Кезінде дауылпаз ақын Сұлтанмахмұт «Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын» деген ұлттық бірлік пен қазақы қалыпты Алаш ардақтылары да аңсап өтті. ХХ ғасырдың басында жалпы әлемді қамтыған қоғамдық жаңа жүйенің дүниеге келуі қазақ ұлтының бірлігіне сына қаға алмады.
(Суретте: 27 қыркүйек 1978 жыл. ОРАЗ ИМАНАЛИН қызы Гүлжанмен Моңғолияда
Ораздың шәкірттері 1940 жылы Баян-Өлгий аймағының Тұлба сұмынында 1-класта оқыған. Солдан алдыңғы қатарда: Әзина Мамырхан (бастауыш класс мұғалімі), Араз ұстаз, Сейтхан Тікенбай (солдан – 940 жылдар Оразбен бірге қызмет атқарған), Тоня Әбілмәжін (дәрігер), Артқы қатарда: Арғынбай Жұмажан(ақын), Қания Жұмажан (мұғалім), Рапиза Қорқын(мұғалім), Боган (экономист), Гүлжан Иманалина (Ораздың қызы), Базархан Қолжабай (зейнеткер), Моңғолхан Арғынбай ( режиссер), Сақай (қызметкер), Меден (инженер).
Үстінен құс ұшып өтпейтін шекарадан бір-бірінен бөлініп қалған қазақтар есебін тауып арлы-берлі қатынап, байланысын үзбеді. Қиын-қыстау кездерде Атажұрттағы ағайындар шеттегі қазақтарға ылғи демеу, сүйеу болып, жәрдем қолын созып келді. Ол табиғи заңдылық та, қарашаңырақтағы, яғни Атажұрттағы ағайынға шеттегі қандастардың тек алғыстан басқа айтары жоқ. Бұл әсіресе ХХ ғасырдың еншісіне тән құбылыс.
ХІХ ғ-дың екінші жартысынан әлемдегі қазақтар негізінен үш үлкен бөлікке бөлініп, бірі патшалық орыс, екіншісі Манж-цин қытай, үшіншісі Моңғол сияқты елдердің қарамағына өткендігі тарихтан аян. Соған байланысты ХХ ғасырдың басынан ұлттық рухани, мәдени, тілдік, ділдік бірлігі мен бірегейлігін сақтау күн тәртібіндегі өткір мәселе болып көлденең тартылды. Алашшылдар оның алуан түрлі жолын іздеумен шарқ ұрды. Жаңадан орнаған коммунистік жүйе қазақты торғай тоз етті: малынан, жерінен, жанынан айырды, әрбір үшінші қазақ ашаршылық пен нәубет құрбанына айналды. Ахмет Байтұрсынұлы айтқан, «аз емеспіз, алты миллион халықпыз» деген асқақ жігер жасыды. Осы кезде шеттегі қазақтардың тағдыры да тарих тәлкегіне айнала бастады. Моңғолдағы халық төңкерісі, Шығыс Түркістандағы Үш аймақ және Зұқа, Оспан, Қалибек бастаған, бір-бірімен ұласқан көтеріліс пен күрестер ХХ ғасырдың орта шеніне дейін толастамады.
Алтай қазақтары төрт елге бөлінді: Ресей, Қазақстан, Қытай және Моңғол қарамағына өтті. Моңғолиядағы қазақтар 1921 жылғы коммунистік төңкеріс (оның мәнін сақ-саққа жүгіртетін көзқарас бар және ол басқа әңгіме) қалай дегенмен ондағы қазақтарға Атамекендегі ағайындармен арадағы байланысты жаңа леппен қарастыруға мүмкіндік тудырды. Төңкерістен кейінгі бірінші мәселе сауат ашу, білім мәселесі тұратындығы белгілі. Сөйтіп Моңғолия қазақтарының арасынан азаматтар Мәскеудегі КУТВ мен қызыл профессура оқуына аттанып білім алып қайтты. Олардың арасында алғашқы ұстаздар Шолтай, қоғам қайраткері Оразбай сынды танымал тұлғалар болды. Алайда, халықтың жаппай сауатын ашу, жазу-сызуға бұқараны қамтуға жергілікті кадрлар тапшы күйінде қалды. 1940 жылы Моңғолиядағы қазаққа әкімшілік бірлігі құруға дайындық мәселелерінде сауат ашу мен жаңа мизамда оқытатын мектептерді жүйелі түрде жолға қою мәселесін қазақстандық ағайындардың көмегімен шешудің мүмкіндігі туды. Бұл тарихи шешім ондағы қазақтардың рухани, мәдени өміріндегі ең шешуші фактор ретінде тарихи бағасын алуға тиіс үлкен оқиға болды. Әрі, Моңғолия елінде халықты жалпы сауаттандыру науқанына дөп келді. Соған орай Баян-Өлгей аймағында тұратын қазақтарға білім беретін қазақ тілінде білім беретін мамандарды Қазақстаннан арнайы шақыртты. Бұл мәселе өкіметтің қолдауымен Мәскеу арқылы шешімін тапты. Сөйтіп Атамекеннен бір топ мұғалім жаңадан орнаған Баян-Өлгий аймағына келіп жетеді. Ондағы қазақтар өз мекенін Алтай тауының Қобда беті деп атайды. Ал Алтайдың қалған беттерінде кілең қазақтар ғана тұрады деп түсінеді.
Менің естуімше, Баян-Өлгей аймағына келген 7 мұғалімді әрбір сұмын деп аталатын әкімшілік бірлігіне бөледі. Сол топтың арасында біздің ауылымызға, Тұлба сұмынына Ораз Иманалин деген кісі отбасымен жіберіледі. Ол қазақтар тұратын өлкенің дәл орталығына жақын, маңайы биік таулармен қоршалған, аумақтағы үлкен көл Тұлбаның атымен аталатын. Ол кезде жағдай ауыр, қазіргі жол қатынас, техника деген жоқ, инфраструктура түгілі мектеп үйі де жоқ еді. Екінші жағынан қиындық халықтың түсінігі мен психологиялық ахуал болды. Оны жеңу үшін, ең әуелі халық арасына саясат туралы үгіт насихат жүргізуге тура келді. Мектеп құрылысын салу, бала оқыту, ересек адамдарға дейін хат таныту сауатын ашқызу, сайып келгенде жердегі жергілікті халықтармен тығыз күні ұзақ жұмыс жасауға тура келді. Ораз ұстаздың атқаратын шаруасы өте ауыр болғандығы айтпаса да түсінікті.
Ең бастысы мектеп ашып бала оқыту мәселесі болды. Сұмын басшыларымен бірлесе отырып, алғашқы жылы 13-14 бала жинап мектеп ашты. Мектептің арнайы құрылысы жоқ болғандықтан оған арнап 2 киіз үй, бірнеше орындық, үстел сияқты жабдықтар қойылды. Жұмыстың ауырлығын ескерген болар Ораз ұстазға көмекшілікке Сейітхан Тікенбаев деген кісіні берді. Ол кісі содан бірер жыл бұрын Ресей жерінен қашып келген деп жұрт дүңкілдесетін. Ораз мұғалім өзі қандай бір шаруамен кеткен кезде Сейітхан ағай сабақ беретін. Сабақ оқыту өте қиын болды. Қағаз, қарындаш тапшы. Оқулық атымен жоқ, тек мұғалімнің тақтаға жазғанын көшіріп қана қайталап беруші едік.Сабақ латын әрпімен оқытылды. 1 сыныпты латынша бітірдік. Кейін білгеніміздей жаңа алфавитке көшуге дайындық толық аяқталмаған себепті оқу латынмен басталған екен.
Сол кездегі оқушылардың жас ерекшеліктері әр түрлі еді. Мектепке қабылданған балалардың 8 жастан бастап, ересектері 12-13 жас аралығында болатын. Мен 6 жас шамасында болғандықтан мектепке қабылдамай қойды. Сол кезде 8 жастағы әпкеммен бірге барып жүріп хат танып шықтым. Оған үлкен себеп сол өңірдегі іргелі ауылдардың бірі, әрі туысқандарымыздың арасынан ел басқарған ағаларымыз үлгі болды. Ең бастысы Ораз ағайдың үйі бізбен көрші отырушы еді. Бөтенді жатырқамайтын ежелгі қазақ салтын бекем ұстанған әке-шешеміз Ораз ағаны Алаштың азаматы ретінде қадірледі, ұдайы қолдау көрсетіп отырды. Кейде ел ішіне жүрген кезде немесе оқудағы балалар үйлеріне ешбір рұқсатсыз кетіп қалған жағдайда мұғалім ағамыз оларды іздеп шығатын. Осындай кездерде менің ата-анам ол кісіге жылы, қолайлы киіздерін ұсынатын, әрі жалғыз жібермей, жанына жас жігіттердің біреуін ертіп жіберетін. Сөйтіп, дәм-тұзымыз жарасқан отау мен қара шаңырақ тәрізді етене араласып, сыйласып кеттік. Сондықтан менің жасым мектепке баруға толмаса да, әрі отыратын парта, кітап-құрал тапшы болса да, Ораз аға менің оқуға деген ынтамды қолдап, мектепке қабылдады. Ол кезде өзіммен бірге қолға үйретілген ерке лағымды да ерте келетінмін. Оған мұғалім ағай қабақ шытпайтын.
Ол кездегі мұғалімдердің жұмыстары өте ауыр дегенді айтып өттім: сабақтан тыс кездері үлкендердің сауатын ашу курсын жүргізеді. Сабақтан кетіп қалған балаларды ауыл үйді аралап жинайды, Мектеп құрылысына арнап материалдарын жинастырады, ел ішінде оқу мен жаңа жүйенің саясаты туралы үгіт насихат жұмыстарын жүргізу сияқты толып жатқан қым-қуат тірліктері бір толастамайтын.
Осылай тамаша басталған істі Ораз ағай бір арнаға салды. Өкінішке орай, бір жылдан кейін ол кісі еліне кері шақырылып кетті. Жұрт, әсіресе оқушылар ағайды қимай-қимай қоштасты. Сонан ол кісіден хабар үзілді, хабарсыз қалдық. Жұрттар бір-бірінен ұдайы сұрайтын, өзіміз ҚазПИ-де оқыған кездерде ауылға келгенде бірінші сұрағы Ораз ағаңды таптың ба? деген сауал алдымнан шығатын. Сөйтіп мен дәм тартып, Алматыдағы ҚазПИ-ге келіп түскен кезден алғашқы ұстазымды сұрастырумен болдым. Қазақстанның әр түкпірінен келген қыздар мен жігіттерден Ораз ағайды, жұбайын, баласын сұрастырып, ешбір хабар-ошарын шығара алмағаныма өкіндім.
Кейін Моңғолияда Пединститутта, онан кейін Баян-Өлгийде білім саласында істеген жылдары ардақты ұстазды іздеп табу бір хабарын алуды өзіме жүктелген парыз ретінде бір сәт те естен шығармадым. Ақыры көп ізденудің соңында Моңғолияның білім ағарту министрлігіне жүгіндім. Сөйтіп, 1970 жж. Моңғолияның ағарту министрлігінің шақыртуымен Ораз ағай қызы Гүлнармен бірге келіп жетті. Көп жылдардан кейінгі қауышу, жүрек түбіндегі ұстазға деген ілтипат мен құрмет бізді осындай күнге жеткізгеніне тағдырға тәубә дедік.
Алуан түрлі бағдарламалар ұйымдастырып, өзінің шәкірттерінің обасында қонақта болып ұстазымыздың марқайған көңіліне куә болған біздер ілтипат пен құрметіміздің белгісі деп қабылдадық. Өзінің алғаш оқытқан балаларын көріп, бір марқайып қалды. Ораз ұстаздың шәкірттері арасында Моңғолия қазақтары әдебиетінде үлкен орны бар ақын, Мәскеудегі Луначарский атындағы оқу орнының түлегі Моңғолияның маңдайалды режиссер, артист, ұстаз, дәрігер, экономист, әр сала бойынша озық инженерлермен қатар ел бастаған азаматтар туып шыққанына аса үлкен ризашылық танытты. Сонау бір кездері өзі ашқан мектепке барып кездесулер өткізді. Мектеп 3 қабатты, 2000-дай шәкірт оқитын, 60-70 мұғалім жұмыс істейтін іргелі білім ошағына айналған.
Тағдырға мың шүкір айтамыз. Атам қазақтың «тау мен тау кездеспейді, адам мен адам кездеседі» немесе «өлмеген құл алтын аяқтан су ішеді» деген аталы сөзінің куәсі болдық. Елге ел қосылды. Егемен ел болған шақта өткенді еске ала отырып, осындай есіл ағаларымыздың рухына тағзым етеміз. Сонау зобалаң қиын қыстау шақта шеттегі қазақтарға қанатымен су сепкен қарлығаштай болып барып, ондағы ағайындарға аянбай қызмет етіп, тер төккен Ораз аға мен оның әріптестері Сауранбаев, Қордабаев сынды ұстаздармен бірге Моңғолиядағы қазақтардың өміріне үлкен бетбұрыстың негізін қалап берді. Сөйтіп, аталар аманаты мен ұстаз деп аталатын ардақты атқа лайық қызмет етті. Алғашқы ұстазымызды ұзақ жылдар бойы таба алмауымызға ол кісінің шет жақта қызмет етуі себеп болғанға ұқсайды. Шетте қызмет жасап келген ондай мамандарға өкімет орындары күдікпен қарап, ізіне түсті ме екен деген алаңдаушылық та мазалайтын. Қалай дегенмен, Атамекеннен келген ұлағатты ұстаздың алғашқы және ең жас шәкіртінің бірі екендігіме мақтан тұтамын.
Рапиза Қорқынқызы,
Моңғолияның білім беру ісінің үздігі
Парақшамызға жазылыңыз