////

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ: Халықтың қаруын қайтарған

1087 рет қаралды
4

ka1934 жылдың 10 қаңтар күні «Қазақ әдебиетінің» бірінші саны шыққанда жаңа тыныс ашылғандай қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу күллі зиялысы қуанғаннан бөркін аспанға атқан еді.
1937 жылды көз алдыңызға келтіріп, осы шаңырақ астында жұмыс істеп жүрген журналистерді елестетіп көрсеңіз, құлаққа ұрған танадай тыныштықты сезінер едіңіз. Дыбыс қатудың өзі қорқынышты. Дәл осы ахуалдың қазақ әдебиетінде көрініс табуы әлі де кемшін.
XXI ғасырдың он төрт жылын артқа тастап, сексен жылды сонау биіктен шола бастасаңыз, газет бейшаралардың басына тағы бұлт үйіріліп, тарих сахнасынан кетеді деген сәуегейлік айтылады. «Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек» дегенге еріксіз жүгініп, өзіңді-өзің жұбатасың.
«Қазақ әдебиетінің» бетінен орын алу – жазушылық санатқа ілігудің төте жолы саналатын кезінде.
Жазушының бас-басына «Қазақ әдебиетінде» жұмыс істеу бақыты бұйыра бермеген.
Араға отыз жылды салып барып ең алғаш жарық көрген әңгімеңнен гөрі айқара беттің үстіндегі бейнеңе көбірек үңілесің. Жастық шіркіннің тұнып тұрған кінәратсыз сүдіні құдды өзіңдікі еместей жатырқайсың бір жағы. Қар жауған күннің таңғы қансонарының үлпілдек мақпал ауасымен тыныстап тұрғандай тап-таза ажар. «Мынау аппақ дүниенің» қолат-қойнауын шарлаған саңқылдаған дауыс шалықтап барып сонау қиыр шеттен бір-ақ қайтқанда – құлағыңның тура түбінен табиғаттай тұмса үн жаңғырып тұрып алатынын қайтесің. Жарасымды ырғақ бұзылмастан осылай жалғаса береді деп ойладық қой, біз пақыр. Дүниенің төрт бұрышын шарқ ұрып аралап, адақтасаң да тап бұл секілді сезіністі содан қайтып ұшыратпай, әлдене қарауытып тұрғандай алыстағы көкжиекке еміне қарайтының несі екен!..
Алғаш жарық көрген кез бен сақа жазушы атанған шақтың екіарасындағы ізденіс ұлттық әдебиет үдерісінің айнасы іспетті. Сөздің жаттанды қалыбынан ұзамай түйіндеу қайбір жақсылықтың нышаны. Жария қошаметтің тобырлық ыңғайынан алыстап, әр жүрекпен оңаша тілдесудің қадіріне жетуге бүгінгілермен бәс тігу қиындау. Ой қазығын уысынан шығармай мығым ұстаған жазушылық кәсіп әуесқойлық өлшемнің құрығына іліккелі көзкөрген көне тұлғаларды аңсайсың. Бірақ олардың селдіреген қатарынан сергек үн қататын ірілікті кездестіре алмай дымың құрып, үнің өшеді. Кешегіні жағың талмай айтқаннан маңыз шыға ма, шықпай ма, бүгінгінің өзіне зар болып қалатын жағдайды ойлаған сайын қауіп ұлғая түседі. Өйткені нағыз әдебиетшілік мінез қатары сиреп барады.
Абайдың «Қолына қаламды қатты ұстаған» сөзін академик Зейнолла Қабдолов жиі қолданып, оған «жігіт» дегенді қосақтап айтуды ұнататын еді, жарықтық. «Қолына қаламды қатты ұстаған сол жігіттердің» орнын жаңа-жаңа басқан толқын ұлттық ізеттің аясын кеңітуге мүдделі ме, сөз қадірін ұғуға қаншалықты құнтты?! Сұрақ саналуан да жауабы шамалы. Мысқыл үйіріліп миығымен күлетін бейнелер көлең қағып елестесе де, алғашқы қолтаңбаның өрнек өрмегінен бедеріне дейін көзге әлі күнге дейін ыстық басылатынын ойлаған мезет сағынышқа қоса көңілге ұялаған мұң жүректі елжірете сыздатып өтеді.
«Қазақ әдебиеті» – ақсақалдық рухқа суарылған ақ батаның ордасы ғана емес, әке мен баланың шарпысқан көзқарасы. Сөзді түзеудің ұстаханасы және ескінің арты мен жаңаның басын анықтайтын ұлттық барометр.
Біз ғана сөзді кие тұтатын ұлтпыз деп көңілді алдарқатудың шындығы қаншалықты өрісті. Қазақтың сөз ұстанымының ерекшелігі мінсіз, ата-баба бұл жағынан адасқан жоқ деген ұғым аясына кеңірек үңіліп, қорытынды жасаудың кезегі әлі алда. Тырнақалды дүниенің жалғанға жар салып жарық көруі – қаламгер тасының өрге домалауынан бөлек – дүниеде бар мен жоқты жадыға салып тұратын халықтық ішкі құрылғы тетік іске қосылмай, ақиқатқа жету қиын. Ендігілердің сыпыра бәлденуі мен бәлсінуі, жазған-сызғанын саржұрт қып қайта-қайта басып оқырманға ұсынуы ақындыққа сын, жігіттіке мін емей не. Қаламгерлік ғұмырдың я өмірі, я ажалының үкімін шығару дуалы ауыздардың үлесінде ғана емес, бүкіл ұлттың қарауында болмай, көсегеміз көгере қоюы екіталай. jsh
Сексенінші жылдары әдебиетке келген ұрпақ өкілдері «Біз әлі кездесеміз» деп бір-бірімен кітаптың атауымен қоштасатын әдеттерін қазір біртүрлі сағынышпен еске аласың. Жазушылықтың қадірі мен кітаптың рухани айналымдағы орнын ұмытпай, осылай еске алып отырудың өзі ғанибет екен-ау, қарасаң. Көне Мысыр

( Суретте: Қазақ әдебиеті газетінің бас редакторы: Ж.Шаштайұлы)   ғимараттарының қаптаған алып-алып колонолары (ұстындары) секілді жазушылар «Қазақ әдебиетінің» қасиетті қарашаңырағының бір-бір уығы. Дей тұрсақ та уақыт сынына төтеп беру дегеннің мәніне үңілсең – тарихи жәдігерлердің аңғал-саңғал можып-мұжылған кейіптерінен гөрі көркем шығарма өзінің аты айтып тұрғандай, сұлулық жаратылысынан бір мысқал төмендеген емес.
Асыл ерекшелігінен айнымас серік бола беруге жазсын, Сіз бен Бізге «Қазақ әдебиеті».

«Қазақ әдебиеті» газеті № 1 – 2 (3374)

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. “Қазақ әдебиеті” газеттімен қырық жыл бірге жасасып келе жатқан оқырманының бірімін. Жадыма сондай жақын, арада үзілістер болған шығар, солай болса да аңсарым ауып тұратын, әр бетін бір парақтамай көңілім жай таппайтын басылым. Бүгін сексен жасқа толып отыр екен. Газеттің бүгінгі ұжымын, Қазақстан Жазушыларын осы мерей тойымен шын жүректен құттықтаймын. Газеттің Қазақтың көркем әдебиетімен бірге жасайтындығына, оның руханм ұстанымына адал, сөз өнерінің құдыретін онан ары мейектендіріп ұрпақтан ұрпаққа іркіліссіз жалғайтындығына кәміл сенемін.

  2. Мен «Қазақ әде­биетін» басынан-аяғына дейін оқып отыратын адаммын. Кейде рушылдықтың дер­ті меңдеп алғаны байқалып тұрады. Қазір масқара болғанда бірігудің емес, ыдыраудың алдында тұрмыз. Ұятты мүлде қой­дық. Осы жағынан келгенде, «Қазақ әде­биеті» төрелік айтатын, ұлт сөзі сөй­ленетін мінберге айналуы керек еді. Өкі­нішке қарай, ол деңгейге жетпей отыр. Оның себептері, біріншіден, биліктен қол­дау жоқ. Екіншісі, рушылдық. Әркім өз ауылынан шыққан «текешігін» мақтайтын бол­ды. Абылайдың 300 жылдығы Көк­ше­тауда ғана аталды. Оған қарағанда біреу­лердің туған күні апталап тойға ұласып жа­тады ғой. «Қазақ әдебиеті» қазақтың мұ­ңын айтатын, жекелеген мүдделерге жұ­мыс істемейтін газет болса екен деп тілеймін. Кейде оқып отырып, не үшін, қай­да бұрып отырғандарыңды байқап қа­ламын. Бөлінудің алдын алатын, нағыз бұ­қарашыл газет – әдеби газет. Өйткені әде­биет ұлттың жаны. Құр мақтамай, ха­лыққа керек сөз айтылса. Соны атқара­тын сіз­дер, жазушылар.
    “Қазақ әдебиетінен”

  3. Қаламгер ретінде маған «Қазақ әдебиеті» газетінің ұнайтыны – батылдығы, ұлт намысын қолдан бермейтіндігі. Әдебиетіміздің оң көзі стиліне сіңісті дәстүр. “Қазақ әдебиетінен”

  4. Ендігі мерейтой кезінде газеттің мен­шік иелері Алматының ең қымбат ауданында тұрған тарихи ғимаратта жұмыс істеп отырып, ең аз жалақы алатын жур­налистерінің жанкешті еңбегін лайықты түрде бағалар деп үміттенем. «Қазақ әдебиетінің» де ХХІ ғасырға лайық жаңа технологиялар форматына ың­ғайланып, түрлене түсетініне, аудиториясын ұлғайта беретініне және түрлі әдеби ағым мен ұстаным өкілдеріне ортақ шығармашы­лық һәм ақпарат алаңы болып қалаты­ны­на сенемін.”Қазақ әдебиетінен”

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар