/

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ РЕСЕЙ ПОЛИГОНДАРЫ ҰЖЫМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІҢ КЕПІЛІ МЕ?

2352 рет қаралды

poligon Ресей Қазақстанның ең басты стратегиялық әріптесі, 2011 жылдан бері Ресейдің бастамасымен Кедендік одаққа мүшеміз. Солтүстіктегі көршіміздің талай жылдар үстемдік еткеніне әбден үйреніп алғанбыз ба, Қазақстан әзірге оның қандай да өтініштерін жерде қалдырған емес. Ең өкініштісі, ядролық қарудан бас тартқанымызға 25 жыл болды деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, қазақ даласының зымырандар сынағынан әлі күнге көз ашпай келе жатқандығын біреу білсе, біреу білмейді.

Дәл бүгінгі таңда Қазақстанда Ресейдің 7 полигоны бар. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-пен жарысып қарулануды мақсат еткен КСРО 1950 жылдардан бастап әскери полигондарын қаптатып аша бастаған.

Бір таңқаларлығы, Ресейдің осы әскери полигондарының басым бөлігін Қазақстан аумағында ашуы. Қазақтың кең даласы – Ресейдің үлкен полигон алаңына айналған және айналып отыр. Әрине, 1992 жылдан кейін қазақ даласындағы полигондардың аумағы әжептәуір азайды. Дегенмен, әлі күнге дейін Қазақстанның 11 миллион шаршы гектары Ресейдің әскери полигондары үшін жалға беріледі. Полигондар еліміздің батысынан бастап, шығысына дейін созылып жатыр. Әсіресе, халық аз шоғырланған  Батыс өңірінде полигондардың көбі орналасқан.

1949 жылдан 1989 жылдар аралығында Семей сынақ полигонында 468 ядролық сынақ өткізілген. Оның ішінде 616 ядролық және термоядролық бомба жарылған: оның – 125-сі ауада,    343-і жер астында жасалған. 1949-1963 жылдары жарылған ядролық қуаттың күші – Хиросимаға тасталынған бомбадан 2500 есеге артық. Семей полигонынан бөлек жартысы Қазақстан аумағын алып жатқан Капустин Яр полигонында 1950 жылдан 11 ядролық жарылыс жасалған. Оның жалпы қуаты – Хиросимаға тасталған 65 атом бомбасына тең келеді.  Алғашқы жер бетіндегі ядролық жарылыс 1956 жылдың 2 ақпанында Арал қаласы маңында жасалды. Ал Атырау облысының аумағындағы Азғыр полигонында 1966-1977 жылдар аралығында 17 ядролық жарылыс жасалған. Бұдан кейін тағы 15 жарылыс жасалды, оның үшеуі Маңғыстау түбегінде орын алды.

Ресей Семей ядролық полигоны жабылғаннан кейін ядролық радиациядан зардап шеккен жерлерді оңалту үшін қандай да сауықтыру шараларын жасауды қолға алуы керек еді. Сондай-ақ, радиациялық қалдықтарды өзімен бірге ала кетіп, полигонның аумағын белгілеп, онда мал мен адам аяғының тиюінен сақтандыру қажет болатын. Алайда Ресей Семейдегі сынақ алаңдарын сол қалпы тастады, ол жерде бүгінде Дегелең мен Абай ауданының халқы өмір сүруде және олар радиациялық аумақта малын жайып, емін-еркін кіріп шығып жүр. Ал ондағы халықтың денсаулығы жыл өткен сайын нашарлап барады дейді кейбір мамандар.

Ал қазіргі сәтте Қазақстан аумағында Ресейдің 7 әскери полигоны орналасқан және олар үшін Ресей жылына небәрі 27,5 миллион доллар төлейді. 

Қазақстан аумағындағы ең ірі полигон кешені – Сары-Шаған. Оның орталығы Приозерск қаласы, аумағы Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл және Қарағанды облыстарын алып жатыр. Батыс-Қазақстан облысы, Атырау және Ақтөбе облыстарында  «Азғыр», «929-шы ГЛИЦ», «Капустин Яр», «Ашулук», «Жем»  полигондары бар. Капустин Яр және Ашулук әскери полигондары Ресейдің Астрахань облысында орналасқанымен, одан атылған зымырандар қазақ даласына келіп түседі.

2013 жылы маусым айында Астрахань жанындағы Капустин Яр полигонынан Ресей зымыраны ұшырылып, Балқаш көлінің маңайына құлады. Сол кезде ядролық жарылысқа қарсы «Невада-Семей» қозғалысының президенті Олжас Сүлейменов әлемдік тәжірибеде бір де бір мемлекет өзінің ядролық зымырандарын сынау мақсатында екінші бір елдің аумағын пайдалану жағдайы кездескен емес екендігін айтқан.

«Біз Қазақстанның атом қалдығының мемлекетіне айналуына қарсы болып келдік. Енді біз көрші елдердің біздің елімізді әскери техниканы сынау алаңына айналдыруына қарсы боламыз. Моральдық, материалдық және адам денсаулығына келтірілген зиянды анықтау мақсатында қажетті зерттеулерді өткізуіміз керек», – деген еді Олжас Сүлейменов.

Биыл қаңтардың 31-інде Қазақстанның аймақтық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев журналистерге берген сұхбатында Ресейдің барлық жалға алған аумақтарды толығымен пайдалана алмай отырғандығын айта отырып: «ол жерлерді ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалану үшін қайтарып алмақпыз» деген болатын.  Қазақстан пайдаланылмай жатқан аумақты қайтарып алып, жергілікті атқару органдарына бермек. Алайда құзырлы министрлік өкілдері аталған полигонның дәл қай аумағын қайтаратындығы жа­йында сөз қозғаған жоқ. Дәл осы мәлімдеме жасалып жатқан күні  Қазақстанға Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу келді. Ол сол кездегі Қазақстанның Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековпен кездесіп, Қарағанды облысы Балқаш ауданы аймағындағы әскери полигонды бірлесе пайдалану туралы келісімге қол қойды. Өңірлік даму министрлігі Ресейде пайдаланбай жатқан полигонға берілген аумақтарды азайтуды мақсат ететіндігін мәлімдегеніне қарамастан, екі министрдің келісім шарттарында бұл жайында әңгіме қозғалмады. Керісінше, Ресейдің әскери қатысуы Қазақстанға арта беретіндігі айтылған. Демек, аталған мәлімдеменің не үшін жасалғаны түсініксіз.

Соңғы жылдары Ресейдің Қазақстанға қатысты саясатына және Қазақстандағы Ресей әскери полигондарына қарсылық күшейгені мәлім. Әуелі Байқоңырдағы ғарыш айлағы және Байқоңыр қаласын Ресей билігінен қайтарып алу туралы мәселе көтерілді. Соңынан 2013 жылдың 2 шілдедегі қазақ даласына төгілген 600 тонна гептилдің өтемақысын даулаған қазақ ұлтшыл патриоттары «Антигептил» қоғамдық қорын құрды. Және Астанада гептилге қарсы рұқсат етілген шеру өтті. Соңғы кездері қазақ даласындағы Ресей полигондарын жабу жайлы қазақ жастары үздіксіз қарсылық акцияларын өткізумен келеді. Оның бір парасы – Астанада өткен жекелеген қарсылық акциялары. Әрине рұқсатсыз шеруге шыққан астаналықтардың барлығына айыппұл салынды. Дегенмен, қоғам белсенділері бұнымен тынғысы келмейді. Бәлкім жоғарыдағы мәлімдеме қоғамдағы осы қарсылық акцияларын басу мақсатында жасалынған болар деп бал ашқаннан өзге ештеңе айта алмайды сарапшылар. Ресейдің өзінде Қорғаныс министрлігінің қарамағында пайдаланылмай жатқан аумақтарды мемлекетке қайтару процесі жүргізіліп келеді. Демек, Ресей қорғаныс саласы шетелдегі полигон аумағын былай қойғанда, өзіндегі аумақты игере алмайтын деңгейге жеткен. Бірақ Ресей Орталық Азия елдеріндегі әскери ықпалынан айрылғысы жоқ, алайда ол үшін төлейтін қаржыны үнемдегісі келеді.

2006 жылғы екі ел президенттерінің арнайы кездесуінде Ресей президенті Владимир Путин: «9 жыл бойы Қазақстан аумағындағы полигондарды Ресей армиясының қажеттілігі үшін пайдалану туралы келісімге келе ала алмай келдік. Бүгін міне қажетті келісімдерге қол қойылды», – деді. Осы хаттамаға қол қойған Ресей Қорғаныс министрінің орынбасары Сергей Иванов «жаңа Ресей-Қазақстан келіссөзі әскери полигондарды пайдалану үшін берілетін жал құнын 27,5 миллион доллардан 24,78 миллион долларға дейін азайтуды көздейді» деген. Бұл жайында ресейлік «Военно-промышленный курьер» журналындағы «Полигоны укрепляют военный союз» атты мақалада айтылады. Алайда, 2012 жылғы ақпанның 29-ында ресейлік «КоммерсантЪ» басылымы Ресейдің Қазақстан полигондары үшін 27,5 миллион доллар төлеп отырғандығын айтады. Иванов Қазақстанның 3 миллион доллардың орнына қандай артышылықтарға ие болатындығын Ресей Қазақстанға қару мен әскери техниканы ішкі рыноктағы бағамен сататындығын айтқан.

Айта кететін бір мәселе, Ресей жалға алған полигондарды пайдалану жайлы келіссөздерге қарағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік санитарлық және экологиялық бақылау және басқа да бақылау органдарының өкілдерін полигон аумағына кедергісіз өткізу туралы келісім бар. Алайда бұл келісім «Жем» полигонына жүрмейді. Келісім бойынша бұл полигонға кіру РФ Қорғаныс министрлігінің рұқсатымен ғана жүзеге асады. Алайда полигон аумағы қоршалмағандықтан, оған қарапайым тұрғындардың кіріп кету мүмкіндігі зор. Қазақстандық әскери сайт Ресей мен Қазақстан арасындағы әскери полигондарды жалға алу туралы келісімнің бұзылғандығын жазады. Пайдаланылған жерлердің өңделмейтіндігі, өндіріс қалдықтары, жарамсыз қалдықтармен былғанып қалатындығы жазылған онда. Ресей Федерациясының міндетіне полигон аумағы және одан тыс аумақтың да экологиялық ахуалын сауықтыру енеді. Ол үшін  жылдық, ұзақ мерзімді  табиғатты қорғау бағдарламасын қабылдау, зымырандар мен нысаналардың құлаған аумағын өңдеуден өткізу қажет.  Жер учаскелерінде адам мен өсімдіктің, жан-жануарлардың денсаулығына зиянын тигізетін радиоактивті, улы заттарды залалыздандыруға, көмуге тыйым салынған. Алайда бұл келіссөздер де өз деңгейінде жүзеге асып отырған жоқ.

Бүгінгі таңда Ресеймен әскери бірлесе атқаратын әрекеттер туралы Келісім бойынша 60-тан астам құжатқа қол қойылған. Оның ең бастысы – Ресеймен әскери-техникалық іс-қимылдар, өйткені Қазақ армиясындағы әскери техника мен қару негізінен Кеңестік және ресейлік өндірушілердікі. 

Қазақ даласындағы полигондар:

Капустин Яр: Батыс Қазақстан облысында орналасқан. Өте көне полигондардың бірі. 2016 жылы 70 жыл болады. Полигон Ресейде зымыран-ғарыштық саланың дамуымен бірге дүние келген. Капустин Яр полигонынан Кеңестер одағында бірінші А-4 баллистикалық зымыраны, бірінші отандық Р-1 зымыраны  ұшырылған. Бұл полигонда көптеген әскери баллистикалық зымыран, әуе қорғанысына қарсы жүйенің зымырандары ұшырылған.  Бүгінде бұл сынақтар жалғасуда.

Сары-Шаған және Приозерск:Сары-Шаған полигоны (РФ Қорғаныс министрлігінің 10-шы мемлекеттік сынақ полигоны) – Жезқазған, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында орналасқан. Ол қаруларды сынақтан өткізу мен зымыранға қарсы әскери техниканы және ұшаққа қарсы қорғанысты сынау мақсатында құрылған. Полигон Приозерск қаласымен тығыз байланыста. Бұл қалада Ресей әскери құрамының арнайы бөлімі және оның кейбір объектілері орналасқан.

Жем полигоны: РФ Қорғаныс министрлігінің 11-ші Мемлектетік сынақ полигоны – Қазақстан аумағында орналасқан.  1999 жылы бұл полигонның кейбір обьектілері Ресейдегі 4-ші Мемлекеттік сынақ полигонына (Капустин Яр) көшірілген. Алайда оның өзектілігі болмады. 11-ші сынақ полигоны қаруланудың сериялық үлгілері мен әскери жауынгерлік техниканың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Чкалов полигоны:  Бұл полигон Астрахань облысындағы Ахтубинск қаласында орналасқан. Алайда оның көптеген обьектілері және әскери алаңы – Қазақстанда.  Арнайы келісім бойынша, әскери алаңдар – Батыс-Қазақстан және Атырау облыстарында. Объектілері – алты елді мекенде, Атырау, Ақтау және Жем қалаларында.

Есенгүл Кәпқызы

 Дерек көзі: “Түркістан” газеті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар