Мен екінші сыныпқа көшкен кезде бізге басқа ауылдан ақшыл сары өңді, жұқа сары шашты, бетінің аздап секпілі бар, жұмсақ мінезді Мұқан аға Мағауин мұғалім болып келген. Бір айдай бізді қырман басына қатынап жүріп оқытқан. Егін жинаудың негізгі науқаны біткенде біз орталықтағы үйімізге көшіп келдік. Жаймашуақ бір ашық күні сынып бөлмесіне келсем, менің партамның екінші бөлігінде кең маңдайлы, бадана көзді, ақ сары бала отыр екен. Мұғаліміміз аздап танауынан сөйлеуші еді, «Блөкжан, сенің қасыңа Мұхтарды отырғыздым, енді қатар оқисыңдар», – деді». Әлі есімде, бұл 1948 жылдың қазан айының 8-күні болатын. Осы күн менің өмірімде шешуші бұрылыс жасады. Мен сыныптың үздік оқушысымын. Келген бала да бірден өзінің талабының жоғары екенін көрсетті. Менің басқалардан басымдығымның өлшемі аздау еді, енді тайталаса жарысып оқудың кезегі келді. Есеп сабағынан екеуміз бірдей өткір қабілет көрсетсек, ауызша сабақтарды Мұхтардың орамды айтып, ұтымды тұжырым жасайтынын байқадым. Алпыс жылдай уақыт өткеннен кейін Мұқан аға айтқан «қатар оқисыңдардың» да мәніне жеткендеймін. Бәсекелесе оқу кейінгі өміріміздің бастауына өлшеусіз артықшылық жолдаған екен. Біздің кеудемізді керген жасырын мен-мендік те мол болса керек.
Мұқан аға отызыншы жылдардың ортасында оқу іздеп барып біздің елден жырақ Жаркент қаласындағы мұғалімдік училищені бітірген. Жарасы бітпеген қуғын-сүргін мен аштықтан кейін сондай батыл қимылға бару ел ішінде сирек кездесетін оқиға. Әлде ертеректе Томскінің адам дәрігерлік институтын бітірген немере ағасының ықпалы ма, әлде жақын отырған Абай атам ауылының әсері ме, Мұқан аға соғыс алдында шалғай қазақ ауылынан оқыған бірінші мұғалім. Өз талабының өресі де соған жетелеген шығар. Бірақ оқу жемісін ұзақ көруге жазбапты, әуелі Фин соғысына, кейіннен дүниежүзілік Екінші алапатқа қатынасып, тек сегіз жылдан кейін ғана елге оралған. Осы уақыттарда бір адамның басынан асып жатқан бейнеттерді де арқалаған екен. Әйтсе де күлімсіреп жүретін сабырлы қалпынан өзгергенін көрген жоқпын.
Мұқан ағаның оқыту тәжірибесі өзгеше болып шықты. Әрбір ай сайын өткен сабақтарды қайталап, жиынтық есеп өткіземіз, тоқсан аяқталарда сол барлық материалды тағы да пысықтап шығамыз. Ол орташа оқитын оқушыларға едәуір қиыншылық әкелгенімен, мұндай әдіс еш босаңсуға, шалағай оқуға мүмкіндік бермейтін. Ең үлкен пайдасы ұғу қабілетін сергек қалыпта ұстауды керек етеді. Ми тұнықтығынан ба, әлде қажеттілік итермелей ме, бір жыл бойы оқылған материалдарды жадыда ұзақ уақытқа тұтып қалуға қалыптастық. Ержетіп институтқа түскенде әрбір кезеңнен кейін зачет, ал жарты жылдықта емтихан алатынын көріп, менің бастауыш мектептегі мұғалімімнің қаншалықты алдыңғы қатарда болғанына таң қалдым.
Соғыстан кейін іле-шала оқу бастаған менің құрдастарымның көңіл қаяулары қалың еді. Сынып балаларының жартысынан көбінің әкелері жоқ, біразының әкесін сыбырлап айтатын отыз жетінші жыл әкеткен, көбінікін соғыс жалмаған. Біздің бәрімізде ата мен әже жоқ, олар отыз екінің құрбаны болған. Ауылда тек бір баланың әжесі, басқа бір баланың атасы ғана бар еді. Бұл жөнінде Мұхтар бай болып шықты. Бір атасы, екі әжесі бар. Алладан тілеуін тілеген бес адамның ортасындағы жалғыз ұл. Ұзын бойлы, мұртты, шешен сөйлейтін, кейде артық қимылың мен орынсыз кеткен сөзіңді қалт жібермей мысқылдап күліп отыратын атасы мен сұңғақ бойлы, байсалмен сөйлейтін, қараторы өңді әжесінің қамқорлығындағы Мұхтар алып таудың ығында тұрғандай көрінетін. Тағы да тыным таппай үй шаруасын тындырып жүретін ақ сары әжесі бар. Қазақ мәдениетінде қазбаламайтын жағдай, ол кісінің туысқандығынан бейхабар едім. Алпыс жылдан кейін өзі жазғанда білдім, нақты әжесі осы Көкіжан екен. Ол үйдегі барлық билік те, тіршілік қамы да осы үш кісінің қолында.
Мұқан ағаның өз қызметінен қолы тимейді, оқуы болмаса Мұхтардың басқа тәрбиесінде ісі жоқ. Оның үстіне сегіз жыл сергелдеңде жүрген әкесі, отбасына аман жеткен тағдырына шексіз риза болса керек. Ата баласы, өзімен тең дәрежедегі ұлына қатынасы, сыртқы сүйіспеншіліктен аспайтын. Біз сияқты үй шаруасында бітпейтін көп міндеттердің біреуі де Мұхтарда жоқ еді. Әйтсе де ол ерке болған жоқ, өз еркімен, тежеу көрмей, бұла өсті. Бір ғана міндеті – ол сабақ пен кітап оқу. Осы жағдай оның еркін ойлап, еркін жүруіне және ой-өрісінің ерте кемелденуіне үлкен әсер еткен шығар. Бұл ретте, әрине, Алла сыйлаған зор таланттың орны ерекше. Сөзімнің асылығы жоқ, Мұхтардың бал дәуреніне қиянатты, көңіліне қаяу түсірер кейісті жағдай оны кейініректе күтіп тұр екен.
Айттым, қыс кезінде орталықта он шақты ғана отбасы қалушы еді. Бұл кез жайлы болмаса да, біршама тыныштық бар. Тұрмыс жағдайымыз оншама алшақ емес. Енді осы аз ғана үйлер мен жақын ауылдарда қысқы соғымға шақырыс басталады. Әу баста сыбаға, онан кейін шеке, омыртқа деген қонақ кәделерімен қыс бойы шақыру екі-үш айналып шығады. Жетім-жесір, мұғалім, бастық деген алалық жоқ. Барлық үйде қалтқысыз күлкі, жарқын көңіл бірдей ортақ қалыпта асып-төгілуші еді. Орынсыз дарақылық емес. Ет жеп, шәй ішкен соң түн ортасы ауғанша, домбыра тартып, әңгіме айтуға орын берілуші еді. Сырттан келген қонақ болса, ән салу, ертегі, жыр айтудан құтылмайтын. Бірде жақын ағайын үш күн соққан бораннан шыға алмай, үш түн таң атқанша жыр айтты. Сал-салдың ертегісі болса керек, ұмыттым. Сол кездегі сауаты шамалы кісілердің ұзақ сонар жырларды жатқа айтуы, тұнық зерденің нәтижесі ме, әлі де таңданамын.
Біз төртіншіге жақындап қалғанда, жаңадан шыға бастаған әңгіме, жыр жинақтарын оқытып отыруға әке-шешеміз жалықпайтын. Осы кезде шыққан Абай атамыздың бірінші жинағын алып келіп, қара сөздері мен өлеңдерін оқытып, «пай-пай, жарықтық-ай», – деп әкем орнында отыра алмаушы еді. Көрші ел, сөзі де, қасиеті де біздің жаққа ертеден белгілі, жақында ғана жүз жылдық тойына барып келген, енді атамыздың жинағы қолына тигенде, асыл қазынаның шеті өзіне бұйырғандай, қуанышы шексіз. Осы жағдайлар әдеби шығармаларды ерте оқуға септігін тигізді. Әйтсе де менің талпыныс бағытым бөлек екен, «Абай жолын» мен 8-ші сыныпта ғана оқыдым. Институттың екінші курсынан дүниежүзілік әдебиеттің негізгі классиктерін зерделедім, сонан кейінгі елу бес жылда үзіліссіз жалғастырып келемін. Дегенмен, бұл әдебиетке әуестіктің маңы ғана.
Мұхтар әу бастан түзу жолға түсті. Оның ойлау үрдісі де ерекше еді. Үшінші сыныпта оқып жүргенде: «Бату хан бастаған біздің аталарымыз (сол кезде-ақ) орыстың жерін ойрандап, Еділдің бойында Алтын Орда хандығын құрған», – деді. Сол кездегі дабыра тым әсерлі ме, бұл жаңалық менің санама орнықпады. Келесі кезіккенде: «Екі керемет жиһангер болған: Шыңғыс хан мен Македонский, бірақ Шыңғыс хан дүниежүзін жаулап алды, ал Ескендір Византия мен Персияны ғана жаулай алды», – деді. Бұл кейінгі екі елді де, Сүбедей мен Жебені де бірінші рет Мұхтардан естідім.
Біздің ауылдың қысы ол кезде өте қатты болушы еді. Алдымен екі-үш күн жапалақтап қар жауады, сонан соң толассыз бір жетіге дейін созылған боран болады, артынша сықырлаған аяз келеді де, тау болып үйілген қар, тағалы аттың тұяғы батпастай жал-жал үйіндіге айналады. Бұл кезде ол аласа тоқал тамдардың үстінен өтіп кететін. Сыртқы есігін ішке қарай ашқан үй иелері жалды тесіп өтіп, басқаларға да көмек беріп жататын. Әдетте, кезінде жел өтіне көлденең салынған көп кеңседен біздің үйге созылған қар үйіндісі тым ұзын және биік болатын. Шана жоқ, қолға түскен күрек, анау-мынаумен сырғанап, қызықтайтынбыз. Коньки тек Мұхтарда ғана бар еді. Сабақтан кейін бір күні ол менімен ілесе шықты, аяғына коньки байлап алыпты. Жел жоқ, тынық еді. Үйінді үстімен келеміз, ол күш салмай, аяғын тіремей жайбарақат сырғанайды. Бір кез жалт қарап: «Өй, мынаның өзін аруақ итеріп келе ме, әлде арқасынан жел есіп келе ме», – деп ойладым. Балалық кезде сирек келетін сол ұшқыр ой, жиырма бір жыл өтіп, «Алдаспан» шыққанда қайтадан есіме түсті. Өзіне жақында ғана айттым.
Сол балалық шақтың әлі де бояуы ескірмеген бір көрінісі – жазғытұры еді. Көкек айының соңына таман қалың қар кенет дүр сөгіліп, толықтай ерімеген кезде аласа таулар сілемінен басталатын Қорық өзені жерге тоң қатқан жылдары екі-үш күн буырқанып, ауылдан төменгі алқаптарды суға толтырып, үзік-үзік жайылма көлге айналатын. Олар сарқыла бастағанда, осы мезгілді бақылап тұрғандай мыңдаған құстар ұшып келіп айналаны шуға толтырады. Неше түрлі үйректер, қоңыр қаздар, сарала қаз, тырналар, әсіресе, тым шулы, ұзын тұмсықты балшықшы мен тарғақтың келуі балаларға үлкен қуаныш әкелетін.
Мұхтар екеуміз сабақтан кейін табиғаттың осы беймаза тіршілігін зерттеуге шығамыз. Әсіресе, тарғақ пен балшықшы көзге жиірек түседі. Тарғақ беймаза құс. Сен соның ұясын дәп басып тұрғандай, тынымсыз шырылдап жеті-сегіз қадамдай жерге келіп қонады да, қаздаңдап жүгіре жөнеледі. Әй, осы пәленің ұясы осы шамада шығар деп ілесе қуасың, шөпке шалынып құлап, шалшыққа да малынып біраз жерге барасың. Жақындай бергеніңде жер бауырлай ұшып басқа бағытқа кете барады. Адастырып жүр екен. Көк шұңқыр деп аталатын өзекті еркімізше кезіп, малтыға шаршап, барлық аңшылық құмарымызды толтырғандай болып қайтушы едік. Бұл да біздің балалық түрленуіміздің, ой өсірген құнарлы кезеңі екен. Әйтсе де пәк, бейкүнә тірлікті, үлгілі болдық десек, шындықтан алшақ кетерміз. Жазды күні жалықпай өзеннен шелектеп су тасып, қосаяқ, саршұнақтардың ініне құйып, амалсыздан шыға қашқан тышқандарды ит қосып қуу бір мәз болатын кез еді. Күзде қырманның бидайын қорғағанда, тобымен үймелеген торғайларды ұзын таяқты жіберіп құлату да ерлік белгісі болатын. Әрине, бір жібергенде бірнешеуін жалбыратсаң, мәртебең зораятыны анық қой. Бірақ біз екеуміз чемпион бола алмадық, қарымы ұзындар үнемі жеңіп кететін.
Май мейрамының бірінде Мұхтар екеуміз мектептің жадағай төбесінде, сырмақ үстінде өмір жөнінде толғаныс айтып жатқанбыз. Бір кез Мұхтар маған: «Сен өскенде кім боласың?» – деді. Бастық боламын деуден жасқандым, басқадай мардымды ештеңе айта алмадым. Ол бетіме тіктеп қарап: «Мен жазушы боламын», – деді. Мен ол кезде де, қазір де жазушыны ерекше қасиет қонған, тәңірдің таңбасы түскен адам (қазір тым көбейіп кеткені болмаса) деп есептеймін. Кейін де өзі айтып жүргендей, сол кезде де өз қасиетін азға баламайтын ол, аз бөгеліп: «Мұхтар Әуезов сияқты», – деді. Менің жүрегім шымыр ете қалды. Зердем толық жетпесе де, ұлы жазушыны жер бетінен басқа жерде жаралған шығар деп ойлайтынмын. Біздің Мұхтар өзіне сол алыс межені болжаған екен…
Төртінші сыныпты бітірген соң, біз әкем бастық болып барған басқа ауылға көштік. Күзде бесінші класқа аудан орталығына келгенде, көңілсіз жағдай күтіп тұрғанын білдім. Менің мұғалімім Мұқан ағаны соғыс кезінде неміс тұтқынында болған деп
25 жылға айдауға жіберіпті. Көпке мәлім, кеңес әскерлері Харьков түбінде аз сәт жеңіліске ұрынып, үлкен армия неміс қоршауында қалған. Сол үлкен әскердің ішінде Мұқан аға да бар. Жас өмірімде жылы алақанын тосқан адамның толықтай сезбесек те, жан түршіктірер жағдайға жіберілгені мені де қатты толғандырған. Мұхтардың жағдайы айтпаса да түсінікті.
Ми мен жүректі кептеген ішкі дауыл толқындарымен қалай күресті, қандай дауа тапты оны өзі біледі, бірақ Мұхтар жасыған жоқ. Екеуміз алғашқы кезіккенде тостағандай көзін буалдыр басқандай көрінді, әйтсе де босаңсымады. Мен де жараның аузын тырнамадым. Сонан соң томаға-тұйық қалыпқа енді. Ол бұрында ауыл балаларына тән орынсыз ойын мен дарақы күлкіге берілмейтін. Жүрекке салмақ салар мазасыз ойлар бір сәт кетпеген шығар, ол бар уақыты мен жігерін білімге бұрды. Міндетті сабақ оған әрдайым жеңіл келетін, енді барлық назарын онан тыс әдебиет қазынасын ақтаруға кірісті. Жас болса да көп нәрсені жинақтады.
Осы уақыттарда Мұхтардың ең үлкен арқа тірер тұғыры, өзі де өмірдің талқысын көп көрген, ойлағаны мен түйгені мол, қазақтың емендей берік шалы, үлкен әкесінің қажырлы мінезі мен берген ақылы, оның қожырауына тосқауыл болған шығар. Бұл семьяда сөз қадірін құрметтеу ежелден қалыптасқан. Арғы үлкен атасы Құрымбай ақсақал, әлде өтініш, әлде ұлылығына өзі құмартқаннан Абай атамызға бір жазда жайлауын ұсынған. Буырқанған Балқыбек, Байқошқар өзендері қосылған босаға. Ұлы ақын сол жерде атақты «Жаз» өлеңін жазған. Сол жерде Абай атамыз «Сөз ұстаған ұл тусын», деп бата берген. Қасиетті баба айтқан осы өсиеттің салмағын Мұхтар арқалай туды.
Жасырақ кезімізде ауылдан үлкен кісілер келгенде дәм татысу бір дәстүр еді. Әкем бір келгенде Мұхтар су жаңа шыққан «Аласапыранның» бірінші кітабын сыйлады. Аға бас көтермей оны бір жетіде оқып бітірді. Демалыс күні шәй ішіп отырған бір кезде: «Е, – деді, – бұл өзі Қожагелдіден әрбір жетпіс-сексен жылда бір атақты адам шығады екен ғой, арыда Томан би, өткен ғасырда Бегеш шешен, енді мынау Мұхтар, жасы ұзақ болсын». Мен таласып қатар оқыған өз ұлымын, мені төмендетемін деп ойлаған жоқ, шын талантқа қалтқысыз ризалығын айтып отыр. Ал Қожагелді Мұхтардың сегізінші атасы, небәрі 170-180 жыл аралығы. Әкемнің ой түюі қатесіз.
Сегізінші оқитын жылы күзде Мұқан аға айдаудан оралды. Әдейі барып сәлем бердім. Жүдеп, қартайып қалыпты. Жылына екі-үш ай жылт етіп күн көзі көрінетін Воркутада, жер астында көмір қазыпты. Сол азаптан аман келгені олжа. Мұхтардың көңілі көтерілді, бірыңғай әдебиетпен шұғылданды. Ел ол уақытта әуес емес «Мәдениет және искусство» деп аталатын журналды жаздырып алып, барлық жаңалықты нақты біліп отырды. Мектепті бітіргенде ол қалыптасқан әдебиетші еді. Білім алу өрісіміз бөлектеніп, жеті жылдан кейін мен Алматыда аспирантураға түскенде қайта тоғыстық. Сонан кейінгі бүкіл өмір қатар өтіп келеді.
Екеуміз енді Академияның ғылыми кітапханасында кезігеміз. Ол сирек қолжазбалар залында диссертациясын жазып отыр. Мен журналдар қарап, табиғи ілімдер залында отырамын. Ел саябырлағанда түскі асқа барамыз, сонан соң біраз уақыт қазіргі Пушкин ескерткіші орнаған алаңға шығып, серуен құрамыз. Негізінен ол сөйлейді. Тың әңгімелер. «Он бесінші ғасырдан кейінгі жыраулар мұрасы» деген тақырыбы бар екенін білемін. Бірде, сақталған дүниелер көп пе, деп сұрадым. Әй, Шайкенов, тыңдашы мынаны деді:
Алп-алп басқан
Арабы торым өзіңсің.
Жазылы, алтын, қол кескен,
Алдаспаным өзіңсің, –
деп бір тоқтады. Сонан он бес минуттай тоқтамай сілтеп, алқынып барып тоқтады. Жайшылықта алға шығара керіп жүретін кеудесіне сыймай жүрсе керек, тыңдаушысы табылған соң, құмарын бір қандырды. Желпініп, түрленіп кетіпті. Сол кезде, сол оқиғаның дәп ортасында өзі жүргендей. Жырдың мағынасы мен бөлек құрылымына тебіреністе. Қуанышы мен мақтанышын жасыра алмай тұр.
Біткен кезде ішімнен: «Ой сайтан-ай», – дедім. Әу бастан білем, оқығанды жадында сақтау қабілеті тым жоғары болатын. Соншама жырды жатқа айтып тұр. Бірнеше рет оқып, машықтанып әуреленбейді, ой жүйелеп бір-екі оқығанда есінде берік сақталып қалады. Ұмытпайды.
– Керемет екен. Кім? – дедім, мен де әзер демімді алып.
– Шалкиіз жырау.
Күн бұлыңғырлау болатын, екеуміз Фурманов көшесіндегі жартылай жер астындағы академиялық кітап дүкенінен қайтып келе жатыр едік, «Әй, Шайкенов, мынаны тыңдашы», – деді. Сонан соң: «Күн батыста бір дұшпан…» – деп басталатын бір жырды түгелдей айтып шықты. Бұқар жырау. «Асан қайғының болжамын тұйықтап, Абылайға айтқан», – деді. – «Терең толғам. Бәрі айтқандай келді».
Әдебиет арнасында алпысыншы жылдың аяғында, ескі мәдени мұраны, әдебиетті ардақтайтын қауым күтіп отырған оқиғалар келді. 1968 жылы «Қобыз сарыны», 1970 жылы «Алдаспан» жарыққа шықты. Авторы – Мұхтар Мағауин. Жай оқырман құшағын жайып қарсы алды. Қуанышы шексіз болды. Елді мақтаныш биледі. Шыққан кітаптар әп-сәтте дүкен сөресінен тоқтаусыз кетіп жатты. Өзім куәсі болдым, сатушы қызға: «Айналайын, міне жүз сом, Мағауиннің «Алдаспанын» тауып берші», – деп сұрағанын.
Әйтсе де осы қазынаны ашуды Мұхтарға қимаған, қиса да қызғанышы жібермеген, «білуші едік, пайдаланып кетті» деген күңкіл әңгімелер көбейді. Ол ашық қарсылыққа ұласып, тараған кітаптың жартысы қайтарылып, туралды. Қысқартылып, «жөнделген» түрі бір жылдан кейін шықты.
Бес жыл бұрын досым Секеңе, академик Сейіт Қасқабасовқа телефон шалдым: «Алдаспаннан» кейін, ежелгі заманнан қосылған жыраулар бар ма?» – деп. «Сыпыра жырауды қосып жүрміз ғой», – деді. Есімі маған да таныс. – «Ал, сол бұрын анықталған жыраулардың жаңадан қосылған жырлары қанша?» «Көп емес, бірер жол, бірер шумақ», – деген жауап алдым. Демек, мардымды қосылған дүние аз.
«Поэты Казахстана», «Бес ғасыр жырлайды» атты кітаптар ғылымда істейтін бір адамға өмірлік жүк болар еді және оған барлық қалған ғұмырында мақтанып жүрер еді. Бұл тек әдебиет алдындағы парызын мойындаған, қажыр-қайраты мол адамның қолынан келетін іс. Өзінің басын дауға салды, ұрыс-төбелеске ұрынды, ағаларымен жаға жыртысты, бірақ алған бетінен қайтқан жоқ. Сол жұмыстар оңымен орындалып, ел игілігіне айналды. Осы биыл тойланар елдің тарихи мәдениетіне ең алғашқы болып жазылған Мұхтардың «Қазақ тарихының әліппесі» кітабының қосқан үлесі де аз емес.
Ең даулы тақырып – тарихи таным. Мұқаңның бұл жөніндегі түсінігі анық. Ол әкесі Воркутаға айдалып кеткенде қалыптасқан. Өзі айтқандай, жас кезінен ұлтшыл еді. Уақыт өте келе ойы кемелденіп, екшеленді. Енді еліміз жеке мемлекет болып құрылғанда, ұлт намысын бірінші қатарға шығарды.
Тіпті, оның ойлары тосын. Бұрын қалыптасып берік орын алған тұжырымдарға кереғар. Жәй адамның, жәй адам емес, жоғарғы лауазымды, барлық атақ-дәрежесі түгел тұлғалардың ойымен үйлеспейді. Бұзақы, шатақ. «Біз ХІІІ ғасырда Отырарды қорғағамыз жоқ, азат еттік», – дейді.
Даулы түйіннің бірі – жат қоғам қалыптастырған тұжырымға қарсы, Мұқаңның Шыңғыс ханды қанішер жаулаушы емес, ұлы азат етуші деп жариялауы. Мәдениетті қауымның біраз бөлігі онан хабарсыз екен. Мұхаң ең үлкен күнә кешкендей айыпталды.
Жазушы біраз ойларын өтпелі кезеңде мәдени құндылықтарымызды, тіл тазалығын, діни көзқарасымыздың қалыптасуы, халықтың өзіндік мінезін сақтауға, жер мәселесі, шеттегі қандастардың көші-қоны жөнінде батыл пікірлер айтты.
Мағауиннің творчествосындағы қиын кезең – алмағайып өмірдің тұсы. Бұрыннан да белгілі мұндай кездерде өмірдің аңысын аңду, бұлан құйрыққа салыну, әйтпесе теріс айналу болып жататын жағдай. Бұл кезде тура бағытты іздеуші аз, табатындар тіпті шамалы. Айтушысына да, көтерген жүгіне де түсетін салмақ ауыр. Әлбетте, тарихи бұрылыстарда бел алатын қиралаң, бұраңдарды пайымы, білімі зор, табиғатынан турашыл тұлға тереңірек болжайды, олардың кері нәтижесінің де салмағын ертерек сезінеді. Өзіне қайта серпілер зиянын білсе де, батыл ойларын бүгіп қалмайды.
Енді мен өзім жетік білетін Мұхтардың ең үлкен қасиетіне тоқталайын. Ол оның керемет зердесі. Бізде көп оқитын адамдар аз емес. Соның басымы, белгілі жүйені, белгілі бағытты ұстамайды, әр саланың бұта, көдесін шалып кететіндер де көп. Мұхтар әу бастан тек әдеби мұраны, қазақ халқының мәдениеті, бай ой жүйесін көрсететін мұраларды ғана таңдап оқыды. Саралап, соның ішінде ең құндыларын жіктеп, бөлек жинады. Соны әдебиет, тарихи шығармаларды оқып, зерделеудегі қатынасы да осы принципке бағынған. Студент кезінен жинақтаған кітапханасы екі-үш бөлменің қабырғасын алып тұр. Сірә 5-6 мың болар. Осы кітаптардың кездейсоқ біреуін түртіп: «Мынау не?» – десең, бай әңгімеге кенелесің. Әсіресе, тәнті болатыным, қазақ эпостары, жырлары, Абай, Мағжан, Бұқар жырау, Сұлтанмахмұт, жыраулардың маржандары, замандастардың елең еткізген құнды өлеңдері, бәрі-бәрі текшеленіп зердесінде жинаулы тұр. Еш-қайсысын да бірнеше рет оқып әуреленіп, жаттаған емес, оқығанда бар зердесімен көңіл бөле ме, миының бір түкпірінде жатталып қалатын сияқты. Қашан да сол керектіні ойына салсаң, компьютерден суырғандай ағылта жөнеледі.
Көп білетін адам әр кез жан-жағына қауіпті. Мұхтар және тым турашыл, халық мүддесіне, тарихқа келер қиянатқа төзбейді. Ой жүйесінде сараланып, тізбектеліп тұрған мәселені өткір тілімен, ең жақын жүрген, сыйлас боп өскен құрбыға да, шындықты өлтірмеймін деп айтып салатын кемшілігі бар. Бұл, әрине, жақпайтын дүние. Сонан кейін біздің қауымда қалыптасқан әдет – тура замандасқа жақсылықты қимау. Өтіп кеткен, заманы бөлек, енді бәсекеден тыс қалған тұлғаларға ақтарылып жатуымыз да соның бір пұшпағы болса керек.
Мұхтардың соноу «Қобыз сарыны», «Алдаспан» аталатын тарихи жырнамалары, шағын «Кешқұрым» әңгімесінен басталған «Аласапыран», «Мен», «Жармақ» романдары, повестері, өтпелі кезеңге жазған қырық шамалы мақалалары, ең соңы төрт томдық «Шыңғыс хан» тарихнамасы қазақ қауымының мәдени өрісін, сана тағылымын кеңейткен асу да, асу белдер. Олар қайталанбас құндылықтар.
Мен Мұхаңа жетпіс бес жылдық асу белің құтты болсын, берерің көп болсын деп тілеймін!
Блок Шайкенов,
биология ғылымының докторы,
профессор.
дерек көзі: Қазақ әдебиеті газеті
Блок Шайкенов (5.4.1940, ‘Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы) – биология ғылымдарының докторы (1993), профессор (1997). Семей зоотехника-малдәрігерлік институтын (1962, қазіргі Семей мемлекеттік университеті) және Қазақстан ғылым академиясы зоологияинститутының аспирантурасын (1967) бітірген. Шығыс Қазақстан облысында бас мал дәрігері (1962–1964), Семей зоотехника-малдәрігерлік институтында ассистент (1964), 1967 жылдан Қазақстан ғылым академиясының зоология институтында кіші, аға, жетекші ғылым қызметкер,лаборатория меңгерушісі, институт директоры (2009–2010) қызметтерін атқарған. 160-тан астам ғылыми жарияланым мен 4 монографияның, 3 кітаптың авторы.[1]
Парақшамызға жазылыңыз