Былтыр Астанада өткен Қазнет пайдаланушылары мен үйлестірушілері үшін елеулі құбылыс болған қазақ сайттары редакторларының тұңғыш конференциясы биыл да жалғасын таппақ. Бұл конференция қазақ сайттары редакторлары мен үйлестірушілерінің басын қосып, қазақтілді интернет кеңістіктің жетістіктері мен кемшіліктерін саралап, оның кеңеюіне, дамуына септігін тигізетін барлық жаңа әрі тиімді әдістер мен амалдарды, жарқын идеяларды талдау мен тұщымды ойларды талқылау алаңына айналады.
Сайт редакторлары, журналистер, IT саласындағы мамандар мен шетелдік сарапшылардың қатысуымен өткен алғашқы конференция қазақ интернетіне қатысты қордаланған біраз мәселені талқылаған болатын.
Екінші мәрте өткізілгелі отырған жиынның мағыналы әрі нәтижелі болуы мақсатында конференцияның ұйымдастыру комитеті белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінгі күнге дейін «facebook» әлеуметтік желісінің арнайы парақшасында конференцияны өткізу бойынша ұсыныстар ортаға салынып, қызу талқылануда. Сондықтан, осыған дейін айтылған барлық ұсыныстар мен пікірлердің ішінен сүбелі ойларды ескеріп, биылғы конференция жұмысы мен барысын нақты анықтау, бағдарламасын айқындау мақсатында ұйымдастыру комитетінің кезекті отырысы өтті.
Бүгінгі отырысқа алқа мүшелігінің құрамындағы «Wikibilim» қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы, «Қазконтент» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Нартай Әшім, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, «Жақсы» порталының үйлестірушісі Өркен Кенжебек, «Айнаline» порталының бас редакторы Жарқын Түсіпбекұлы және «Minber.kz» журналистерді қолдау орталығының жанынан құрылған «Жаңа медианы зерттеу тобының» жетекшісі Асқат Еркімбай қатысып, барлық айтылған ұсыныстар мен пікірлерге шолу жүргізіп, өзіндік жеке көзқарастарын білдірді. Және жақында ұйымдастырылғалы отырған конференцияның негізгі мақсатын, жұмыс жоспары мен бағдарламасын бекітті. Биылғы жиынның бір жаңалығы ретінде жаңа жобалардың таныстырылымы болатынын атап өтуге болады. Осыған қарағанда, алдағы уақытта өтетін қазақ сайттары редакторларының екінші конференциясында айтылар жаңа ойлар мен идеялар аз емес сияқты.
“Мінбер-ақпарат”
Парақшамызға жазылыңыз
Бұл конференцияға қалай қатыса алмын.