//

Нұрғали Ораз: Қала, қымыз, қора және қыран

1057 рет қаралды
1

Текелi

текелиТау қойнауына орналасқан шағын қала. Облыс орта­лығы – Талдықорғаннан небары отыз шақырым. Екi қа­ланың арасындағы жол… Жол емес-ау, даңғыл. Рас айтам. Әлемдегi ең озық стандарттарға ұялмай-қызармай жауап бере алады. Өзiмiзше түйiндесек, «Тақтайдай теп-тегiс».

Ал ендi, осы жолдың қос қапталындағы сұлу табиғат көрiнiстерiн айтсаңызшы! Оны тiлмен суреттеп жеткiзу — қиын-ау, қиын. Оған тек, таңдай қағып, бас шайқап отыра бергеннен басқа амал жоқ.

Қос қапталдағы бау-бақшалы жазық алқап бiткен жерден басталатын биiк таулар тiзбегi көкшiл мұнар шымылдық секiлдi өзiнен арғы дүниенi көрсетпейдi.

Қазақстан картасында жiп-жiңiшке көк жолақ сызық болып көрiнетiн әйгiлi Қаратал өзенi де, мiне, осы Текелiден басталады. Тау шатқалын жаңғырықтыра сарқырап аққан қос өзен – Шажа мен Қора қаладағы ГЭС тоспасына жете бере қосылып, ары қарай Қаратал деген атауға ие болатын сыңайлы.

Ал оған дейiн бiрi – Шажа, бiрi – Қора. Мың сан бұ­лақ­тардан түзiлген Шажа өзенi мөп-мөлдiр-ау, мөп-мөлдiр. Түбiне шөк­кен майда құмның арасынан жылтырап, күн көзiне ша­ғылыса жалт-жұлт еткен алтын қабыршақтар көрiнедi. Қызы­ғып кетiп, құммен бiрге уыстап алып қарайсың. Жұп-жұқа, бит­тiң қабығындай ғана дүние. Сөйтсе де оны қайтып суға тастауға қимайсың. Өзiңде алып қалғың келедi. Өйткенi, ол — алтын ғой!..

«Баяғыда бiздiң ата-бабаларымыз жаңа сойылған малдың терiсiн осы өзенге лақтырып, сона-а-ау төменгi жақ­тан тосып алады екен. Тастан-тасқа секiрiп, тулап жатқан тентек өзен әлгi терiнi ұмар-жұмар ғып әкеледi. Ал содан соң оның суын сорғытып, күнге кептiрiп, құмын қаққан кезде, алтын қабыршақтар жалтырап, жүнге iлiнiп қалатын көрiнедi» дегендей қызықты да таңсық әңгiмелердi осы өңiрден естисiз.

Шажыға қарағанда, Қораның суы мол әрi тегеурiндi. Бiрақ, оның түсi боп-боз. Кей тұстарда, тiптi, ашыған боза секiлдi қыжылдайды. Осының бәрiн бүлдiрiп жатқан анау-ау таудағы бiр бөртпе, әк тастардан құралған борпылдақ шың көрiнедi. Қора өзенi сол шыңды үңгiп, кемiрiп ағады екен. Сондықтан да оның түсi боп-боз болмай қайтсiн. Тап бiр үй ақтауға арнал­ған әк сияқты. Оның үстiне бұл Қора өзiнiң бүлiнгенiмен қой­май, күркiреп келiп Шажыға қосылады да, бүкiл Қараталдың өңiн өзгертiп, түсiн қашырып жiбередi. Өкiнiштi-ақ…

Әйткенмен, Текелiге барған кiсi өзiн қалаға емес, жай­лауға келгендей сезiнедi екен.

Қымыз

Әрине, қымызды аңсайсыз. Тап-таза ауа. Жап-жасыл өлке. Көгiлдiр тауларды көргенде, қаныңыз қызып, түп-тамырымыздан, ата-бабамыздан бермен қарай жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан тылсым түйсiгiңiз оянғандай болады.

Бiрақ, бұл қала ғой. Ал қалада… Дегенмен, тұс-тұсқа теле­фон шалып, iздестiрiп көруге болатын шығар-ау.

Бiзге Текелiдегi бал қымыздың бiр дерегiн бiлдiрген iнi­шегiмiз – облыстық «Жетiсу» газетiнiң беделдi де белсендi қыз­меткерi, қарымды қаламгер Мәди Алжанбай мырза болды.

— Текелiдегi Ашытқы зауытының артында, шамамен, бiр шақырымдай жерде Бүркiтбай ағамыздың фазендасы бар. Бие байлайды. Қымызы балдай. Қаласаңыздар, мен сiздерге ол кiсiнiң телефон нөмiрiн СМС-пен жолдайын,  — дедi ол.

Қора

«Фазендаға келiңiздер, — деген Бүркiтбай Файзуллаұлы ағамыздың жұмсақ даусын естiдiк. – Қымыз бар!».

Ашытқы зауытының ар жағында сылдырап өзен ағып жатыр екен. Жағасы ну тоғай. Қалың жыныс. Әйтсе де, арғы бетке өтпедiк. Бергi беттегi жолмен өзендi бойлап бiраз жүрдiк. Сосын биiк ағаштардың саясындағы шағын үйдi, үлкен қораны көзiмiз шалды.

Фазенда – шеттен енген сөз. Осы күнде бiртүрлi сүй­кiмдi, құлаққа жағымды сөз болып барады. Оған, сiрә, жыл он екi айға созылатын шетелдiк сериалдар себепшi болған шығар-ау. Бөтен ел, бөгде жұрттағы қызық өмiр, жанға жай­лы тұрмыс, бiз үшiн түкке тұрмайтындай болып көрi­нетiн қайдағы-жайдағы бiр махаббат, қызғаныш мәселелерi және олардың соған бола күйiп-пiсiп, жылап-сықтап жүргендерi… Пәлi! Бiздiкiмен салыстырғанда, нағыз рақат, өңiң түгiлi, түсiңде де көрмейтiн асқақ романтика емес пе!.. «Әйтсе де, фазенданы өз тiлiмiзде қалай деушi ек?..» деген ой түртедi сананы.

Көңiлдегi бiр кәнiгi сарашы ернiн жыбырлатып, сауса­ғын бүгiп, осынау ұғымға байланысты қазақ сөздерiн сана­малай жөнеледi. Жайлау… Қыстау… Жо-жоқ! Қора… Иә, иә, қора ғой, қора! Баяғыда: «Ана-а-ау бiр қарайған не нәрсе өзi?!» дегенде, «Е-е, ол Кәдiрбек байдың қорасы ғой!» демеушi ме ек. Иә-иә. Дейтiнбiз. Деушi едiк-ау!..  Ау, ендеше…

Қапысы жоқ. Қора деген сөз дөп түсiп тұр емес пе төбе­сiнен. Бiрақ, бiз… Бiз бүгiн қора демеймiз. Фазендаға қарай көңi­лiмiз ауа бередi. Талғам ба? Талғам! Әй, ендеше, таласпай-ақ қоялық…

Әйтсе де…

Дегенмен…

Көңiлде бiр түйткiл қала бередi. Амал жоқ. Бәлкiм, анау Қора өзенiнiң де таудағы әк тастарды талқандап, боз-боран боп ашуланып жатқаны содан болар-ау, кiм бiлсiн…

Қыран

Қораның жанында бiр мая шөп үюлi тұр. Сап-сары. Шама­сы, былтырдан қалған болуы керек. Алғашында бай­қамаппыз. Әлгi маяның түбiнде, биiк ағаштардың қою көлеңкесiнде қос қыран отыр екен қасқайып. Ұшып кетпесiн деп, аяғынан байлап қойыпты. Қызықтап, оларға қарай жақындай түскенiмiзде:

— Байқаңдар, — дедi Бүркiтбай аға ақырын ғана ескерту жасап. – Шүйлiгiп жүрмесiн!

Бiз тайсақтап қалдық. Қыранның жанары өткiр. Әрбiр адымымызды аңдып, қыран көзiмен қалт жiбермей бағып отырған секiлдi. Қапелiмде:

— Аға, бүркiт ұстайды екенсiз ғой? –деген сұрақтың аузымыздан қалай шығып кеткенiн аңдамай да қалдық.

— Иә, — деп жымиды үй иесi. – Менiң атымның Бүркiтбай болуы да жайдан-жай емес қой.

Бiз ендi, қымыз iшiп отырып, қыран туралы әңгiме тыңдауға құмарттық.

Бүркiтбай

Буркитбай Файзулла 1— Монғолияның Баян Өлгей аймағындағы Бұлғын ауы­лында туып-өстiм. Ол жердiң табиғаты, мiне, осы Теке­лiге ұқсайды. Таулы, нулы өлке. Биiк шатқалдан баста­латын Бұлғын өзенi Қытайға өтiп барып, Ертiске құяды.

Iлгерiде ұлы атам Шамия (Шудабай) да, өз атам Нұртаза да репрессияға ұшырап, атылып кетiптi. Ол екеуi де елге мәлiм бүркiтшi, саятшы болған кiсiлер екен. Иелерi қайтып оралмағаннан кейiн, ауылдағылар олардың бүркiтiн босатып, еркiндiкке жiберiптi. Ал содан соң, қолдан жем жеп үйренген қос бүркiт алысқа ұзамай, қора-қопсыны төңi­ректеп ұзақ жүредi. Бәлкiм, иесiн iздейдi… Күтедi… Бiрақ, өздерiн кең (Суретте: Бүркітбай Файзуллаұлы) далаға алып шығып, аңға салатын иелерi көрiнбеген соң олар да жабығып, ашығып, сол төңiректегi малға, құсқа түсе бастайды. Сөйтiп, Бұлғын ауылын қан қақсатады…

Ақыры атамның iнiлерi әлгi екi бүркiттi атып өлтiрiп, арулап көмген екен деседi…

Кейiн менiң әкем де ержетiп, ат тiзгiнiне ие болған шақта бүркiт асырайды. Ес бiлiп, етек жапқаннан бiлетi­нiмiз, бiздiң үйде үш бүркiт болатын.

Әкемнiң ағасы Зейнолла да саятшы едi. Сол кiсiнiң Дағжан деген ұлы екеумiздi олар ылғи да түлкi үркiтуге апаратын…

Алыста қалған туған жер, балалық шақтың үзiк-үзiк сурет­терi көз алдына елестеп, қол бұлғағандай болды ма, осы бiр тұста Бүркiтбай ағамыз әңгiмесiн үзiп, бiр уақ үнсiз қалды.

Содан соң:

— Баламыз ғой, — дедi жымиып. Бұлғын тауының бөктерiне ойша сапар шегiп отырғандай. –Дағжан екеумiз айқайлап, дабыл қағып түлкiлердi үркiтемiз де, биiкте тұрған әкелерiмiз жаққа қарап: «Түлкi кеттi, түлкi кеттi!» деп айқайлаймыз. Сосын жақын маңдағы жақпар тастар­дың қуысына барып тығыламыз. Өйткенi, төмен қарай шүйлiгiп келе жатқан бүркiттерден зәремiз ұшып, қатты қорқушы едiк.

Олар болса, зымырап қашып бара жатқан түлкiлердi бiр теуiп өтiп, кiлт көтерiледi де, қайта шүйiледi.

Мiне, осындай қызық суреттер қалыпты көз алдымда…

Жалпы, менiң өзiм де он сегiз жасымнан бастап аңға шығып, саятшылық құрып, бүркiт сала бастадым. Осы өнерге — бүр­кiт­шiлiкке, саятшылыққа байланысты мың жарымнан астам сөз бар дейдi екен тiл мамандары. Әй, менiңше, одан да көп-ау. Көп!..

Қарт саятшы

Жасы тоқсанға келсе де аттан түспей, саятшылық құрған Машан Уәлиұлы деген атамыз болды.

Бiрде iнiсi Зейнулла екеуi тауға, түлкi аулауға барыпты. Ма­шан атамыз дабыл қағып, айқайлап түз тағыларын үркiткен кө­рiнедi. Ал Зейнулла биiктен шолып, қолына бүркiтiн ұстап тұрыпты.

Бiр кезде қыран шүйiле жөнеледi. Ағып барып, әп-сәтте бiр қызыл түлкiнi ұмар-жұмар ғып, бауырына басып алады. Сол сәтте атын екпiндетiп Машан қария да жетедi. Бiрақ, ерден қарғып түскен бойда қалшиып тұра қалады. Не ары, не берi қозғалмайды…

Қыр жақтан шауып келе жатқан Зейнулла болса айқайлап: «Оу, ұмтылсаңызшы! Ұмтылсаңызшы. Түлкi бүркiттiң аяғын шайнап тастайтын болды ғой!» деп жанұшырады.

Әншейiнде түлкiнi сойылмен бiр соғып, қыранды ажыратып ала қоятын қарияң бұл жолы да селт етпейдi. Содан не керек, Зекең атынан қарғып түсiп, қыранды ажыратып алған соң Машекеңнiң жанына келедi ғой.

Сөйтсе, аттан қарғып түсемiн деген қарияның шалбарының ауы ердiң басына iлiнiп, өзi не iстерiн бiлмей салбырап тұрған екен ғой!..

Таудағы тұман

— Бiрде бес-алты жiгiт саятшылық құрып, аңға шықтық. Алғашқыда аспан ашық едi. Бiрте-бiрте күн райы өзгерiп, тауға жақындаған кезде айнала-төңiректi боз тұман басты. Сонда да қиқулап аң үркiтiп, таса-тасадан шыға қашқан түлкiлерге қаратып, бүркiттердiң томағасын тарттық.

Шүйлiгiп түскен әуелгi қыран лезде қайта серпiлiп, көкке көтерiлдi. Өйткенi, түлкi «м» әрпi секiлдi жиырылып, айбар көрсете қалған екен. Бүркiтшiлер мұндайда: «Түлкi кергiдi!» дейдi. Кергiген түлкiге қыран бiрден түсе алмайды.

Бiр қызығы, керi серпiлген қыран қайта шүйлiккенде электр бағаналарына тартылған сымға соғылып, төмендеп кеттi…

Мiне, осы сәтте келесi бүркiт әлгi түлкiге шеңгелiн қадап, төне кеттi. Ал анау, сымға соғылған қыран болса, өз бағытынан ауытқып барып, басқа түлкiге түстi.

Япыр-ай, аңшылық дегендi қойсаңызшы бұл!.. Түрлi-түрлi қызықтарға кенелесiз ғой. Өз қыранының сымға соғылып, басқа түлкiге түскенiн аңдамай қалған бүркiтшi әлгi, кейiнгi шүйлiк­кен қыранды ажыратып алып жатып: «Ой, ой, мынау менiң бүркiтiм емес қой! Менiң бүркiтiм емес қой!» деп сасқалақтап, қайта-қайта басын шайқап қояды, — деп Бүркiтбай ағаның өзi де күлiп, бiздi де күлдiрiп бiр тоқтады.

Атажұрт

— 1991 жылы, ел Тәуелсiздiк алғаннан кейiн, атажұртқа көштiк. Жетiсуға келiп, Талдықорған облысының Ескелдi ауданындағы Абай ауылына қоныстандық. Содан кейiн Ұлан-Батыр өлкесiнде тұратын 112 қазақ отбасын ұйымдастырып, көш тiзгiнiн атамекенге қарай бұрдық.

Ал 2004 жылы отбасыммен Текелi қаласына қоныс аудар­дым. Бұл жер мен туып-өскен Бұланды аймағына өте қатты ұқсайды.

2007 жылы шағын кәсiпкерлiктi қолдау бағдарламасы бойынша несие алып, мiне, мынау фазенданы салуға кiрiсiп кеттiм, — дейдi ағамыз ақ кесеге құйылған бал қымыздан ұрттап қойып.

Ара-арасында, әрине, бiзге де: «Алыңыздар! Қолдан ашы­тылған, бапты қымыз ғой!», — дейдi.

Тәрбие

Бүркiтбай ағаның бәйбiшесi Дәригүл жеңгей үй iшiн, ыдыс-аяғын өте таза ұстайтын berkutұқыпты кiсi екен. Оның үстiне көрпе көктеп, кесте тiгiп, қолөнершiлiкпен де айналысатын өнерi бар көрiнедi.

— Ғалымбек, Жасұлан деген екi ұлым бар. Құдайға шүкiр, олар да өзiм сияқты атқа мiнiп, аңға шығады. Құс салады. Алдыңғы жылы Ақбөрте деген қыранымыз Ұзынағашта өткен «Сонар — 2011» сайысына қатысып, чемпион атанып қайтты.

Бұл өзi, шынына келсек, ата-бабадан қалған асыл мұра, киелi өнер, ұрпақ тәрбиесi ғой. Өкiнiшке қарай, өз деңгейiнде дәрiптей алмай келемiз. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан iз кей тұстарда, амал жоқ, үзiлiп қалады… (Суретте: Бүркітбайұлы Жасұлан)

Менiң немерем қазiр ителгi ұстайды. Осы бiр қырағы, шапшаң, ептi құстың ерекше қасиетi оған үлгi болатынына өз басым шүбә келтiрмеймiн. Табиғат сырын ұғып өскен жанның жүрегi сезiмтал, жаны нәзiк, қайырымды, жомарт болады емес пе, — дейдi Бүркiтбай аға.

Қайтар жолдағы ой

Ашытқы зауытының арт жағындағы өзендi жағалап, манағы келген жолымызбен қайтып келемiз. «Қымыз iшуге барып ек, қызық әңгiме тыңдап, сырласып қайтқандай болдық-ау! — дегендей бiр ризашылық бар көңiлiмiзде. — Апыр-ай, арақ iшуге барсақ не болар едi?!.».

Нұрғали Ораз

Нұрғали Ораз

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Ай ағалара ай! Осы Арақ ішсек қалай болады деген сөзді қашан қоясыздар?

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар