///

Қара Ертіс – қарындасым

769 рет қаралды

 

kE“Түркістан” газетінің жанынан құрылған “Алдаспан” интеллектуальды клубында қарашаның 14-інде, сағат 15.00-де “Трансшекаралық өзендер: Проблемалары мен Қазақстанға төндірер қатері” тақырыбында өтетін дөңгелек үстелге қатысушыларға!   

 

Қара Ертіс – қарындасым  

Жат қолында жаутаңдап, қиналады қыршын қыз,

Қара өкпесі қазандай бұл ұрпаққа құлқы мұз.

Көтергенім әсте емес кеупая сөз желігін,

Кеспей айтсам, бас түгіл, тілімізді қырқыңыз.

 

Қызыл күрең балтырын, құмға малып шашасын,

Күндіз күнге, түнге айға ақ шуағын шашатын.

Қарт Алтайдың еркесі, тұла бойы тұңғышы,

Қара Ертістен бар ма екен, әсте ару асатын.

Қара көзді шел басса, хас сұлуды ылғар ма,

Қарындасқа араша түсетұғын ұл бар ма?

Бұ халімді кеше ме, бүгін, еретең, келешек,

Ықтырмасыз, қауқарсыз қари соққан ызғарға.

Қарындастың қайғысы қуырады жанымды,

Шырылдаймын шын айтып, іс қыла алмай қарымды.

Қан сонардай мойынын қылша бұрап қайырса,

Құрбан етпес жолына құдай ұрсын арымды!

Қаңсыса арна, ағыстың тиылғаны емес пе?

Қара күрең тамырдың қиылғаны емес пе?

Қайраңдаған қазағым, тілің симай аузыңа,

Қарға, құзғын жемтікке жиылады емес пе?

…Қара Ертіс бұрылса – суалғаны Жайсаңның,

Қара Ертіс буылса – қуарғаны майсаңның.

Боз тұманға шомылған тозаң тулап бөктерде,

Жайлағаны жүйкені жазылмайтын лайсаң мұң.

…Қара Ертісті кескені – кенезеңнің кепкені,

Көк желкеңе – көк болат, көстеңдейді кетпені.

Бауырынан Алтайдың буаз бұлттар толғатып

Босанбаса, бауырым, көзден бұлбұл кеткені.

Қара Ертіс, қазағым, асыл қаның емес пе?

Асыл қаның сыздаса, ашынғаның емес пе?

Қара Ертісті бұлқынтып, боғағынан буғаны,

Қазағымды қылқынтып, басынғаны емес пе?

Қайран Ертіс –

Қара Ертіс – қарындасым!

Бақытбек Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар