(Б.Бәмішұлының «Оспан батыр» кітабына пікір)
«Жұлдыз» журналының 2009 жылғы №2 санында ақын Бақытбек Бәмішұлының «Оспан батыр» атты дастаны жарық көрді. Қазақтың ғана емес адамзат тарихында Спартактай, Пугачевтей бір туар, біздің Хан Кенедей қаһарманымыз – Оспан Ісләмұлының тарихи тағдырын пайым еткен жыр.
Өткен ғасырдың 40-50 жылдары Қазақ елінің шығыс қапталын қайта бөліске салу үшін шайқасқан империяларға қарсы жерінің бостандығы, елінің азаттығы үшін қара тұяғынан хал кеткенше күрескен Оспан сынды батырды заманы тарих сахнасына алып келді. Ал оның аты аңызға айналып, халық көкейінде мәңгілік айсберг болып қалды. Алайда тағдыр-талайы шынтуайтына келгенде алтын көмбедей болып жабулы жатқаны белгілі. Тақырып – соны әрі күрделі. Ол – әлі күнге дейін адамзат тарихында, соның ішінде қазақ тарихындағы орны анықталмаған ақтаңдақтың бірі. Осы тұрғыдан келгенде дастан тарихи тұлғаның көркем әдебиеттегі образын объективті бейнелеген өлеңмен жазылған эпикалық тұңғыш туынды болуымен де ерекшеленеді. Бұл тарихи батырдың баяны емес. Автор көнермеген, халықтың жадында қан сонарға түскен іздей сайрап жатқан тарихқа аса талғампаздықпен қараған. Тақырыпты терең зерттеп, иін қандырып, жақсы меңгерген. Сом оқиғаларды жүзіктің көзінен өткендей етіп сұрыптап, бір желіге байлап, оларды ішкі үйлесім арқылы шебер қиюластырған. Сұрағы мол, сұрқай заманның келбетін кемеліне келтіре жырлау уазипасын орындаған. Ол үшін дәстүрлі жыр үлгісін таңдауы ойды жеткізуде үлкен олжа салған. Құйқылжыта жырлау Бақытбек ақынға тән. Ол тасыған ой ағынына түскенде тізгінді ірікпей еркінше жібереді. Бұдан оқиға да, ой да ақсамайды, керісінше еркін тыныстап, мол қарпып, кең көсіледі. «Оспан батыр» дастанын жазуға да осы тәсіл таңдалған.
Дастан – Оспан батырдың Гималайдай асқар ерлігін алтын кенді сөз өрнегімен Алла тағала парыз еткен қалпынша суреттеген інжу-маржан құбылыс болған. Қан мен қасырет, кек пен намыс, ұждан мен иман – түп қазық. Пайымдаудың әр сөзі мәрмәр тастан қашалып, сом алтыннан соққандай сұлу. Дастанның оқылуы оңай, су жорғадай жүріс еш шаршатпады. Тапқыр шешім мен ұтқыр даналық айшықтары жүрек қылын дөп басуы ақынға ту баста күш қуат болып қонған рух сенімі болар деп сүйсінесің. Біз – оқырман, дастанды саралап отырып, сөз өнерінің мұнары төгілген мұңлы мық жыр – көз жетпес биіктік пен түпсіз шүңет, тереңдікті қатар шарлағанын көреміз.
Бұл дастанды өлеңмен өрілген драма деген жөн тәрізді. Бодандық езгіге қарсы жаппай көтеріліп, жаны шырылдаған халықтың соры мен мұңы; кезінде «әлем алпауыттары» саналған жыртқыштардың қан сапырған зымияндығы; сатқындар мен жалыныштылардың сорлылығы. Міне, осындай қырғи қабақ оқиғалы ортада Оспан батыр тұлғасын сомдап шығу ақыннан аса зор біліктілік пен дарынды талап етеді. Мұндай шытырман, трагедиялық тағдырға қан мен тердің күшін аямаған талант ғана жетеді. Дастанның драмалығы бас кейіпкер, бар ғұмырын Атамекен – Алтайдағы Алаш баласын, хақ дін исламды азат ету жолында жанын пида еткен ұлт азаттық көтерілістің Бас қолбасшысы Оспан батыр мен СССР-дың КП-ның бірінші хатшысы, генералиссимус И.В. Сталин, Моңғолияның Бас министрі, маршал Х.Чойбалсан, Шыңжаң өлкесінің билеушісі, генерал – Шың-Шы-Сай, генерал С.Дәлелхан арасында түйдек-түйдек тарихи оқиғаларды арқау ете отырып өрбиді. Дастанға сиып айтылуы мүмкін емес осы аталған «алыптар» арасында болған сан қилы күрделі мәселелер мен қиянкесті шиеленістер автордың әдеби тәсілді дұрыс таңдау нәтижесінде бір желіге байланып, бытырап шашырамай, заман келбетін толық ашқан. Әрбір көріністе елдегі аса ушыққан, ақиқатында ушықтырылған саяси-әлеуметік ахуал – еңіреген екпінмен суреттеледі:
– Жалмаймын,– дейді,– жапырам,
Замана құсып запыран.
Заманға күйген жүректе,
Зар илеп боздап жатыр ән!
Запыран – өт. Өтін құсқан заман. Өткір әрі өтімді, екінің бірінің қолынан келе бермейтін метафоралық теңеумен берілген. Заман жалмап, жұтатыны екі бастан белгілі. Осы зобалаң мен зорлықты кешсе де «жұлдызы мәңгі сөнбейтін» ел қазақ екеніне сендіру.
Дастан кейіпкерлерінің бет-бейне, мінез-құлық, характерлері шағын эпизод көлемінде олардың іс-әрекеті барысында толық ашылған. Хас шебердің қолымен салынған суреттей нанымды. Шығарманың тұла бойы толған бұлқыныс, ширығып шырқау биігіне жетеді де, қайтқан толқындай ширатылып жар соғады.
Қалың бұқараға қырғидай тиген өктем билеушілер зұлымдығы өршіген үстіне өршиді. Батыстан соққан қызыл жалын үриттеген сайын үдеп, бүкіл Шығыс Түркістанды шарпыды. Бұқараны бұқтырып, сұбханын ұшыру үшін жасалған адам айтса нанғысыз қылмыстар құтырған құйындай тиді.
Арғымақ қазақ атылды,
Ақымақ қазақ сатылды.
Сталин жебеп Шың-Сы – Сай,
Зұлымдық зәрін асырды.
Жойды қойша көгендеп,
Алпыс мың астам асылды.
Қан жылаған осы бір –
Таңбалықтан қылмысы,
Жиырмасыншы ғасырды!
Қоғамның саяси-әлеуметтік сыңайы осы. «Арғымақ қазақ» — азаматтық теңеу. Ұзын саны алпыс мың. Олар: «Алашқа жүрген батасы, Абақтың абыз атасы», қасиетті қажы, ғұлама ақын, ағартушы, күрескер Үлімжіұлы Ақыт, Көгедайдан бері Алтай аймағын билеген қара көктің тұқымы, текті ұлықтың жұрағаты Шәріпхан төре. Олар – елдің сүт бетіндегі қаймағы. Рухани құндылық, рухани данасынан айырылған халық – «панасыз қалған ғаріп жан». Тасыған өзен, таңбалыққа жеткен ағынды су, малтып бара жатқан жылқы – қазақ. Тәубә, бір ғасырдың қанды өзенін кешіп өтіп, арғы жағаға өттік. Алыптар арқасында. Атақты Ақтеке би, әйгілі Ноғайбай, хас батыр Есімхан, Ырысхандар арқасында.
Дастанда Иан атты генерал болып жүрген жауыздық басшысы, айыр құйрық жылан – қазақ ішіне Мадарың атымен әйгілі болған тажал бар. Бұрын Әліптің, Зуха батырдың, Асылбектің, Жантайлақтың басын алған. Енді ол – Оспанға оқталған оқ. «Керегі – басы Оспанның». Бұл – отаршылдардың кімі болсын жасайтын атам заманнан жалғасқан «дәстүр». «Бас кесу – мұралық».
Сорғалаған қан – нәтижесі. Ол бейкүнә сәбилерді де аямайды. «Даланың ерке құланы» – кінаратсыз нәрестелер үлкен қылмыс жолына тасталған жем. Асауды идіру құралы. Құрған тұзақ. Егесіне сес қылу. Алашты басу.
«Жатсын,– деп мәңгі шірімей»,
(Бұ айтқаны шыны ма ей?!).
Лақтырды бір құдыққа,
Үшеуін де тірідей.
Ұлы бабалары Шәкәріммен тағдырлас. Тән қалды, рух жасымайды. Егіз өмір. Адал өлім өшпейді. Өлім – жеңіс. Оның рухы мәңгі биікте.
…Түзеле ме елім ес біліп?
Құдық та өлген ескіріп.
Тұрады екен сол тұстан,
Сәбилер даусы естіліп.
Дастан осылай ширығып, аспан төрінен рух болып жарқырап, жер түбінен елес болып ес беріп, ескертіп тұрады. Тарихи шындық: «Есіріп аққан Ертіске, Еңірей Мемей құлады…». Осы қанды оқиғаны баян еткен – Мемей ана. Ағып бара жатқан жерінен көтерілісшілер құтқарып қалған. Автор Мемейді құтқармай, Ертісте қалдырып кетуі көркемдік шешім. Трагедиядан туған трагедия.
Оспанның үш бірдей сәбиін шырылдатып тірідей құдыққа тастау – жан түршігерлік жауыздық. Бірақ, ұлы мақсат жолында етінен ет кессе де, бетінен Оспан қайтпайды. Тұлғаға тән характер!
Дастанның гиперболалық шарықтау шыңы сонау Москвада, Кремльде отырған, әлемдік үстем билікке құмар Сталиннің қазақ тағдырына килігуі. Яғни, империялық озбырлықтың оспадар қылығы. Сөйтсе де, қарулы қамалмен қоршалған қаһарлы билеушінінің де түкті жүрегін дір еткізіп, маңғаз кейпін селт еткізер бір ер жер бетінде бар екен. Ол – қазақ, Оспан батыр. Ресей ипериясына тізесін батырып, «күлкісін тиған» Осман түркілерімен Алтайдың арланы Оспанның адас болуы Сталинді жүрексіндіруде табылған ұтқыр тәсіл. Сталин Осман мен Оспанды шенестіре ойлайды. Жүрегіне түк бітсе де, ол да ет жүректі адам.
«Бірі – Осман, бірін Оспан дейд,
Шайтаны алғыр, мұсылман!».
Генералиссимус сәл қысылған.
Немесе,
Қолына ап Оспан фотосын,
Күжірейтіп һәм жотасын,
«Сұсты екен түсі тажалдың,
Қалауы болар ажалдың.
Көрерміз сонда, көрерміз,
Үнемі бақыт әкелмес,
Сұлуы сұсты ажардың?».
Шовинизмнің жаңа теориясын жасаушының бірі күллі еркіндік иесіне зәрін төгеді. Осы мақсат жолына бүкіл ұлтты құрбандыққа шалу ол үшін түкке тұрмайды. Сталиннің тіксінісін қалт жібермей дөп басқан қырдың қырағы көкжалы Чойбалсан «Халқына пана қысылған, Әсіре діншіл, мұсылман» деп көсеп қояды. Оспан батыр образы Сталин мен Чойбалсан арасында болған диалог арқылы толыға түседі. Сталин Оспан батырдың күрескер екенін мойындай отырып, не, «қию керек желкесін» не, «қып-қызыл қанмен қорқытып, батырмасаң тырнақты, бұратана халықтың, баса алмайсың еңсесін» деген ойын империялық көзқарасымен «Аулауға шыққан арланды, бәріміз де аңшымыз» деп түйеді. «Шабынған қара бурадай» Сталин оны құртып жібергісі келсе де, Шығыс Түркістанды құрып, Шыңжанды Қытайдан бөлшектеп алу мақсатында әккілікпен пайдаланды. Ара ағайындыққа Чойбалсанды салды. Моңғолияның Бас министрі, маршал Чойбалсан мен қазақтың хас батыры Оспан алтын сарайда емес, айдалада, ақ боз үйде кездесуі ағыл тегіл ақтарылған сезім селімен көмкерілген астарлы оймен араласады:
Бірі – Көкжал,
Бірі – Арлан,
Екеуінде бір арман.
Еш сөкеттігі жоқ, асыра сілтеусіз жарасымды, айшықты теңеу. Екеуі де кешегі көшпенділердің сарқыны. Сахараның сандал керлері. Көкбөрі аңызы көкейлерінде жанып тұр. «Бытыраған моңғолдардың басын қоссам» деген ой Чойбалсанда болмады дейсіз бе? «Екеуінде бір арман» дегенде автор осыны меңзеп отыр ма дейміз. Маршал Чойбалсан Оспан батырды «адамның төресі» деп бағалаған. Шымшырұлы Ноғайды елшілікке аттандырарда Оспан батырға мынадай мінездеме берген: «Ұлты үшін жанын құрбан етуге бел буған адам. Кедейшіл. Дүние-дәулетке қызықпайды. Діншіл, сәуегей, аса табанды жан».(С.Нұртазаұлы.«Оспанға барған елші». Таразы,193-бет).
Ақын қос көшпендінің бірін тордан, бірін ордан көреді. Бұл да ақиқат шындық. Оспан батыр желкесінде Сталин тұрғанын сезсе де, Чойбалсанды Алтай аймағын қытай басқыншыларынан азат ету жолында қажет деп тапты. Осы мақсатына жетті. Он бес мың қолды жайқалтып, әділеттің ақ туын алаулатып Сарсүмбеге келсе (қазіргі Алтай қаласы – Н.С), алдында қызыл туын жалаңдатып кешегі Дәлелхан Сүгірбайұлы отыр. Шені – генерал, атағы – Алтай аймағының әскери қолбасшысы. «Аймаққа әкім бол», деп от пен су кешіп, қанды жорықтан оралған батыр қолбасшыға қыр көрсеткендей болады. Қолында өлетін қылық.
Хан Оспан әкім аймаққа,
Мінгендей қотыр тайлаққа.
Жолынан алып қылғанын,
Батқандар кімдер қаймаққа?
Құралы қайда,
қайда қол,
Қан кешкен тар жол, тайғақта.
Маңайы толған дінсіздер,
Болмады жан, сіз кімсіздер?
Қара түндей қабақтан,
Қан жауып,
тамды шым-шым тер.
Сонда Оспан батырдың Дәлелханға:
Үйретін ит екенсің,
Құшағынан қызылдың,
Табамын деген марқадам,
Айтудан көмей жыртылды,
Бірақ сөз:
Бұзба шырқымды!
«Баяғы жартас бір жартас»,
Қайтейін асыл ұрқыңды.
Жырғап, қай жетіскеніңнен
Ширатасың мұртыңды.
Қарғысын өзің байладың,
Қызылға тастап ұлтыңды, – деп сілкілеуі қисынды еді. Коммунистермен келіспейтіндігін, тіл мен ділден, діннен ада болатындығын, бұл жолдың баянсыздығын бірден ашып айтады батыр. Сонда Дәлелхан сөйлейді:
Орыстың құрған тұзағын,
Білмедің бе, басында?!
Өкпеңді алып қолыңа,
Енді келіп тасынба!
Орысқа бодан бар қазақ,
Үйірге таман жақында!
Орыстан шықсаң,
Шап беріп
Қытайың басар тақымға.
Күндердің күні болғанда,
Зар боларсың, арысым,
Алақандай ақымға!
Сәл де болса тыныштық тапқан теңіз осылай тағы да толқиды. Ендігі шиеленіс қазақтың қос қолбасшысының арасында өрбиді. Бұл жерде ақын анау ақ, мынау қара деп айыптап, айдар тақпайды. Алаштың қос арысын Алаштың азаттығы үшін жанын пида еткен күрескер-қайраткер, алайда сол мақсатқа жету жолында ұстанған бағыттары бөлектігін ақтап алғысы келеді. Ақтап та алған. Ол ойын жеткізу үшін қолбасшы-генерал Дәлелханның аузына мынадай сөз салады автор:
Сыңар жақ кетіп не етесің.
Сынар шақ пышақ жетесін.
Мүдде бір,
Батыр,
Мақсатқа,
Жолымыз бөлек жететін.
Осылай қазақтың қос батыр, қайраткері шешуші кезең үстінде қоштаса алмай ажырасты. Екеуі біріккенде не көрер еді? Қандай тағдыр алдарында күтіп тұр? Қайда барса да алдарынан шығары Қорқыттың көрі емес пе еді? Ойың ойсырап, санаңа салмақ түсіп, бармақ шайнайсың да, автордың көркемдік шешіміне иланып, риза боласың. Тарихи тұлғалар арасында шешуші кезеңде осындай әңгіме болғаны сөзсіз. Бұл да болса жаңашыл сананың, еркін ойлы бостандық нәтижесі болса керек. Оспан батыр мен генерал Дәлелхан арасында болған әңгіме – кемел сұхбат, өнегелі үлгі, асқар бел, шалқар көлдей даналық дидарласу. «Қипағы аз, төрт құбыласын тең ойлар, халқым деп туған бір туар, құйқалы сары белдердің» ұлылық тағылымы мен ұстанымын оқушы жырды оқу арқылы сезінері анық.
Ал Оспан батырдың ақырғы шешімі оның Әлихан төреге жолдаған жауап хаты арқылы айқындалады.
Арманым талқан болса да,
Алдағы мақсат ауған жоқ.
Қаныммен алдым бостандық,
Шықпады сенген достан түк.
Жан алып жүріп, жан берген,
Қасырет құшқан Оспанды ұқ!
Оспан батырдың ақтық демі біткенше осы жолдан таймай кеткені тарихи шындық.
Қытай өкіметі Оспан батырды әлі ақтаған жоқ, қара тұяғынан хал кеткенше өз ісіне адал банды ретінде ұласпалы фильм кейіпкері етіп бейнелейді. Ал қазақ үкіметі жым-жырт, жұмған аузын ашпайды. Алайда, оның атақ-даңқы ай, жылдар өткен сайын асқақтап барады.
Коммунистерге де, гоминданға да жақпаған Оспан батыр тұс-тұсынан қыспаққа алынады. Терістігінен моңғол коммунистері, батысынан орыс-қазақ қызылдары, ал өңменінен қытайлар аспаннан аэропланмен атқылады. Аз да болса аялдап, алыстап барып тыныс алып, айланып соғу үшін атажұрттан ауды ел. Артта аңырап қалған Ана Алтай! Ел зарлап ән айтады. «Ағажай Алтайдай жер қайда-ай!»… Бүкіл дала күңіренді. Алтай күңіренді. Алаш баласы күңіренді.
Дастан – бодандыққа қарсы қойылған қалқан. Әлемде бодандық атаулының іргесі аз-маз сөгілсе де, «қайғы – бұлт шөгіп қазбауыр», басқыншылық әрекеттер тиылмай отыр. Үлкен демократ Дж.Нерудің сөзімен айтсақ «Бодандық ұлт тағдыры мойынына тағылған өлім бұғалығы. Оның қатерінен бай мен бек мал мен арын сатып паналайды. Ал кедейдің жаны құрбан болып, ұлт құриды». Демек, «Оспан батыр» дастаны да – «құлдыққа қарсы күреспен тең». Бодандыққа қарсы күрес үлгісі.
Оспан батыр гоминдан, коммунист қытай, орыс, моңғол қаһарына қарсы тұрды. Ол Гималай асып қашпады. Ол адамзат баласының бодандыққа қарсы күресінің Айсбергіне айналды. Оспан батырдың қандыкөйлек жолдасының бірі – қызы Әзиза. «Жасыма, балам» дейді батыр. Бұл жер бетінің бүкіл шовинистік басқыншылығына қарсы күресуші адамзат баласына паш еткен үндеу! Оспан батыр қызына қамшысын ұстатты. Яғни, болашақ ана Әзизаға! Ұрпаққа! Ал алып тұлға Оспан батыр Алтын кенді жырға айналды.
«Оспан батыр» дастаны қазақ әдебиетінің поэма жанрына қосылған қомақты, қормарал туынды. Оның тәрбиелік, тағылымдық, өнегелік мәні де жоғары. Туындының тілі ерекше сүйсіндіреді. Дастанда дәстүрлі батырлық жырларда жиі кездесетін көркемдік құралдары эпифора, эпитет, әсірелеу, метафора, теңеу, аллитерация сияқты айшықты бейнелі сөз үлгілері жеткілікті. Аллитерация сөздерге жан бітіріп, жырға экспрессия беретіндіктен ақын анафора, ассонанс құбылыстарын жиі қолданып отырған.
Атыстан көз ашпаған,
Алтай деген аймақ бұл.
Анау атам заманнан,
Азиядағы қаймақ бұл.
Аруақты қозғама,
Атады деп киесі,
Аңырап қырда сайғақ тұр.
Сондай ақ, дастанда ақын біткеннің аузына түсе бермейтін сирек ұшырасатын сөздер, көнерген ұғымдар мол.
Тұрмайды жалды ат өртеңде,
Симайды сана өлшемге.
Бұтағы тастан болса да,
Бұдырды сүргі өңдейтін.
«Бұзықты бір ауыз сөзбен жөндейтін» бұрынғы ата-баба заңы, дала демократиясы бұзылып, быт-шыты шығып, оның орнына,
Болмайды ағы күйенің.
Тақпаған заман күйегін.
Аталық дені опат боп,
Еліккен кезі биенің.
Атаулы діні апиын боп,
Қадірі кеткен киенің.
Қымызға салса жібімес заман келді. Әу, дегенде ашыла қоймайтын, айтпақсырын астарына жасырған тіркестер мен өмірдің өтпелігі, замана, тағдыржайлы толғанған философиялық ойларға тәнті боласыз. Үлкен драмалықшығарманың әр сөзі, жиынтық пайымы аса зерделі баяндалған. Бұндайтерең ой, телегей сезім, текті сөз, классикалық өрнек БақытбекБәмішұлының тақырыпқа тек тарихи біліммен ғана емес, рухани күш,үлкен ақындық дарынмен келгенін дәлелдейді. Дастанда пайдаланылғанкөркем әдебиеттің түрлі тәсілдерін тектеп, алуан өрнектерін ажыратып,әдебиет теориясының тезінен өткізу сыншы һәм әдебиетшіғалымдарымыздың назарынан тыс қалмас.
Парақшамызға жазылыңыз
Imandı bolsın Satey agamız.1992 jılı Tanıskam.keyin Venaga jengemizben birge Areken ertip keldi.Venada söylegende eldi avzuna karatkan.Kıskası âr kazak osunday bolsa eken! Degen Kazaktın bir Azamatı edi!!!! Jatkan jeriAllahnın Nurumen tolsunKeyingi urpaktarı aman bolsın!!!.Amin!!!
Оу, Тұмағам тұр!
Жатқан жері торқа болсын. “Қызыл жебені” сексенінші жылдардың аяғында аударып жүрмін деп, бірер парағын оқытқан еді, сол не болды екен?!
Cәтей ағамыз көқсем де, шешен де ел бастаған жан. Қарымын кеңге сермеуіне географиясы да, юиографиясы да мүмкіндік бермеді. Дегенмен елдің жүрегінде өнегелі, кқшелі жан ретінде қалды. Енді сол асыл есімді ұлықтау, ел жадында қалдыруға әрекет жасаған абзал болар ағайындар!
Биздин бала кезимизде о кисини “Сатей дарга ” дарга деуши еди. Мина жазган сын пикири неткен керемет!!!
Сәтей атамыз – қазақтың қаранар азаматы болды. Азаматтығы мен адамгершілігі биік тұлға. Кішіге аға, жақсыға жаға болды. Өмірінен мән кетірмеді. тәрбиесі мен сиы бөлек еді. Марқұмның жаны жәннатта болсын!
Мен, Сәтей ағамыздың Ыстамбұлдағы туыстарына 2000 жылдарынан кейін жазған бір хатын сақтап қалыппын. Кәзір соны тағы бір оқып отырмын.
Құдыс аға, сол хатты суретке түсіріп жіберіп беріңіз бізге!