/

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНЕ!

702 рет қаралды

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНЕ!

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНА!

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНЕ!

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БАС ПРОКУРАТУРАСЫНА!

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНЕ!  

 

Елбасымыздың: «Халқыма керекті қалай табам деп қам жеп жүру тек қана менің емес әр азаматтың ісі мен жадында болуы қажет, Біз теріс үрдістердің алдын алу үшін барлық ықтимал шараларды жедел қабылдауға тиіспіз., Көріп отырғандарыңыздай, өмір біздің жоспарларымызға түзетулер енгізуде» – деп нақты айтқан қағидасы қалт кетпейтіндей Заң бекітілсе.

Өткеннен өнеге алып, қазіргі кезден-ақ қазақ ұлтына төніп келе жатқан теріс үрдістердің алдын алу үшін, Қазақ еліне келіп кететін, қалып қалатын кімдердің болса да сана сезіміне оң әсер етіп «олардың тек қажеттілігін ғана қанағаттандырмай сана сезімінің пәктігіне қызмет» ететіндей болып «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы бекітілсе және «Заңды жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме жедел құрылып өз қызметіне жүйелі түрде кіріспесе» кеш қаламыз дегім келеді.

Қазіргі қолданыстағы Заңда екі бап бар. Біріншісі, этникалық қазақ ұлт өкілдері Қазақстан Республикасының қай елді мекеніне келгісі келетіндері туралы шет елде жатып-ақ жазған өтініштері бойынша келетіндер.

Яғни бұлардың шет елде жатып жазған өтініштері Елшіліктер арқылы Көші-қон комитетіне келеді. Комитет облыс әкімдіктеріне жолдайды. Облыс әкімі ауданға жолдайды. Аудан ауыл әкіміне жолдайды. Ауыл әкімі өз мүмкіндіктеріне (экономикалық, әлеуметтік, демографиялық, медициналық, еңбек күші қажеттілігі, халықтың тығыз орналасу мүмкіндігі т.с.с.) қарай жазбаша келісімін береді. Осымен мәселе шешімін табады. Мүмкіндігі болмаса ауыл әкімі бас тарта алады. Шет елдегі этникалық қазақ өкілі осыған келіскенде ғана Үкімет ұсынған мекенжайға келіп тұрақты қоныстанады және әлеуметтік көмектерге жеңілдетілген түрде қол жеткізеді. Бұл жолда дау-дамай қиыншылықтар бола қоймас көшті көлікті болдыратын

Екіншісі, өз еркімен келетін этникалық қазақ ұлт өкілдері. Бұлар заңға сәйкес тұратын елді мекендерін өздері таңдайды. Олардың арасында отанына тұрақты тұруды мақсат етіп отбасымен толыққанды көшіп келгендері келеңсіздіктер туындатады деп айту орынсыз болар. Ал, жалғыз басты жолаушы немесе қосағымен қонақ ретінде келгендерді ауылында қалдыру-қалдырмауды неге ауыл әкімі бірінші кезекте қарамасқа! Ол ауылды әкімінен артық кім біледі және оларды қай тұрғыдан да тексеруге толық құқылы учаскелік полиция да осы ауылда. Айтайын дегенім өз еркімен келген этникалық қазақ болсын басқа ұлт өкілі болсын тұрақты тұру үшін бірінші кезекте келген ауылындағы учаскелік полиция мен ауыл әкімінің зердесінен өтіп сол ауылға тұрақты тіркелуге ауыл әкімінің жазбаша келісім алуы ауадай қажет. Ол адамдар Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдағанша сол елді мекенде тұратыны жайында келісім шарт жасасып немесе қол хат беретін қағида қалыптасқаны мемлекетіміздің халқымыздың мерейлі мүддесі үшін аса маңызды болар еді. Ауыл әкімінің жазбаша келісімі бойынша Көші-қон полициясына барып тұрақты тіркелген этникалық қазақ ұлт өкілдеріне ғана «Оралман мәртебесі» берілетін қағида қала берсе. Сонда не ұтамыз:

  1. Жеке тұлғаны және оның төлқұжатын тексеруге құқылы учаскелік полициясы мен Көші-қон полициясының зерделеу сараптамасынан өткен адамдардың арасында ұлтын «қазақ» етіп жасанды құжатпен келетіндер мүлдем болмауы әбден мүмкін. Қазақстанға келген әр бір пенде міндетті түрде учаскелік полиция мен ауыл әкімінің есебіне алынады. Арықарай олармен жұмыс жасау жолға қойылады әр кім өз білгенін істеп бір ауылға тіркеліп екінші ауылда тұра беруіне тиым салынады.
  2. Әр облыс, аудандарға кімдер келіп, кімдер кетіп, кімдері тұрақты қоныстанып қалғаны туралы нақты есепті салыстырмалы түрде зерделеп жүргізу мүмкіндігі артып, Көші-қон полициясы, Көші-қон мемлекеттік мекемесінен Үкіметке беретін статистикалық есеп бір жүйеге тоғысады. Қазақ еліне келіп емін еркін жүретіндер және олардың жасайтын іс әрекеттерінің жолын кесу шаралары іске асу мүкіндігі туындайды. Сыбайлас жемқорлықпен күресу жолында бақылау күшейіп миграцияның мерейлі мүддесі арта түсері анық.
  3. Бірінші кезекте «Оралман мәртебесін» беріп, одан кейін оларға Ықтиярхат беретін болсақ ол оралмандардың қаншасы қалып азаматтық алғанын қаншасы ел арасында жүрген есебіне ешкім де жете алмайды.

Өткеннен өнеге алмасақ өміріміз өрге баспайтынын, өмір өзі өзгертіп жатқанын да Елбасымыз шегелеп тұрып айтқанын ескерсек: Қазіргі қолданыстағы Заң бойынша: «Оралман» деп тарихи отанына тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген қазақ ұлт өкілдерін айтамыз. Ендеше заңда бекітілгеніндей Отанына келген қазақ бірінші кезекте өзінің тұрақты тұру мақсатында келгенін дәлелдеп тұрақты тіркелуі қажет. Тұрақты тұру мақсатымен келген этникалық қазақ ұлт өкілдерінен төлем қабілеттілігі талап етілмесін деген бір сөйлем ғана олардың бар тағдырын шешіп оларға көрсеткен Отанының қамқорлығы болады. Өз отанымда тұрақты тұрамын деп келіп тұрған қазақ ұлт өкілінің мәселесін Қазақстанда отырған шетел елшіліктері емес, Қазақстан Үкіметі, Елбасымыздың көші-қон үрдісі бойынша саясатын жүзеге асырып өзі шешім қабылдаса дегім келеді.

Миграция өз билігін өзі жеке дара жүргізетін, жүргізген билік, істері бойынша қаншама жылдан кейін де жауакершілікке тартылатын болса тәуелсіз Қазақ елінің тұғыры мықты тұқымы бұзылмас еді.

2010 жылдың соңында аяқ асты «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі кейбір шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 қыркүйектегі № 1009 қаулысына сәйкес, ҚР-сы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті таратылды. Ішкі істер министрлігі жанынан Көші-қон полициясы комитеті құрылды. Бұл жалпылай алғанда өте дұрыс шешім еді. Тек ешбір жүйесіз, алдын ала дайындықсыз мақсат мүддесі айқындалмай құрылғандықтан бүгінгі өмір талабына сәйкесе алмады да екіжарым жылда қайта тарады.

2011 жылдан бергі 4 жылда облыстардағы бұрынғы Көші-қон департаменттерінің қызметтік міндетін Көші-қон бөлімі атқарып келеді. «Бөлінгенді бөрі жейді» дегеннің кейпіне кірген бөлімді қалай жасақтау құрамына кірген мекемелердің құзырында болды. Бақуатсыз Көші-қон бөлімдері соңғы 4 жылда 50614 отбасында тұратын 119788 этникалық қазаққа соның ішінде Алматы облысында 14212 отбасы 31117 қазаққа «Оралман мәртебесін» берді. Арифметикалық көз қараспен қарасаңыз бір отбасы 2.1-2.2 адам санын құрайды. Яғни бұл келген адамдардың үштен екісі жалғыз басты жолаушы немесе келіп кете беретін қонақтар екенін көрсетеді.

2013 жылдың 19 наурызынан 01 шілдесіне дейін «Бақылау және әлеуметтік қорғау департаменттерінің құрамында», 01.07.2013 жылдан бүгінгі күнге дейін Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының құрамындағы Көші-қон бөлімдерінен Оралман мәртебесін алған қазақтардың бүгінгі таңда Қазақстанда бар жоғына, тіптен оның бәрінің ұлты қазақ екеніне, «оралман деректі қорына» мәліметтері толық енгізілгеніне ешкім де кепілдік бере алмайды. Қазақ болып сіңісіп жатқан немесе қазақтар арқылы сіңісіп жатқан шет елдіктердің мәртебесі этникалық қазақ ұлт өкілдерінен әлде қайда артық екені де өмір шындығы.. Бұл жайында БАҚ-ы айтудай айтып жазып келеді. 1997 жылдан бері сан мәрте өзгеріске ұшыраған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы, Ережелер, Үкіметтің қаулыларынан бейхабар кейбір мамандар ағыммен қызмет атқарды деуге болады. Ал әр жылы, әр мезгілде келген оралмандар басқа да шетелдіктердің тағдырына дәл сол кездегі заң талаптары негізінде кеңес беріп шешім шығаруға олардың біліктілігі жетіспеді. Оларды арнайы оқу курстардан өткізіп біліктілігін арттыратын және көші-қон заңының қағидасын бақылайтын мүмкіндік те аз болды. Міне осыдан болып өз тағдырларына байланысты мәселенің шешімін сұрап өтініш айтқан кейбір «ағайындардың аузы жаман, жылағандарының көзі жаман» дегендей оралмандар оңбағандар болып та атанды. Әліптің артын бағып сабыр сақтағандары бар үміттерін жаңадан өзгеріп бекітіліп шығатын Заңнан және Үкіметтен күтуде.

Жаңа заңды әліде сараптап зерделеп оңтайлы айтылған қоғамдық пікірлер ғалымдардың ұсыныстарын ескеріп асықпай бекітсе дегім келеді. Биылғы жыл дайындық жылы болып жаңа заң 2016 жылдан қолданысқа еніп онымен жұмыс жасайтын мемлекеттік мекемелердің ара-жігі ажыратылса. Жаңа заң талаптарына сай көші-қон бағдарламасы бекітіліп оларға кететін қаржылық есептер шығыны толығымен жасалып, жүзеге асыратын тетіктері қалыптасатын жолдарын 2015 жылы жаңа мекеме қызметкерлерін үйрету оқыту шаралары жолға қойылып дайындық мәселелері шешімін тапса жөн болар еді. Шетелдіктер және этникалық қазақтарды қалай құжаттандыру ретін, ережесін, заңға сәйкес қағидаларын бір жүйеге келтіру де аса маңызды. Әсіресе «Босқын мәртебесін беру қағидасы», «Оралман мәртебесін беру қағидасы», «Ықтиярхат беру», «Уақытша тұру куәлігін беру» «Шет елдік еңбек күшін тарту, рұқсат беру», «Ішкі көші-қон», «Бизнес көші-қон» сияқты елді елеңдеткен мәселелердің реттігі, қажеттілігі мемлекеттік мүддеге Қазақ елінің өз қағидасына сай келетініне ерекше-ерекше мән берілсе!

Жаңа заң жүзеге асқанға дейін отбасы құрамы толыққанды көшіп келген қандастарымызды тұрақты тіркеуге алуды «Жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізілімін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 маусымдағы № 561 қаулысы», «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 9-бап 10) тармақшасына сәйкес Ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелері жүзеге асыра берсе. Ал, азаматтыққа қабылдау мәселесін жаңа заң шыққан соң ғана жүзеге асырса қандастарымыз наразы бола қоймас. Соңғы жылдары тұрақты тіркеле алмай қайта-қайта шекара асып барып келу оларға қолайсыз жағдай туындатуда. Қазақ елінде өз елінің, жерінің иесі қазақ ұлтына деген құрмет ерекше болуына ешкімнің таласы бола қоймас.Және шет елден келіп өз парасаттылықтарын таныта біліп еңбектерімен, өнеге үлгілерімен елге танымал болып жүрген жандарды да ескеріп олардың өмір тіршіліктерін БАҚ-ы арқылы халыққа дәріптесек тиімділігі арта берер еді.

Айталық: Сағат Зақанқызы 1990 жылдан атсалысып Моңғолия қазақтарының тарихи Отанына көшулерінің сара жолын өз қайрат жігер, өжеттігі мен мықты білікті маман ретінде аша білді. Ұлы Көшті бастады. 2016 жылы 17 наурызда осы Ұлы көшке 25 жыл толады. 2001 жылы «Ұрпақтар тоғысы» атты кітабында ешбір боямасыз бар шындықты тарихи деректерге сүйене отырып көш қалай басталғанын жазды. Сағат Зақанқызына ұқсап  әр елдегі бір қазақ өзі тұрған елімен Қазақ елінің арасына алтын көпір болып екі елді елдестіріп ат салысса шеттегі қандастарымыздың тең жартысы бүгіндері еліне оралып келген болар еді.

Ал, Энергетик-механик, Германия елінің «LIEBHERR» компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің бас менеджері Тиянақ Моңғолханұлы, Тәуелсіздік жемісі атты кітапта «Тек бір ғана өкінішім бар: Өзімнің білімімді, зор тәжірибемді қазақ елінің өркендеуіне, өзім жақсы білетін саланың дамуына жарата алмадым. Бірақ бұл маған байланысты жағдай емес еді. Сол кезде Қазақстанның ауыр өндірісі саласында қазақ басшылары, қазақи азаматтар болмады, бізге сенім артпады. Сондықтан біз әупірімдеп өз таңдауымызды өзіміз жасадық» – дейді. Еліне келгені үшін ешкімге өкпе артпайды. Мінеки осы екеуі сияқты өз істері, үлгі өнегелерімен ел құрметіне бөленіп жүрген мыңдаған жандарды көштің сәні деуге болады. Ал, олар оралман деген желеумен оңбағандар қатарынан көрініп ұрпақ алдындағы өздерінің аз да болса көрсете білген салиқалы ұлылық істеріне залал келуіне намыстанады.

Сондықтанда тәуелсіз Қазақстанның өз билігіне өз қолы жеткеніне 24 жыл толып, Қазақ қандығы құрылуының 550 жылдығы, мәңгілік Қазақ елінің мерейі асқақтап тұрған кезде «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының бір бөлігін ғана құрайтын оралмандар атауы этникалық қазаққа ауысып өз ұлтымыз үшінгі мемлекеттіміздің мерейлі мүддесіне кері әсер тигізетін кедергілерге жол берілмесе екен! Ұлы көш мемлекетіміздің мерейлі мүддесін асқақтауға өз үлесін қоссын, қазақ халқының саны еселеп өсе берсін, қаны бір қазақ, қазаққа қамқорлық таныта берсін дегім келеді!!

Ұсыныс пікірлеріме түсінушілікпен қарап қолдау көрсететіндеріңізге сенім артып және жауапсыз қалмас деп үміттенемін!

Ізгі ниетпен, Құрметбек Сансызбайұлы,

Алматы облысы.

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар