//

Елі еркіндік алған, тілі түрмеде қалған…

815 рет қаралды
1

18047e02e7797f18e8e868929c171b18Бұл бассыздықтың шеті мен шегі бола ма?.. Қазақ тілінің кемсітілуіне, келімсектердің кердеңдеуіне қашанғы шыдаймыз?..

Тағы бір рухты қазақ, ұлт жорналшысы Жарылғап Қалыбайды қалқан қылып, сылтау етіп,  анамыздың тілін табанға таптап жатыр…

Қазақ тілінің шынайы жанашыры, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы Мұхтар ШАХАНОВ ағам: «Ұшақтар да, әуежайлар да, сол сияқты мекемелердің бәрінде әлі күнге дейін қызмет көрсету тек қана орыс тілінде жүргізіліп келеді. Бұл бір ғана Жарылғап Қалыбайдың басында болған жағдай емес, қаншама қазақ баласы осындай тілдік кемсітушілікті бастан кешіруде. Қарап тұрсаң, бүтін ұлт тілдік тұрғыдан кемсітушілікке ұшырап жатыр» – деп, қашанғысындай ақиқатын айтып, алдаспандай бір-ақ кесті.

Мұқаңмен мұңдас қазақтың қайсар ақыны Қазыбек ИСА да ешқашан әділ сөзден тайынған, адал пікірден қаймыққан азамат емес. Қазекең де мәселенің мәнісін төтесінен қойып, төбесінен дөп түсті.

«Ата Заңымыздың орындалуын талап еткені үшін Қазақстан азаматы сотталып жатса, онда «Қазақ мемлекеті Тәуелсіздік алған ба, өзі?» – деген сұрақтың туындауы да сөзсіз! Басы бар, миы бар, қазақы қаны бар кезкелген Қазақстан азаматы осылай ойлайды! Құқықтық мемлекет болуға ұмтылысымыз рас болса, Ата Заңды талап еткен Қазақстан азаматы Жарылқап Қалыбайдың қамалуына кінәлі Скат компаниясының «заң білмейтін» қызметкерлері жауапқа тартылуға тиіс… Қайсарлық танытқан Жарылқаптың жасағанын – бар қазақ жасауы керек!

Бар кінә – біздің бейшара биліктен бастап, биліктен еш айырмашылығы жоқ бейшара орыстілді оппозицияға дейін үрке қарайтын «Қазақ тілінде сөйле!» деген талапта болып тұр… Егер 22 жыл бойы мемлекеттік тіл Ата Заңға сай өз орнында болып, 7-ші баптың 2-ші тармағы, яғни, орыс тілі туралы тармақ жоқ болса, бүгінде қазақ тілін аспанда да , жерде де бәрі білер еді де, тіл мәселесі болмас еді. Яғни, бұл 2011 жылғы Мұхтар Шаханов бастаған 138 зиялы қол қойып, қолдаушылар саны 18 мыңнан асып кеткен Ашық хаттың маңызы күннен-күнге арта береді деген сөз.

..Бар саясат – тілден басталады. Мұны біздің билік білмейді емес, әдейі істемейді. Себебі, біздің шенеуніктердің 90 пайызы бала-шағасымен қосылып, мемлекеттік тілді білмейді. …Мемлекеттік тіл туралы мықты заң қабылдап, Ата Заңның 7-ші бабынан орыс тілі туралы 2-ші тармақты алып тасталмай, көрген күніміз осы! Жайлап болса да, жарылатын затты жасырып, «бұл мина емес» дегеннен, оның жарылмай қалмайтынын… естен шығармайық! ХIX ғасырдың өзінде зар заман ақындарының заңғары Мұрат Мөңкеұлы «Мен қауіп еткеннен айтамын!» – деп, босқа зарлаған жоқ…» – дейтін сөздерімен «Ақ жолдың» ақтаңгері қара қылды қақ жарды.

Жақаңның ұлы Бекзат Қалыбай: «…Әкем: «Қазақстанда тұратын әрбір адам қазақша білуге және сөйлеуге міндетті» деп, әңгіме біраз жерге барған. Жолаушылардың көбі орыстілді қазақтар болғандықтан, әкемнің қазақ тілін білу туралы сөздері олардың да «намысына» тигенге ұқсайды. Ұшақ Алматыға келіп қонған жерде әкемді полиция алып кеткен» дегенде, намысы тұтанып, ашуы қозбаған қазақ қалмаған шығар?!.

Ал, Ж.Қалыбайдың жары Алтынай Қабиденқызының: «…Жолдасым жолсерік жігітке: «Айналайын, сен Қазақ елінде тұрсаң, қазақ тілін білуге міндеттісің. Тіпті, білмесең де, менің құқымды шектеме» деп жатыр екен. Әлгі жігіттің: «Мен қазақ тілін білмеймін, білгім де келмейді» дегеніне, шыны керек, менің де қаным қарайып шыға келді…» – деп, жазған арнайы хаты ұлттық рухы өлмеген әрбір бауырымыздың жүрегін сыздатып, жігерін жаныды…

Әйткенмен, «Бір анадан ала да, құла да туады» демекші, ұлт тілі үшін сүттей ұюдың орнына, айрандай ашып, үй ішінен үй тіккен бір интернет сайт «айызы қанып», Жақаңды былайша аяусыз айыптапты: “Ұшақтағы кикілжіңнің төркіні қазақ тілінен туындап, сол әрі қарай ушығып кетті» дейтіндей негіз жоқ. Біріншіден, Жарылқап Қалыбай Мұхтар Шаханов, Қазыбек Иса сықылды қазақ тілінің қамын ойлап, митингілеп жүрген адам емес. «Жарылқап бас болып, қазақ тілінің конституциялық мәртебесінің орындалуын талап етіпті» дегенді бұған дейін естімеппіз. Екіншіден, Ж.Қалыбайдың журналдарындағы тіл тазалығы да оңып тұрған жоқ. Мәтін былай тұрсын, тақырыптарында орысша тіркестер өріп жүреді…”

Жақаңды қаралауда алдына жан салмай, зәбір сөздерін зорға тоқтатқан мақала авторының ана тіліміз үшін күресте жеке бастың өкпесі мен пендешілік ренішін ысырып қоя алмай, қызды-қыздымен қалың қазақтың қамын ұмытып кеткені өкінішті-ақ…

 

Ресейлік «SCAT» әуекомпаниясының бас кеңсесі қазағы қарақұрым Шымкент қаласында орналасса да, қызметкерлерінің қазақ тілінде сөйлей алмауы – солтүстік көршіміздің бізге деген «шын сыйластығын», айтыла-айтыла жауыр болған «достық пейілін» айқындаса керек. «SCAT» әуекомпаниясының PR-қызметінің бастығы Виктор Ульянов та Қазақстан заңдарын белінен бір-ақ басып, жат елдің тілінде: «…Жолсеріктер әуежайға қонған соң, қауіпсіздік қызметіне хабарлайтындарын айтқан кезде ол (Жарылғап Қалыбай) тілдік мәселеге жабысқан» дей келіп, «жолсерік ескертуді қазақша айтқан» деп, өтірікті соғып жіберді…

Несін жасырамыз, о бастан орыстардың мәдениет деңгейінің төмендігін күллі әлем біледі. Мысалы, жер жаһанға мәшһүр немістің «Люфтганза» әуекомпаниясының ұшақтары Қазақ­станға ұшар алдында қазақша сөйлеп, ұлтымызға лайықты құрмет көрсетеді.

Қазақша сөйлегені үшін қамауға түсіп, үш тәулік быламықты қорек қылған ұлт жорналшысы бостандық баспалдағын басысымен, Алматы қаласының прокурорына шағымдана­тындығын мәлімдеп жатқанда, Көлік және коммуникациялар министрі Асқар Жұмағалиев Тwitter-дегі парақшасында: «Азаматтық авиация комитеті жақын күндері әуе компа­нияларының барлығын қатыстыра отырып, арнайы жиын өткізеді. Қаралатын мәселе – жолаушыларға қызмет көрсету стандарттары, борт-серіктердің біліктілігі және қазақ тілін білу деңгейі болмақ» деп жазды. Азаматтық авиация комитетінің аяқ астынан мұндай шара өткізуіне журналист Жарылқап Қалыбайдың қамалуы себеп болған секілді.

Қазақ топырағында қызмет ететін кезкелген ұжым қызметкерлерінен қазақ тілінде сөйлеуді талап ету – әрбіріміздің конституциялық құқымыз. Мемлекеттік тілден мақұрымдармен қай кезде де заң шеңберінде күресуіміз керек. Жарылқап Қалыбайдың мәселесі бойынша, құқық қорғау органдары сол рейстің жолаушылары туралы мәлімет алып, әділ тексеру жүргізу қажет. Қазақ тілін қорлағандарды жұмыстан шығарып қана қоймай, қылмыстық жауапқа тарту керек.

Әйтпесе, 2013 жылы 29 қаңтарында Алматы қаласының әуежайына 5 шақырым жетпей «Көкшетау-Алматы» бағытындағы «Challenger-200» ұшағы апатқа ұшырап, 20 адам көз жұмса да, жұмысын тоқтатпай жалғастыра берген «SCAT» әуекомпаниясы өздеріне жазылған заң да, тәртіпке салатын сот та жоқ, деп ойлап қалуы әбден мүмкін…

Шындап келгенде, бар мәселе – тәуелсіздік алғанына 23 жылға таяған өз үйінде туған тілінің өгей екендігінде!.. Сөз көп, уәде шексіз, бірақ, іс жоқ, нәтиже мардымсыз…

Әне, біреулер: «Қазақ тілі қапасқа қамалды!» деп даурығып жатыр. Құдайым-ау, ана тіліміздің абақтыда «тұрып жатқанына» 90 жылдан асып кетті емес пе? Жер бетінде елі еркіндік алып, тілі түрмеде қамалған жалғыз жұрт бізбіз! Әйтеуір, бір нәрседе БІРІНШІ екенбіз?!.

«Шүкір!» дейміз бе – қайтеміз?!.

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА, 

“Қазақ елі” Халықтық қозғалысының төрағасы

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Ана тілімізді қайта-қайта қорлау – ұлтымызға қарсы ұдайы жүргізіліп отырған саясаттың салдары. Оны ұйымдастырушылар тілімізге қарсы бірінші рет қастық қылғанда халықтың дүркілін, дүмпуін (резонансын) күтті. Бірақ біз, біреуіміз білсек, екіншіміз білмегендей сынай таныттық, біреуіміз естісек, екіншіміз естімегендей болдық. Содан олар қазақты намысы жоқ бейшара деп түсініп, қайта-қайта қорлап жүр. Олардың тілімізді қорлауы әдет болды. Өйткені өзіміз олардың алдында ана тілімізді жығып бердік. Біз бір кісідей болып дүр көтерілуден қорқамыз,(көтеріліп, қара күшке сеніп мәселені шеше алмаймыз да ғой) себебі әрбіреуімізді бір нәрсеге болса да тәуелді қылып қойды. Біреуі жұмысынан айырылудан қорықса, екіншісінде несие-кредит бар. Үшіншісі жағдайын дұрыстап, “осы жағдайымнан айыра көрме” деп қалтырап отыр. Төртіншісінде төрт түрлі себеп бар. Сөйтіп халықтың әр топ өкілдерін әр түрлі жағдайға келтіріп, ұлттық мүддені ойлаудан аластатқан. Қу тірлікке алаңдатқан, басын даң қылған ақпарат ағымы да негізімізді ұмытуға “көмектесіп” жатыр. Қай уақытта қазақтың күйреп, әбден жаһданып жоғалып кеткенін күтіп жүрейік пе?! Қазаққа этномәдени дәстүр мен имандылық оралмайынша, өз ұлтын сүйіп,құрметтемей, әр отбасы өз балаларының бойына осыларды сіңіртіп отырмай жағдай түзеле ме?! …Бірақ жаһанданумен күресті тоқтатпайық! Қазақтың өз еркімен азып бара жатқаны бәрімізді күреске жұмылдыруы қажет!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар