Қырғызстанның інжу-маржаны саналатын Ыстықкөл курортты зонасындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Спорт-сауықтыру кешенінде шілде айының 9-12 күндері ІІІ Халықаралық жазғы мектеп және І жазғы PR мектебі өткізілді. Жазғы медиа мектептің биылғы тақырыбы медиа сауаттылыққа арналды. Шараға ресми түрде ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросы мен Қазақстанның инвесторлар альянсы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті демеушілік көрсеткен. Жоба жетекшісі және оның ресми ұйымдастырушысы, ҚазҰУ-дың “Журналистика” факультетінің профессоры Гүлмира Сұлтанбаева мұндай бейресми бас қосулардың мақсаты жайында: “Биылғы мектептің тақырыбы медиасауаттылыққа арналды. Ал шара ЮНЕСКО 70 жылдығы мерейтойына тұспа-тұс келді. Ыстықкөл жағалауындағы Жазғы медиамектеп көптеген медиа дәріскерлердің жаңа есімдерін шығаруға септігін тигізсе, қатысушыларға медиасауаттылық туралы жаңа білім мен тәжірибелермен танысуға мүмкіндік берілді. Сондай-ақ, биылғы мектептің географиясы ұлғайды. Еліміздің Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан, Атырау, Қызылорда өңірлерін қоса алғанда Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен де журналистер қатысты” дейді.
Үш күн бойғы медиа мектеп дәріскерлері онлайн, теле, радио және мерзімді басылымдарға арналған стандарттар, этика мәселелері, журналистерге қойылатын негізгі талаптар жайында болашақ журналистермен ой бөлісті және өзара тәжірибе алмасты. Медиа мектеп екі бағытта медиа сауаттылық және пиар бағытында жүргізілді. Оған Қазақстанға танымал журналистер мен медиа тренерлер ат салысты. Шараға шамамен 50-дей тыңдаушы қатысты. Медиамектептің келесі қысқы дәрісін Көкшетауда өткізбекке ақылдасқан медиа мектеп тыңдаушылары мен дәріскерлері бұл жолғы шараның аса жоғары деңгейде өткендігін атап өтті.
“Мінбер-ақпарат”
Парақшамызға жазылыңыз