/

Ақселеу мен Алматы және «Ақшам»

2107 рет қаралды
1

«Алматы ақшамының» мерейтойы өтер күн жақындаған сайын бір кісі есімнен кетпейді. Кісі болғанда қандай десеңші!

Ақаң – Ақселеу Сейдімбек.

akceleuАқселеу Сейдімбек – кешегі Ақаңдардың көзі еді. Алаш ардақтыларының бәрімізге аяулы бейнесін елестететін, ұдайы ел қамын ойлаған, ұлт жұмысына жегілген жампоз еді. Білмейтіні жоқ еді. Әлдебір мәселе төңірегіндегі күдікті, күмәнді ой Ақаң айтқанда қисынын тауып, шідері шешіліп жүре беруші еді.

Өмірінің соңғы күндерінде қазақтың бұқаралық ақпарат құралдарына, оның ішінде телеарналардың жағдайына айрықша алаңдап, бірнеше мәрте социологиялық тұрғыдан егжей-тегжейлі зерттелген мақалалар сериясын жариялады. Бүгінде қазақ баспасөзінің тұтас тұжырымдамасын айқындап беріп кеткен сол еңбектерге зер салып жатқан кім бар?! Еліміздің ақпарат кеңістігіндегі мемлекеттік тілдің қолданыс аясы пайызға шағылып, тайға таңба басқандай етіп берілуімен қатар, сол телеарналардағы дүниелердің ұлттық ұғымға қайшы, ұлттық танымға үйлеспейтін, сай келмейтін тұстары үлкен парасат-пайым тұрғысынан зерделеніп еді-ау. Бүгінде осынау дап-дайын еңбекті біздің жас лекторларымыз, тіпті, саясаттанушыларымыздың өзі орынды пайдалана білмейтіні өкінішті.

Дүние дидарынан даналық іздеп жүріп, өзі де сол биікке көтерілген көркем көкеміз-ай!

Тал бойынан тектіліктің ұшқыны емес, нақ өзі бұрқырап тұратын аса зиялы, бекзат болмысты, өз ұлтын шексіз сүюді қайта тумас дүниелерімен ғана емес, сұңғыла сөзімен де дәлелдеп жүретін, жаратылысы алабөтен, дара туған тереңіміз-ай! Басқасын былай қойғанда, «Алматы ақшамының» 20 жылдық мерейтойына арнайы келіп, ұлт көкейіндегі алуан түрлі мәселелерді әріптестердің шымбайына батыра айтқаны ұмытылмастай болып қалды.

«Алматы ақшамына» берген соңғы сұхбатында:

– Алматыны өте қатты сағынамын. Алматы – мені адам ретінде қалыптастырған қасиетті ордамыз ғой. Ол – исі қазақтың рухани алтын бесігі. Түбіт мұртымыз тебіндеген бозбала кезімізде бір көйлек, бір шалбармен ғана келіп едік. Онда бірде-бір досымыз, не танысымыз жоқ. Ал сол Алматыдан кетерде Әлкей Марғұлан, Ғабит Мүсіреповтер менің әкемдей болды. Ардақты, аяулы достармен табыстық. Қазақтың дарынды азаматтарымен өмірімізді, тағдырымызды ортақтастырдық. Ол — өмірбаяныма айналған нәрсе. Алматы – менің өмірбаянымның ең асыл, ең есті кезеңдерімен кіндігі байланған. Сондықтан Алматыны сағынбау, Алматы үшін құрбан болмау мүмкін емес. Онда адамдық қасиетті жоғалтқаның ғой, – деп еді жарықтық.

Қайран, Ақаң!

Қали СӘРСЕНБАЙ6 «Алматы ақшамы»

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Мына үзінді сұқыбаттан мен керемет ештеңе көре алмадым. Бұл кісіні мақтағанда “Қазақтың бейпіл сөздері” деген ұяттан безген кітабын неге айтпайсыздар?

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар