///

Қазақстанда медиабизнеспен айналысқан тиімді ме?

1881 рет қаралды
2

Газеттен қанша табыс түседі?

газет1Құрбан айт мейрамына берілген демалыста Алматыдан – Шымкентке, туған жеріме қарай жол тартпаққа бекінген мен сол күні «Алматы 2» вокзалынан «Ақтөбе-Алматы» пойызына отырдым. Не керек, билетте белгіленген уақытта пойыз орнынан қозғалды. Мен өз орныма жайғасқаннан соң, арада ширек сағат өтер-өтпесте дәл жанымызға:

  – Газет-журнал аламыз, газет-журнал, – деп саңқылдаған әйел келді.

Кейбір жолаушылар газет ала бастады.

– «Сот залынан» бар ма? – деді қасымдағы жолаушы.

–Иә, бар, мінекей ағасы.

– Қанша?

– 90 теңге.

Ол алды. Мен де газет алмақ ниетпен, сөмкесіне қарадым. Сөмкесінде біршама газет бар екен.

– «Жас Алаш» бар ма?

– Иә, аласың ба?

– Иә, соңғы нөмірін берсеңіз.

– Мә, інішек. 120 теңге, – деді сатушы түк болмағандай. «120  теңге» дейді. Әрине, түсінікті. Үстіне бағаны 2 есе қосқаны. Әйтпесе, «Жас Алаш» мұншалықты қымбат тұрмайтын. Алматы қаласындағы дүңгіршектерде – орташа есеппен 80 теңге тұрады. Ал, қара базарларда (барахолка, Алтын Орда) – 60 теңгеден сатылады. Сол уақта мен терең ойға берілсем керек… Газет-журнал деген неге шығады? Не мақсатпен? Жалпы, осы Қазақстанда медиабизнес деген бар ма өзі? Бар болса, онымен айналысу қаншалықты тиімді?

газет2  …Пойыз Түлкібас стансасына тоқтады. Мен осы стансадан түстім. Осында 1 күн демалған соң, мен жазда іс-тәжірибеден өткен аудандық «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газетінде редакторлық қызмет жасайтын – Арысбай Айтамановпен кездестім… Ұзақ әңгімелестік. Бір кезде әңгіме газет бизнесіне қарай ойысты.

– Мысалы, мен мына аудандық «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газетінде редактормын, – деп  Арысбай аға ағынан жарыла бастады. – Осы газетке қатысты біраз мән-жайды білемін десем де болады. «Шамшырақ» газеті – 4800 данамен тарайды. Газет редакциядан 50 теңге бағада босатылады. Газет апта сайын шығады. Яғни, 4800 * 50 = 240.000. Газет айына 4 рет шығады. 240.000 * 4 = 960.000. Яғни, бір айда 960.000 теңге табыс түседі. Енді шығындарға тоқталсақ. Газет шығаратын қағаз – орташа есеппен 5 теңге. Және баспадағы шығын (тарату да кіреді) – 20 теңге. Енді 20+5 = 25. Шығындар – 25 теңге. 50 – 25 = 25 теңге. Яғни, әрбір дана газеттен – 25 теңге пайда бар. Енді әлгі 960.000 теңге табысты 2-ге бөлсек, 480.000 теңге болады екен. Сонда бір айда газеттен осындай мөлшерде пайда түседі.

Әрине, «Шамшырақ» аудандық қоғамдық-саяси газет болғандықтан, жарнамаға көп орын бере алмайды. Десе де, апта сайын газет бетіне – 20.000 теңге көлемінде жарнама шығады. Көбінесе, қаражат – құттықтау, еске алу, шұғыл хабарландырулардан түседі. Сонда газет – 1 айда 4 рет шықса, 80.000 теңге табыс түседі. Және түрлі науқандарда (сайлау, оқуға құжат тапсыратын кез т.б) 30.000 теңге жарнамаға, тапсырыспен жазылатын мақалаларға орын беріледі. Ал, науқан дегендер – айына шамамен 1 рет болады. Яғни, 80.000 + 30.000 = 110. 000.

Жалпы, 1 айлық табысқа тоқталсақ. Газет таралымынан түскен табыс – 480.000 + жарнамадан түскен табыс 110.000 теңге = 590.000 теңге.

Енді шығындарды айтайық. Бас редактор, яғни мен – 85.000 теңге айлық аламын. (Бұл атаулы айлық. Яғни, мемлекет қазынасына салық, зейнетақы қорына аударылатын белгілі бір пайыз көлеміндегі ақша осы 85 мыңға кіреді. Сонда қолға нақты қанша айлық түсетінін ойша елестете берсеңіз болады.)

Жауапты хатшы – 65.000 теңге.

Фото журналист, екі журналист – 60.000 теңгеден айлық алады. (60*3 = 180.000 теңге)

Есепші – 55.000 теңге.

Әріп теруші – 35.000 теңге + 20.000 теңге (дизайн үшін) = 55.000 теңге.

2-ші әріп теруші, корректор – ол да 35.000 теңге.

Және редакция шопыры, қарауыл, санитар – 30.000-нан (30.000 * 3 = 90.000)

Енді, 590.000 теңге табыстан – 565.000 теңгені (қызметкер жалақылары) алсақ, 25.000 теңге қалады екен. Яғни, бұл газет 1 айда – 25.000 теңге таза пайда көреді деген сөз. Және бұл – тұрақты баға емес. Өзгермелі. Кейде бұдан көп, кейде бұдан да аз болады (науқандардағы жазылу санына байланысты).

Бірақ, редакция автокөлігіне, жанар-жағармайына; су, жарық, телефон, интернет, газға; газет салығына; редакция офисіне, есік-терезе, үстел-орындық, күрделі жөндеу жұмыстарына; қалам-қағаз, сканер, принтер, компьютерлеріне; және тағы да басқа көптеген майда-шүйде шығындар ше? 25.000 теңге мүлдем жетпейді ғой. Енді қажетті қаражатты қайдан алуға болады? «Шамшырақ» аудандық қоғамдық-саяси газет болғандықтан, газетке – аудан әкімдігі тікелей қолдау көрсетеді. Аудан әкімдігі газетке жылына – 30.000 – 35.000 $ аралығында қаржы бөледі. Осы аталған қаржы әлгі редакция шығындарына жұмсалады. Жалпы, әкімдік қолдауымен шығатын аудандық газеттер артық табыс таппайды. Әйтеуір, күнкөріске жетсе болғаны.

Түйін, газет пайда табу үшін – ең бірінші таралымы көп болу керек. Және жарнамаға көп орын берілу тиіс, –  деп А. Айтаманов сөзді қорытындылады.

Яғни, аудандық-әкімдік газеттеріндегі жағдай осындай болса, облыстық газетте де осындай. Бірақ,  біршама кең көлемде. Оңтүстік Қазақстан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті – 35.000 данамен тарайды. Және қызметкерлері Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газетінен (12 адам) – шамамен 2.5 есе көп (28-32 адам). Және бұл газетке жарнама шығару да арзан емес. Мысалы, айқара бетке жарнама шығару – 140.000 теңге екен. Және мұнда жарнама см2-пен есептеледі. Газет бетіне байланысты әрбір см2 – 2-4 мың теңге аралығында.

Ал, жекеменшік газеттерде ше? Ол жақта хал-ахуал қаншалықты деңгейде? Шымкент қаласында жекеменшік газеттер, тіпті, сериялы газет тарататын баспа үйлері өте көп. (түрлі хикаяттармен  толтырылатын «Пендешілік», «Қызық оқиға» сынды газеттер шығаратын «M-Press» ЖШС Баспа үйі; «Замана», «Қызық газет», Тылсым дүние», «Ауырмаңыз», «Керек кеңестер» газеттерін шығаратын «Замана» Баспа үйі; «Алтын босаға», «Алтын босаға.kz” “Екеудің құпиясы», «Әйел құпиясы» т.б. газеттер шығаратын «ERNUR-Press” ЖШС; т.б) Және мұндағы газеттер көбінесе – А4 форматында жарыққа шығады. Түрлі хикаяттар жариялайтын газет редакцияларында қызметкерлер саны да көп емес. Тіпті, бір-ақ адам қызмет істей беретін газеттер бар. (Өзі – редактор, өзі – корректор, өзі – еден жуушы) Мысалы, «М-Press» ЖШС Баспа үйінде басылатын «Пендешілік» газеті. Редакторы – Мұрат Алшынбаев. Электронды почта: mura_alshinbek@mail.ru. Және осындай 2 аптада бір, айына бір рет шығатын газеттерде («Қызық газет», «Махаббат құпиясы», (Меншік иесі – «Дода» ЖШС, «Тағдыр», «Махаббат пен қылмыс», (меншік иесі – «Тамаша» Баспа үйі, Алматы қаласында шығарылады, «Қызық оқиға», т.б) мынандай жарнамалар көп кездеседі: «Біздің редакция талантты да талапты оқырмандарды бірге жұмыс істеуге шақырады. Атап айтқанда, шытырман оқиғалы хикаяттар мен әңгімелер жазуға қабілетті авторлармен жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз… Келіңіздер, бізбен бірге отбасылық табысыңызды көбейтіп қана қоймай, өзіңіздің ерекше қабілетіңізді бүкіл республика жұртшылығына паш етіңіз. Сізді асыға күтеміз! Құрметпен редакция…

Яғни, мұндай газет шығарушылар штаттын тыс авторлар жазған хикаяттармен күн көреді. Мен сол күні осындай бір газетке телефон арқылы хабарластым. Шытырман жанрлы әңгімелер жаза алатынымды айттым. Сол кезде әлгі газет редакторы жармаса кетті. «Редакцияға келіңіз, келіңіз» деумен болды. Қаламақы мөлшері жайында сұрағанымда ол тұщымды жауап қатпады. «Алдымен бізге келсеңіз.  Қалай жазғаныңа қарай, қаламақы да сондай болмақ. Егер бізбен тұрақты жұмыс жасаймын десең, қосымша сыйақы бар» деді. Сөз арасында, қаламақы шамамен 100 бен 200 $ арасында болатынын айтты. Яғни, 15.000 мен 30.000 теңге аралығында. Бұл газет жарыққа 2 аптада бір шығады. Таралымы – 2500. Сонда айлық таралымы – 5000. Дүңгіршекте сатылу бағасы – 50 теңге. Таратушылар газетті дүңгіршектегілерге – 40 теңгеден өткізеді. Ал, газетте баспадан шығаруға – 20 теңге кетеді. Сонда газеттен айына – 100.000 теңге табыс түседі. Газет басшысы авторға тиісті қаламақыны берсе (15-30 мың, орташа есеппен – 22,500 теңге), газет «ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігі, Ақпарат және мұрағат комитетіне тіркелгендіктен, тиісті салықты, және табыс салығына төлесе – газет басшысы айына 60-70 мың теңге аралығында пайда көреді екен.

Қазақ медиамагнаты кім? 

  Былай қарасақ, бәрі күнкөріс қамы сияқты. Сол төңіректен аса алмайтындай. Сонда Қазақстанда медиабизнеспен айналысу тиімсіз бе? Қазақстанда жекеменшік газет шығару арқылы, белгілі бір табысқа жеткен медиамагнаттар бар ма? Жалпы, медибизнеспен айналысу тиімді ме?

  Жандар Асан. Ел арна телеарнасында бөлім редакторыЖандарбек Асан, «Ел Арна» телеарнасында бөлім редакторы: Қазіргі кезде газет-журнал шығару бизнесімен айналысу тәуекелді қажет етеді. Газет бизнесіне интернет өз әсерін тигізбей қоймады. Газет өтімді болу үшін, ол көз тартарлықтай көркем безендірілгені жөн, сонымен қатар газет бетінен қызықты айдарлар ашу керек. Жарайды, аштық делік. Енді оны тарату, жарнамалау, өткізу мәселесі тағы бар. Қазақстанда осындай қиындықтарды жеңген біраз табысты жекеменшік газеттер бар: «Караван», «Время», «Жас Қазақ». Осы газеттерді табысты дей аламын. Ал, Қазақстанда қандай медиамагнаттар бар деген сұраққа келсек, мен Арманжан Байтасов пен Дулат Әбішті айтар едім.

Жалпы, көп жағдайда Қазақстанда медиабизнеспен айналысу – тиімсіз. Себебі, аудитория, яғни халық саны аз және көбісі орыс тілді.

 

Орынтай Көмеков, республикалық «Айғақ» қоғамдық-саяси газетінің 1994-1998 жылдар аралығындағы тілшісі: Мен тәуелсіздік жылдары ашылған «Айғақ» газетінде (Директор-Бас редакторы – Дулат Әбіш) алғашқыда штаттан тыс тілші, кейіннен штаттағы тілші қызметінде болдым. Сол уақыттары (1990 жылдар) газет-журнал бизнесімен айналысу – тиімді болатын. Бір дәлел, қазіргі кезде таралымы күрт құлдыраса да, әлі жабылмай келе жатқан – «Айғақ», «Замана» газеттері бар. («Замана» газеті де 1998 жылы ашылған. Директоры – Иса Омар) 2000 жылдар басында – «Айғақ» газеті керемет өркендеді. Сол уақытта газет таралымы – 80 мыңнан асты. Сонымен қатар, осы «Айғақ» газеті жанынан «Айғақ-махаббат», «Айғақ-қылмыс» деген қосымшалары ашылды. Ол кезде халық тарапынан газетке деген сұраныс көп болатын. Сол бақты Дулат Әбіш мықты пайдалана білді. Нәтижесінде, дүниеге «Айғақ» газетінен бөлек, облыстық «Айғақ» телеарнасы келді. Енді, қазір облыс жұртшылығы «Қазақстан-Шымкент» арнасынан бөлек, көптеген жарнамаларды осы «Айғақ» телеарнасынан бергенді жөн көреді. Ал, телеарнаға жарнама беру – газетке қарағанда әлдеқайда қымбатырақ екендігі бесенеден белгілі. Өз басым Оңтүстік Қазақстан облысындағы медиамагнат деп   –  Дулат  Әбішті білемін.

Screenshot_2013-12-06-13-46-31  Мадияр Саудбаев, С.Демирел университеті, журналистика бөлімінің оқытушысы: Біз ҚазҰУ-да оқитын кезімізде, бізге Жарылқап Қалыбай дәріс берді. Бірде, мамыр айы, сессия аяқталған күні Жарылқап Қалыбай біз отырған аудиторияға кірді. Қолында бір бума газет. Ол бізге сол газеттерді көрсетті. Сөйтсек, «Адам Ата – Хауа ана» деген А4 форматтағы газет екен. Ол әрқайсымызға сол газеттен – 10 данадан берді де: Ауылдарыңа барғанда, осы газетті 15 теңгеден сатыңдар, жыл басында әрқайсысың  –  150 теңгеден әкелесіңдер, – деді. Бізге жазға берілген тапсырма осы болатын.

Осылайша, газет шығаруды – арзанқол А4 форматтағы «Адам Ата – Хауа Анадан» бастаған Жарылқап ағамыз қазір таралымы – 70.000-нан асатын, глянцты «Жұлдыздар отбасы» (дүңгіршектерде бағасы – 200-250 теңге аралығында) мен «Аңыз Адам» журналдарының – Директор-Бас редакторы. Таралымнан түсетін табыстан бөлек, «Жұлдыздар отбасы» журналына шыққысы келетін «жұлдыздар» бар. Әрине, олар мұнда тегіннен-тегін шықпайды. Мен өзім Жарылқап Қалыбайды – Қазақстандағы ірі медиамагнат дей аламын».

Дулат Әбіш аға да өзін – медиамагнат санайтындығын өзінің бір сұхбатында жасырмай айтқан. Ал, «Замана» Баспа үйінің басшысы – Иса Омар «Замана» газетіне биылғы жылы берген бір сұхбатында: «Қазіргі кезде газет бизнесі күрт құлдырады. Таралым деген жылдан-жылға азаюда. Газетті қанша қызықты қылсақ та, оқырмандар баяғыдай қызығушылық танытпайды. Интернеттен оқи салғанды жөн көреді», –  деген болатын.  Расында да, кезінде 25 000 болған «Замана» газеті таралымы жылдан-жылға азаюда. Қазіргі таралымы – 13 000. Және кезінде осы «Замана» Баспа үйінен, яғни «Замана» газеті жанынан шыққан – «Кәлима», «Заңнама», «Шартарап», «Қысыр әңгіме» деген қосымшалар өз-өзін ақтай алмай жабылған болатын.

Фото0123  «Алтын Орда» базарындағы газет-журнал сататын дүңгіршектегі Күләш есімді сатушыдан «сіз кімді бай газетші дей алар едіңіз?» деген сұраққа, ол:

«Алтын Босаға» газетін шығаратын адамды», –  деп қысқа қайырды. Шымкент қаласы, «Er nur-Press” ЖШС меншігіндегі бұл газет – 64.000 таралыммен шығады екен. Және бүкіл Қазақстанға тарайды. Бағыты – отбасылық газет. Бас редакторы – Жазира Смағұлова. Қара базарлардағы дүңгіршектерде сатылу бағасы – 70 теңге. Ал, «КазПресс» газет сату дүңгіршектерінде – 90 теңге. Неліктен өтімді? Себебі де бар… Сіздерге бір сұрақ, Қазақстанда байлар көп пе, әлде әлеуметтік жағдайы нашарлар ма? Әрине, әлеуметтік жағдайы нашарлар. Оларға саясат, Елбасы жолдауы, мемлекет стратегиясы дегендер түк те қызық емес. Үйде отыратын келіндер, базардағы сатушылар, жұмыссыз жандар – осындай бас қатырмайтын отбасылық, ойын-сауық газеттерді оқығанды құп көреді. Күләш апай:

– «Айқын» (құрылтайшысы – «Nur-Media» медиахолдингі. Бұл жерде «Айқыннан бөлек – «Түркістан», «Дала мен Қала», «Нұр Астана» сынды республикалық газеттер шығады. Бірақ, өкінішке орай қазір «Дала мен Қала» және «Нұр Астана» газеттері жарыққа шықпайды. Олар енді интернет бетіне көшті. Нұр Астана қазір интернетте – aynaline.kz) «Алаш айнасы», «Қазақ әдебиеті» (құрылтайшысы – «Қаламгер Медиа») секілді ірі газеттерді көп ала бермеймін. Олар баяу өтеді, және мерзімі тез өтеді. Арада 2-3 күн өткенде бұл газеттер сұранысқа ие болмай қалады, Одан да арада 1-5 жыл өтсе де, өзіндік құнын жоғалтпайтын отбасылық мәселелермен (ене мен келін,  ана мен қыз, ерлі-зайыптылар арасында дау) көмкерілген газеттерді көптеп аламын. Олар тез өтеді. Арзан әрі оқуға, қолға ұстауға ыңғайлы. Мына базардағы сатушылар осындай газеттерді көп алады,  –  деді тағы.

Фото0126Сөз дәйекті болу үшін, базар ішінде сауалнама жүргіздік. 24 адам жауап берді. Нәтижесінде, 8 адам – қоғамдық-саяси, ал қалғандары – ойын-сауық газеттерін құп  көретіндіктерін жасырмады.

Және С.Демирел университеті ішінде сауалнама жүргізгенде, 36 адам қатысты. 21 адам – қоғамдық-саяси газет оқитындықтарын айтты, ал қалған 15 адам – ойын-сауықты оқиды екен.

Ал оппозициялық басылымдар ше? Мысалы, «Республика», «Общественная позиция: Тасжарған», «Дат» сынды жанкешті газеттер биліктен қанша теперіш көрсе де,  жарыққа шығуды тоқтатпады. Бір жабылды, бір ашылды. Тіпті, кезінде «Тасжарған» газеті бір шенеуікті «бейшара латифундист» дегені үшін, сол кісіге орсан зор мөлшерде айыппұл төлегені бар.

«Мысалы, газет шығар үшін ең бірінші оны тіркейді. Тіркейтін кезде, белгілі бір мөлшерде АЕК (Айлық есептік көрсеткіш) төлейді. Тіркелу ақысы – ғылыми, балаларға арналған газет-журналдарға 2 АЕК төлесе, басқа бағыттағы газет-журналдарға 5 АЕК төлейді, бұл оппозициялық газеттерге де қатысты. Бірақ, оларды тіркеу қиынға соғатыны тағы бар. Газет тіркелген соң, халық арасында танымалдыққа ие болуы үшін көп шығындалады. Содан соң, газет өзін-өзі толық ақтауы, ары қарай пайда табуы үшін шамамен 3-5 жыл керек. Бұл газетке құйылған инвестиция көлеміне байланысты, – дейді М.Саудбаев.

Бір топ кісілер осы жөнінде былай дейді:

  Мағжан Кертай, М.Тынышпаев атындағы көлік және коммуникация академиясы, 2 курс студенті: Өз басым газет емес, дүкен, асхана ашқанды жөн көремін.

  Сматулла Сейдалиев, Түлкібас аудандық емханасында дәрігер-спидолог: Дәріхана ашқан дұрыс. Сенімді.

  Ұлас Әлімбаев, ҚазҰТУ түлегі: Газет ашу үшін мықты таныс, жоғарыда қолдайтын көке-жәке керек. Сол газет белгілі бір саяси мүддеге жұмыс істесе ғана, табысты болмақ. Әйтпесе, қызықты материалдарды интернеттен-ақ оқуға болады емес пе?

газет2Байқағанымыздай, көпшілік қауым газет-журнал шығаруды – сенімсіз, машақаты көп бизнес көреді. Және ең басты мәселе – аудитория аздығы.

Жалпы, газет шығару оңай бизнес емес екен. Әсіресе, қазақ тілінде газет—журнал шығару – тәуекелді қажет етеді. Өзге алдерге көп еліктейтін Қазақстанда – орыс тілі қазақ тілінен биік тұрады. Ащы шындық. Сол себепті болар, «Казпресс» дүңгіршіктерінде орыстілді газет-журналдар көп. Нарықты да ең бірінші Ресейден келетін, екінші Қазақстанда шығатын орыстілді газет-журналдар жаулаған. Қазіргі таңда нарықты бәсекелестік жаулаған мына капитализм заманда газет-журнал бизнесімен айналысасыз ба, әлде басқа бір сенімді бизнеспен айналысасыз ба, ол жағы өз еркіңізде.

 

Абылай Есімбай

С. Демирел университеті, журналистика бөлімі, 2 курс 

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар