///

Абайды таны, адамзат!

1520 рет қаралды
Абай_музыкасы

Бүгін ақын Абайдың, хакім абайдың туған күні. Қазақтың маңдайына біткен қара шалы, қара өлеңнің абызы Абай Құнанбайұлының осы бір мерейлі датасын тек Семей өңірінде, ат төбеліндей қазақ зиялысының ғана атап өтуі кім-кімді де қынжылтары анық. Осы Абай атамызға қатысты мына бір шағын мақаланы осыдан бір екі жыл бұрын жазған едім.Орыс оппозиционерлерінің абайды пана тұтып, Абай ескерткішінің маңыцнда шоғырланғанына кейін туған ой. Абайды таны, адамзат! 

Абайға келiп мұңын шағуды осыдан бiраз уақыт бұрын қазақ оппозициясы бастаған болатын. Ресейдегi Путин саясатына қарсы тұрушылардың Чистопрудныйдағы Абай ескерткiшiнiң маңайына жиналуы кездейсоқтық па? Әлде ұлт руханиятының ұлы көсемiнiң рухынан қолдау iздеушiлiк пе? Абайдың ХIХ ғасырда айтқан демократиялық ойларының ұшқынынан нәр алу ма?

Абай – қазақтың бары, ол ұлт руханиятының символы. Хакім Абайдың ескерткіші Мәс­кеуде бой көтергенде, Ресей ұлтшылдарының арасынан бұған наразылық та­нытқандар табылған. Тіпті на­ра­зылық ретінде ескерткішке бояу шашып кеткендер де болды. Алайда көп уақыт өтпей жатып, қала тұрғындары Абай ескерткішінің айналасына топтасып, билікке деген наразылық акциясын ұйымдастырды.
Қазақтың қасиеттісі Абай­дың рухани мұрасы немесе оның философиялық эсселері шетелдіктерге, соның ішінде ресейліктерге қаншалықты таныс екені беймәлім. Алайда осы төрт күнде Абайдың өмі­ріне, шығармашылығына деген ынта, ықылас артты. Тіпті Абай ескерткішін кездейсоқ таңдаған ресейлік оппозиция белсенділерінің бірі Алексей Навальный өзінің твиттердегі блогында: «Удальцев екеуімізді босатты. Чистые прудыдағы түсініксіз қазақтың ескерткішіне кетіп барамыз» деп жазған екен. Бұл исі қазақ оқырмандарының намысын шоқ боп қарығаны мәлім. Твиттердегі оның блогына нара­зылыққа толы хаттар қаптады. Және бір халықтың ұлы ойшылы жайында бұлай деуге оның қалай аузы барғандығын айтып, оны даттаушылар да табылып жатты. Нәтижесінде Навальный өзінің ағат ойы үшін кешірім сұрап, ұлы Абай жайлы ақпараттарды тауып оқуға, оның шығармашылығымен танысуға уәде берді. Көп ұзамай Абай шығармашылығы шынымен оны тәнті еткенін, кешікпей «Абайтанушы» болуға бет бұрғанын мәлімдеді. Күні бүгін Абай есімі рунеттегі (Ресей интернетіндегі) ең танымал тақырыптардың біріне айналған. Қазір фейсбук, твиттер секілді әлеуметтік желілерде Абайдың қара сөздері мен өлең­дерінен үзінді келтіріп жазып жатқан интернет қолданушылар көбейген.
Ресейдің танымал шоумені, тележүргізуші Иван Ургант «Вечерний Ургант» бағдарламасын жүргізу барысында Абайдың «Жазғытұрым» өлеңін қазақ ті­лінде оқыды.
«Көктем…. көптеген мәскеу­ліктер және астана қонақтары күн жылынысымен бульварларда серуендеп, өлеңдер оқиды… Сонымен қатар, ескерткіштер маңайы­на топтасады, әсіресе ұлы қа­зақ ақыны Абай Құнанбаевтың ескерткішінің қасына жиналады. Біздің бағдарламамыз әлеуметтік-саяси өзгерістерді назардан тыс жібермейтіндіктен, біз осы бір қазақ ақынына аяқ астынан пайда болған елдің махаббатын айналып өте алмаймыз» деген ол бағдарлама барысында.
Ресейлік танымал актриса һәм тележүргізуші Тина Канделаки әзірге қазақ ойшылының шығармасын өз тілінде оқуға мүмкіндік алмаса да, оны зерттеуге, шығармасымен танысуға бет бұрғанын мәлімдейді. Ол «Мистер Абай Құнанбаев, сіз кімсіз?» деген сауалмен Livejournal.com блогында арнайы жазба жазып, қазақтың танымал тұлғаларының бірнешеуінен Абай туралы сұрап білмекке ұмтылады. Алайда, өкінішке қарай, Тимур Бекмәмбетовтен бастап, біраз қазақпен байланысы бар саясат, өнер, мәдениет қайраткерлері оны білмейтінін, білсе де шығармасымен таныс емес екендігін айтыпты. Тек қана Абай өлеңдерінің аудармашысы Бақыт Қайырбековтен тұшымды жауап алған ол Абай шығармашылығы жөніндегі үздік жазба немесе видеороликке байқау жариялапты. Жексенбiде жазушы Борис Акунин мен өзге де ондаған зиялы бастаған қалың топ Пушкин ескерткiшiнен Абай ескерткiшiне дейiн серуендеп өттi. Пушкин мен Абай арасындағы рухани байланысты, екі елдің ұлт руханиятының көшбасшысын осылай танығандықтарын көрсетті.
Мәскеулік «Альпина нон-фикшн» баспасы Абай өлеңдерінің жинағын басып шығаруға кірісті. Бұл жайында ресейлік www.gazeta.ru ақпараттық агенттігіне жазушы Сергей Шаргунов мәлімдеген.
Абай шығармашылығының та­нымалдығы Ресей түгілі, Қазақ­станның өзінде тым жоғары деңгейде деп айту қиын. Жаһандану дәуірінде Абайдың «Қара сөздеріндегі» пәлсапалық қисындар мен өлең­деріндегі терең мазмұн бүгінгі жастардың жүрегіне жол тауып, оны өмірінің бағдаршамы ретінде қабылдай қояды деу қисынсыз. Алайда Абай шығармашылығымен танысып, оның кім екеніне назар аударғаннан бері ресейліктер оның ХІХ ғасырда, феодалдық дәуірдің өзінде демократияға үндегенін, адамзаттың ұлы құндылықтары мен Еуропаның інжу-маржандарын, Ресейдің демократтары мен Шығыс­тың жауһарларын оқып, қараңғы қазақтың көзін ашуға үндегенін түсініп, оны демократияның және ұлт құндылықтарының символына айналдырып жіберді.
Саясаттанушы Айдос Сарым «Қараңыздаршы, қазақтар – Абайға, орыстар – Пушкинге тағзым етуде – бұл кездейсоқ емес. Демократия, бостандық, тағы басқа да ұрандар – жақсы. Бірақ олар қазақ демократиясының, қазақ бостандығының ұраны болмаса, яғни қандай да бір ұлттық сипат алмаса, одан пайда болмайды» деген екен. Ал «Айқын» газетіне сұхбат берген саясаттанушы, Ерлан Қарин: «Біз қаншама рет үкіметаралық деңгейде түрлі шешімдер қа­былдап, Абайдың, Пушкиннің жылдарын өткіземіз. Бірақ олар шын мәнісінде қоғамды, ең бас­тысы жастарды селт еткізіп, соншалықты олардың назарын аудартпаған шығар. Twitter бетіндегі бір ауыз сөз, пікірталас қазақстандық және ресейлік әлеуметтік желілер арасында бір­ден Абайға, қазақ поэзиясына, қазақ дүниетанымына, қазақ философиясына деген қызығушылықты оятты. Енді барлығы Википедиядан Абайдың кім екендігі, оның қарасөздерін іздеп, тауып оқи бастады. Абайға қы­зығушылық біздің қоғамымызда, мейлі ол қазақ, ресей қоғамы болсын, жалпы адамзатты бәрібір рухани мәселелер толғандыратынын, қарапайым құн­дылықтар мазалайтынын көрсетеді. Қалай айтсақ та, кез келген саяси, әлеуметтік құбылыстың өзегі – рухани ізденіс» деген екен.
Пролетариаттың ұлы көсемі – Ленинді бүгінде ауызға алушылар аз. Оның идеясы 70 жыл өмір сүрді. Осы идеяны дүниеге әкелген Карл Маркс пен Фридрих Энгельстер жайында соңғы ұрпақ аз біледі. Дарвин ілімі де бүгінде күмән тудырып отыр, ал ұлт руханиятының қайнар бастауы, ұлы ойшылдардың ғасырдан ғасырға тұлғасы зорая беретіндігін Абайға деген бүгінгі ынта-ықылас көрсетіп берді.

