//

Мұхамеджан ТАЗАБЕК: Қазір – аласапыран уақыт. Әркім жасына жараспайтын жүк көтеріп жүр…

1775 рет қаралды
2

muh. tazaТоқсаныншы жылдар басында тәуелсіздікпен қатар түлеген қазақ айтысын жаңа сатыға көтерген – Мұхамеджан Тазабек болатын. Ойдан шығарған сөзіміз емес – осы құралпы пікірді сөз ұстаған кесек азаматтардың бәрі-ақ айтқан.

Нанбасаңыз, «Мұхамеджан Тазабектің айтыстан кетуімен қазақ айтысының тұтас бір дәуірі аяқталды» деп жұрт мойындаған жампоз ақын Бекжан Әшірбаевтың ағынан жарылғаны күні кеше. Сол Мұхамеджан мырзамен әңгімелесудің сәті түсті. Бүгінгі айтыскердің кемшілігі қайсы, қоғам пульсін кім өлшейді, ақындық өнер неге арандату үстіне құрылып кетті? Оқып көріңіз.    

         – Әлеуметтік желілерде сіздің «Кім айтады, мінсіз деп Нұрағамыз?» атты бейнеролигіңіз кең талқыланып, жиі қаралып жатыр. Шыныңызды айтыңызшы, осы бейнероликті жарыққа шығаруда нені мақсат тұттыңыз?

         – Бұл бастама біраз жұрттың көкейінде жүрген ойын дөп басып, тіпті кейбір адамның көзіне жас үйіріп жатыр екен. Оны өз көзімізбен де көріп үлгердік. Біз президентке жағымпаздануды, не елден ерекше боп көрінуді мақсат тұтпадық. Жүректен шыққан сөз болған соң, жүректерге жеткен сияқты.

Тарих беттерін парақтасаңыз, білесіз, әр кезеңнің, белгілі бір уақыттың маңызды мәселесі болады. Қазіргі біздің қоғам үшін ең маңызды мәселе – билік пен халықтың тіл табысуы, билік пен қауымның біртұтас екенін сезінуі. Мынадай көзқарас пайда болды. Биліктің жақсы бір ісін айтсаң, жағынып сөйлеп жатқан секілді боп көрінесің. Керісінше, билікті орынды-орынсыз сынай бастасаң, халықшыл, көпшіл боп саналасың.

Бірақ, шын мәнінде олай емес. Билік пен халық – тұтас ұғым екенін қайталап айтамын. Мысалы, судан ауаға көтерілген бу, бу болып суға қайта түсетіні анық. Сол сияқты, шенеунік те халық ішінен шықты емес пе? Биліктің тамыры халықта жатыр. Мен, сен, ол – біз қандай болсақ, біздің қандай кемшілік, не артықшылығымыз болса, билігіміз де осындай қабілеттегі адамдардан құралады. Сіз айтқан роликті де біреуді даттау, не мақтау үшін емес, әділін айту үшін жасадық.

Себебі, қолымызда бар нығметтердің қадірін білмей, нантепкі жасап жүрген жерлеріміз аз емес. Осы билікті құлатқаннан, біреу кеп сізге жақсы мемлекет құрып бермейді. Сол бейнежазбада айтқанымыздай, көкпар тартып, домбырамен өлең айтып, Жамбылдың жырын жаттап, Теміртаудың қазанында шыңдалған, тамыры ауылға байланған, қажыға барып, Ислам дінін өркендетуге демеу боп отыратын президент біздің бағымызға енді туа ма, тумай ма? Қазақ «Бұдан жаман күнімде де тойға барғам» деп бекер айтпаған. Тойға бару – адамның қуанып-шаттануы болатын болса, битке өкпелеп, тонды отқа тастамасақ деймін.

Қазір – аласапыран уақыт. Біреу біздің жер асты байлығымызға иелік қылғалы жатыр, біреу жүрегімізге, біреу еркіндігімізге қол салып, арымызды тонағалы жатыр. Сан қилы идеологияның анталап тұрған шағы. Осындай кезде мұқият болмасақ, біраз жақсылығымыздан ажырап қаламыз. Әйтпесе, ақын адамбыз ғой, сынайтын болсақ, түймедейді түйедей етіп көрсетуге қабілетіміз жетеді. Бірақ қазіргі кезде халыққа қажеті – барды бағалау. Бейбіт күнге зар болған әлемдегі өзіміз күнде теледидардан көріп отырған елдердің қателігін қайталамауымыз керек.

– Әлеуметтік желі деп қалдық қой. Сіз интернетте белсендісіз. Танымалдыққа тіленіп жүрген кейбір блогерлерден, тіпті ақпарат агенттіктерінің ресми аккаунттарынан сізді ел көп оқиды екен. Айтыңызшы, бір қараған адамға, сізде бәрі бар. Танымалдылық, атақ, абырой, ықпал. Осы белсенділік не үшін керек?

         – Адамзат жаралғалы бері келе жатқан екі тартыс бар. Жамандыққа шақыру, жақсылықа шақыру. Қоғамды тәрбиелейтін көсем, рас, біз емеспіз. Өзімді осы жұрттың маңдайалды данасы, ақылгөйі сезініп жүрген де мен жоқ. Бірақ, «айтылмаса, сөздің атасы өледі» дейді ғой. Тағы да сол тарихты ақтарсақ, ақсақалы азайған қоғамда қырықтан асқан ел ағалары сол ақсақалдардың орнын басуға мәжбүр болып қалады екен.

Отызда орда бұзатын, күш-жігері қайнап тұрған жігіттер қырықтан асқан ағаларша ел жүгін көтеріп, арбасын сүйреуге тура келіп жатады. Жиырмадан енді асқан, желкілдеп, албыртып, жалыны басылмаған жастардың отыздағы көкелерінің орнына көсемсіп, ел алдына шығып әңгіме айтуына тура келеді. Біз – даму жүйеміз шайқалып, сапамыз төмендеп, ұлттың құйқасы, қаймағы болған зиялыларымыздан айрылып, былайша айтқанда, тамырының түбіртегі ғана қалып, дінгегі мен бұтағынан ажыраған халықпыз.

Сол себепті әлі түбіртегіміз көктеп өсіп, бұтағымыз жайқалып, жапырағымыз жандануы үшін әркім жасына сай емес жұмыспен айналысуға тура келеді. Айтайын дегенім, әлеуметтік желідегі белсенділік – халқымызды қатты жақсы көргеннен болады. Себебі, қазіргі кезде бейтарап қалудың өзі қылмыс секілді. Мысалы, мен бала-шағамның қарны тоқ, атағым бар, өмірден өз орнымды таптым деп тоқмейілсісем, сатқындық іспетті болар еді. Себебі, Пайғамбар (с.ғ.с): «Көршісі аш болып, өзі тоқ болған бізден  емес» деген.

Сол сияқты, сен өмірде өз орныңды тапқаныңмен, ісі алға баспай жатқан қаншама қандастарымыз бар. Тағдырлас, тамырлас бауырларымыз бар, олардың тура жолға түсуіне себепкер болу – адамдық борышымыз. Көп адамның өмірден орын, жүрегінің байыз таппауының себебі неден боп жатыр? Дұрыс насихат пен тәрбиенің аздығынан. Сондықтан, бір сөз болса да дұрыс сөз жетсе, соны жанына жалау етсе деймін.

Әсіресе, қазір Кончита секілді жынысын ауыстырып, жұлдыз болған немесе бір ауыз насихаты жоқ адамдар күндіз-түні теледидардың бетінен түспей тұрған тұста жастардың жамандыққа ұрынуы жиілеп кетті. Жастық – адам өміріндегі жарқын кезең. Жас кезін дұрыс пайдаланбаған адам, қартайғанда өкінетін болады. Ал жастық шағын тиімді пайдаланған жан қартайғанда қазына, үлкейгенде үлгі болады. Хадисте айтылғандай, адамзат баласы қиямет күнінде 4 нәрсенің сұрағына жауап бермейінше аяғы алға баспайды. Соның бірі – жастық шақтағы күш-қуатын неге жұмсағандығы екен.

         Алаш қайраткерлеріне «Не деген мықты кісілер еді» деп сүйсініп, кітаптарын жастанып оқимыз ғой. Олар мықты болайын деп мықты болған жоқ. Қажеттілік болған соң, мәжбүрлі түрде, нәпсісі қаламай, ортасы түсінбей тұрса да, басқа ешкім айналыспайтын болған соң, Ахмет, Міржақып, Әлихан тәрізді аталарымыз батпандарды мойнына алып сүйреді.

         – Сіз – «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасының директорысыз. Ағартушылық деген өте ауқымды сөз. Сіздің ұжымның нысанаға алған ондығы қайсы?

         – «Асыл арна» – қазақтың тағдырына жазылған Алланың тартуы секілді. Себебі, одақтан шыққан елдер тамағын тауып жеуді, бірі экономикасын, екіншісі саяси мәселесін реттеп әуре боп жатқанда қазақ дінінің діңгегін бекемдемекке осылай да кірісті. Бұл енді тікелей Елбасының қолдауымен ашылған арна. «Қазір нені болса да Елбасымен байланыстырып айтпаса болмайтын болды» деп мысқылдап жатады емес пе?

«Асыл арна» шын мәнінде президентіміздің ұлт руханиятына деген қамқорлығы себебімен ашылды. Әйтпесе, қазір бүтін бір арна ашпақ түгілі, мемлекеттік арналардан дін жайлы 5 минуттық ролик шығару оңай емесін елдің бәрі біледі. Қазақ халқының бойында тұнып тұрған, бірақ ұйықтап жатқан ұлы қасиеттер бар. Біз сол асыл қасиеттерді оятқымыз келеді.

         Біреу біздің арнадан ислами кино, бірі мультфильм, екіншісі деректі фильм, үшінші көрермен жарқ-жұрқ ток-шоу, талас-тартыс бағдарлама көргісі келуі мүмкін. Ол жанрлардың бәрін жұрт ойлаған дәрежеде қамти алмай отырған шығармыз. Бірақ біздің телеарнаның алға қойған ұлы мақсаты – мұсылман халқымыздың  мұсылманшылығын арттыра түсу. Мәселен, классикалық Еуропа медицинасы мен Шығыс мединцинасындағы айырмашылық неде? Еуропалық медицина қысқа мерзімде ем-дом арқылы тез шипаға қол жеткізуді көздейді. Ал Шығыс медицинасы ұзақ уақыт емдейді.

Бірақ аурудың шипасын тауып, саған залалсыз түрде ем-дом жасайды. Сол секілді, бір күнде жұрттың бәрін орамал таққызып, бір күнде бес уақыт намазына тұрғызып немесе зекет бергізіп, бір күнде керемет уағызшыға айналдыру мақсатымыз емес. Қазақ халқының сан ғасырлық салт-санасы, өмір дағдысы мына 70-80 жылдық атеизм кезінде қатты мүжіліп кетті. Қазақтың бойында бар жақсы қасиеттерді оятсақ, әр қазақтың ұяты оянып, аузын өсек-ғайбаттан, қолын ұрлықтан, аяғын берекетсіздіктен тыяр еді.

         – Дін жеткізу деп жатсыз. Мысалы, кейбір істің мемлекеттік деңгейдегі, болмаса, ауыл арасындағы өлшемдері болады. Сол сияқты, ата дінімізді құрметтеудің жанұялық, әулеттік өлшемдері қандай?

         – Балаға жамандық үйретпесек, соның өзі жақсы тәрбие. Керісінше, біз баламызды боқтатып, адамдарды алалатып үйретіп, «нағашы жұртыңа сатылып кетпе, өз жұртың ғана саған жақын» деген сияқты бөлінуге үндеп, бала көңілдің тазалығын лайлаймыз. «Жаман болма, жақсы бол» деген секілді қарапайым тәрбие көрген бала арнайы діни тәрбие берілмесе де, жақсы азамат болып өсері хақ. Ал әке-шеше ретінде біздің кем тұсымыз неде? Бала-шағамызға қандай тәрбие беріп жатқанымызды өзіміз білмейміз.

Айтайын дегенім, бала тәрбиесі – таудан сырғанаған шана секілді. Бағыттап отырсаң болды. Жас баланың жүрегі таза болған соң, жақсы тәрбие берсең, соған қарай ұйып түседі. Мысалы, неге жастың Құран жаттауы жеңіл? Біріншіден, миы жаман ақпараттан бос. Сондықтан, жақсы ақпарат бірден қонады. Үлкен кісілер әнді, мақалды, тіпті бір поэманы жаттап жатса да, кейде бір аятқа тілі дұрыс келмей жатады. Себебі, нұрлы ілім болған Құранның кір жүрекке қону қиын.

Мейірім деген – баланы пайдалы дүниеге бұйыру. Мысалы, балаңыз барам деген жеріне зиянын біліп, жібермесеңіз – сіздікі балаға қаталдық боп көрінуі мүмкін. Бірақ бұл да мейірім. Қазір қазақтың бойынан көрініс беріп жатқан нәрсе не? Балам жақсы киінсе, қатарынан қалмаса, жақсы оқыса, жақсы қызмет атқарса деген ой тоқсан тоғыз пайыз ата-анадан табылады.

Бірақ балам күнәдан аулақ болса, жамандықтардан жиреніп өссе, өзім жемесем де, өзгені аш қылмайын деген мейірім егесі болса, қыздың, ұлдың қадірін біліп, көршісіне көз-қырын сала жүрсе, туған-туысқанмен қатынасын үзбейтін, тұлғалық сипаттағы, ұлтына жаны ашитын, өткенінен өнеге алатын, болашағына пайда келтіруге тырысатын қоғамдық азамат болып қалыптассын дейтін әке-шеше аз боп тұр.

– Қазір айтыс ұйымдастырып жүрсіз. Ізбасарларыңыздың ойлау жүйесі, қоғамдағы жаңалықтарды қорыту қабілетіне көңіліңіз тола ма?

         – Әр адамның жетілген қабілеті, жетілдіруді қажет ететін тұстары болады. Қазіргі ақындардың ақындық шеберлігі, сахнаны игеруі, халықпен қарым-қатынасы жоғары деңгейде. Жетілдіруге тиіс нәрсе – өзінің ақын ретіндегі функциясын дұрыс сезінуі. Біріншіден, ақын қім өзі? Шоумен ба, өзін танытқысы кеп жүрген атаққұмар ма, айтысты тек ақша табу құралына айналдырып жүрген адам ба? Меніңше, айтыскер ақын бірінші кезекте жақсылықты көбейтіп, жамандықты азайтуға үлес қосуы керек.

Себебі, адамзат жаратылғалы ақындық өнер бар екен. Мұхаммед (с.ғ.с) адамзатқа пайғамбар етіп жіберілгенде де Алладан келген қасиетті сөз ішкі ұйқастармен, ақындық иірімдермен түскен. Анық бүтіндей ақындық шығарма деп атауға болмайды, әрине. Бірақ адам санасында жеңіл қорытылып, жылы қабылдануы үшін бір ақындық иірімдермен қамтылған.  Құрандағы 114 сүренің біріне «Ақындар» деген ат қойылған болса, дін дұшпандары Пайғамбар (с.ғ.с) сөзі халыққа жақсы өтіп бара жатқан кезде оны ақын деп айыптаған болса, ақындық адамзат тарихында үлкен орынға еге. Яғни, ақындық бізге дейін де болған, бізден кейін де бола беретін нәрсе. Осындай үлкен құралды дұрыс пайдаланудың жауапкершілігін ақындарымыз сезінсе деймін.

Кейде «пәлен жерде бір ақын шындық айтыпты, биліктің бетіне тіке айтыпты, сол жердегі халықтың айызын қандырыпты» деген сөз айтылып жатады. Өзім де сахнада жүргенімде талай шындықты айтқам. «Барыс жылы болып кетпесін Борис жылы» деп біздің биліктің Ельцинге жалтақтап кеткенін сынағаным есімде. Рас, солай. Факттан қашып құтыла алмайсың. Бірақ бір елдің, мемлекеттің тағдырын ойлаған кезде кейбір шындықтар, пікірлер ішіңде өледі. Кейбір дүниелерді айтпай, сабыр етесің.

Өйткені, кейбір шындықтарды айтқаннан пайда жоқ. Сенің сөзіңнен халық даурығып, шу шығып, ел алаңға шығып кетсе, одан билік құлап, хаос туып, көлік өртеніп, үй тоналып, қыз зорланып жатса, бәрінің сонау басында тұрған, елді қоздырып, арандатқан ақынға өз-өзінен қыздың көз жасы, жетімнің қарғысы, жесірдің жанайқайы болып күнә келе бермек. Айтыскер ақындарды осыдан сақтандырғым келеді.

Өкінішке қарай, ақын бауырларымыз өзінің бәйгесі, жұрттың махаббаты, елдің бір ду еткеніне мемлекеттің, халықтың тағдырын байлап жіберердей боп еліріп, есірік сөз айтып жататыны өкінтеді. «Абырой – Алланың қасында» дейтін қариялар. Яғни, атақ үшін қанша тыраштансаң да, Алла заңдылығына жабыспасаң, күн айналмай ұмытылған көп айтыскердің бірі боп қала бересің.

– Биылғы Рамазан айы шілдеге тура келіп тұр. Аптапта ораза тұту – жасқа да, кәріге де оңай болмаса керек. «Қиналып қалмас па екем» деген қорқынышыңыз жоқ па?

         Оразаның өзге аштықтан айырмашылығы – адам ниетінде. Адам үйге бара сала тамақтанам деп ойлап асығып жетсе, үйдегі ас жарты сағатқа ғана кешігіп пісіп жатса да, көзі қарауытып, басы ауырып, балтыры сыздап, қиналып кетеді. Сол секілді, адам «кешке дейін Алла разылығы үшін аузымды астан тыямын, өзім рухани кемелденемін, сөйтіп, өз-өзімді шыңдаймын» деп дұрыстап ниет қылса, шілденің шіліңгірі бола ма, Арқаның аязы бола ма, қандай қиындықта жүрсе де, Алла оған жеңілдігін, көмегін береді. Ал ниетің дұрыс болмаса, қара кешке дейін емес, түске дейін-ақ тілің кеуіп, асқазаның ойбай салуы мүмкін. Рамазан айының оразасын Алла ризашылығы үшін деген ниетпен ұстау керек.

– «Ораза ұстап, біраз арықтап та алатын болдық» дегендей ойларға қатысты не айтуға болады? Жалпы біздің отыз күн ауыз бекітуіміз диетаға ұқсап кетіп жатқан жоқ па? 

         – Ол үшін оразаның мағынасын дұрыс түсінуіміз керек. Біз кейде ақылымыз жеткен нәрсені жүзеге асырмаймыз. Мысалы, «денсаулығыңды күт» дейтін дәрігердің арақ ішкенін, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі темекі шеккенін көреміз. Яғни, өзі айтып тұрған нәрсеге өзі амал жасамай тұрғанын байқайсың. Демек, адам білді деген бітті деген сөз емес. Білгеніңді жүзеге асыру деген үлкен мәселе бар.

Біз әуелі өзімізді тәрбиелемей, бұл дүниенің өзінде көптеген азаптарға душар боп қалуымыз мүмкін және оның ақыретте сұрағы бар. Оразаның ең үлкен мәні – өзіңді тәрбиелеу. Бұл 30 күндік медресе, 30 күндік ем-дом қабылдау, рухани мектеп секілді. Қазақтың «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген сөзінде бір шындық бар. Адам 30 күн арнайы, әрі жүйелі түрде өзін тәрбиелейтін болса, ол әрекеттер адамның әдетіне айналып кетеді. 30 күннен кейін әры қарай сәл демеу білдірсеңіз, сол 30 күндік тәрбие нәтижесін келесі оразаға дейін сақтап жүре аласыз.

Жамандыққа бастайтын – адамның нәпсісі. Нәпсің ашкөздікке, артық сөйлеуге, тәкаппарлыққа, менмендікке, өзімшілдікке итермелейді. Ал нәпсінің тізгіні – ораза. Себебі, аштық секілді нәпсіге қатты тиетін нәрсе жоқ. Аш болса, рахаттанып күнә жасайтындар сирек. Біліңіздер, көбіне күнә тоқшылықта жасалады. «Жоқтық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді» дегендей ғой. Кімде-кім «тұлғамды қалыптастырамын, өзімді тазалап, ішкі-сыртқы дүниемді түзету ретінде Алланың маған жіберіп отырған нығметі» деп осы ораза кезінде тыйылатын болса, ол адам міндетті түрде пайдасын көреді.

Оразаны өткізіп алу – орны толмас өкініш. Оразада сансыз пайда бар. Ораза тұтпауға өзіңді алдап, түрлі себеп-сылтау тауып алуға болады. Мысалы, «кешке дейін жұмыста отырамын, аш болсам, басым істемей қалады» деген сылтаулар бар. Кофе ішіп, маңдайың жіпсіп отырғанда да басың істемейтін уақыттар болады. Он сағат ұйықтап тұрсаң да, миың мең-зең болып жүретін кездер болады.  Сылтау бітпейді ғой, ал келесі оразаға аман жетеміз бе, жоқ па, оны Алла біледі…

Өзімнің ораза ұстап келе жатқаныма жиырма жылдай боп қалды. Рамазан айында, керісінше, өзімді өте тың сезінемін. Басым өте жақсы жұмыс істейді. Себебі, қуат бір Алладан екенін сезінемін.

– Жаз айларында телеарналар демалыс алып, бағдарламаларды қайталап ұсынып жатады ғой. Рамазан айында, керісінше, «Асыл арнаның» жұмысы көбейетін шығар?

         – Рамазан айында үлкен шайтандар байланады. Өздеріңіз де байқайтын шығарсыздар, оразада жақсылық жасау жеңілдеу болады. Жұрт жүрегі ізгілікке ашылады. Осы айда адамдар көбірек насихат тыңдағысы келеді. Алла еске алынған әңгімелер көбейеді. Алла ризашылығын қалаған дастархандар жайылады. Ауызашарлар, таңғы сәресіліктер көбейеді. Жұрттың ізгі әңгімеге деген сұранысы күшейеді.

Алла қаласа, «Асыл арна» бұл Рамазан айының ауыз ашар уақытында тікелей эфир ұйымдастыру, халықтың сұрақтарына жауап беру, аузында сөзі, көкірегінде көзі бар адамдардың жұртпен жүздесуін ұйымдастырады. Рамазан айындағы ең басты нәрсе – Алланы дұрыс тануға мүмкіншілік ашылады. Себебі, Раббысын дұрыс таныған адам өзін дұрыс таниды.

Раббымыз – біздің қамқоршымыз, жәрдемшіміз. Кейде Алланың қадірін білмей, бүкіл құдірет қолында тұрған Алладан сұрамай, емексіп, жүрегімізді басқа нәрсеге бұрып кетіп жатамыз. Кім бүкіл күш те, құдырет те, несібе де, өмір де, байлық та, атақ та қолында тұрған Аллаға ғана жалбарынса, Алладан шынайы сұрап, Алланың бұйрықтарын орындаса, сөзсіз екі дүниенің де игіліктеріне қол жеткізеді.

Сұхбаттасқан Әли БИТӨРЕ

 дерек көзі: жақсы.кз

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. анда ел Серікке қынжылып жүрсе, мына жақтан Мұхаммеджан шығыпты ғой?
    жағымпаздар жарысы қашан тоқтар екен..?

    abai.kz/post/view?id=1109

  2. Бұл адамның көтерген мәселесі терең, сөзінде жағымпаздық емес адалдық бар, болашаққа деген жауапкершілік бар.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар