Шеру батырдың үйінде Қоңырат Жаманбай мен Қыпшақ Шәшті ата бастаған көп адам отыр. Бұлар осы өңірде өткен бір үлкен дау әлегімен бас қосқан. Орталарында Қызай анадан басқа еріні кесіліп алынған, үстіңгі тістерінің қамалы тұтасымен ырсиып көрінген бір әйел бар еді… Үстіңгі еріні тұтасымен кесілген адам тым сыйықсыз-ақ көрінеді екен. Тілін тартпайтын көкбет әйелдің ерінін кесіп алып, бұны мына күйге түсірген оның бір тентек қайнысы екен. Жазаға ұшыраған жеңгесі Қоңыраттың қызы. Барған жері Қыпшақ. Шәшті атаның ауылы. Ұзатылғанына оншақты жыл өткенде мұндай жағдайға ұшырағаны әлдебір ұрыс-керіс, қатты жанжалдан туады. Ауылдағы қатындар арасында қашан болса бүлік шығарып, тыныштықты кетіретін немере жеңгесін әлгі қайнысы бұрын екі-үш дүркін сабаған да көрінеді. Бірақ сол таяқ жеп жатқанның өзінде «өл де, маған! Қолың сынсын, қарабет!» – деп, тілін тартпайды екен. Ауыл-үй арасын өсекпен өртейтін әдетін қойғанның орнына әлгі қайнысымен өштесе береді. Қайнысы да іздегенге сұраған, жеңгесіне сай. «Ашуланса Сырдың суы сирағынан келмейді» дейтін атағы бар, белгілі тентек бұрынғы бір жылдары араларында болған жанжалда өз әйелінің құлағын шайнап, оң құлағының ұш жағын жұлып алған әрекеті бүкіл ел аузында жүрген. Бірақ мына жеңгесі бейбақ, шынайы долылығы ұстап, көкбеттеніп кетсе, атышулы тентек қайнысынан да жасқанып, қорқуды білмейді. Оқиға басы: ауылда екі әйел жұлысып жатады. Бірі «көкбет әйел-жәһәннам» демекші елге мәлім әлгі келіншек. Екеуінің де қайнысы болған ана жігіт оларды қамшымен бытырлатып, сабап, үйді-үйіне қуып тығады. Үйлерінің арасы екі арқан бойындай жер екен. Енді олар денелері үй ішінде, есіктен бастарын шығарып алып, салғыласып, сайысады. Бергі көкбет:
– Қапқа түсіп келген, әкеңнің аузына!.. – десе, анау:
– Буаз биеге мінгесіп келген, әкеңнің аузына!.. – деп жатады. Ұрыс-жанжалды өзі бастайтын көкдолы әйелді күйеуі буаз биеге мінгестіріп алып, қашып келгені рас көрінеді. Ал, ананың «қапқа түсіп» келуі, тіпті қызық болатын. «Аю мен қыз» дейтін бір ойын бар. Екі ауылдың қыз-жігіттері үш-төрт арқан бойы жерге екі бөлініп тұрады. Бір жағы қапқа бір қызды түсіреді де, томпайтып, жатқызып қояды. Екінші жақтың бір жігіті келіп, қаптың ішіндегі қыз кім екенін табуы керек. Таба алмаса, қызды қабымен арқалап, екі топтың сыртынан үш айналып кеп орнына тастайды. Айып сол. Сондай бір кеште қызды көтерген жігіт жол-жөнекей сыбырласып, қаптағының кім екенін біліп алады да, үшінші айналымда кемпір шешесінің үйіне қарай ала қашады. Кедей жігіттің әпеке-жеңгелері алдын-ала дайындалып, кеңесіп алған екен. Есіктен енгізген бойда қыздың басына орамал жауып, келін ретінде ұстап қалуға әрекет жасайды. Соған сай қыз байғұс та аталас аға-жеңгенің қолында бабы келіспей отырған жетім бейбақ екен. Қысқасы, ақ деп, көк деп жүріп, қыз осы жігіттің үйінде қалады. Есіктен бастарын кезек шығарып, екі әйелдің бет тырнаса айтып жатқандары сол екен. Тентек қайыны Түйебай екеуін әлі де тоқтатпақ болып:
– Әкеңнің аузын ұрайын шыжыңдар, енді менен бірдеңе көресіңдер! – деп, қатты ашумен шабынып янаттаса, мұнымен өштесіп алған жеңгесі:
– Өзіңнің әкеңнің аузына!.. – деп салады. Көккөз сары Түйебайдың көзіне қан толып, қалтасындағы шаппа бәкісін ашып, ала жүгіреді. Әйел пышақтың зәріне шыдамай, ойбайды сала бажылдап, есіктен шыға қашады. Көрші үйлерге жетіп, қу жанына араша тілемекші еді. Екі арадағы текшелеп жиған қидан айнала бергенде, бұзау желідегі қазыққа аяғы шалынып, соры бар байғұс ұшып түседі. Соңынан қуа жеткен Түйебай бас салып, тырп еткізбестен, бақыртып жатып:
– Сенің жұртты суғарғыш аузың мынау ма!? – деп, сол қолының екі саусағымен қатынның үстіңгі ерінін соза тартады да, өткір бәкімен орып кеп алады. Бажылдаған дауыстан әп-сәтте ауылдағы көрші-қолаң жиналады. Аяғымен жер тепкілеп, өкіріп жатқан әйел қансырайтын түрі бар. Еркектің біреуі жүгіріп, есек ерттейтін шом тоқымның шетінен бір кесіп алады да, соны дереу отқа үйтіп, қан саулаған ерінге құрым киіздің ыстық көмірін басып жатып, қанды зорға тыйғызады. Басына түскенге кім көнбейді. Көмірдің қатып шорланған еріні қарақотырланып, жарты жылда зорға жазылады. Сөйлесе астыңғы еріні қасқа тісіне тиеді екен. Үй толған еркектердің ортасында, төмен босаға жақта, көзімен жер шұқып отырған әйел – сол. Басын көтермейді. Қозғалып отырған дау осыған байланысты болатын. Жеңгесін жазалаған оспадар тентек те осында.
***
Даугер мен жауапкер, екі жақтың екі биі бар. Қоңырат қызы, еріні жоқ әйелдің сөзін ұстаушы би тілге жүйрік Қызай ана болатын. Өйткені Қызай тұтас ауылымен, елімен Қоңыраттардан жақсылық көріп отырған, әрі атасы басқа, Құдайы қалыс адам. Әрі әйел дауын әйел адам дауласын дескендей. Бұл орынға Қызайдың билік орнына Жаманбайдың бола алмайтын себебі бар. Күнәлінің үлкені өзінің руласы Қоңырат қызы болғандықтан, оған ауыр сөз айта алмайды. Әрі бұрып сөйлеуіне де келмейді. Алдымен екі жақтың билері таразыға түссін. Осымен екі жаққа тең төбе би болып, Жаманбай сайланған. Ал, жауапкер би «Шәшті абыз» атанған, өзінің көріпкелі бар, ділмар шешен, Шәшті ата еді.
Жаманбай ешкімге бұрмайтын, жұртқа сөзі өтетін ел ағасы. Ежелден-ақ терісті керіссіз шешіп жүрген адам. Алдымен сөз бастаған да сол еді. Төрдің дәл төбесінде зор денесімен малдасын құра отырып, дауысы жарқын шыға:
– Уа, жалпақ жатқан Қоңырат, Қыпшақ ата! Отыз баулы Қоңырат, тоқсан екі баулы Қыпшақ Алашты мол ғып өскен-өнген ел едің. Қара Қыпшақ Қобланды мен Алпамыс және Алатау батырлар еліне тұтқа, жұртқа ие болған адамдар еді. Үйім деп жыламай, елім деп жылап өтіп еді. Солардың ұрпағы боп, көзі боп, сен отырсың… «Адамның даңқы ел аузынан бұрын өз абыройында болуы керек», – депті бұрынғылар. Екі би таза абырой, татымды тартымың болсын. Екеуің еркіңе би болсаң да, абыройыңа құл бол. Сонда ғана дауды даусыз шешесің. Би – мың күнде бір кісілік болғанмен, бір күнде мың кісілік болуы керек. Әділ болса бір би мың кісіге олжа салады. Ал, әділ болмаса, көптен «жүзі қара» деп қарғыс алады. Дүниеге құл болып қызықпаған кісі ғана би болады. Туғанда жұмырығың жұмулы болса, өлгенде алақаның ашулы кетесің. Пайда көздегенде табатының сол ма. Өмірге әділдік керек екенін өлеріңде ойлағаннан пайда жоқ. Өлерде қылған тәубең қабыл болмайды. Өмірден өкінішпен өтесің. Әділдікпен басқарсаң екі жақтан екеуіңе де тиісті ақыларыңды әперемін. «Азды алымсынбаған жарлы емес, көпті місе тұтпаған жарлы» деген бар. Қазы кертіп, жал шайнап, бай да өтеді дүниеден. Қара талқан жалмалап, жарлы да өтеді дүниеден. Ізгі қасиетке бас имейтін адам жоқ. Жақсы сөздің мекені тілде ғана емес, ділде. Олай болса, тіл мен діл арқылы қасиеттеріңді көрсетіп, биліктеріңді айтыңдар да, елдің алғысын алыңдар. Белде сойыл, белдеуде ат, заманың мынау. Тыныштықты, татулықты сақтап сөйлеңдер. Ел бірлігін қорғап айтыңдар, – деп тоқтады. Жүйе бойынша сөзді даугер жақ бастауы керек. Қызай ана бір тізерлеп отырған қалпы:
– Дұрыс айттыңыз, төбе би, баба! Бірақ азда болса бет жыртыспай дау дауланбайды ғой. «Балаңды өзің түзет, өзің түзетпесең, өмір түзетеді» деген бар. Өмірдің түзетуіне қалсаң, сілікпеңді шығарып, мойныңа су құйып барып, түзетеді. Олай десек жеңгесі мен қайны екеуі де өмірдің түзетуіне түсіп отырған пақырлар. Екеуі де айыпты. Жалғыз қылған айыптың жаманаты жалпыға. Өз бастарымен кетпей, екеуі де рулы елдің атын шығарып, абыройын былғап отыр! Бетке шіркеу, көңілге дақ түсіріп отыр. Жақсы ауылдың келбетті келіні, сәулетті ұлы қайда?! Келін боп түскен жердегі еліне көрсетер үлгісі қайда?! Әр елден келін келер, онымен бірге әр түрлі жақсы ырым келер, деген қайда?! Жеңгесі анау болса, алдамалап ақылын табатын қайнысы қайда?! «Ақымақтың райына қарай іс қыл» деген қайда? «Жаман биені жабула да, құлынын ал» дейтін ұлағат қайда?! Бірі Жаманбайдай тегеуірінді тектінің, екіншісі Шәшті абыз атадай ұлықтының елінен шығып отыр. Ең өкініші, осы ел-намысы. Екі жақсының қойын-қонышынан шығып отырған сорақыларға билікті не деп айтамыз. Жақсылардың бетіне не деп тиеміз?! Атаның көңілі болмаса, ботаның көңілі бар, дер едік. Бота болған жазғандар мақтарлық жер қалдырып отыр ма? Қызбақандылық бір қырсыққа жетелемей тұрмайды. Дойыр мінез қайнысының қылығын біле тұра, аяғын тартпаған, бейауыз жеңгенің қай жерін ақтайсың! Жау келмей жарақ алып, пышақ жұмсағанның қай жерін мақтайсың?! Менің айтарым – айып екеуіне тең салынсын! Бірінен-бірі асып тұрған жері жоқ, – деді. Төбе би енді Шәшті атаға мойын бұрды:
– Жауапкер би, қанеки, сіз не айтасыз?
Шәшті ата деген үлкен басының оң жағында өрусіз, бос тұлымы бар, аруақ шалған-қуаң жүзді, кесек мұрын, үкі көз, келісті адам. Шын аты Кенжеғұл еді.
– Мен не айтайын, – деп, сөз бастады ол. – Ашушаң адамнан ақау шықпай тұрмайтыны рас. Солайда болса, «ашушаңның анты болмайды, ашуын жұтуы у жұтумен бірдей» дейтін, дәл тауып айтылған сөз бар… Өз үйіндегі келіннің құлағын шайнап жұлып алған адамнан аяғын тартпай, әйел басымен аузына келгенін құсқан ұрғашы оңатын ба еді. «Ырыққа көнбегенге құрық бар, құрыққа көнбегенге сырық бар», «ақылға көнбегенге азап бар» деген міне, осы! Жақсы өмірін жаман ғып, ел бетіне қарай алмай, бетімен жер басып отырғаны жұртқа үлгі болсын. Өйткені, өз сазайын өзі тартты. Сондықтан айыптың үлкенін мен осы келінге, Қоңырат ағайынға, салмақпын, – деп келгенде, босағадағы әйел:
– Алдымен әкені боқтаған өзі ғой! – деп, шаңқ етті. Елдің бәрі жалт қараған еді… Үстіңгі тістері үйткен қойдың басындай ырсиып, қызыл иегіне дейін ақсиып көрінді. «Сорлының көзі шорлы» дегендей, сыйқы жарамсыз-ақ еді.
– Әй, қарағым! әйел ер адамның боқтағанымен бірдей боқтай берсе, не болады? Ұрғашы қашанда еркек алдында өз жынысын ұмытпауы керек. Әйел еркекке қарағанда өзінің сыпайылығымен, ардақтылығымен әйел. Аттан қалма байталым, байталдан қалма, сайтаным, деп тілін тартпай жарыса берсе, не болмақ. Тіріні қойып, аруаққа шаптыққаны кешірілетін нәрсе ме! Оны Құдай да кешірмейді. Әйелдің дауысы қатты шаңқылдап шыққан үйдің босағасынан жақсылық күтпе, дейді. Олай болса, қыздарының айыбын Қоңырат ағайын төлейді. Еті Қыпшақтікі болғанмен, сүйегі Қоңыраттікі. Сол үшін бес бесті аттың құнын кесемін, – деді. Жұрт аңырып қалған еді. Қалыңы төленіп, ұзатылған қызға төркіні жауапты ма, дескендей. Айтып отырған дәлеліне, уәжіне қарасаң, орынды да сияқты.
– Кенжеғұл ата! – деп, Қызай сөз алды. – Сіздің бұл айтқаныңыз мал иесінен ұры күшті дегеннің өзі болып отыр. Зомбылық есіктен кірсе, әділдік шаңырақтан шығадының кері. Жігіттеріңіздің басы бүтін; ойынын ойнап, күлкісін күліп, сайрандап жүр. Ал, ол жазалаған адам кірейін десе жер қатты, қияйын десе жан тәтті болып отырған отырысы мынау. Қазақта «көз құны» деген құн бар еді. Ол өмірде болып тұратын шаруа. Оған кісі құнының төрттен бірі – жиырма бес жылқы кесілетін. Ал мынау қазақ қазақ болғалы саңырау, мылқау естіп-білмеген сұмдық!!! Сондықтан айыптың көбі Қыпшақ ата жағына салынуы керек. «Жамандық қылып жалынсаң, жан жоламас жаныңа» дейді. Тірі адамға жасаған жамандық осыдан артық бола ма!? Осы жазаны жігітіңіз өзі тартса жақсы ма. Жігітке айыппен қоса дүре керек. Адам жанын аямайтын тентекке дем беріп, ерік бергенше, келінді сыннан өткізетін ене қайда?! Жігітін жүгенсіздіктен тыятын ата қайда?! Арыс жауды жеңгендей аптығатын есерді ауыздықтайтын ағайын қайда?! Қатынының құлағын шайнады, деп мақтан еткенше, айып ететін ел қайда?! Сол кезде қатты тыйым салынған болса, мына масқараны жасар ма еді!? Олай болса бұл дау Қыпшақ ата мойнына екі есе болып мінеді. Құлақтың дауын да қоса тергеуіміз керек. Әйелі іздер-сұрары жоқ, жетім қыз еді, дегенмен ол да адам перзенті еді ғой. Ел ішіндегі сұмдықты көріп тұрып, көрмеске салсақ біз сияқты, сіз сияқты биге сын. Жауапкер би – Кенжеғұл ата! Сіз Қоңыратқа бес бесті салсаңыз, Қыпшақ атаға мен де бес бесті айып саламын. Онда да қызымыз айыпты болғаны үшін тілім қырқылып, салықты аз салып отырмын, – деп тоқтады. Қарама-қарсы екі бидікі «құрастырып айтса, құлдікі жөн, біріктіріп айтса, бидікі жөн» дегеннің өзі болды. Сүйек жұмыртқадан тірі құс шығатынындай екеуі де жоқ жерден қисын табады. Жоқтан бар жасайды. Тілдің қуатына шек жоқ. Тіл буынсыз, ой түпсіз. Қызайдың бұл айтқанына көне қоятын Шәшті ата – Кенжеғұл емес.
– Даугер би, Қызай шырағым! Кереңге түс жорытып, кекешпен кеңесетін сен емес екенсің. Талқан жеп отырып, сыбызғы тартсаң да қақалатын түрің жоқ, – деп улы тілмен қағыта түсті. – Ыржық жігітке тыржық қыз, өз Ләйлісі болады. Мына келіннің күйеуі ынжық неме еді. Көкбет әйелге көзсіз бай, деген осы болды. Тентекке дүре соғу керек дедің. Әр айып сайын кісі өлтірілсе, жер бетінде жан қалмайды. Адам пендесі болған соң, осы отырған барлығымызда да бір-бір айып бар. Ол Аллаға аян. Әркімнің өз іші біледі; өз кінәңді етегіңмен жауып жасыра алмайсың, – дей келіп, енді арқасы ұстап, бұрқылдай сөйлеп жөнелді:
– Тентек жақсы демеймін, тентекке келтек ұстатқан не? Аямастай қатты жазаға апарған не? Ақылынан ашуын көп еткен не? Арсыз қолы істесе, арлы бетін қызартқан не? Тілін ноқталамай, басын сақтамаған кім? Сау басына сақина тілеп, ананың сүтін ақтамаған кім? Тиексіз тілін тізілген тісіне тоқтатпаған кім? Төрдегі басын есіктен тауып, аяулы арын сақтатпаған кім? Өзімшілдіктен өзеуреп, бұзақылыққа жеткен кім? Арлы бетін арсыз тілге құрбан еткен кім? Басым бұлтқа тиер деп бұқпай, кесірім жұртқа тиер деп ықпай, тыныш ауылды бүлікке салған кім? Өлі аруақты жағадан алған кім? Ит жеместі жегізген кім? Атаңа нәлет дегізген кім? Шыққан қыз шиден тысқары деп отырған шығарсыңдар. Қызға қырық үйден тыйым, одан қалса, шұнақ күннен тыйым деген қайда? «Аяғын етік қыспаған, аузын шеше тыймаған; болжаусыз болып өседі» деген қайда? Адал ауыздан боқтан сасық сөз шықпасын деген қайда? Қыз жақтың биі болған соң, өз затың да әйел болған соң, болысқаның жөн шығар. Бірақ «атасы болысқақтың ұлы ұрысқақ, анасы болысқақтың қызы ұрысқақ» дегендей, болысқақ ата-анадан бейауыз қыз өсіп отырғанын ойлаңдар. Ырысы қайтқанның қызы долы болады. Өйткені ырысы кетіп, ырылдасқан үйде өседі. Қатты айтты демеңдер. Адамына қарай мезіреті болады. Өмірдің талабы ешкімнің беті-жүзіне қарамайды. Қыздарыңызды тәрбиелеген біз емес, үйінен, елінен әкелген мінезі. Жеке басы ғана емес, «ұнамайтын келіннің ұлдары да сүйкімсіз» дегендей, осы келіннің балаларын да ешкім жақсы көрмейді. Үйелменімен үйлескен. Қыздарыңызға соның бәрін жасатып отырған біздің тентек деп отырсыздар ма? Олай емес, ол көкдолының десін қайтаратын шара тапқан. Емеуірінге көнбегеннің ерінін кесіп, ес кіргізген. Елді былғайтын бетпақ-бәдбақыттың бетін қайтарған. Бізге қыз емес, жылан өсіріп бергенсіңдер! Олай болса, енді әуелгі айтқанымнан да артық айып саламын. Өзіміздің тентегімізге бес бесті, сіздердің тентектеріңе он бесті бұйырамын. Осы айтқанды екі жағымыз да тана-торпақ, тай-байталдың есебімен бір-біріміздің қолымызға саламыз. Айтарым сол, – деп тоқтады.
Бұнда дауды тыңдаушы Қоңырат кісілері және Шәшті атаға ере келген Қыпшақтардан басқа еріні кесілген әйелдің ағасы Божбанбай деген отырған. Қарындасы мына дауға «не бетіммен барам» деп тартынғанда, «Қыпшақтан айып аламыз» деп, қоймай ертіп әкелген, осы Божбанбай болатын. Ол бүгінгі даудың бағытын естіп білгенде, үміті кесіле бастағандай. «Үміт кесілсе, ырзық кесіледі» деген бар. Қыпшақ биінің сөзі сүйегінен өткен. Тіпті ол ғана емес, Қоңырат биі, Қызайдың айтқан әрбір сөзі де етінен өтіп, сүйегіне жеткен. Тілдері сексеуілдің шоғындай күйдіретін екі бидің мынандай шарпысуын тыңдаған соң, үндемей құтылуы керек еді. Жетім қарындасы Тәйімханды өз қолынан ұзатқанына арқаланған. Есі болса айтылып жатқан жаңағы сөздер бұған да мірдің оғындай тисе керек-ті. Қарындасын масқара ғып осында әкелуінің өзі – намыссыздығы еді. Дауасызға лаж жоқ екен. Мысық мұрты тікірейіп, Шәшті атаға көз салды. Қарсыласып көрсем, Қызай жақтасатын шығар деп ойлады.
– Оу, ақсақал!.. Сонда күші жеткен кісі біреудің адамын өстіп қорлап кете беруі керек пе? Қарындасым Тәйімханның мына бейнесі жұрттың жанына қанша бататынын білесіз бе? «Алатаулап» ұрандасам миятыма бүкіл Қоңырат шығады, – деп, бүлдіре сөйледі. Шәшті ата іле тіл қатты:
– Е, ұялы суырдың біреуі сен екенсің ғой. Біреуі «әңгүшік» десе, қалғаны жамырап қоя беретін суырдың өзгесін іздеп отыр ем, өзіңді әйгілеп шықтың ба! Егер мен сенің орныңда болсам, бұл жиынға келмек түгіл, қарамды көрсетпес едім. Қарындасың анау болғанда, қай бетіңмен келіп отырсың? – дей келіп, Жаманбайға бұрылып: – Төбе би, сізден өтінем, мен айтқан жаңағы он жылқының екеуін мына пақырдың мойнынан алып беріңіз. Өз намысын білмейтін ойсыз адам жанына батқанда барып ұғады. Қыпшақтан айып ала қоямын деп, ентігіп келген шығар. Бұның ентігін осылай басайын, – деп, қатуланып кетті.
Божбанбайдың сөйлегеніне өзге Қоңыраттар шімірігіп, ұялып отырған. Әсіресе «Алатаулап» ұрандасам» дегені тым жайсыз еді. Қасиетті аруақты кірістіріп отырған жерін қара дескендей. Төбе бидің де Божбанбайдай түйсүксіз немеге ашуы келді. Өйткені Жаманбайдың өзі айыпты әйел Тәйімхан жақтың ел ағасы. Шәшті атадай от ауыз, орақ тілді абыздың қақпанынан қалай құтылуды ойлап отырғанда, қотырдың аузын тырнап, ашып бергендей. Екі арыстан алысқандай болып, екі бидің шайқасуы асқындап бара жатқаны мынау. Төбе би өзге сөзді қор қылмай, Божбанбайға қадалып:
– Ей, жазған! «Селтеңдеген неменің серкесінің ажалы» деген… Қарап отырмай, әне екі атты сен төлейді деп жатыр. Қолың көтермейтін сойылды беліңе қыстырып қайтейін деп едің? – деді. Мына сөзді құлағы шалғанда, Шәшті атаның да жүзіндегі зәрі қайтып, сабасына түсейін деді. «Жолдасың пейілді болса, сен көңілді боласың» деген бар. Осы кезде жұрт күтпеген бір көрініс пайда болды. Ертеден бері Қызай ананың қасында отырған Тәйімханның дауысы шықты. Қызай ана онымен ақырын күңкілдесіп, бірдеме айтып отыр еді. Шамасы сөз үйреткен болса керек.
– Ағалар, тақсырлар! Адам басына түспей, білмейді екен. Менің де сорыма біткен мінезім екен. Тартатын сазайымды тартып отырмын. Кірерге тесік жоқ, – деп еңіреп, қоя берді. Көзінен тарамданып аққан жаспен бірге мұрыны да иелік бермей, бырқылдай түсіп, қалтасынан орамалын алды.
– Қыпшақ елі мұнан былай мені келін орнында емес, күң орнында істетсін. Соған лайықты екенмін. Қай үйінде қандай жұмыс бар, өмір бойы соны істеп, жазығымды өтейін. Байдан да шығайын. Сіздерден өтінетінім бүгіннен бастап байымнан ажыратыңыздар, байдан шығуыма рұқсат етіңіздер. Өзі ынжық болса да, ерінім кесіліп, түр-сиқымнан айырылғалы өзі де теңсінбей, менсінбей жүрген, тиісіп, боқтап отырады, – деді. Зар еңіреп жылай түсті. Бүгіліп кетіп еді, қасында отырған Қызай ана оның басын өзінің тізесіне сүйеп, құшақтаңқырап отырды. Жұрт мына жағдайға аң-таң. Билердің аузына жалт-жалт қарасуда. Төбе би:
– О-о-о, опасы жоқ дүние! – деп, дауысын озандата созып, күңіреніп кетті. – Жүре берсең көре бересің, көне бересің. Жүре-жүре көндігерсің, көндігерсің де көмілерсің, – деп ойын көпке сала сөйледі. Тығырыққа тірелгендей тығылып отырды да, кенеттен: – Қызай ана! Затың әйел ғой. әйелдің басына дау түсіп отыр. Қыз күніңде дау бітірген деп естиміз. Мына дауға сіз қандай кесім айтар едіңіз? – деп қалды.
– Мен айтсам, жақсылар, – деп, Қызай ана енді сыпайы қалпымен сөйледі.
Дау атаулының тыянағы әркім өз кінәсін мойнына алу ғой. Өзгені білмеймін, мына Тәйімханның басына қазірден бастап ризашылық рақыметімізді айтуымыз керек. Неге, иілген басты қылыш кеспейді? Басын иіп, барын салып отыр. Мүбәрәк жүздеріңіздің алдында өмірдегі өз мінін танып отыр. Айтқан қатты сөздеріңізді де ауыр алмай, өзіне лайықты тауып отыр. Осыдан артық қайтеді, бұ байғұс, – деп, Қызай ана өз көзіне жас алды. Әйелді әйел жанымен түсініп отыр. – Менің айтарым, дау өршіп барады. Тобырға түскен іс оңбас деген болмасын. Екі би де енді келеге келейік. «Даудың шоғы қызарса, сабырдың суын сеп» деген бар еді ғой. Төбе биден сұранатыным, екі би де сізге тоқтайық, – деген.
– Бәрекелді, қарағым! – деді төбе би. – «Жаралы құсқа тас атпа» деген. Өзі жаралы болып отырған адамды көзбен көзеп, тілмен безегенді қояйық. Ыждағаттылық еш нәрседен кенде қалдырмайды. Соңына сор ергеннің де көретін бір жақсылығы болады… Мұнан былай Тәйімхан қызымыздың жүзі жарық болсын. Тәубеге келгенді Құдай да кешіреді. Ол үшін қай-
туіміз керек. Тәйімхан бұрынғы орнында жүрсе баяғыдан бергі көзге түрткі болғаны қалмайды. Жұрт көсеумен түрткенін қоймайды. Сол үшін өзі айтқандай күйеуінен шықсын. Менің де билігім сол. Бірақ оны ел есігіне күң етіп қоя алмаймыз. Сұлтан сүйегін қорламайды, дейді. Мен өз сүйегімді ешкімге қорлатпаймын. Ішімізге сиған бала сыртымызға да сияды. Менің айтарым – екі жақтың таразысы тең түсіп отыр. Екі жақ бір-бірінен жылқы да алмайды, жылқы да бермейді. Қызымызды өз қолыма алам… Және қайғылы адамды одан ары қайғыға түсірмеу үшін екі баласын да бізге өзімен бірге әкеліп бересіздер. Қыпшақ баласы Қоңырат болмайды ғой, ержеткен соң үйірін табады. Оған дейін жиендерімізге де өзім оң көзіммен қарап, жақсы өсіремін. Ол жерде шешесі сый көрмей, түрткіге түсіп отырған балалар да оңды болып өспейді. Өздерің төбе би сайладыңдар. Менің үзілді-кесілді бұйрығым осы, – деді. Үй толы жұрт аңырып, ойланып қалды. Күбір-сыбыр сөз шығып:
– …Екі ортада ана ынжық неме қатыннан айырылатын болды ғой.
– Бәрі мына тентектің былықтырғаны.
– Өздеріне де осы керек, – десіп жатты. Бұлар Қоңырат кісілері еді. Тәйімханның көзіне от кіріп, азаттыққа шыққандай болды. Төбе би:
– Түйебай, сен түрегел, орныңнан, – деп, аты шулы әлгі тентекті тұрғызды. Ұсқынсыздың көзі ұшқынсыз, сезімсіз келеді. Көз жанары ақшиып біткен, шомбал бет жігіт жаратылысынан бітеу кеуде, тұпа-тұйық адам сияқты. Сырт бейнесі қолына сойыл ұстатып, азынап кісінеген айғырға мінгізіп, адыраңдатып қоя берсе болғандай. Кескініне сол ғана жарасқандай.
Мүйізі жуан бұқа сүзеген болмай қалмайтынындай, ожар, адыр бейнесі бұны көрген адамды әлдене ойға жетелегендей. Түйебай орнынан мөлиіп түрегелген бойында не дерін білмей, билерге жалтақтап, қарап тұрып қалған. Әсіресе Шәшті атаға көз салып, бағдар күткендей. Төбе би:
– Е, батыр-еке, қане, сөйле, – деді төне түсіп. – Бауырыңның ынжықтығын пайдаланып, жеңгеңді мына күйге түсірдің. Жаманда болса ағаң, бауырың еді ғой. Оны зорға алған әйелінен айырғалы отырсың. «Жаман есірсе зорға салған тамы тар көрінеді, зорға алған қатыны қар көрінеді» деген бар. Соның керін келтіріп отырсыңдар. Енді мына елге не айтатыныңды ойла, – деді. Әшейіндегі таусоғар Түйебай өзінің не істегенін билер тартысынан кейіін енді білгендей. Байқаса өз қолымен жасағаны анау-мынау, жеңіл нәрсе емес екен. Түйебай үндемей тұрып алған соң, төбе би Шәшті атаға қарап еді, ол:
– «Есіріп кісі өлтіресің, ес кіріп құн төлейсің» деген, міне осы, – деп Түйебайды жазғыра сөйледі. – Ауылдағы жеңіл ауыз, жәутік еркек, жағымпаз әйелдердің мақтай түсіп, «сауап қылдың, өзіне де сол керек еді» деп, не болмаса бұны сырт біреулерге таныстырғанда «әлгі жеңгесінің аузын тыйған осы» десіп, арқаға қаққандай қошемет білдіргендеріне өзін шынында бір батыр екенмін деп жүрген болар. Бұл әрекетін басында-ақ жақтамағанбыз. Зор айып санағанбыз. Әрқандай тентекті ел келесіне салып, түзетуге болмас па еді. Аға-жеңге қолынан шұлғауын сүйреткен ынжыққа ұзатылған жетім қыз екен. Ағасының түрін көрдіңдер. Келген жері болса, анау! Үйде алмаған тәрбиені түзде де алуға болар еді. Бірақ оны жасайтын кім? Күйеуі ме, қайны ма. Апама жездем сай «ондағы тазды мұнда әкеп, мұндағы таз аз ба екен» дегеннің өзі болған. Мына әрекетке барғанға дейін неше қайта сабап, тілін шығарып, әбден ашындырып жіберген. Оны істеп отырған кім десең, тағы осы үй бұзар тентектің өзі. Олай болса жазаның үлкені осыған бұйырылуы керек. Аяқ-қолын төрт жаққа, төрт қазыққа керіп байлап, денесін жалаңаштап, дамбалшаң ғана қалдырып, шалқасынан жатқызып, үстінен бес жүз қой айдап өткізуіміз керек. Менің төбе биден сұрайтыным осы, – деді. Бұл жаза оңай емес. Әлгі бес жүз қойды айдағанда, бос жайып айдай салмайды. Орталарын тар көше қылып, екі жағында қаумалаған көп куә тұрады. Қуалап айдалған қалың қой жапырлап өткенде, тұяғы бет-аузын талқандап, көзін де шығарып кетуі мүмкін. Отырған көпшілік мына жазаны естігенде бір сәт демдерін іштеріне тартқандай бола, тым-тырыс үнсіз отырып қалды. Қоңыраттардың қыбы қанғандай еді. Шәшті атаның бұл кісілігіне төбе би Жаманбай да анық қанағаттанып еді. Бірақ тентектің иесі кесіп отырған ауыр жазаға «е» деп қосыла кету, үстірт, томпақтау сияқты. Қоңырат жақтың азаматтығына сын. Сондықтан төбе би:
– Мінеки жарандар! «Дау тумай ашу басылмайды» дейтіні осындайдан. Шәшті ата – Кенжеғұл, атаңызға рақымет! Ердің сыны – сырында, сөздің сыны – шынында болады. Менің айтарым Түйебай қызымызды қайтарғанда бір бұзаулы сиыр, бір ат және өзінің төсек-орнымен, бала-шағасымен шығарып салады. Соны ескере отырып, Шәшті ата айтқан бес жүз қой емес, жүз қой айдалсын, – деді. Көпшілік қостап, шулай жөнелді. Кесім осы болды. Мынандай ұйғарымға Қоңырат, Қыпшақ екі жақтың адамдары да таңырқай қарады. Екі би Шәшті ата, Қызай және төбе билердің сөз саптастарына ризашылық білдіріп:
– Мұнша сөз шіркіндердің қай жерлерінен шығып жатыр?
– Соны айтыңыз.
– Қызыл тілде буын бар ма. Шешендерді Құдай артық жаратқан ғой, – десіп, ақырын күбірлесіп жатқан.
Дәл осы күні, осы сағатта Жаманбайдың қойынан санап отырып, жүз қой бөлініп алынды. Аталғанындай төрт қазық қағылып болды. Енді Түйебайды үйден шығарып, қаумалап айдап, сол жерге жеткізді. Жігіттің реңі өзгеріп, өң-түсі қалмаған. Әшейінде қоразданып жүретін батырдың жүні жығылып, көптің талқысына көнбеске лажы қалмады. Еркектердің артқы жағында, кейіндеу жерде Қызай ана бас болған бір топ әйелдермен бірге тұрған Тәйімхан да бар еді. Ол осының барлығына өзі мінді болғандай, мөлтілдеп, жылап тұрған. Қоңыраттың жастау жігіттері Түйебайды ығыстыра айдап, қазыққа әкелді. Қабығы құрысқан жыңғыл қазықтарға байланған қара қыл шылбырлар бар екен. Әлгі жігіттер дәл тақамаға келгенде не істейтіндерін білмегендей, Түйебайға тиісе алмай, тоқтап қалып еді. Шәшті ата:
– Енді не қарап тұрсыңдар!? Шешіңдер киімдерін! Жығыңдар, шалқасынан! – деді. Бұйрық алған жігіттер қаумалап тұрып, шапан-шалбарларын, жейдесіне дейін өзіне шешкізді. Сонан соң жабыла кетіп жықты да, аяқ-қолын қазықтарға қарай төрттағандап керіп, ұстап тұрды. Қалғандары қол-аяғының білезік тұстарынан қимайтындай, сәл бостау етіп, байлап тастады. Кірлеген ақ дамбалы бар екен. Айдалған қой жақын жерде иіріліп тұр еді. Далада Сыр өзенінің салқынымен қосылып, ескеуілдеген күзгі сүркей жел бар. Қыркүйек айындағы күзем-қырқымнан кейін қайтадан ұштала бастаған жүндерін ескеуіл жел қозғалтып, қоралы қой жақындай берді. Алдыңғы жақта қойды бастаған серке бар. Санының жүні әдейі қырқылмай, сәнге қойылған, шалғы мүйіз дәу сары серке еді. Әлгі сан жүні жалпылдап, әбден жақындағанда ол шалқасынан жатқан адамды көріп, таңырқағандай болды. Қойшыға, адамға бағынып үйренген ғой, тоқтай қалған. Оң жақ көзін ақ шел басқан, соқыр қойшы:
– Тарт, тарт серкем! – деп, айбаттана айқайлап, таяғын үйіре бұлғақтатқан еді. Серке адам үстінен қарғи секіріп, өте шықты. Сол-ақ екен, маубастығы көрініп қалың қой топырлай жөнелді. Ығыстырылып айдалған қойлар адамның бар екенін білді ме, жоқ па, иін-тіресе, адамды баса-жаншып, шұбырып, шуай жөнелді. Қойды екі жағынан қыспаққа алып қарап тұрғандар демдерін ішіне тартып, тырс етпей қалған. Кейінгі ұрпақ үлгі алғандай-ақ әрекет еді. Билер соты өз заманын осылай түзетпек. Алғашында былайғы тұрғандарға көрінген Түйебай бет-аузын қорғап, көзін тас жұма, мойнын бір жағына бұра, бұға түскені байқалған. Атқақтаған күзгі семіз, асау қойлар жатқан адамның бет-аузын, бар денесін баса ыршып, секіріп, жөңкіліп барады. Түйебайды басың-көзің демей, өткір тұяқтарымен жаншып, ойнақтауда. Жүз қойдың сеңі өтіп болғанша тыпырлай алмай, керіліп жатқан адамның да болары болған шығар. Әне-міне дегенше, қой өтіп те бітті. Түйебайдың бет-жүзінде адам сиқы қалмаған. Көзінің айналасын, бет-мұрынының үстін мүйіз тұяқ айғыздап, талқандап кеткен. Әсіресе сол жақ көзі жұмылып, ісіп, қызара қанталап, шорланып кетіпті. Өзі әлсіреп, талықсып қалған екен. Бағанағы жігіттер енді оны шешіп, тұрғызып, киімдерін кигізіп жатты. Жаманбай оған соңғы бір ауыз нақылын ақыл етіп айтып:
– Е, батыр, енді күнәң жойылды, ақталдың. Досың аз, дұшпаның көп болса, жер боласың. Ақылыңнан ашуың көп болса, қор боласың. Ендігісін өзің біл, – деген. Жаңағы шорланып қанталаған көзіне бір ай өтпей, ақ түсіп, осы көзі әппақ бола шодырайып, сыртына шыққан. Басқаның жаны ауыратынын ойламаған әумесердің ақыры бір көзі көрмейтін кем болып тынған-ды. Оның есесіне төркініне қайтарылған Тәйімхан туыстық жағынан ет жақыны болмаса да, Жаманбайдың қарауында бар азаптан құтылып, балаларын өсіріп, ержеткізіп келе жатты. Жаманбай оны баяғы өз аға-жеңгесінің қолына да бермеді.