Есенгүл Кәпқызы, 
“Түркістан” газеті
БІЗ КІМДІ ҰЛЫҚТАУЫМЫЗ КЕРЕК?

Өткен аптада Мәскеудегi Чистопрудныйдағы Абай ескерткiшiнiң жанындағы Ресей оппозициясының «Оккупай Абай» акциясы таратылды. Айналасы бiр аптаның iшiнде қазақтың ұлы ойшылы Абайдың шығармашылығына, оның ғақылияларына деген ынта-ықылас артты. Елдегi кiтапханалар мен кiтап дүкендерi, «Меломан» сауда желiсi қызметкерлерi Абай шығармаларына сұраныстың күрт өскенiн айтады.

Әсiресе, алматылық орыстар Абай шығармаларын ресейлiк туыстарының тапсыруымен көптеп алып жатқаны мәлiм болған.
Абай – өз заманының озық ойшылы. Оның ғақылиялары мен философиялық өлеңдері ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының келбетін айқындап берді. Ол феодалдық күштердің қазақ қоғамындағы өктемдігін, теңсіздікті сынға алды.
«Байы – баспақ,
Биі саспақ,
Әулекі аспақ сыпыра қу.
Ақы берген,
Айтса көнген
Тыныштық іздер елде жоқ.
Аққа тартқан,
Жөнге қайтқан,
Ақыл айтқан пенде жоқ» (Абай. «Бойы бұлғаң»).
Бүгінгі нарықтық қоғамның да сиқы осы. «Сыпыра жылмаң жел буаз.» (Абай). Әрине, бүгінгі қоғамның құндылықтары мен Абай заманының құндылықтарын салыстыру ессіздік дер біреулер. Бірақ, қазақ үшін не маңызды? Бүгінгідей жаһандану заманында Тәңірінің сыйы тәуелсіздікті сақтап қалу, қазақтың ұлттық бейнесін, ұлттық құндылығын жоғалтпау, қысқасы ел ретінде болашаққа жол тарту. Ұлт тағдыры қыл үстінде тұрған ХІХ ғасырда да қазақ мұраты осы болатын.
Ендеше қазақтың бүгінгі зиялыларының, бүгінгі атқамінерлерінің мұраты неге Абай мұраты мен қазақ мұратымен қабыспайды? Олар әлемдік деңгейге, қала берді ресейлік деңгейге жеткенін мақтан тұтады. Қазақша сөйлеу, қазақ мәдениетін тұтыну олар үшін екінші сортты адамға айналу болып есептелінеді. Өз қағынан жерінгендіктен болар, олар ұлттың ұлысымен мақтана да білмейді. Абай айналасындағы саяси оқиға ұлы Абай арқылы қазақ халқының даңқын арттырды. Абайды туған дана халықты бұған дейін көзге ілмей келген үстем ұлт өкілдерінің қазаққа деген құрметі артты.
Алайда Абайды қазақтың өзінің атқамінерлері қаншалықты ұлық тұтады? Қаншалықты қастерлейді? Өзін қазақпын деп есептейтін әрбір азамат Абайды қастер тұтатын болар, бірақ оның шығармаларымен қаншалықты таныс? Белгілі ресейлік актриса Тина Канделаки Абай Құнанбайұлы жайында ақпараттарды іздестіре отырып, Мәскеудегі қазақтың көрнекті тұлғаларынан сұрастырып көрген екен. Белгілі кино режиссер Тимур Бекмамбетов Абай есімін естімегенін айтса, «А-Студио» тобының мүшесі Байғали Серкебаев «Тамаша ақын» деп естігенін және кітабын сыйға алғанын айтып ақталған. Дәл осындай жағдайдың қазақстандық орыстілді саясаткерлер арасында орын алмасына кім кепіл?! Қазақстандық ақпарат құралдарына сұхбат берген жазушы Герольд Бельгер:
– Әрине, олардың Абайды оқи бастағаны қуантады. Бірақ оны бізде оқымайтыны қынжылтады. Оны аз оқиды, оқыса да оған терең бойлай алмайды. Жыл өткен сайын Абайдың шығармашылығына ынтығатындардың саны құлдырап бара жатыр. Сол секілді Германияда Гете шығармашылығына ыстық ықылас танытушылар азайып барады, – деген екен.
Бүгінде Абай мектеп бағдарламасына енгізілген. Абай шығармашылығын оқытумен бірге соңғы он жыл ішінде ұлы ғұламаның туған күні 9 тамызда Абай ескерткішінің жанында «Абай оқулары» өткізіледі. Бірақ осы игілікті шараның насихатталуы, оған жұртшылықтың жиналуы аз, өз деңгейінде емес. Біздің билік Қазақстанның имиджі үшін көп шығын шығарады, спорттық шаралар мен тағы басқа іс қимылдар үшін орасан қаржы бөлінеді, алайда, Абай секілді ғұламаларымыз әлемге танытуда жасалып жатқан шаралар өз деңгейінде ме? Ресей жұртшылығы Абайдың кім екенін білу мақсатында интернетті ақтарып, Ресей дүкендерін шарлағанда ол жайлы орыс тіліндегі ақпаратты аз тапқан. Демек, біздің идеологиялық машинамыз ұлт құндылықтарын әспеттеу мақсатында жұмыс істеп отырған жоқ. Тіпті аяқасты Абай атын асқақтатқан Ресейдегі саяси оқиғаны да өз пайдасына пайдаланып, Абайды әлемге паш ету үшін арнайы қадамдар жасамады. «Темірді қызған кезде соқ» демеуші ме еді қазақ. Бірақ біздің мемлекеттік идеологиямен айналысушылар осы сәтті неге пайдаланбады?
Тәуелсіз Қазақстанның әлем алдындағы беделі де, имиджі де жоғары. Бірақ, әлемдік құндылықтардың ең бастысы – рухани құндылық екенін ұмытып кетеміз. Сол себепті де, өздерін әлемдік тұлға санайтын қазақтың серкелері қазақтың тарихына терең бойлағысы жоқ, өз қағынан өзі жеріген кейбір тұлғаларымыз қазақтың мұңын, мұратын, қала берді философиясын түсінбейді. Өзгенің шекпенін киіп, шенін алғанға мәз. Өз елінің ертеңгі тұғыры ойлантпайды. Қазақтың бүгінгі қасіреті де осы.

Есенгүл Кәпқызы, “Түркістан” газеті
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар