/

Саят Қамшыгер: Өтіп жатыр ай жылжып, күн жаңарып

3583 рет қаралды
1

          

        «Серпер» жастар сыйлығының лауераты Саят Қамшыгер өлеңдерінен.

  Туған елім

sayat qamshigerАнық басып жүрсем де жұрт алдында,

Намысыңды туған ел,

жырта алдым ба?

Аманаты халқымның-бабаларым,

Бар сенім мен үмітім-ұрпағымда !

Туған елім,

Көрсеттің құрметіңді,

Өтей алар ма екенмін міндетімді?

Көңілімде көк байрақ желбіреуде,

Қыран болып сүйсем бе күн бетіңді?!

Жаппар ием!

Ризамын,

бас ұрылды,

Алшысынан түсірдің асығымды.

Туған елім,анамдай аялаймын,

Мен сүйемін тәуелсіз ғасырымды!

Иә,сүйем,

сүйемін,

тағы сүйем,

Жүрмін әзір өмірдің ағысымен.

Қызғалдақтай құлпырар қыздарым бар,

Ұлым ертең сүйінер «барысымен».

Туған елім,

мәңгілік берік шынар,

Туған халқым өзіңе серік,сыңар.

Топырағың болсам ел,арманым жоқ,

Өзегінен тіршілік өніп шығар…

***

  

Мәрмарада ақ қайың тербеледі желменен,

Мүлгіп тұрған пальмалар көкке қанат сермеген.

Мәрмар тастар көнеден сыр ашқанда суырып,

Жанға дауа ауасы қам көңілді емдеген.

Шағалалар шуылдап жан бітірген аймаққа,

Жағалаулар толыпты ай, жұлдызды байраққа.

Енесіне жиі кеп еміренген төл сынды,

Сапар шеккен кемелер оралады айлаққа.

Магнолияның ақ гүлі жұпар шашып алыстан,

Құстар ұшар теңіздің самалымен жарысқан.

Мәрмар теңіз жағасы толқындармен тербеліп,

Жаратқанның рахымы құйылып тұр ғарыштан.

Орамалды ханымдар ізетті деп айта алам,

Ақ көңілді бейлерді көрген кезде жай табам.

Қош,есен бол!

Торғын кеш,

Жағалауы Мәрмардың,

Қайтып барам,бірақ та,

Ораламын қайтадан!

Қағбаның титтей құстары

 

Қарсы алған демей бөтенсің,

Болдыңдар жанның құштары.

Көңілдің құсы ма екенсің,

Қағбаның титтей құстары.

Әр сәтін санап,құшатын,

Тоқтатсам,шіркін уақытты.

Меккеде еркін ұшатын,

Құстар ең неткен бақытты!

Келгендер жақын, алыстан,

Сезеді Хақта күш барын.

Періштелермен жарысқан

Қанатты менің құстарым.

Тарихқа толы жазираң,

Жүрекке жылу жинадым.

Маған да Қағба әз ұям,

Қанатым менің-иманым.

Биіктен,міне, көрдіңдер,

Меккеге ел-жұрт жетуде.

Қай жақтан сендер келдіңдер

Қағбаны тауап етуге.

Нәпсіні рухым жеңгендей,

Мөлтілдеп жасым тамады.

Адамдар дағы сендердей,

Ұясын келіп табады!

Қарсы алған демей бөтенсің,

Болдыңдар жанның құштары.

Көңілдің құсы ма екенсің,

Қағбаның титтей құстары?!

                         

Хат

Сен жанымда болмасаң да,

біргеміз,

Бір жүргенде ажырамас іргеміз.

Саған алғаш сөз айтқандай толқимын,

хат арқылы сөйлескенде күнде біз.

 

Өшкенімді жандырғандай хаттарың,

Әр сөзіңді көңілімде жаттадым.

Жылағаннан артық екен күлгенім,

жоғалтқаннан көп болыпты тапқаным.

 

Сезімім бар тамшы болып таматын,

Сені күтіп таусылғандай тағатым.

Саған ұшып жетсем бе екен құс болып,

бірақ,әттең…

жоқ қой менің қанатым.

Бұл әлемге сенсіз қалай сиям мен,

Тіршілікте бақыттымын ұяммен.

Дәл жаныңда болмасам да тап қазір,

біз біргеміз көңіл құсы— қиялмен.

Хаттарыммен сағынышым жарысқан,

Ішім —алаң…

сыртым дүрдей арыстан.

Сүйген жүрек соғады екен сағаттай,

жан-жарыңды іздегенде алыстан!

 

Мен көктемді сағындым

Мен көктемді сағындым,

көктем мені,

Жаным жылу аңсайды көптен бері.

Әр күндерім тағдырдың тартуындай,

әрбір мезгіл— өмірдің өткелдері.

Жол күткендей көңілім жүр елеңдеп,

Шуағымен көктемнің гүл егем көп.

Көктем маған келеді бүршік атып,

көктем маған көшеді бір өлең боп.

Өтіп жатыр ай жылжып, күн жаңарып,

Сағынышым мұңменен жүр жамалып.

Әрбір күннен көктемді іздеп жүрмін,

әр көктемнен күтемін бір жаңалық.

Сәнді екенін өмірдің сан ұқтырған,

Мен көктемді сағындым сауық құрған.

Күтудемін көктемді,

ал көктем ше?

Үйден шықпас арудай зарықтырған.

Қиялыммен басамын айға да адым,

Ғұмырымның әр сәтін аймаладым.

Көктем маған өлең боп көшкен кезде,

Бәлкім мен де көктемге айналамын!

Бiз ақынбыз

Бiз ақынбыз, жалғанды

жалпағынан басатын.

Жақсы көрер алғанды,

барын судай шашатын.

Бiз ақынбыз, көңiлi

жауған қардай аппақ тым.

Өтетұғын өмiрi

бойында сан соқпақтың.

Бiз ақынбыз, бiр уақ

ойша әлемдi шолатын.

Баладаймыз күлiп ап,

бiрден жылай салатын.

Бiз ақынбыз, жалғызбыз,

көп iшiнде жүрсек те.

Бүгiн серi, сал — бiзбiз,

әнге айналар бiр сәтте.

Бiз ақынбыз, тағдыры,

талай аңыз болатын.

Жырларымыз таң нұры

басқа бақ боп қонатын.

Бiз ақынбыз, бiр-бiр ер,

керек болса батырмыз.

Сырмыз iште iркiлер,

айтылмаған ақылмыз.

Бiз ақынбыз, бiздерге

ешқашанда таң қалма.

Кеудесi бай күзден де,

сөзi күштi заңнан да.

Бiз ақынбыз, күлкiлi

бұл жалғанды түс дейтiн.

Ұшып көкке бiр күнi,

жерге қайтып түспейтiн!

 

 

    Ақтарылу

Кешірімді бола біл,

көңіліңе кір алма,

Сүйген құлға сый арнар мейірімді бір Алла.

Қараңғылық сейілді,

арайлады  таң күліп,

Кеш те болса бас қойдым құдай сөзі — Құранға.

Қандай едім бұрында?

—     Болғандаймын тірі «өлік»,

Құбылаға бет бұрдым басқан жерге гүл өніп.

Бүкіл жолдар бір жерде тоғысқаны секілді,

Рахаттандым бар ойым Жаратқанға тіреліп.

Сезесің бе?

Бар ғалам уысында Иенің,

Сол иенің алдында құл боп басты иемін.

Керуен-керуен көш кеткен мәңгі мекен жақтанбыз,

қонағымыз  бес күндік өмір деген жүйенің.

Бұл күнде де мен кейде жоғалтамын өзімді,

Тырнап-тырнап ашамын ұйқы қысқан көзімді.

Хаққа ғашық әрбір жан

шөлде өскен құрмадай,

Тасымайды қуанса,

қиындыққа  төзімді.

Көңіл — құсым шырылдап Жерұйығын іздеген,

Үйде құл боп иіліп, мырза болам түзде мен.

Адамзатқа елші боп келген нәби — шын үлгі,

Мұсылмандық — тура жол,

Жаратушы бізбенен!

Балама сыр

Мен түбінде қайтамын,

Жарға барам,

Ал одан сәл бұрындау Шарға барам.

Туған жердің топырағын жастық етем,

Менен қалған жолды сен жалға, балам!

Ал, қазірше керекпін сүйікті елге,

Елің үшін бақ пен құт жиып терле.

Қанаттары қайырылған қыран құс ем,

Мен жетпеген жетші сен биіктерге.

Алуан түрлі жүйрік бар менен де елде,

Бәлкім бір күн айналам өлеңдерге.

Мейлі, алтын күн батыстан шықса дағы,

Мен бармаған сүңги біл тереңдерге.

Хикметті бол

толы іші қазынаға,

Бұл өмірден түңілме, қажыма да.

Ырыс пенен ынтымақ елде деп біл,

Қай күнде де халықтан ажырама.

Бала кезден сырласам жиі өмірмен,

Жаратқанға құл боп бас иемін мен.

Көздің нұры, жанымның бөлшегісің,

Сені, балам,

осылай сүйемін мен!

                    Сен кеткелі

Сен кеткелі құлазуда көңілім,

Жүрегіңмен тоқтағандай өмірім.

Қайғы-мұңға жан дүнием жаншылды,

Ал, сырт көзге күдірейген бөрімін.

Сен кеткелі көтермедім басымды,

Енді менің кім сүртеді жасымды?

Бұл дүниеде қайдан сені табамын,

«Құлыным» деп кім сипайды шашымды?!

Сен кеткелі кеудем толды өксікке,

Теңіздерім айналғандай көлшікке.

Асыл анам кірмейінше жұмаққа,

Алла, менің көңілімді көншітпе!

Сен кеткелі өкпем қысып, тарылды,

Ажал менің әкетіпті «барымды».

Опыр-топыр, бір жеміс те қалдырмай,

Біреулер кеп тонағандай бағымды.

Сен кеткелі ой сан саққа бөлінді,

Ұлың да енді көп ойлайды өлімді.

Тағдыр мені бір бұрышқа тастады,

Сығып-сығып шығарғандай сөлімді.

Сен кеткелі жүрем босқа сабылып,

Әкем кетіп, өзің боп ең бар үміт.

Енді мені шығарып сап көзімен,

Келерімді кім күтеді сарылып?

Сен кеткелі есеңгіреп аспаным,

Теректер де көтермей тұр бастарын.

Бар кезіңде қадырыңды білдік пе,

Өмір деген осылайша,

қас-қағым…

  Қандасыма үшбу хат

Аман болсын деген қазақ даласы,

Ар ма ағайын, ел мен елдің арасы.

Паналады-ау босағасын жат жұрттың,

Бір кездегі бай-бағланның баласы.

Көктей өтіп шекараның қамалын,

Жетуді ойлап тозды ұлтан, табаның.

Елге жетсең табар едің қалайда,

Әз бейітін әже менен бабаның.

Құшағына алар келсең өр елің,

Сен оралсаң кеңейеді көлемім.

Атажұртқа асықтың-ау армандап,

Сағыныштың ерттеп мініп төбелін.

Заман тыныш, сені күтіп тұр елің,

Бұл жақта да ерттеулі тұр күреңің.

Атамекен — өз жұртыңа келуден,

Үмітіңді үзе көрме, тілерім.

Өзге жұрттан мен сендерді қызғанам,

Өз елінде бұлаңдасын қыз, балаң.

Халқымыз бар сағынысып қауышар,

Қалпымыз бар, жүрек мынау, сыздаған…

Атажұртпен табыстырып тағдырың,

Қандай ғажап тамашалау таң нұрын.

Домбырамен қосылғандай қыл қобыз,

Шырқайық бір еркіндіктің ән-жырын.

Қандасына бола алатын бек тіреу,

Қазағың бар өзге жұрттан тектілеу.

Қай қиырда жүрсе дағы қазағым,

Оттан ыстық Отаны оның тек біреу!

 

                        Әке

Бала кезден қақпаған еш бетінен,

Қорғады әкем ызғар, желдің өтінен.

Күні-түні бір Алладан сұрарым –

әкем аман жүре тұрсын, өтінем!

Кеше тау ед, бүгін аздап шөккендей,

Жетпіс оған сынағы көп өткелдей.

Біреу келіп кірпігіне мұң іліп,

шаштарына қарды шашып өткендей.

Бүгіндері тез суланат жанары,

Кеудесі оның қыл қобыздың шанағы.

Маңдайына ойлар түрлі жол жасап,

жалғыздықты жақсы көріп барады.

Әлі әкемнің өрде тұр ғой сан тасы,

Маған қымбат қалғанынша жаңқасы.

Егер батыл, өжет болсақ өмірде,

тау тұлғалы әкелердің арқасы.

Сенім дарып әке деген қорғаннан,

Өтіп келем қалың қайғы – орманнан.

Әне, жастар келе жатыр алшаңдап,

тірек болар әкелері болғаннан.

Әкелермен асқақ болып тұрамыз,

(Аналар да таусылмайтын жыр-аңыз.)

Әкең барда жайқалады бар әлем,

олар жоқта солып қалған құла дүз.

Бала кезден қақпаған еш бетінен,

Қорғады әкем ызғар, желдің өтінен.

Күні-түні бір Алладан сұрарым-

әкем аман жүре тұрсын, өтінем!

Жанайқай

Ылғи жұмыстан қайтып бара жатқанда көшенің

бір бұрышында темекі тартып тұратын қазақ қызын көремін.

Күнде өтемін жаныңнан,

Шылымнан у тарады.

Өткендей от, жалыннан,

Жаным жанып барады.

Арттырасың мұңымды,

Қазылғандай молам мың.

Қыз тұтатса шылымды,

Азғаны ма қоғамның?

Жанға салсаң сен сызат,

Шылым емес дауасы.

Алматының сенсіз-ақ

Тарылуда ауасы…

Кеттім бейне құздардың

Құрдымына құлдырап.

Түтінінен қыздардың

Болашақ тұр бұлдырап.

Қайғы қалсын тасаңда,

Қыр гүліндей жайнашы.

Қыз дегенің қашанда

Аналардың айнасы.

Айықсаңшы дертіңнен,

Бақыт күнге басташы.

Қазақ қызы, өтінем,

Темекіңді тасташы?!

Шылым деген айтар ем,

Сәні емес қой еріннің.

Басқа жолмен қайтар ем,

Ол жақтан да жеріндім.

Темекіде сары у бар,

Қарашы бір сыйқыңды.

Шылым сорған арулар

Бола алмайды сүйкімді!

Әз пайғамбарға (с.ғ.с)

Саған деген мың өлең бар санамда,

Сен дегенде құлпырады далам да.

Жаратқанның елшісі һәм құлы, Сен,

Рақым нұры болып келдің ғаламға.

Алла десем жүрегім де жай табар,

Сен дегенде иман-гүлім жайқалар.

Міндетіңнің ауырлығын сезінген,

Үмбетіңмін кәлиманы қайталар.

Қадырыңды дәл жеткізіп жаза алман,

Айтқаныңдай сабақ алам ажалдан.

Дінім еріп келіп еді өзіңмен,

Мұзым еріп бара жатыр азаннан.

Алла ғана бар дерттердің дауасы,

(Білсе, шіркін, бар адамзат баласы!)

Көз алдымда Алматыдай шахар тұр,

Ал, көңілде – «пайғамбардың қаласы».

Әз пайғамбар, иман еді жиғаның,

Адамзатқа Хақтың дінін сыйладың.

Сені аңсаймын, екі дүние сардары,

Уахи күткен үңгіріндей Хираның.

«Лә иллаһа илла Аллаһ» боп ұраным,

Жүзімді тек Қағба жаққа бұрамын.

Я, расулым, жүрегімде Хақ Алла,

Рухымда – Сен, ал қолымда – Құраным.

Сеніменен түрленгендей бар алап,

Жүрем енді әр ісімді саралап.

Аллаға – құл, ал Өзіңе үмбетпін,

Әз пайғамбар, айтам саған салауат!

«Саллалаху ғалейхи уассалам…»

 Саят Қамшыгер

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Саяттың өлендері жүрекке жақын, әсіресе әке-шешесіне арнап жазгандарын тебіренбей оқу мүмкін емас екен. Менің де шешеме деген сағынышым 5 жыл өтсе бір басылар емес… Ата-анасын осынша қадірлеуі тәрбиесінің дұрыс болғанының жемісі ғой.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар