//

«ЕЛ ҚОРҒАНЫ – ЕР ЖӘНІБЕК» АТТЫ АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖЫР-МҮШӘЙРАСЫ

1007 рет қаралды

Ақ сауытын киініп, ата бабаның ақ туын көтеріп, қазақ даласының аумақтық тұтастығы мен шекара шебінің бүтіндігін қас қақпай күзетіп, қасық қаны қалғанша Жоңғар дұшпандарымен айқасып, қасиетті атамекеннің сынық сүйем топырағын жауға таптатпай азат еткен аруақты батыр, қаһарман хандар, ақылман билер бүгінгі әлеуетті де сәулетті Қазақ елінің терең тамырына нәр беретін сарқылмас қуат десек болады. Сондай батырлардың бірі – биыл туғанына 300 жыл толып отырған жаужүрек сардар, қабырғалы би, көреген қолбасы Ер Жәнібек Бердәулетұлы.

Елім деп еңіреген, жекпе-жекте туы желбіреген  нар намысты марғасқалар туралы тарихшы  Құрбанғали Халиди «Тауарих хамса» деген әйгілі еңбегінде «Абылай заманында батыр, сардар болғандар –  Қаракерей Қабанбай, Алтыбай батыр, Ақтанберді батыр, Еспенбет батыр, Матай Шөңкей батыр, Керей Жәнібек батыр, Бура Ақпантай батыр, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Бәсентиін Малайсары батыр» деп қас батырлардың есім сойларын меруерттей тізіп, маржандай сүзіп, қастерлепқадірлеп атайды.

Хан Абылай, бас сардар Қабанбайлардың дана басшылығында жүргізілген атажұртты азат ету соғысына бастан-аяқ қатысып,  басқыншы жоңғарларды түре қуып, елін ежелгі ата баба қонысы Алтай, Тарбағатайға орналастыруға үлес қосқан Ер Жәнібектің есімі еліне ұран болуы заңды еді. Жаугершілік заман аяқталған соң көрші елдермен мәмілегерлік бітім жасасып, сауда-экономикалық қатынасты нығайтуға шарапаты тиген Ер Жәнібекті халқы от ауызды, орақ тілді би шешен ретінде де қадірлеген. Ақыры елін ежелгі қонысқа орнықтырған батырдың  ғазиз рухы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Ортабұлақ деген жерде мәңгілік дамылдапты.

Шығыс Қазақстан облысының әкімшілігі мен елжанды зиялы қауым, іскер азаматтар бас қосып, батырдың басына 2009 жылы күмбезді ескерткіш кешен орнатуы – бүгінгі ұрпақтың баба алдындағы тағзымы әрі жастарға патриоттық рухтың дәнін егетін, отанымыздың шекарасын қас қақпай қорғап тұрған қазіргі ержүрек сарбаздарымыз бен сардарларымыздың намысын қайрап, жігерін шыңдайтын даңқты шара болды.

Міне, биыл батыр бабаның туғанына 300 жыл толуына орай дәстүр сабақтастығын жалғастырып, Елбасы айтқан «Мәңгілік ел» рухы бағытында халықты жұмылдыру мақсатында Шығыс Қазақстан облысы әкімшілігі«Ел қорғаны – Ер Жәнібек» атты республикалық ашық мүшәйра жариялайды.

Мүшәйраның мақсаты – ерегескен жауын жер жастандырған, елінің шекарасын кеудесімен қорғаған батыр баба Ер Жәнібектің жеңімпаздық жолын жыр жолымен өрнектеу, сонымен қатар Ер Жәнібекпен бірге ел намысын қорғаған қолбастаған көсем, сөз бастаған шешен Хан Абылай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбей, Шапырашты Наурызбай, Төле, Әйтеке, Қазыбек би секілді көптеген тарихи тұлғалардың ынтымағы мен елді біріктіру жолында атқарған өлшеусіз еңбегін  өлеңмен дәріптеп, жастарға үлгі ету; Ер Жәнібектің соңында қалған аңыз-әпсаналар, шешендік сөздер, ҚР музейде сақталған жорық саптыаяғы, ҚХР-дағы қазақтар арасында сақталған туы салынған сандық, кездік секілді мұраларын өлең жырға өзек ете отырып, батырдың даңқты жолы бүгінгі ұрпаққа жалғасқанын мадақ ету; Ер Жәнібектің елінің бірлігі мен ынтымағы, жерінің аумақтық тұтастығы, халқының  ырыс-берекесі жолында өмірін сарп еткен қабырғалы би, көреген қолбасшы ретіндегі тұлғасын сомдап, өлеңмен өрнектеу; Ең негізі – ел басына күн туған алқакөл сұлама, ақтабан шұбырындыдан халқын құтқарып, ұрпағын бүгінгі күнге есен-аман жеткізуге негіз қалаған қаһарман тұлғалардың жиынтық бейнесін, замана бедерін Ер Жәнібек Бердәулетұлының айналасына топтастыра сомдау арқылы ержүрек батыр, қабырғалы билеріміздің, дауылпаз жырауларымыздың даналық, гуманистік құндылықтарын ұрпақ зердесіне ұялату; Осы арқылы түпкілікті нәтижеде «Мәңгілік ел» ұлттық идеясына ақындардың жырмен үлес қосуына жағдай туғызу.

Батыр бабаның кескін-келбетін жыр тілімен айшықты сомдап, оқырманның патриоттық сезіміне әсер етіп, жүрегін тербете алатын көркем туындыға жүлде беріледі. Мүшәйраға еш жерде жарық көрмеген өлеңдер, толғаулар, поэмалар қабылданады.

Бас жүлде – жеңіл автокөлік. 

Бірінші орын – біреу 

Екінші орын – екеу 

Үшінші орын – үшеу 

Ынталандыру сыйлықтары – бесеу

Мүшәйраға қатысушылардың шығармалары компьютерге басылған бес данадан кем емес және электронды нұсқасымен 2014 жылдың 1 тамызына дейін мына мекенжайға келіп түсуі керек:

Индекс: 010000, Астана қаласы, Әуезов көшесі, 20 «А», Сәкен Сейфуллин мұражайы. Тел.: 32-84-67, 53-34-03, e-mail:astanakalamger@mail.ru. 

Мүшәйра қорытындысы 2014 жылдың 15 тамыз күні шығарылады. Жүлдегерлердің Өскемен қаласына келіп-кету жол шығыны мен жатар орны мәселесін ұйымдастыру комитеті мойнына алмайды. Қазылар алқасының шешімі қайта қаралмайды.

 

Ұйымдастыру комитеті

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар