Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі
14.12.2013
Тәуелсіз Қазақстанның жеті қазынасы
Қымбатты отандастар!
Құрметті қазақстандықтар!
Барша арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған ұлық мереке – Тәуелсіздік күні құтты болсын!
22 жыл бұрын біз Мәңгілік Ел болудың бірегей қадамын жасадық. Дүйім дүниеге тәуелсіздігімізді жария еттік. Бұл – ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жеткен аса қасиетті күн. Бұл – ұрпақтарымыз ұлы елдің ұланы, азат елдің ақиығы атануына жол ашылған қастерлі күн. Бұл – тілімізді жаңғыртып, дінімізді қайтарған, тарихымызды түгендеп, тағдырымызды таңдаған ұлы күн. Тәуелсіздік – тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт. Бүгін Мәңгілік Еліміздің жаңа ғасырдағы жаңғыру жолы – «Қазақстан 2050» стратегиясы дүниеге келген күн.
Құрметті қазақстандықтар!
1991 жылдың 16 желтоқсанында әлем ұлттары шоқжұлдызында жаңа жұлдыз – Қазақстан Республикасы жанды. Осы күні біз өзіміздің Қазақстан Жолын бастадық. Біз ұлы миссияны жүзеге асырдық – Тәуелсіздіктің көшбастаушылары болдық. Уақыт – зымыран. Тәуелсіз Қазақстан дүниеге келген сәттегінің бәрі бүгін Мәңгілікке алыстап бара жатқан Тарих. Сол кездегі уақыт туралы біз қазіргі ұлы жетістіктерді салыстырып пікір айтамыз. Жиырма екі жыл бұрын біз тек экономикамызды көтере аламыз ба деп армандаған едік. Ал осы жылы Қазақстан әлемдегі бәсекеге аса қабілетті елуліктің қатарына ендік.
Тәуелсіздіктің таңсәрісінде біз ешқандай да әлемдік рейтингке енбейтінбіз. Біздің халықаралық рейтингіміз іс жүзінде нөлге тең еді. 2006 жылы мен дамыған елдердің «елулігіне» ену міндетін қойған кезде елімізде және шет елдерде өте көптеген адам бұл қадамды скептикалық тұрғыдан бағалады. Бірақ факт факт болып қала береді: біз бар-жоғы жеті жыл ішінде біз бұл міндетті шештік!
Тәуелсіздіктің алғашқы таңын біз өзіміздің жас валютамызды қолдау үшін өз қаржымыздың толықтай жоқ күйінде қарсы алдық. Үстіміздегі жылы біз Қазақстан теңгесінің 20 жылдық мерейтойын атап өттік. Тұрақты қаржы жүйесі табысты жұмыс істеп тұр. Елдің жиынтық халықаралық резерві өсу үстінде. Жақында олардың көлемі жақын арада 100 миллиард доллардан асып, тарихи рекордқа жететін болады.
Осы жылдар ішінде біз тиімді өңірлік саясатты жолға қойып, барлық облыстардың өсу қарқынын теңдестірдік. Осы жылы алғаш рет жергілікті әкімдерді сайлау өтті. 7 мыңнан астам кандидат қатысқан сайлауларда мәслихаттар екі жарым мыңға жуық аудандық маңыздағы қалалар, ауылдық округтер, кенттер мен селолар әкімдерін сайлады. Бұл – еліміздегі әкімдердің жалпы санының 91%-ы.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде сол кезде шегі жоқ болып көрінген аса ауыр әлеуметтік проблемаларды біздің қашан және қалай шеше алатынымызды, көп адамның көзіне елестетуінің өзі қиын еді. Бүгінде Қазақстанда халықтың әл-ауқатының сапасы артып келеді, адамдардың табыстары да ондаған есе өсті. Қарапайым цифр. 2000 мен 2013 жылдар аралығында қазақстандықтар бүкіл әлем бойынша шамамен 61 миллион шетелдік іскерлік және туристік сапарларға шыққан. Осы жылдар ішінде біздің елімізге шамамен 46 миллион шетелдік мейман келген. Бұл, бірінші кезекте, біздің азаматтарымыздың өсе түсіп отырған игілігі мен біздің Отанымызға жаһандық қызығушылықты көрсетеді.
Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша қазақстандықтар әлемнің 33 еліндегі үздік ЖОО-ларда оқиды. Болашақтықтар қазірдің өзінде 10 мың адамнан асып отыр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) деректері бойынша, 2012 жылы 65 мың қазақстандық түрлі әлемдік университеттерде білім алды. Бұл болашақтықтардан басқа оқуын ата-аналары төлеген ондаған мың жас қазақстандықтар. Осының барлығы қазақстандықтардың әл-ауқаты мен мүмкіндігінің артуы нәтижесінде мүмкін болды.
Әлемдік экономика үшін дағдарысты болған соңғы 4 жылда біз мұғалімдердің орташа айлық еңбекақысын 2 есеге жуық көтердік. Бізде 22 жылда нағыз автомобильдік революция жүзеге асты. Егер 1992 жылы жеке иеліктегі жеңіл автомобильдер 885 мың болса, 2013 жылы олардың саны 3 миллион 600 мыңды құрады. Бұл – өсім 4 еседен астам деген сөз.
Жиырма екі жыл бұрын Қазақстанға демографиялық құлдырау болжанған болатын. Бірақ бұл болжам, басқа да көптеген сұрқайлықтар секілді, ақталған жоқ. Тәуелсіздік жылдарында бізде 6 миллион 736 мың сәби өмірге келді! Біздің дәрігерлер дайындауға және, тұтастай алғанда, денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударып отырғанымыздың арқасында тек үстіміздегі жылдың 9 айында Қазақстанда жүрекке 40 мың түрлі операциялар жасалды. Олардың шамамен 10 мыңы ашық жүрекке жасалды! Осының барлығы тегін жасалады, демек, мемлекеттің ақшасына деген сөз! Бұл әлем елдерінде жоқ! Осы жылдарда «Болашақ» бойынша 560 білікті дәрігер дайындалды. Және олардың әрқайсысы адамдарды емдеп, жас мамандарға ақыл-кеңестерін айтады, тағылымдамадан өткізеді. Осының барлығы – денсаулық сақтауды дамыту, ана мен балаға, қарт адамдарға қамқорлық жасау туралы екі онжылдық бойғы жоспардың нақты нәтижесі. Ең басты нәтиже – орташа өмір сүру жасы өсіп, өлім-жітім төмендеуде, ел халқының саны артуда. Бұл – біз мақтана алатын негізгі және басты көрсеткіш.
Жиырма екі жыл бұрын біз дамудың дұрыс векторын таңдадық. Біздің Ұлы Ел жобамызды біз «Қазақстан-2030» Стратегиясында негіздедік және оны мерзімінен бұрын, бір жарым онжылдықта жүзеге асырдық. Тәуелсіздік бізге болашаққа батыл қарауға, алдағы перспективаларды айқын көруге мүмкіндік берді. Осы ұлы сыйды біз қазір «Қазақстан-2050» Стратегиясының тарихи міндеттерін шеше отырып, толығымен пайдаланудамыз. 37 жылдан соң аяқ басатын 2050 жылғы перспектива қазір алыс көрінеді, бірақ бұл – қысқа ғана уақыт аралығы. Біз көптеген қиындықтарды еңсере білдік және уақыт әркез біздің одақтасымыз болды. Әрқашан осылай болатынына сенімдімін.
Қымбатты отандастар!
Халқымыз үшін қашанда Жеті санының орны бөлек. Жеті ырыс, жеті қабат көк, жеті қазына: айта берсек жеті санына байланысты қасиетті ұғымдар өте көп. Еліміздің жаңа ғасырдағы басты бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясы да жеті басымдықтан тұрады. Тәуелсіздіктің тартуы ретінде халқымыз құн жетпес Жеті қазынаға ие болды.
Бірінші қазына – Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын ен жайлап, еркін көсілген Мәңгілік Еліміз. Біз шекарамызды шегендеп, іргемізді бекіттік, көршімен тату, алыспен сыйлас, ісі ілгері басқан жасампаз Ел болдық. Біздің мұратымыз – Мәңгілік Еліміздің асқақ болмысын аялап, 21 ғасырдың төріне оздыру.
Бірінші игілігіміз. Біздің қасиетті де лайықты еліміз – мәңгілік ел. Он төрт мың километрден астам талассыз шекарамыз біздің Отанымызды біртұтас монолитке шегендеді. Олар барлық шектес елдермен ізгі көршілестіктің шебіне айналды.
Екінші қазына – Ел бірлігі. Біз туған елімізді бейбітшіліктің бесігіне айналдыра білдік. Тыныштық арқылы тұрақтылық, татулық арқылы тұтастық төрімізге озды. Барша этностар ел иесі – қазақ ұлтының маңына ұйысты. Тегі бөлек болғанмен тілегі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір тұтас халық болды. Бірлік, береке – біздің басты байлығымыз, құн жетпес қазынамыз. Тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық, тілегіміз – татулық болса еліміз тарих төрінен табылады.
Тәуелсіздік халықты Ассамблеяның – бейбітшілік пен келісімді сақтаушының біртұтас шаңырағының астында тұтастыра түсті. Біздің рухани бірлігіміз – зайырлы мемлекет пен қоғамның басты іргетасы.
Үшінші қазына – тәуелсіздікпен бірге түлеген төл мәдениетіміз бен туған тіліміз.
Азаттықпен бірге ұлттық рухымыз асқақтады, мәдениетіміз мәңгілік құндылыққа айналды. Ата дініміз оралып, ана тіліміз тұғырына қонды. Қазақ тілі еліміздің мемлекеттік тілі ғана емес, түркі әлемінің жетекші тілдерінің біріне айналып келеді. Аймақтарға сапарларымның бірінде Ассамблеяның қазақша еркін сөйлейтін бір өкілі: «Мен мемлекеттік тілді меңгерумен бірге, 25-тен астам түркі тілдес халықтың мәдениетіне есік аштым», деген еді.
Қазір қазақ тілін көрші елдерден өзге Әзірбайжан мен Армения, Беларусь, Польша, Мажарстан, Оңтүстік Корея, Германия, Ұлыбритания, АҚШ мемлекеттерінің белді оқу орындарында оқытады. Бұл мемлекеттердің қатары жыл өткен сайын толығуда. Әйгілі Кембридж университетінде қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті туралы арнайы пән бар. Осының барлығы Қазақ тілін өзіміздің құрметтей бастауымыздың және оған қажеттілік күн санап арта түскенін көрсетеді. Мемлекеттің саясаты қазақ тілінің мәртебесін нығайтып, оның қолдану аясын кеңейте түсті. Ол отандық ақпарат құралдарының, мемлекеттік қызметтің, интернеттің, ғылым мен білімнің тіліне айналды. Оқушылар мен студенттердің басым көпшілігі қазақ тілінде білім алуда. Қазір барша қазақстандықтардың 70 проценті мемлекеттік тілді меңгерген.
Тәуелсіздіктің арқасында ұлттық мәдениетіміз қайта жаңғырды. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, кеткенімізді келтірдік, кемдігімізді толтырдық. Көмбелерімізді аршып, тарихымызды түгелдедік. Қазақтың асқақ өнері мен бай мәдени мұрасы әлем халқының рухани байлығына қосылды.
Төртінші қазына: индустриялық-инновациялық экономика. Индустриялық бағдарлама – біздің экономикамыздың болашағы.
Бүгінде біздің жеріміздің байлығы бүкіл халықтың игілігінде және соған қызмет етеді, халықтық әл-ауқаттың тұрақты артуы үшін жағдай туғызады. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, осы жылы Қазақстан минералдық ресурстарды басқару жөніндегі әлемдік рейтингте 19-шы орын алды. Біз жаһандық дағдарыстардың сабақтарын жақсы меңгердік. ХХІ ғасырда барлық табысты ұлттардың жолын индустриялық әлеует пен инновациялар айқындайды. Сондықтан индустриялық-инновациялық дамудың жоғары нәтижесі – Тәуелсіз Қазақстанның экономикалық бекемдігінің басты мәселесі. Индустрияландырудың алғашқы «бесжылдығын» жүзеге асыра отырып, біз 200 мыңнан астам жұмыс орны құрылған 700 мүлдем жаңа кәсіпорын салдық. Оған біз 2 триллион 100 миллиард теңге жұмсадық, бірақ бұл кәсіпорындар тек осы жылы ғана 2 триллион 300 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Осылайша, салынған қаржы қазірдің өзінде өзін өзі ақтап жатыр.
Бесінші қазына: Ұлттық байлығымыздың, әл-ауқатымыз бен әлеуетіміз түп негізі – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы.
Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы – ұлттық байлықтың түпнегізі. Қазақстан мен қазақстандықтардың қолындағы қазіргі бар нәрсеге біз тер төге еңбек етудің нәтижесінде жеттік. Еңбек әр адамды мейірбан, ал елді ұлы етеді. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы – Тәуелсіздікті нығайту жолындағы күрделі жұмыс кезінде туған біздің қазақстандық идея.
Алтыншы қазына: еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің бойтұмары, әсем қаламыз – Астана.
Бүгінде Астана – мемлекет қуатының архитектуралық жүзеге асуы. Оның жаңа орамдарында, алаңдарында, саябақтары мен сәулеткерлік шедеврлерінде біздің Тәуелсіздігіміздің Ұлы Тарихы айнадағыдай көрінеді. Сондықтан Астанаға деген сүйіспеншілік – әрбір қазақстандықтың біздің ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасына перзенттік сезімі. Бұл Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің альфасы мен омегасы.
Жетінші қазына: Қазақ елінің абыройын асқақтатып, бүкіл әлемді мойындатқан жаһандық жауапкершілігі мен барша адамзаттық бастамалары.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біздің еліміз өзін әлемге жауапкершілікті егемен держава ретінде жариялады. Әлемдік қоғамдастық біздің жаһандық ядролық қауіпсіздікті, мәдениеттер мен діндердің үнқатысуын нығайту туралы бастамаларымызды жоғары бағалайды. Үстіміздегі жылы Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасы туралы келіссөздер үдерісіндегі серпінділікке қол жеткізуге өзінің үлесін қосты. Алматыда өткен көпжақты келіссөздердің екі раунды көп жағдайда сенімсіздік мұзын ерітсе, ол Женевадағы уағдаластықтарға алып келді. Астана ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік көрмесін өткізуге дайындық жүргізуде. Осының барлығы біздің Тәуелсіздігіміздің баға жеткізгісіз табысы, оның нақты жемістері мен перспективалары.
Жылға бергісіз күндер, ғасырға бергісіз жылдар болады. Біз үшін өткен 22 жыл дәл осындай кезең. Біз үйренетін ұлттан, үйрететін ұлтқа, жығуға емес, жығылмауға ұмтылатын елге айналдық. Бүгінгі ісімізге қарап ертеңгі ұрпақ бізге баға беретін болады. Осы Жеті Қазынамызды дәріптеп, дамыта білсек, ұрпақ алдында жүзіміз жарқын, мерейіміз үстем болады.
Біз «Қазақстан-2050» Стратегиясының ұлы мақсаттарына ұмтылдық. Әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуға қадам бастық. Оған бізді адастырмай апаратын жалғыз ғана жарық жұлдызымыз – Темірқазығымыз бар. Ол – тәубе қылатын, тәу ететін біздің ұлы Тәуелсіздігіміз. Тәуелсіздік – жасампаз халқымызға сарқылмас қуат беретін, көзіне нұр, көңіліне шуақ құятын кәусар бұлағымыз. Біз кемеңгерлігі мен көрегендігі, бірлігі мен бірегей мақсаткерлігі қатар өрілген Мәңгілік Елімізді мақтан тұтамыз. Тәуелсіздіктің туын тігу бақыты мен оны баянды етіп, нығайту міндеті біздің маңдайымызға жазылды.
Біз Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық. Мәңгілік Елдің жүрегіне айналған мәңгілік Астанамызды тұрғыздық. Мәңгілік мызғымас экономика қалыптастырып, Мәңгілік өшпес жылнама жаздық. Мәңгілік болашаққа жол салдық. Осының барлығы тәуелсіздігіміздің тартуы, азаттығымыздың асыл қазынасы. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын! Мәңгілік Еліміздің келбеті сәнді, еңбегі мәнді болсын! Күллі халқымызға берекелі бірлік пен баянды тірлік тілеймін!
Парақшамызға жазылыңыз
Айтқан сөзін тыңдасаң қанаттанып кетесін, істеп жатқан тірліктерін көргенде жылағың келеді,анығын айтқанда өтірік беріліп жатқан ақпарды білмейді дегенге сенгің келмейді. Кешегі өзі қабылдаған ақпарлардың қаншасы шын екенін білмеймін, тек Түркістанға табиғи газ берілді дегені қып-қызыл өтірік, оны өзім сол елдің тумасы болғандықтан білемін. Ең сорақысы биліктің өтірігіне халықтың еті үйреніп кеткен.Ал биліктің беті үйреніп кеткен, қызармайды, ұялмайды. Кешегі салтанатты түрде берілген газ жоқ, ақпар берілген соң тоқтаған. Түркістанға газ тек 2016 жылы беріледі, жергілікті биліктің халыққа беретін жауабы осындай. Кімнің кімді алдайтынын түсінбейсің қазір, билік бірін біріма, әлде халықтыма? Қалай болсада оңып түрған жоқ екенін білесің,