/

Ана тілі ана әлдиінен бастау алады

1980 рет қаралды
Ғазиза РАХМЕТОВА, зейнеткер ұстаз
Ғазиза РАХМЕТОВА, зейнеткер ұстаз

Сәбидің гуілі, бүлдіршіннің былдыры, баланың жаңа-жаңа шығып келе жатқан тілі – бұл адам болып қалыптасуға бағытталған алғашқы баспалдақтар емес пе?!

Ендеше тіл ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты. Ұрпақ тәрбиесі – қоғамның мәселесі десек, қоғамды құрайтын адам болған соң, әр адамның азаматтық парызы болмақ. Қай ұлттың болмасын келешегі тіліне тікелей байланысты. Әйгілі ғұламалардың перзент жайында толғанып, ертеңіне елеңдеуі – келешек ұрпағының қамы. Ұрпақтың ұлағатты болуы – ата-ананың аялы алақаны ғана емес, халықтың тілі, діні, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен сусындап өсуімен тығыз сабақтасып жатыр.

Бала тәрбиесі ана құрсағынан басталады. Анасының дауысына құрсақта жатып-ақ қаныққан сәби жарыққа шыққаннан кейін де көп ішінен анасының дауысын танып, жылағанын қояды. Анасының мейірімді сөздері санасына ұялап, өмірлік күш-қуат алады. Тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, аман-есен дүниеге сәбиін сылап-сипап, баптап емізген соң, аялап бесігіне салады. Қарны тойған сәбидің ендігі жұбанышы бесік жыры.

Қазақтағы «Әлди, әлди, әлди-ай» деп басталатын бесік жырының төркіні Хауа ананың «Алла, Алла, Алла-ай» деген әуенінен шыққан деседі:

Ертеде бесік жырын үйретудің арнайы мектебі болыпты. Бесік жырының мазмұнына, әуезіне қатты мән берілген. Тәжірибелі аналар оның мазмұндарын таза сақтап келіндеріне үйретіпті.

Менің балам осы ма?
Басында бақыт құсы ма?
Ғайып ерен қырық шілтен
Бөбегімнің досы ма?
Әлди, әлди, әлди-ай.

Анасының ыңылдап айтқан бесік әні әлдилеген сәби балбырап алаңсыз ұйқыға кетеді.

Туған елін, жерін, әдет-ғұрпын жырға қосқан әуен әлдилеген сәбиде ұлттық сана қалыптасады. Бесік жырының құдіреттілігі де осында.

Қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлының: «Менің үш қорқынышым бар, біріншісі – бесік жырын айта алмайтын келіндердің көбеюінен, екіншісі – немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбеюінен, үшіншіден – салт-дәстүрін сыйламайтын ұрпақтың көбеюінен» деген қорқынышы шынға айналды.

Ұрпақ – ел болашағы. Себебі жас ұрпақ өседі, аға буынның ізін басады. Тіл де осындай даму үрдісінен тыс қалмайды. Сонау өзім естіген ертегі, жаңылтпаш, жұмбақтан бастап, балалық бал дәуренді бірге кешкен ана тіліміз жас ұрпақпен бірге есейіп, толысады.

Осыдан біраз жыл бұрын «Қазақстан» телеарнасында бір жапон жігіті қазақша хабар жүргізді. Жапониядан келіп, өз бетінше қазақша үйреніп алыпты, ана тілімізде жап-жатық сөйлейді.

Бір күні сол жігітпен сұхбат ұйымдастырылды. Әңгіменің орайы келді-ау деген тұсында жүргізуші былай дейді: «Айтыңызшы, сіздерде, Жапонияда жапонша білмейтін жапон азаматтарына көзқарас қандай?» Жаңағы жігіт: Сұрағыңызды түсінбедім? –дейді. Журналист сұрағын сөзбе-сөз қайталайды. Жапон жігіті тағы үндей қоймайды. Отырғандарға: «Е-е, қазақшасы шамалы ма өзінің, жазып бергенді экрандағы жүгіртпе жолдан оқып жүрген болды ғой»-деген ой келді. Журналист жігіт сұрағын үшінші рет қайталағанда жапон жігіті: «Қалай? Сондай да бола ма?» деді таңданысын жасыра алмай.

Расында да солай бола ма? Жапонияда жапонша білмейтін жапон, Түркияда түрікше білмейтін түрік, Ресейде орысша білмейтін орыс … жаңылтпаш сияқты сөз емес пе? Ал Қазақстанда қазақша білмейтін қазақ деген тіркес – жаңылтпаш емес. Бұл біздің өміріміздің бір шындығы. Ащы шындығы.

Бізде қарапайым ұғымдардың өзі бытысып кеткен. Мысалы орыс тілі ресми тіл, ұлтаралық қатынас тілі, достық тілі, ғылыми тіл, білім тілі. Бірақ, ең бастысы, ол тіл – Ресей Федерациясының – мемлекеттік тілі, өзімізбен тағдыр араластырған, тарих тоғыстырған, бауырлас орыс халқының ана тілі. Ресей Федерациясы – өзіміз сияқты мемлекет. Орыс халқы – өзіміз сияқты халық. Орыс тілі – қазақ тілі сияқты тіл.

Амал не, осындай қарапайым ұғымдардың өзін санаға сіңірмеген отандастарымыз, ең алдымен қандастарымыз мың-мыңдап саналады.

Мемлекеттік тілдің ең негізгі мәселесі – демографиялық мәселе. Көп нәрсе Президенттің алға қойған межесі – 2015 жылы ел халқының санын 20 миллионға жеткізу.

Біз осы межеге жете аламыз ба? Қазақстан халқының әуелі 65 пайызын, сонан кейін 70 пайызын, содан кейін 75, одан кейін 80 пайызын қазақтар құраған кезде ғана мемлекеттік тілге айналуына мүмкіндік көбейеді деп ойлаймын.

Ал халық саны өсу үшін қазіргі жас ата-аналарға үкіметтен үлкен қамқорлық керек. Тіл туралы толғанғанда біздің ойымыздың арғы түпкірінде халқымыздың санын өсіру үнемі тұруға тиіс.

Жақында 5 баласы бар 1980 жылы туылған жас анамен сұхбаттастым. Жас ана әңгімесінде: «Мысалы, Үкімет бірінші туылған балаға 10186 теңге, екінші туылған балаға 12038 теңге, үшінші туылған балаға 13890 теңге, төртінші туылған балаға 15742 теңге төлейді. Бұл төлем тек әр бала бір жасқа толғанша ғана. Осы ақшаны балалар 18 жасқа толғанша төлесе, балабақшаға баруға да, киімдерінен де тапшылық көрмес едік. Мен мектепке баратын киімдерін, оқу-құралдарын есептемей отырмын.

Міне, қазіргі таңда менің 5 балам бар. Солардың барлығына алатыным – 7000 теңге. Бұл ақша киімдерін жуатын порошок, сабын сияқты тұрмысқа керегінен ауыспайды. Өзім жұмыс істемеймін. Сонда сіз менің балаларымнан қандай патриот күтіп отырсыз? Туған елі «балам» деп қамқорламаса, «елім» деп еміренетін ұрпақ шыға ма? Үкімет көп балалы аналарға мына көрші Ресей сияқты қамқорлық жасап отырса, қазіргі ата-аналар бала туудан қашпас еді»…

Бұл бір ғана ананың емес, барлық аналардың да айтатын ойы.
Тілдің дамымауына «Кім кінәлі?» деген сұрақ туады.
Мен өз ойымды айтар едім. «Алдымен халықтың жағдайын ойламайтын шенеуніктер кінәлі, содан кейін тілінен, дінінен, ділінен безуге бейім космополиттер кінәлі, одан кейін барып сабағын дұрыстап оқытпайтын мұғалімдер, оқулығын дұрыстап жазбайтын авторлар кінәлі», -деп.

Қаншама қаулы қабылданғанда да қаншама шешім шығарғанда да, қаншама қаржы бөлінгенде де қандастарымыздың қазақшаға құштарлығын көңілдегідей арттыра алмай отырғанымыз сондықтан. Әрине, әркім өзінше тұжырымдайды. Менің ойымша, қазіргі ең басты мәселе – қазақ тілінің қоғамдық қажеттілігін қамтамасыз ету.

Қазір Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру міндетін алға қойып отыр. Елдің бәсекеге қабілеттілігінің бір шарты – тілдің бәсекеге қабілеттілігі. Тілі әлсіз ел өзі мықты ел болмайды. Соңғы бір жарым ғасыр ішінде жер бетінен талай тіл жоғалғаны мәлім. Ол тілдер бәсекеге қабілетті бола алмағандықтан, өзіне сұраныс тудырмағандықтан тарих сахнасынан кеткен.

Қазақ тіліне күллі халық, барлық ұлт өкілдері ұйытқы болулары шарт. Ол мемлекеттік қызметте жұмыс бабында қолданылатын негізгі тілге айналса, бұл тілді білу кәсіби талапқа айналар еді.

20-жылдары 42 мамандық бойынша қазақ тілін білу кәсіби талап болыпты, бүгін неге сол талапты қоймасқа?!

Демек, мемлекеттік тілді білуді талап ету – адам құқығын шектеу емес, қазақ тілін білдіру арқылы күллі ұлт ұланының кәсіби қызмет бабында өсуіне қазақпен бірдей қолма-қол жағдай туғызу болады.

Қорыта келгенде, ол Әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Жүсіп Баласұғын сынды ғұлама ғалымдар мен оқымыстылардың, Әйтеке, Төле, Қазыбек билердің, Абай мен Жамбыл, А.Байтұрсынов пен М.Жұмабаев, С.Сейфуллин мен І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сияқты дүние жүзіне әйгілі әдебиет алыптары мен Қажымұқан мен Бауыржан Момышұлындай атақты батырлардың тілі.

Қазақ тілі – қазақтың жоғын жоқтаған Ш.Уәлиханов пен Тұрар Рысқұловтардай арыстардың тілі. Тіліміздің арқасында өткенімізге оралып, өшкенімізді жаңғыртып жатырмыз. Ш.Айтматов айтқандай «Жоғалып кеткен тілдердің қайта тіріліп кетпейтіндігі белгілі. Жаңа тіл пайда болмайды. Тілдің пайда болу дәуірі біткен. Сондықтан қазіргі барымызды мәпелей білуіміз керек.»

Сондықтан біз, қазақ халқының ұлтжанды азаматтары, әр уақытта да өзіміздің мемлекеттік тіл – ана тіліміздің мәртебесін көтеруге міндеттіміз және борыштармыз.

Ғазиза РАХМЕТОВА, зейнеткер ұстаз.

Ақжайық ауылы

Теректі ауданы,

Батыс Қазақстан облысы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар