///

Журналистердің әлеуметтік статусы мен кәсіби мерекесін нақтылайтын кез жетті

1226 рет қаралды
1
Журналистер мерекесін лайықты атап өту бойынша
Бас редакторлар клубының бұқаралық ақпарат құралдарына
АШЫҚ ХАТЫ
Қымбатты достар! Құрметті әріптестер!
Жыл сайын маусым айының соңғы демалысында қоғамдық маңызы бар дата ретінде республика журналистерінің кәсіби мерекесі аталып келеді. Бұл кездейсоқ емес, өйткені БАҚ және журналистика қоғамның бөлінбейтін тұтас бөлшегі ретінде оның алға қарай үздіксіз дамуын қамтамасыз етудің бірден бір тиімді тетігі болып саналады. Осыған байланысты, бұл айтулы күнді атап өтудің іс-шараларын тек біркүндік салтанатты марапаттаулармен шектемей, журналистика саласының өзекті мәселелерін жан-жақты талқылауға арнау қажет деп санаймыз. Ол үшін маусым айынан бастап жылдың соңына дейінақпараттық насихат түріндегі акциялардың өткізілгені жөн деп білеміз. Біздің ойымызша олардың бірнеше тақырыптық бағытта ұйымдастырылғаны дұрыс.
Біріншіден, қазақстандық журналистиканың тәуелсіздік жылдарында даму кезеңдері республикалық масс-медиа майталмандарының естеліктері арқылы тарихи тұрғыдан мейлінше сараланғаны керек. Сонда демократиялық құндылықтарға жалпылай тосқауыл қойылған сәттен олардың біздің бүгінгі өмірімізге қайтып оралған күніне дейінгі аралықта қандай жетістіктерге қол жеткізгенімізге шынайы баға бере аламыз әрі бұл сол үшін де маңызды.
Отандық журналистиканың нық орнығуына мол үлес қосып, терең ізін қалдырған, бірақ өмірден ерте өткен журналистерге тағзым етіп, еске алудан артық маңызды ештеңе жоқ. Бұл тұрғыда, Астана қаласында қаламдарынан нұр тамған дарынды журналистерді еске алу кешін ұйымдастырып жүрген «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық қозғалысының бастамасы толық қолдауға тұрарлық. Егер БАҚ өкілдері мұндай игі шараны іліп әкетіп, тиісінше жұмыстарды қолға алып жатса нұр үстіне нұр болар еді.
БАҚ тарапынан сондай-ақ бүгінгі күні отандық ақпараттық кеңістікте жемісті еңбек етіп, мемлекетіміздің ішкі саяси қалыптылығын нығайтуға, қазақстандықтардың ақпараттану деңгейін және саяси мәдениетін көтеруге, қоғамда рухани бірлікті, ізгілікті және төзімділікті орнықтыруға үлкен үлес қосып жүрген журналистерге де көңіл бөлінулері қажет-ақ. Сондықтан, БАҚ беттерінде өз істерінің білікті мамандары жайлы эссе, очерк, репортаж, бейне баян тәрізді материалдардың көптеп шығарылып жатқаны абзал.
Қазір еліміздің медиа өрісі өзгеше сипат алып, ол жаңа жанрларымен ерекшеленетін виртуалды бағытқа қарай ойысуда. Интернет дағдылы ақпарат құралдарын өзіне қарай бейімдей бастады және жедел, ақпараттық, іскерлік журналистикада алғы шепке шықты. Бір сөзбен айтқанда, жаңа ілгерілеудің куәсі болып отырмыз. Дегенмен, өз кезегінде, бұл өзекті мәселелерге де жол ашып отыр. Олар тікелей журналистердің біліктілігі мен жауапкершілігіне кері әсерін тигізуде. Ендеше кадрлерді даярлау, әсіресе аудандық деңгейде, және қайта даярлаудан өткізу, журналистерді мамандандыру, журналистің этика Кодексінің оның кәсіби қызметіне тигізіп жатқан әсерін саралау тәрізді мәселелерді бұқаралық ақпарат құралдары жіті қарай отырып, мейлінше талқылауға салулары керек деген ойдамыз. Бұдан біз ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық.
Терең талқылауға жататын маңызды тақырыптың тағы бір түзілімі – ол   журналистің заң деңгейінде статусын анықтау, оның әлеуметтік мәселелерін шешу, БАҚ-тың күнделікті жұмысына кері әсерін тигізетін кедергілерді алып тастау сияқты дүниелерге саяды. Былайша айтсақ, азаматтардың ақпарат алу конституциялық құқықтарын толық қамтамасыз ету мақсатында «Көпшілік ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңын қабылдатуға, жала мен намысын қорлау құрамын заңнамалық деңгейде қылмыстық жазадан тезірек азаматтық құқықтық жауапкершілік санатына көшіруге, моральдық зиянды өтеу сомасының жоғары шектерін белгілетуге, сондай-ақ қасақана келтірілмеген моральдық зиян үшін БАҚ жауапкершілігін алдыртып тастауға ықпал етілу қажет деп санаймыз. Сонымен қатар, Журналистер күнін атап өтудің нақты мерзімі тұрғысында біржақты шешім шығару үшін ұсыныстар берілу керек деп есептейміз. 
Жоғарыда айтылғандарды және қазіргі заманғы журналистиканың өзге де өзекті мәселелерін жүйелі түрде жариялап отыру мақсатында БАҚ-та арнайы айдарлар ашылып, дебаттар өткізілсе, ток-шоулар ұйымдастырылса және бұл іс-шараларға депутаттар, мемлекеттік қызметшілер, журналистер, сарапшылар, қоғамдық пікір серкелері, құқық қорғаушылар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, басқа да мүдделі орындар қатыстырылса деген тілек білдіреміз.
halyksozi.kz
Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Биыл ғана журфак бітіріп жатқан жас түлек өз ФБ парақшасында былай деп жазыпты: «Айбар Жаксыбаев:
    Журфакты бітіруін бітірдік. Әңгіме жоқ. Әңгіме басқада. Журфактың берген білімі…мен үшін үлкен сұрақ! Ойланамын: не оқыдым, не үйрендім?-деп. Сарқып алар түк жоқ. Сылдыр су. Әттең абитурент кезде осындайларды білгенде журфакқа тапсырмақ түгілі маңына жуымас едім. Жаман к…..м ашиды. Оның үстіне ақылы оқыдым. Ақшамды далаға ұшырғандай болдым…Жәрәйды, ақша қайтып келеді. Алтынға бергісіз уақытымды кім қайтара алады.?Мұғалімдерге сөз жоқ. Бірақ білім керек қой. Телестудия мен радиостудияның кім үшін қызмет ететінін сол күйі түсінбей кеттім. Көңілім қалғанын жасыра алмаймын. Осылай ойымды ашық айтып, 1-курста мұғалімдеріме ұнамағанмын. Бірінші курстан кейін оқуға деген ниет құрыды. Қайтем енді құр сөзден қуырдақ жасап, ананы мынаны айтып ауыз көпірту емес еді менің көздегенім. ЗКТ, СНХ дегендерді, репортаж, мақала дегеннің не екенін, жалпы журналистің атқарар қызметін Алматы арнасында практикада жүргенде үйрендім (шшш). Ойланам сондайда не бітіріп жүрдік деп. Қатып қалған талап қоймайды да айналайын журфактың ұлағатты ұстаздары. Хош өйтіп бүйтіп, дәләң-дәләң етіп бітірдік. Дардай универдің журналистика факультетін. Ойланамын әлі де…. Жыл сайын талапкерлер тау қопарардай болып арман қуып келіп жатыр-келіп жатыр журфакқа. Олар түгілі менің өзім арман қуып келдім, арман қуып кетіп барам. Кім не десе о десін. Су ішкен құдығыма түкіргенім бар!»

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар