Тұла бойы тулаған тұлпар қаны

985 рет қаралды

 

baqit 2011Ат дегенде қазақтың жаны бөлек,

Ар жолында намысын жанып өлед.

Ат жалында ержетіп, құлағында

Ойнап өстім сырына қанып ерек.

Байлау, баптау – бек өнер – ат жарату,

Ұйқы күлкі көрмей күн, ат қарасу.

Аттың ащы терінің дәмін татып,

Ат дегенде ақылды жалт қарату…

Көп сөйлемес ат қосқан, еһіленіп,

(Бар арманын қайтеді екі бөліп).

Әлсін-әлсін көз қырын атқа тастап,

Қас-қабағын бағады мекіреніп…

Аспан астын алады қандай ұран?!

Айтып әке аттың сәл мән-жайынан,

Аттандырды жел тақым, атқа жеңіл,

Баласының бір иіскеп маңдайынан.

Бала мінген құнанды қосарға алып,

Оңнан, солдан көмбеге жосар халық.

Бір төбеге сиыспай, биікке өрлеп,

«Үлкен қура» басынан тосар барып.

Айналсоқтап қасында қостағаны,

Анау қырға қадалып тостағаны.

«Ат бәйгелі болсын»,– деп қауқылдасар,

Қосқаны да, бәйгеге ат қоспағаны.

Дүкен қызар гу-гу-гу көмбе басы,

Жүрек лүп-лүп, іркілген көзге жасы.

Қай аруақ бұл күні аунап түсіп,

Қай атаның домалар өрге тасы.

Қас жүйріктей ширығып ерікпесе,

Құлақ түріп, дүбірге елікпесе,

Қойып жерге ат десе ішкен асын,

Қазақ, қазақ бола ма, желікпесе.

Таймас тағдыр тағалы ұлтарғаны,

Тіл менен жақ талассыз ұлт арманы.

Бір тұқымы тағының қазақ екен,

Тұла бойы тулаған тұлпар қаны.

…Тағат бітті. Таусылды қыжыл, шыдам,

Аударылып ат қайтты «Құжыртыдан».

Жер қыртысын қопарған зымырандай,

Көтерілді аспанға қызыл тұман.

«Құжыртыдан» ат қайтты атқан оқтай,

Қарашада қамысқа жаққан оттай.

Жер солқылдап, алқапты өртке орап,

Бара жатыр жел соқпай, боран соқпай.

Диірмендей айналып дала жүзіп,

От үстінде отырған бала – жүзік.

Ытқып шыққан топ шоқтай қалың өрттен,

Бес ат кетті әп-сәтте қара үзіп…

Жері қатты Бұлғынның жоны бұдыр,

Ор, жыралы, тастақты жолы күдір.

Бара жатыр құйрықты жұлдыз ағып,

Алма кезек алмас, тас жонылып дүр.

Қағыстырсаң үзеңгі зейнет үркіп,

Тізгініңді қағады бейнет іркіп.

Өмір міне, басталды – ұлы аламан,

Көмбе – арман, жол – тағдыр, бәйге – тірлік.

Келешекке кемелді етер үлгі,

Ерте ме, кеш еңіреп жетеріңді,

Еске салып қапталдан

Қабырлардан

Желеп-жебеп аруақ көтерілді.

Құйғытып-ақ барасың, барасың-ау,

Бұғанасы қатпаған баласың-ау.

Бетің сипа, дұға қыл, әйтпегенде,

Көмбеге сен кешігіп қаласың-ау.

Қас-қағымда қағанақ жарғаныңды,

Ұмытасың қуалап арманыңды.

Жөнелесің жел аяқ ол да жүйрік,

Шашқаныңмен жеткізбес бар малыңды.

Алпыс екі тамырдан тамшылап тер,

Қанат – ынта, ат – білім, қамшылап көр.

Аман өтсең тар жолдан тайғақ кешу,

Қоймайды-ау, өкшелеп қалтырақ кер.

Ақ жазықтай жастық шақ әу дер жердей,

Құныперен ұшасың заулап желдей.

Жылт етіп бір жарықтай жанып өшкен,

Қалай өтіп кеткені білінбейді.

Аузымен құс тістеткен қалқа – жазық,

Көз ұшында қалады қалқаланып.

Шыдамын шын жүйріктің сынайтұғын,

Өрің алда атыңа арқаланып.

«Өрге салса шын жүйрік өршеленер»,

Қайқайғанын «Қураны» көрсең егер,

Басқан жері ойылып келе жатыр,

Көрің осы жазмышқа көнсең егер.

Бұл жалғанда жолыңның бәрі сынақ,

Тауысармыз ғұмырды жарысып-ақ.

Жұлдызша аққан бағана сайкүліктер,

Келе жатыр, әнеки, қарысып-ақ.

Атып тұрды ел кіргендей қақпаға доп,

Ешқайсысы тәртіпті сақтаған жоқ.

«Қура» басы ұлар шу болды, кетті,

Жауға жаяу шапқандай қаптаған топ.

Көз ұшында көрінді аттың шаңы,

Рас болса жалғанда хақтың бары.

Сақта, құдай, сақтай көр, ессіз жұртты,

Шықалы тұр, шыққалы, сақтың жаны.

Жатыр біреу мінгесіп бір кісіге,

Даяшы жүр ақырып мың кісіге.

Қырғын соғыс…

Біреудің біреу түртіп

Бүйірінен жармасты дүрбісіне.

– Кеткен екен құбылып түр, өңіде.

– Серінпілдің «шұбары» бүреді ме?!

– Он жеті жыл Бұлғында ағалаған,

Бердіханның алдыңғы ат «Күреңі ме»?!

– Аяғының қарашы, тастасына,

Маңқарасын көрсетпес басқасына.

Мынауыңның шабысы бөлек екен,

Солтанханның шоң «Құла қасқасы ма»?!

– Бір орында қалшылдап тұрмап еді,

(Бір ащы у ішімді тырнап еді).

Ағайынды Зайнолда, Байзолданың,

«Ақ айдары», әлде анау «Тырна көгі»?!..

…Кім озғаны шарт емес, кім қалғаны,

Болашаққа бұлардың ізгі арманы.

Бәйгі емес, бәрінен қымбатысы,–

Өшпейтұғын артыңда із қалғаны.

      Бақытбек Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар