналған ЖЕР-ШЕШЕМ?

Ортақ , Меншік.

Нендей ұғым бұл екеу?

Ойлантпайтын бір пәле бар, сірә, кең?

Айналайын! Ойланайын! – деп,

Мәңгі

Айналады неге аспанда КҮН-ӘКЕМ?

Жияр дей ме Ақыл – Есін – Санасын,

Тияр дей ме, Ортақ – Меншік таласын,

Айналайын КҮН-ӘКЕМ мен ЖЕР-ШЕШЕМ

Айналады неге біздей Баласын?!

Ортақ – не мән?

Осы – менің білмегім.

Меншік – не мән, өзін – өзі күрмегір?!

Күн мен Жердей бола алмай ма екеуі,

Күн мен Жердей: НҰРҒА – ГҮЛ де, ГҮЛГЕ – НҰР?..

Озбыр тірлік,

Жүйке өртейді ащы мұң,

Ортақ, Меншік!.. Көрер ме едік пошымын!..

Қойшы соны,

Нұрды айтсаңшы,

Ақысыз,

Ағыл-тегіл төгеді-ай кеп осы Күн!

Құдай сүйген Құтты Жарық, Ортақ Нұр

Әр кәлләнің әрекетін барлап тұр.

Орасан Нұр – ОРТАҚ ӨМІР

Неге Ортақ?

Ойлап алмай, оттай берме, заржақ Тіл.

Есер әлем,

Ерегіскен ел мен ел!

Естер іші – алтын-күміс бөлмелер?!..»

Қырсық түнгі Қызыл Ойым –

– Қызыл көз

Қызыл Жылан,

Ай нұрына өрмелеп…

Мен ақыры естідім-ау Жарық Ән:

«КҮННІҢ НҰРЫ – ЖҰЛДЫЗДАРДАН ДАРЫҒАН!…»

Соншалықты таныс Әуен!

Халық ән?!..

Естіп тұрып, естісем деп зарығам!..

3

«Бір Күн аз ба?

Көп бола ма жеті Күн?»

Әй, қызыл Тіл, келе берер көкігің.

БІР «КАПИТАЛ» – ЖҮЗ МИЛЛИОН ҚҰРБАН ЖАН!..

Ортақ? Меншік?

Ежелден жау екі ұғым?

«КОММУНИСТІК ОРТАҚ ҚҰРЫЛЫС» – кешегім,

Бас Сүйектен тұрғызылған, есебі.

Кіл Қызыл Сөз!

Саясаттар көші еді…

Бүгінгіміз – саудагерлер шешетін

Ортақ? Меншік?

Ол – «Шығай»?

Сен – «Көсесің»?

«Шығайбайлар» жібермейді есесін!

Көрінген жан көрінгенге бұлданар,

Көнін тапсаң, к…енін де шешесін.

О – оо!

Ол жағы өте қалың, зор да ауыр:

бет-ажары – саясат пен сауданың.

Ақшаң болса, қиын емес, Меншікке

Бетін к… қып, к…н бет қып аудару!

 4

«ҚАЙДАН ШЫҚҚАН ҚАПТАҒАН ЖҰРТ, ҚУ СҮЙЕК?

ОРТАҚ? МЕНШІК?..»

Ақиқатқа бір сүйем

тақау Сұрақ,

Ұшындағы Маңдайды

«ОЙ!» деген СӨЗ құлатпастан тұр сүйеп!

«ОЙ» деген СӨЗ – «ОЙ!» деген ОЙ!

Ол қайдан?

Жұлдыздар мен шөп жайқалған шалғайда!..

Сансыз халық,

Техника көгілдір!..

Соның бәр-рі көрініп тұр Маңдайдан!

 

«ОЙ!» деген ОЙ ( Оны көру арман-ақ?)

Ой біткенді, Сөз біткенді арқалап!..

Бақ – Маңдайдан жаңбырлайды жұпар Нұр,

Самбырлайды сегіз қиыр Шартарап!..

ОЙДЫ КӨРСЕҢ (құпиясын білер Ел!),

Сүгіретін қайда апарып ілер ең?..

ОЙ ішінде –

Намаздардан жоғары

Оқылады қарапайым бір Өлең:

 

«Әр кәлләнің қимылы мен тынысы,

«Мен! Мен!» деген менмендігі,

(құрысын!)

Оң мен Солы,

Батысы мен Шығысы,

Бәрі – бәрі – ОЙЛАУ ҒАНА, дұрысы.

Сөйлеу,

Тыңдау,

Мейірлене дән шашу,

Киім кию,

Тәнді баптау,

Сор сасу,

Қонақ күту,

Кітапхана,

Моншашы…

Бәрі де – ОЙЛАУ!

ОЙЛАУ ҒАНА – БАРШАСЫ!

Ойлау ғана – Өредегі орман, тау…

Ойлау ғана – өле – өлгенше армандау.

Ойлау ғана!

Ойлау ғана – үздіксіз!

Ойлау ғана!

Басқа түк жоқ, Жалғанда!

Ойлау ғана – ояну мен көз ілу,

Ойлау ғана – жүрегіңмен езілу…

ӨМІР СҮРУ – ОЙЛАУ

 және

 ОЙЛАУДЫҢ

 НЕ АЗАБЫН, НЕ РАХАТЫН СЕЗІНУ!

Ойлау, ойлау!..

«ОЙ!» деген ОЙ!

Ол қайдан?

Дәл касыңнан, тақау жерден!

Шалғайдан!

Топырақтан! Жасыл шөптен! Жаңбырдан!

Нажағайдан!

Ақ Самалдан!

Маңдайдан!..

«ОЙ!» деген ОЙ!

Қасиетті! Ардақты!

«ОЙ!» деген ОЙ!

Құдіреті – Ол, Дәттің!

«БАҚ!» деген ОЙ!

(барша жұпар – бір сонда!)

«САҚ»! деген ОЙ, дулығалы, салт атты!..

«БІЙ!» деген ОЙ (ел-жұртына Ер Еге!),

«ҮЙ!» деген ОЙ ( Шаңырақ пен кереге…),

«МЫЙ!» деген ОЙ (мыйсыздарға өнеге!),

Еніп жатыр, Нұр дарытып ӨРЕГЕ!

Еніп жатыр сәбилердің қылығы!

Еніп жатыр тана көздер тұнығы!

Өніп жатыр Сөз біткеннің Ұрығы!..

О жасасын АҚЫЛ – ЕС БОП БІРІГУ!!!

Жұмақ қана бүрлер солай, бүрлесе!

Шет-шегі жоқ түрлі болмыс, түрлі есе!..

О ЖАСАСЫН МЫЙҒА КӨШКЕН КҮЛЛІ ӘЛЕМ,

ЕСКЕ АЙНАЛЫП, СӨЙЛЕП ЖАТҚАН БІРЛЕСЕ!

ОРТАҚ ЕС – ОЛ!

Өзі – Топырақ, өзі – Ну!..

ОРТАҚ ЕС – ОЛ!

ОЛ – «Мен!» деуден безіну!

ОЛ – БАРША ОЙМЕН БАРШАНЫ ОЙЛАУ

Һәм

 СОНЫҢ

 БАРШАҒА ОРТАҚ РАХАТЫН СЕЗІНУ!..»

5

Ортақ Есті меншік санау – сорға тән.

( «СОР» дегенді ұқпай қойды-ау көр надан)

Күллі ғалам Ойға айналып ұдайы,

БАҚ аңқиды, Иесі бар кәлладан!

Ойға айналып дүние біткен, нұр біткен,

Мый ішіне Тәңірге тән Тіл біткен!..

Ортақ Есті Қожа-пенде меншіктеп,

Обырланған құлқынымен мүңкіткен!

 

Мен де бұрын менменсіне бөскір ем,

«Мендік Ес» – жоқ,

«Менікі» – құр өшкір өң.

«Мендік Ес» – жоқ!

МЕНШІК ЕС жоқ ешқандай,

 

«МЕНШІК ЕС», ОЛ – ЕЛ ДАРЫТҚАН

                                                  СӨЗ КІЛЕҢ!..

 – Меншік Ес жоқ!

 – Меншікқұмар бар Естер!

 – Меншік теңге!..

 – Меншік пенде?

 – Елестер!..

( Маңдайдағы ОРТАҚ ӨМІР Бағында,

малдас құрып, Мәрт Ойларым кеңескен)

 – Өмір Мәнін шатастырып өңешпен,

Меншік қуа бақталасқан, егескен,

Мейірсіз Ой, бұзып болған халықты,

Айналайын, аласталдың сен Естен!

 – Осы шешім өзгерместен қалсын нық!

 – «Ортақ!» деген Сөзге несін қорсындық?..

 – Дүниеде жалғыз ғана Қайғы бар:

 ОРТАҚ ЕСПЕН МЕНШІК ОЙЛАУ!

 Сол Сұмдық!..

 6

О, меншікшіл!

Бір қағытып, бір шұқып,

Көмейімді тексермекші, қырсығып.

Ал, тексерсін,

Ағып берген көмейден

Аңқыр Жырға тегін өлсін тұншығып!..

Әй, өлмейді, семіреді ол қайта!

Ойсыздарға біткен майлы сор ғой – Тән!

Мен, сондықтан, әр Сөзімді марқайтам,

Әр Ойыма кеуде берем, шалқайта!

Ал, әлгі қу есептейді былай да:

«Қырық жерде қыз – қызғын сауда!

Мұңы – ойда…»

. . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Кешегі «Ортақ» – сауатсыз ед құдайдан,

Бүгін – Меншік!

Бұл да – сайтан сыңайда!

Меншік үшін бақталасқан, жағынған

Мекерлерді еске де алмай, қағынған,

Ертегідей Ертеңімді қызықтап,

Жүріп алам, Ес – Ақылым Бағында.

Сөз қуаты тасқындаған шашында,

Ұлым менің, ол да жүрер қасымда.

«Есің сенің меншік пе?» деп сұраймын,

 – Иә, әкә, ол өзімнім башымда!-

Дейді бала, қарақат көз, ақ маңдай.

Ол былдырлап сөйлердегі шақ қандай!..

ЕСТІҢ ОРТАҚ ЕКЕНДІГІН

Періштем

қайдан ұқсын,

әлем ұқпай жатқанда!

 7

 – Меншік жоқ па?

Жоқ-ақ болсын, ал, жақсы,

Отбасы ше? – дейсің күліп, қалжақ сұм.

Отбасы ма?

Бірі – білте, бірі – май,

Бірі – оттық!

Ортақтаса шам жақсын!

Тыңда Сөзді, қалжыңдамай сызылғыр,

«Меншік!» деумен бұзылды қыз, бұзылды ұл!

Тән де, Жан да емессің сен,

Ессің – Сен!

ОРТАҚ ЕССІҢ!

Есіңді жый, Қызыл Тіл!

Меншік! Меншік! Меншік! – деумен қақсама,

Аппақ кеңдік өмір мынау – бақ шабар!

АППАҚ КҮН мен АППАҚ АРАЙ,

АҚША ҚАР,

ЖЕЛ,

ТОПЫРАҚ –

– меншігің бе-ей, бәтшағар?!

Сен ежелден «Мен! Мен! деген есер ең,

Ертең әлі қаралады мәселең!

КҮН, КҮН НҰРЫ, АУА мен СУ, ТОПЫРАҚ –

– Жаратушы – Жарылқаушы БЕС ЕНЕҢ

көше түсер!..

Көш үстіне өсер өң!

Өшпейтіні – БАҒЫ АҢҚЫҒАН ЕС  ӨЛЕҢ!

СОР ЕС, СОР ОЙ, СОР СӨЗ, СОР ІС, СОР ЖҮЗЕ –

( «Маңдайдағы бес елі Сор!» ) – ПЕШЕНЕҢ!

 

Көрінгенге көкжасыл ғып Көз Дертін,

Көрмейді – деп сөйлей берме, – Сөздер түк!

ЕШКІМНІҢ ДЕ МЕНШІГІ ЖОҚ!

ОРТАҚ – БАР!

БАРДАН БАРДЫ ҚҰЛПЫРТУ БАР, ӨЗГЕРТІП!

Ал, сен Барды есептейсің былай да:

«Зауыттар мен фабрика да, мұнай да…

Бәрі-бәрі – қожайындық есепте!

Меншігі жоқ сорлымысың, құры, әйда!..»

Бұл ғой – сенің Бас Пайдалық Есебің.

«Коммунистік Ортақ Құрылыс» – кешегің.

Жан сыйлаған Күн болмаса, Әке кім?

Нан сыйлаған Жер болмаса, Шеше кім?

Өзің, Өшің, Сесің, Ақшаң, Төсегің!..

Ий-й, бишара!.. текке сүрген бос өмір!

Ел Есінен әлі-ақ шығып қаласың,

Шығара түс Мекерліктің Есебін!

Мекен еткен әр пенденің Шекесін

АҢҚЫР – МҮҢКІР ( қияметтік екі Есім! )

О Дүниеге Көш үстінде,

Есептің,

көрсетеді саған әлі көкесін!..

 8

Былай дейді, АСПАН – АҚЫЛ қозғалып:

« КҮЛЛІ ҒАЛАМ – БІЗ ЖАРАТҚАН СӨЗ – БӘРІ.

ОРТАҚ ЕСПЕН МЕНШІК ОЙЛАУ –

– ПЕНДЕНІҢ

АБЫРОЙСЫЗ АҚЫЛЫНАН АЗҒАНЫ.

КҮЛЛІ ҒАЛАМ – БІЗ ЖАРАТҚАН СӨЗ – БӘРІ.

СОНЫҢ БӘРІН ОҚЫСАҢДАР, КӨЗ ҚАНЫП!..

НЕ ТАНЫТСЫН ӘЛІППЕЛІК АЗ ҚАРІП,

КӨРЕР ӘРКІМ «МАҢДАЙЫНА ЖАЗҒАНЫН!..»

 9

Орман – дала, көлшік екеш көлшік те,

Соқыр шыбын, соған дейін – меншікте!

Қу мыстандар күні туды, о, бәлі-ай,

Құлқынданған, құтырынған Өршітпе!!!

Солай болды!

Көл – меншікте, шөл – сенде…

Бәрі-бәрі – қожайындық өлшемде!

Ақшаң жоқ па, нан бермейді, өлсең де,

Ақылыңа мән бермейді «белсенді» ел!

Ой да – сауда, Сөз де – сауда!

Сезім ше?!..

Ауа ғана саудаланбай…

Әзірше?!

Ел де, Жер де, бәрі – сауда!

Сатылған!

Сатып алған, Жаратқанның көзінше!

Мүңкіген жұрт асып алды бек шектен!

( әй, садаға кеткірлер-ай көк шөптен!)

Әкесінің құтын сатқан ұл мен қыз.

Анасының сүтін сауып ақша еткен!..

О, Қожалық, өзін – өзі жалмағыр,

«ШІРЕГЕН БАЙ» атану ғой – арманы.

Күн нұрын да салар еді-ау саудаға,

ҚАНДАЙ ЖАҚСЫ – КҮННІҢ КӨКТЕ БОЛҒАНЫ!!!

Мың құлпырып, жайнайды-ай кеп көкте Күн!

Күннен аяр ештеңем де жоқ менің.

Аңқып-аңқып, жырлай түссін Нұр – Тегім!

Аңқып-аңқып, бүрлей түссін Шөп – Тегім!

Мың құлпырып, ойлайды-ай кеп көкте Күн,

Жарқын Ауа – телегей СӨЗ!

Теп-тегін!

Көктей тұрып, келер қайта көктегім!

Алас, алас, Қызыл Сауда, Өктем Үн!..

 ЕКІНШІ СӨЗ

Дүниеге – ынтық, мақшарға амалсыздың

Иманын түгел деуге аузым бармас…

 Абай

 1

«Коммунистік Ортақ Құрылыс» – кешегім.

Енді,

Менің шешенім мен көсемім –

ЕСІМ ҒАНА!

Барлық дертке Ес – емім,

О Дүниеге де Ес боп қана көшемін.

Шүкір, қазір жандарданмын досы – мың.

Мендегі ұғым – ОРТАҚ ҰҒЫМ, Қош Ұғым!

Алты құбыла – алалау жоқ,

әрдайым

алаулаумен тұрса деймін осы Күн!

Дүние – мүлік?

Мәселе емес көп – азы.

Қолайсызы – көңсік Сөзден тоңазу.

«ОРТАҚ!» десем, үңіледі көзіме,

Үңірейген дүниеқоңыз сабазым:

– Бәрін айттың, не ақылы, не тегін,

Соңғы сұрақ парызын да өтегін:

«Ортақ Әйел» бар еркекке төсек сап,

«Ортақ Еркек» бар әйелдің етегін!..

Қалай сонда, Ортақ жақсы, Жар жақсы?!.

( мені осылай табаламақ қалжақ сұм!)

Сендік әйел маған келсін сыланып!

Мендік әйел саған барып, шам жақсын!.. –

Міне, осылай нәпсі сөзін тізбек Өш.

«Ит үреді, керуен көшеді»,

Күз де – көш!

Ғасыр да – көш!..

Үре түссін ит бізге,

Ұлый түссін,

Былқ етпейді біздегі Ес!

Естіп жүрміз ынсапсыздар ырылын.

Қайран Елім, талғажауы – құр ырым!

Қайран Қоғам, қашан шіркін өзгермек,

Қайырымға қабілетті Құрылым?!

Қайран Сана!

АҢҚЫР -МҮҢКІР – қос ұғым,

Қанша көсем ойлап өлген жосығын.

ЕС МҮҢКІРІ (қара жердің Сайтаны!),

ЕС АҢҚЫРЫ ( ақ аспандық осы Күн

Періштесі!)

КЕРІСЕДІ ӨЗАРА!

Керіседі, көз – қып-қызыл, сөз – ала!

( О, Тәңірім, «ЕС НЕКЕСІ» хақ болса,

Хақты мазақ еткендерді жазала!)

Керіседі,

БЕС КҮН ҒҰМЫР бес теңге!

АҢҚЫРЫ – пәс, МҮҢКІРІ – бас, ЕС – ПЕНДЕ!

Кімге ғана ұлыр екен бұл Хайуан,

Біздің Сана болашаққа көшкенде?!

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар