//

Қара үзіп келетін қара көктер көбейсін

2829 рет қаралды
4

jilqi«Жылан жылы» бүгінгі замандық григориан күн санау бойынша аяқтап келеді. Ендеше, хат-шотымыздың барлығы осы күн санаумен жүріліп жатқандықтан үйге кірген жыланды басына ақ құйып шығарып салатын ата-баба салты бойынша, басына ақ құймасақ та, ақ тілекпен «ескі жыл есірке» деп «жылан жылын» шығарып салып, «жаңа жыл жарылқа» деп 2014- жылқы жылын адал ниетпен қарсы алайық!

Қазақы жыл қайыру бойынша Арғымақ жылқы жылы сәл кейінірек ақпанда арқырап енері анық, игіліктің ерте кеші жоқ дейді ғой,  жақсы сөз жарым – ырыс, жақсы тілекпен жаңа жылды күтейік. «Жылқы» десе жүрегі жылып, жан-тәні иіп, баласы атқа шапса үйде отырған әжесі тақымын қысып, желпініп, серпіліп қалады емес пе қазақ баласы. Осының барлығы үсті жел, сүті ем түліктің төресін қадір тұтып, қастерлегендіктен, оның қасиет, киесін білгендіктен туындап жатқан жосын-жоралар болса керек.

Қазақы тағылым-тәмсіл, тәжірибе бойынша жылқы жылының бас-аяғы қатты болғанмен, жалпы жыл жайлы болады екен. Ол жануардың мінезіне байланысты айтылғандықтан да шығар, жылқы ойнақтап кіріп, ойнақтап шығады дейді. Демек, ақпанның аязы мен ақ бораны алда. Табиғат бір тулап алып, мамыражай күйге көшеді.

Қазақтың ең бір жақсы көретін жануары жылқы есімді  жасампаз жылы табалдырық аттағалы тұр. Ата-бабаларымыз арғы заманнан бері ардақтаған арғымақ жыл –  жаңа жылқы жылы жерімізге, елімізге,  ел-жұртымызға бекзат малдың «торы айғырдың үйіріндей» береке-бірлік, татулығын берсін, ат тұяғын тай бассын, өркеніміз өссін, ат болып ойнап, асыр салып жүрген өрендеріміз ат жалын тартып мініп, ат құлағында ойнасын, қара үзіп келетін қаракөктер көбейсін, ат байларлар молайып, жылқышылар көбейсін, денімізге саулық, басымызға амандық берсін!

Келе жатқан Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!

Бурылалтай

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Жарықтық жылқы жануарым-ай,
    Сен десем естен жаңылам ұдай.
    Қадірің артты жалғанда мына,
    Қазақты тап қып бағыңа құдай.

    Тағалап мінсем таймас табаның,
    Сетер ат мінбей той бастамадым.
    Жұлдызымды менің биіктен жақтың,
    Жұлдызтөбел мен Айқасқаларым!

    Атымды босқа терлетпес те едім,
    Қайғының бұлты меңдеп көшкенім.
    Жігерді жанып, намыс тұтатқан,
    Жібекжал менен Желжетпестерім!

    Тілеуін көптің бұйрық қылып,
    Жасанған жауға шүйіліп кіріп.
    Жалауын жұрттың жыққан емеспін,
    Жаратып жуан жүйрік мініп.

    Жылқыдан ұстап бір таң астырып,
    Саздауыт кешпей, қырқа бастырып.
    Көбеңсігенде терлетіп келіп,
    Отқа да қойғам күн таластырып.

    Жылқының таңдап кілең саңлағын,
    Туған даламды түгел шарладым.
    Бәйгенің атын шідерлемедім,
    Тісеу құнанға жүген салмадым.

    Атойлап қарсы оққа да шапқам,
    Сетерлеп мінгем топқа да мақтан.
    Алтын ер ерттеп, арқаңа тисе,
    Алтынын алып отқа да жаққам!

    Жоталар жөңкіп жолдан ғажап мың,
    Жайлауға көшіп қонған қазақпын.
    Жақсы атты көрсем жалғыз түнде ұрлап,
    Барымташы да болған қазақпын.

    Жағасын жайлап гүлді суаттың,
    Жылқы да бағып күнді шұбаттым.
    Ат болар тайға айырбас қылғам,
    Үйірін беріп бір қысырақтың.

    Жал –құйрығыңды Ай сылағанда,
    Үйірден құлын-тай шұбағанда.
    Кең дүниеге паң қарап тұрғам,
    Қамыс құлақты қайшылағанда.

    Отырған хандай тақтың үстінде,
    Әулиесіндім аттың үстінде.
    Ажалға да арман – батырымды алу,
    Ат жалын құшар ақ күміс күнде!

    Құйындай соғып көлденең жолды,
    Бәйгеден келсем, кермеде ел көрді.
    Жүрегім содан «жылқы» деп соғып,
    Көңілім жүйрік көкдөнен болды.

    Қиялдың ұшып самғау көгіне,
    Тақымым қысып тарланкөгіме.
    Айызым қанбас Ақан ақындай,
    Бір басып алмай «Маңмаңгеріме»!

    Шалқарлы далам, шұғылалы өлең,
    Самалың жұтып сұғына берем.
    Құйындай жүйткіп Құлагер шапқан,
    Құба белімді – құбыла көрем!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар