«Қазақ әдебиеті» газетінің №10 (3435) санында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зәмза Қоңырова, қазақтың бір туар ақыны, жұрт бетіне қараған абызы Олжас Омарұлы Сүлейменовпен әңгімелескен екен. Сол «КІМ ОТАНШЫЛ?» сұхбатты ұсынып отырмыз.
Абайламай істеген аусар әрекетің мүйізіңді емес, көзіңді шығаруы мүмкін. Мұндай тұста білектен гөрі, білікке көбірек күш түсіңкірейді. Ақылдың тайталасы бар-бар уақытта жеңіс іздей бермейді, көбіне-көп дұрыстықты іздейді. Дұрыстыққа салсаң, аз бен көптің, үлкен мен кішінің алысқаны емес табысқаны ләзім.
Әбіш Кекілбаев.
Еліміздің болашағына байланысты көкейкесті тақырып – отаншылдық рух, соңғы кездері ел аузында жүрген абсолюттік тәуелсіздік хақында әлем азаматы Олжас Сүлейменовтің «Азаттық» радиосына берген сұхбатындағы «абсолюттік тәуелсіздіктен қорқамын» деген сөзінің жаңғырығы ғаламторды сарабдал саясаткерлердің ақыл сарабынан гөрі, саясат сахнасын белгілі бір мақсатын іске асыруға пайдаланатын бірді-бірге айдап салғыш ойыншылардың, қосақ арасында өзін көрсетіп қалуға тырысатын әсіреқызылдардың ойын алаңына айналдырып жіберді. Шын мәнінде отаншыл кім? – халқының рухы тәуелсіз бола отырып, қорғаныс, алыс-беріс мәселесінде көршілерімен өзара тәуелділікте бейбіт қатар өмір сүріп, өркендеп өсуін, ұрпағының болашағын ойлайтын салмақты саясаткерлер ме, әлде, саясаттағы өзін көрсетуді мақсат тұтып, елді арандатып, бар әлемде тек біз ғанамыз деп ұрандайтындар ма? Осы орайда Олжас Сүлейменовтен түпкі ойын оқырманға тарата түсіндіріп беруін өтінген едік.
Зәмза Қоңырова:
– Соңғы кездері отаншылдық мәселесі Украинаны дүр сілкіндірді. Мұндай көңіл-күй Қазақстанда да байқалады. Тіпті, кейбір жас журналистер Сізді отаншылдыққа қайшы сөздер айтады деп те кінәлайды. «Түркістан» газетінің қараша, желтоқсан айларындағы сандарында «Олжас Сүлейменов қазақтың толық тәуелсіздігінен неге қорқады?», «Олжекем қазақ тәуелсіздігінен қорқады. Неге?» деген мақалалар жарияланды.
Ғаламторда да, баспасөзде де Сіздің сөзіңізді сан-саққа жүгірткен талқылаулар толастар емес.Мысалы: «Азаттық» радиосына орысша сұхбат берген әлем азаматы Олжас Сүлейменов Қазақ Елінің толық тәуелсіз болғанынан қорқатынын мәлімдепті. Олжас Сүлейменовтің қазақ тәуелсіздігіне және қазақ тіліне қатысты солақай сөйлегені бір бұл емес. Әлем бас иген ұлы тұлғаның ұлттың сойылын емес, империалистердің сойылын соғатыны қынжылтады», – деп жазады журналист Есенгүл Кәпқызы.
Сіз көптен бері – жазбаша жауап мәселенің мәнісін жан-жақты қамтуға мүмкіндік береді. Ал жол-жөнекей ұстап алып, атүсті қойылған сұраққа келте қайырылған жауаптан әңгіменің түп төркінін көзіқарақты оқырман мен тыңдарман болмаса, былайғы жұрт үстірт түсініп қалады, – деп, газетке ауызша сұхбат беруден қашқақтайсыз. Ал радионың сұрағына ауызша берген жауабыңыз осындай түсініктерге әкеп соқты. Сол сұрақтар мен жауаптарыңыз есіңізде ме?
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ:
– Меніңше, сұрақтар қазақша да, орысша да болды. Мен орысша жауап бердім. Қате түсінілуі мүмкін аудармасын емес, өзімнің жауабымды беруі керек еді. Мыңдаған тыңдармандар мен оқырмандарды адастырмас үшін «еркіндік», «тәуелсіздік», әсіресе, «толық тәуелсіздік» секілді өте күрделі тақырыпты жеткілікті дайындықсыз адамдардың ақпараттық кеңістіктерде талқыламағаны жөн. Саясаттың жоғары математикалық есебін шешуге ұмтылмас бұрын, алдымен саясаттағы көбейту таблицасын меңгеріп алу керек.
Көпұлтты Қазақстандағы қазақтардың «толық тәуелсіздігі» дегеніміз не? Жүздеген ұлттардан құралған 17 миллион халқы бар мемлекеттің құрамында 10 миллион қазақтың қазір немесе болашақта толық тәуелсіз болуы мүмкін бе?
Журналистер болмасты армандамас бұрын осы сандарға ой жүгіртуі тиіс еді. Сондықтан да осындай құрғақ қиял жастар арасына да таралып кете ме деп қорқамын. 2х2=4 болатыны секілді, жер бетінде толық тәуелсіз ешбір халық жоқ, және ешқашан да болмайтынын естен шығармаған жөн.
ТМД көлемінде бір ғана ұлттан құралған жалғыз мемлекет – Армения. Онда бәрі – 100% дерлік армяндар. Оларды толық тәуелсіз халық деп атауға бола ма? Шынында нағыз бақытты ма? Жоқ. Олар да басқа халықтар секілді алыс- жақын көршілерінен тәуелді! Үнемі қауіп күтумен өмір сүреді.
Ғайыптан тайып аңқаулар армандағандай ұшан теңіз байлығымыз бен ұшы-қиырсыз кең аймағымызда ат төбеліндей қазақтар өздері жеке қалғанын елестетіп көрейікші.
Сонда бізді алдан не күтеді? Толық тәуелсіз, бақытты ел бола аламыз ба?
Не болатынын мен болжап берейін. Бөлініп кетеміз. Өткен ғасырлардан бері әлі күнге халықты біріктіретін ұлттық сана-сезім қалыптаса алған жоқ. Әзірше жергілікті аталастық, рулық, жүздік сана-сезімнің басымдығы байқалады. Бұл пікірмен ешбір саясаткер таласа алмайды. «Отаншылдардың» кейбірі «толық тәуелсіздік» туралы қызулана айта бастаса-ақ, оның негізгі ойының түбінде аталастық, рулық, әрі кеткенде жүздік пікір жатқанын түсіне қоямын.
Болашақ Адайстан туралы немесе Қазақ елінің басқа қиырларындағы осындай жобаларды естімеген ешкім жоқ шығар?
Әзірше бізді біріктіріп ұстап тұрған Төртінші жүз – Республикамыздың көп ұлттан құралған халқы. Қазақ халқының тұтастығын сақтау үшін де Төртінші жүзді сақтау керек.
Толық тәуелсіздік туралы қиял қай халық үшін де қауіпті саяси инфантилизм. Анығырақ айтқанда, балалық аңқаулық.
Ал Қазақстанның нағыз отаншылдарына не істеу қажет?
Республика халықтарының ұлтаралық және тап аралық өзара тәуелділігін саналы түрде жете түсінуіне тәрбиелеуі қажет. Бұл – біздің тұтастығымыздың негізгі шарты. Бұл – қазақ халқының болашағының кепілі. Денедегі ағзалар секілді біздің халқымыздың ұлттары өзара тәуелді. Көпұлтты қоғамның асқақ мақсаты – осы!
Жүрек, бауыр мен бүйрек басқа ағзалардан толық тәуелсіздікті армандай алмайды. Осы тұжырымды халықтың жете түсінуіне көмектесу – Өкімет (экономикалық және ішкі саясаттағы сауаттылығымен) пен қаламгер зиялылардың міндеті.
Біз жалпыға бірдей өзара тәуелділіктің Даму Заңдылықтарын біртіндеп түсініп келеміз. Планетамыздағы алыс-жақын көршілерімізбен өзара тәуелділігіміз туралы білігімізді үнемі жетілдіріп отыруды естен шығармауымыз керек. Мыңдаған жылдар өзара қарым-қатынастағы, 7 мың километрге созылып жатқан ресми ортақ шекарамыз бар Ресейден толық тәуелсіз бола аламыз ба? Немесе Қытайдан? Сондай-ақ, Қырғыз, Өзбек, Түркмен, Әзірбайжаннан? Қазір де, ешқашан да бола алмаймыз!
Біз де, сондай-ақ, олар да бір-бірімізден өзара тәуелділігімізді терең ұғына алсақ қана бейбіт қатар өмір сүріп, әрқайсысымыздың да қалағанымызша өсіп-өркендеуімізге қолайлы жағдай туындайды.
Алғаш 1979 жылы Ташкентте өткен Азия мен Африка елдері жазушыларының конференциясындағы баяндамамда жариялаған менің философиям – осы. Содан бері барлық құрлықтар мен халықаралық кездесулерде жетілдіре түсіп, халықаралық жағдайларды сараптай отыра, ұстанымымның дұрыстығына көзімді жеткізіп келемін.
Кеңестер Одағы тарағанға дейін мен нәсілдік кемсітушілікті айыптайтын Халықаралық Трибуналдың мүшесі ретінде Африканың, Азия мен Оңтүстік Американың соғыс өрті шарпыған елдері – Ангола, Мозамбик, Эфиопия, Руанда, Ауғанстан, Камбоджа, Ливанда болдым. 90-шы жылдары соғыс өрті тұтанған Әзербайжан, Грузия, Чечня, Ингушетия, Молдова, Тәжікстанға ара ағайындық мәмлегерлікпен бардым. Байқағаным, сол елдердегі соғыс өздерінің аралас ұлтты мемлекеттеріндегі этностарды толық тәуелсіздікке жеткізбекші болған саясаткерлердің тәжірибесіздігінен басталған. Украинадағы қазіргі жағдай да осындай.
Мен секілді көп жасаған, ел арасына соғыс өртін тұтатуға себеп болған қиын түйіндерді шешуге атсалысып, келісімге қол жеткізуде мол тәжірибе жинақтаған бірде-бір қазақ жоқ бола тұра, ұлтаралық қатынастардан білері аз кейбіреулердің отаншыл емес деп, ел алдында ақыл айтып, ашықтан-ашық айыптайтынына таңғалам.
Тағы да косып айтарым:
Қазақтар түгілі, 17 миллион халықтың иелігіндегі мұнайы, металы, алтыны, күмісі, ураны, көмірі – Менделеев таблицасының бар байлығына тұнып тұрған 2 миллион 700 мың шаршы километр аймаққа қоса жүздеген миллион гектар құнарлы егіс алқаптары мен жайылымдық жерлері бар мемлекетімізге де көршілерінен толық тәуелсіз болуға болмайды.
Ал көршілеріміз – Ресей 150 миллион, Қытай – 1 миллиард 300 миллион, Өзбекстан – 30 миллион, тағысын-тағылар.
Кім бізге өзіміз игере алмайтын осынша байлықты жеке билетіп қояды.
Ашығын айтқанда, бізді құтқаратын Ресеймен тарихи қалыптасқан достығымыз! Нағыз қазақ отаншылдары осыны мойындауы тиіс, ал бұл достықты бұзуға тырысатындар, шындығында Қазақ елінің болашағына қарсы әрекет жасап жүргендер.
Зәмза Қоңырова:
– Біз ежелден – ауылшаруашылықты халықпыз. ХХ ғасырда қазақтың біраз бөлігі қалалық болды. Дегенмен, басым бөлігі әлі де ауылда тұрады. Халықтың бұлай бөлінуі, әрине, оның сана-сезімі мен көзқарасына әсер етпей қоймайды. Кейбір «социологтар» ауылдан қалаға оқуға, жұмыс істеуге келген жастарды мәмбеттер, ал қалада өскендерді – шалақазақтар деп атайды. Бұған Сіз қалай қарайсыз?
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ:
– Ауылда өскендердің санасында аталастық, рулық ұғым дамыған. Астанаға (Астана немесе Алматы) келген жастарда жүздік түсінік пайда болады. Уақыт өте осы солқылдақ таным ұлттық сананы қалыптастыра бастайды. Өйткені, қалада ауылдан келгендерді бір атаның, рудың немесе жүздің өкілі деп емес, қазақ деп қабылдайды. Мұндай қарым-қатынас адамға оның алдымен қазақ, содан кейін барып қана бір атаның, рудың, жүздің өкілі екенін ұғындырады. «Мәмбеттің» ұлттық сана-сезімі осындай күрделі жолдармен дамиды.
«Шалақазақтың» үлгісі қарапайым.
Мен Алматыда тудым. Орыс, ұйғыр, өзбек және де басқа ұлыстардың арасында өстім. Біздің шаңырақта ешкім де қай рудың, қай атасынан тарайтынын есінде ұстамайтын. Қазақ екенімізді ғана білетінбіз. Және айналамыздағы бөтендер жиі-жиі ескертіп қоятын. Кейде біздерге, балаларға қатты ескертетіні сондай, үнемі жұдырығымыз түюлі тас-түйін жүретінбіз.
Ауылдықтарға қарағанда, қалалық қазақтардың ұлттық сана-сезімі ертерек дамыды. Анығырақ айтқанда, бөтен орта бізді отаншылдыққа мәжбүрледі.
Өз халқыммен мақтанғым келді. Сондықтан тарихқа ден қойып, ұлтымды ұлықтайтын деректер іздедім. Жарты ғасырдан астам әлемдік дерек көздерінен түйірлей теріп, уыс толар дерек жинадым. Уыстағаным батпандай алтын болып шықты. Осы деректерді «1001 сөз» кітабымда топтастырып, қазіргі қазақтың айбынын асырып, рухын көтертетін тарихи нағыз қазақтың бейнесін сомдамақшымын.
Әр сөзімді талқылауға тырысып жүргендер менің осы көпжылдық еңбегіме көңіл қойса дұрыс болар еді.
«Түркістан» газетіндегі осындай сын мақалалардың бірі менің алдымда жатыр. Сөзімнің аяғында сол мақаладан бір мысал келтірейін:
«Олжекең сол баяғы қалпында. Өз ұлтының ұлт болып тұтасып, жеке ел болуына күмәнмен қарайды, абсолюттік бостандықтан қорқады. Дәл осындай идеяны қырғыз халқының ұлы перзенті Шыңғыс Айтматов та айтқан еді. Егер елі үміт артқан тұлғалары елінің тәуелсіз болуынан қорқатын болса, қарапайым халықтың алға, ертеңгі күніне деген сенімі азаяры даусыз», – дейді Е.Кәпқызы.
Есенгүл Кәпқызы, көргені де, түйгені де, білгені де мол, өмірлік тәжірибесі жеткілікті, алды-артын арыдан ойлап, алыстан болжайтын адамға сөз айту мәдениетін игеретін жасқа келгеніңізді ескертіп қойған теріс емес-ау деп санаймын.
Шыңғыс Айтматов Қырғызстанның тәуелсіздігіне сенді, бірақ бұл терминнің елінің билігі мен байлығы үшін күрескендердің ұғымындағыдан басқашарақ екенін түсінді. Ол әрқайсысының өз көсемдері де «абсолюттік тәуелсіздікті» аңсайтын бірнеше рудан құралған Солтүстік пен Оңтүстік болып екі «жүзге» бөлініп кететінін болжағандықтан, халқының «абсолюттік тәуелсіздігіне» қарсы болды.
Қазіргі білімді қырғыздар Шыңғысқа сенеді. Мен мұны білемін.
Басқа сұрақтарыңа тақырып-тақырып бойынша келесі жолы жауап берейін.
Зәмза Қоңырова:
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет, аға! Деніңізге саулық, ісіңізге сәт тілеймін! Жазар көбейсін!
Әңгімелескен Зәмза Қоңырова,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Парақшамызға жазылыңыз
Ой, Олжеке, Сізге саясат емес, 1001 сөз туралы ғана сөйлеу қалған екен
Кезінде өзі ел билей алатын дәрежеде болды. Бірақ…
Орыстар неге “Алжас Амарович” дейтінін енді түсіндім. Дегенмен орыстан да анда- мұнда бір сөз шығып қалады.