Абай ауылындағы фотосуреттердің көптігі сондай, 1940 жылы Абай мұражайы ұйымдастырылғанда Кәкітай Ысқақов пен Әрхам Кәкітайұлы Құнанбай, Абай туыстарының қырық төрт фотосуретін екі жылдың ішінде жинап берген. Онда жетпіс сегіз адамның бейнесі болыпты. Амал қанша, соның ішінде данышпан ақынның екі фотосуреті ғана сақталған.
Бұл суреттердің де сақталу тарихы өте күрделі. Ауыр жағдайды бастан кешірген бұл суреттер қудалауға ұшырап, Шымкент еліне жер аударылған Құнанбайдың, Күнтудың, Оразбайдың ұрпақтары өздерімен бірге жасырып, тығып сақтаған. Кейін Алматыда тұрған Мұхтар Әуезовке табыс еткен. Оның өзінде өз есімдерін айтпай, белгісіз біреулер бүркеншік атпен өткізуге тура келген. Соның бірі – өзіміз куә болып жүрген данышпан ақынның екі суретінің алғашқысы, 1896 жылы Семей қаласында түсірілген Абай, Ақылбай, Мағауия фотосуреттері. Түпнұсқа. Ұзындығы – 13, ені – 8 см.
Абай мұражайына 1941 жылы 6 ақпанда №40 қабылдау актісі бойынша өткізілген. Фотоны тауып, сақтап мұражайға өткізуші – Мұхтар Әуезов. Заңғар жазушы мұражай қорының негізгі бір кітапшасына «Абай с сыновями Акылбаем и Турагулом (подлинник) снято 1896 году в Семипалатинске фотографом Н.Г.Кузнецовым. В дар музею Абай от Мухтар Омархановича Ауезова» деп жазып, қол қойған.
Абай екінші рет 1897 жылдың жазында, Жидебай жерінде өзінің отбасымен фотосуретке түседі. Бұл сурет «Абай, жанұясымен» деп аталады.
Үй ішінде түсірілген суреттегі бірінші қатарда – Пәкизат (бөрік киіп отырған қыз бала) пен Әубәкір. Екеуі де Ақылбайдың балалары. Оспан оларды бауырына салып, өсіріп, баласындай көрген. Ортада отырған – Абай. Екінші қатардағы – Мағауия, Еркежан, Әубәкірдің әйелі – Қамалия. Алдыңғы қатарда Тұрағұл отыр. Өкімет қудалауына ұшырағандықтан, кейінгі жылдарға дейін фотодағы бейнесі айтылмай қалыс қалып келді. Соңғы жылдарда ғана анық аталып жүр.
Фотосуретті түпнұсқадан 1959 жылы қайта көшіріп, Абай мұражайына өткізген – Мұхтар Әуезов. Түпнұсқасы Алматыдағы М.Әуезов мұражайында сақтаулы. Негізгі қор кітабында 461\542 инвентарға тіркеулі. Көлемі – 13-23 см. Ұлы ақынның бұл тарихи екі фотобейнесі ұзақ жылдардан бері мұражай экспозициясына қойылып, көрсетіліп келеді. Абайға байланысты көптеген басылымдарға шығып, танымал болды.
Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ,
Қазақстан-Ресей университеті
«Абайтану» орталығының директоры