БАСПАСӨЗ БАЯНЫ
2014 жылдың 29-қаңтарында сағат 14:30-да Ұлттық баспасөз клубында, қазақ батырларының бірі Ер Жəнібек Бердəулетұлының (1714-1792жж.) 300 жылдық мерейтойына арналған баспасөз конференциясы өтеді.
Егемен еліміздің өткен тарихын дендеп зерттеу, қазақ даласының əр түкпірінде ұлттың ұлы тұлғаларын ардақтау Елбасының жүргізіп отырған сындарлы саясаты, елдің бірлігі мен ынтымағын арттыратын факторлардың бірі.
Осы орайда, халқымыздың жоңғар шапқыншыларына қарсы күресте айрықша аталатын батырлығымен, шешендігімін, мəмілегерлігімен аты шыққан Ер Жəнібек Бердəулетұлының 300 жылдық мерейтойы 2014 жылыатап өткізілмек.
Шоқан Уəлиханов айтқандай «батырлардың заманына саналатын» хан Абылайдың тұсындағы айтулы тұлғалардың бірі Ер Жəнібек батыр, 1714 жылы Ор өзені бойында туған. Балалық шағы Сыр мен Есіл бойында,Арқада өткен. Ер Жəнібек, қазақтың атақты баһадүрлері Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Алтыбай, Еспенбет, Шөңке, Ақпантай, Малайсары, Жанатай, Өтеген, Райымбек, Баян батыр тəрізді Абылай заманында жоңғарларға қарсы соғысындағы айтулы тұлғалардың бірі ретінде тарихтан орын алған.
Қазақтың арғы-бергі тарихында ақындық, шешендік, батырлық үш бірдей асыл қасиет қатар арыған Ер Жəнібек қазақтың елдігі мен ынтымағы жолында ерең еңбек сіңірген, сұңғыла тұлға ретінде халық жадында қалған.
Ер Жəнібектің сын сəттерде елін, жерін қорғау, шекараны бекемдеуде жасаған ересен еңбегі тарихи деректер мен фольклорлық мұраларда молынан сақталынған. Ол туралы Үмбетей жырау, Бұқар жырау, Мəшһүр Жүсіп Көпей, Ақыт Үлімжіұлы сияқты ақын-жыраулар жырлаған. Абылай ханның құрметіне ие болған Ер Жəнібек қазақтың қас батырларының қатарында талай жорыққа аттанып, қазақ жерінің Алакөл, Зайсан, Іле-Шу өңірлерін қорғап сақтауда, жаумен жекпе-жекте талай мəрте жеңіске жеткен ержүрек батыр.
Ер Жəнібек батыр, 1760 ж. өз қарамағындағы бір бөлік қазақ жұртын Сыр бойынан Қалба, Сауыр өңіріне, Ертіс бойы, Алтай, Боғда таулары байырғы қонысына орнықтырды. Онан кейінгі ғұмырын ел шекарасының шығыс қақпасын сыртқы күштерден қорғау, елдікті бекемдеу ісіне арнаған, сөйтіп өнегелі тарихи ұлы тұлғаға айналды. «Жорықтан олжа, биліктен жол алмаған» хас батырымыз, бар ғұмырын елдің бірлігі мен тұтастығын көздің қарашығындай сақтауға арнаған тұлға, қазақ арасында «Ер Жəнібек» деген құрметті атқа ие болған. Батырдың үлкен нағашысы атақты Қаздауысты Қазыбек, өз нағашысы сарыүйсін Досымбет батыр. Ер Жəнібек, ұлы Абай Құнанбайдың атасы Өскенбай палуанның туған нағашысы, ал атақты Ыбырай Алтынсарынның үлкен нағашысы болып келеді.
Ойға көсем, тілге шешен туған Ер Жəнібек батыр Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Ортабұлақта жерленген. Батырдың басына «Ер Жəнібек» халықаралық қоғамдық қорының бастамасымен, Қанат Сүлейменовтың қаржыландыруында 2006 жылы арнайы кесене орнатылған.
«Аруақ разы болмай, тірі байымайды» дегендей 2014 жылы Ер Жəнібек батырдың 300 жылдық мерейтойына арнап бірсыпыра іс-шаралар жоспарланған.
Атап айтқанда, «Ер Жəнібек батыр жəне оның заманы» тақырыбына арналған халықаралық ғылыми конференция өткізіледі, ғылыми жəне танымдық мақалалар, ғылыми басылымдар сериясы шығарылады, проза, поэзия туындыларына арнайы халықаралық бəйге жарияланады, теле-радио хабарлар көрсетіледі, батыр рухына арнап қоғамдық-патриоттық түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады, сонымен қатар, концерт, спорт жарыстары өткізіледі, почталық маркалар сериясы, филателиялық өнімдер шығарылады.
«Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры
Парақшамызға жазылыңыз