Жаңа кітап: Журналистика бойынша оқу бағдарламаларының моделі

1159 рет қаралды

журналистикаСоңғы жылдары жас демократиялық елдер мен дамушы елдерде бұқаралық ақпарат құралдарының саны қарқынды өсуде. Бұл елдерде демократияны дамытудағы журналистиканың шешуші рөл атқаратынына түсінікпен қарау байқалады және кәсіби дайындығы жоғары журналистердің қажеттілігі сезілуде. БҰҰ–ның сөз бостандығы мен ақпарат пен білімге қолжетімділікті жүзеге асырушы беделді орган ретінде ЮНЕСКО әлемдегі журналистік білім беру сапасын жақсартуға бағытталған әр түрлі сипаттағы бастамаларды жүзеге асыруда. Осы ұйымға қатысушы елдердің журналистерді дайындауға арналған оқу бағдарламаларын жасау жөніндегі көптеген өтініштеріне жауап ретінде ЮНЕСКО 2005 жылғы желтоқсанда Парижде сарапшылардың кеңестік кездесуін шақырды. Бұл кездесудің басты нәтижесі –  қажетті оқу бағдарламалары анықталды.  

Журналистерді дайындауға арналған оқу бағдарламаларының алғашқы нұсқасын жасауды ұсынған ЮНЕСКО-ның төрт сарапшысынан құрылған топ демократиялық қоғам құру жолындағы дамушы елдерде тәжірибесі бар, журналистерді дайындауда үлес қосып жүрген  жиырма маманды осы жобаға қатысуға шақырды. Бағдарламаның қабылдануына олардың берген жауаптары маңызды рөл атқарды. Нәтижесінде қайта қаралған жобаға студенттер мен аспиранттарға арналған курстар қосылып, сол курстардың жеке-жеке қысқаша сипаттамасы, журналиске қажетті базалық құзіреттіліктердің  жалпы сипаттамасы қосылды. Содан кейін он жеті базалық курстардың оқу жоспарын жасауға Африка, Азия, Еуропа, Таяу Шығыс, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан  демократияға жаңадан қадам басқан дамушы елдерде тәжірибесі бар оқытушылар өте мұқият таңдап алынды. Парижде сарапшылардың екінші кеңестік кездесуінде жобаны тағы бір рет бекітіп, 2007 жылы маусымда Сингапурде өткен журналистік білім беру бойынша Бүкіләлемдік конгресте ресми таныстыру үшін бірнеше модельдік оқу жоспарлары таңдап алынды.

Осы жобаны дайындауға атсалысқан әлемдік журналистік білім беру саласындағы мамандарға, атап айтқанда сарапшылар тобының мүшелеріне, кеңес берушілерге, оқу бағдарламаларына ресми рецензия жазғандарға және оқу бағдарламаларын құрастырушыларға алғыс білдіргім келеді. Сонымен қатар, оқу бағдарламаларының сарапшы-құрастырушылары Майкл Кобден (үйлестіруші), Стюарт Адам, Ханеа-Хенрика Хольма және Магду Абу-Фадильге ризашылығымды білдіремін. Азиялық Медиа ақпарат және коммуникация орталығына және журналистік білім беру бойынша Бүкіләлемдік конгресске Сингапурде бірлесе өткізген Бүкіләлемдік конгрессте біздің оқу бағдарламаларымызды таныстыруға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамыз. 

Журналистика бойынша оқу бағдарламаларының үлгісі француз, испан, араб, орыс және басқа да бірнеше тілдерге аударылып, дамушы және өтпелі экономикалы елдер арасында кеңінен таратылады. Кеңес алу үшін бұл құжат ЮНЕСКО сайтында әлемдегі журналистика бойынша бағдарламалар мен оқу курстарының тізімі берілген деректер базасына сілтеме арқылы қолжетімді болады. Сонымен қатар, сайтта бағдарламаға қатысты журналистика саласының оқытушылары мен басқа да қызығушылық танытқан сала мамандарымен интерактивті түрде бағдарламаны талқылауға мүмкіндік берілген. ЮНЕСКО ұлттық библиографияларды өңдеу үшін және оқу бағдарламаларын әр түрлі елдердегі қажеттіліктер мен мүмкіндіктерге сәйкес бейімдеу мәселелерін талқылау үшін өңірлік кездесулер ұйымдастыруды жоспарлауда.

Біз ұсынып отырған оқу бағдарламалары пайдалы және журналистік білім беру орындары мен оқытушыларына ынталандыру ретінде ықпал етеді деп үміттенеміз. Журналистика мен осы кәсіпті игеруге және кәсіби біліктілігін көтеруге мүмкіндік беретін оқу бағдарламалары кез-келген елдің дамуы үшін қажеттті демократиялық қағидаларды жүзеге асырудың маңызды құралы болып табылатыны белгілі.

Абдул Вахид Хан

ЮНЕСКО-ның коммуникация және ақпарат жөніндегі

бас директорының орынбасары

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар