////

Кенесары көтерілісі жайында диссертация қорғаған автордың ауыр жолы

1020 рет қаралды

Шынайы ғылым – адамзат кемелінің шыңы. Сондықтан, оған ар-ұят, ерік-жігер, адалдық, ерлік сияқты ұғымдардан бөлекше қараудың мүмкіндігі жоқ. Нағыз ғалымдар азат ойы үшін азап шегетінін білсе де, тура жолдан тайқымайды. Билік зұлымдыққа негізделіп, елдің санасы ұйықтап жатқан шақта тың тақырыпқа бару – басты бәйгеге тігу.

Өткен ғасырда Кенесары есімін тілге алу қазақ қоғамы үшін аса қауіпті болатын. Алайда қаптаған қараңғылықты жарық сәуленің тесіп шығатынына тарих куә. 1946 жылы 17 желтоқсанда Ташкент қаласындағы Орта Азия Мемлекеттік университеті тарих факультеті ғылыми кеңесінің мәжіліс залында тарих ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін «Қазақтардың Кенесары Қасымовтың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі» тақырыбында диссертация қорғалды. Оның авторы Елтоқ Ділмұхамедов деген ғалым еді.

КӨККӨЛДЕН БАСТАЛҒАН ҚИЫН ЖОЛ

Ділімбет Қондыбайұлы Сыр бойынан күнкөріс қамымен Қарақалпақ еліне, дәлірек айтсақ, Шымбай уезі, Көккөл болысының Көккөл ауылына қоныс аударған. Оның әйелі 21 құрсақ көтерген, үш рет егіз тапқан. Алайда кедейліктің салдарынан балаларының көпшілігі жастай шетінеп кеткен. 1903 жылдың көктемінде бұл шаңырақта 22 сәби дүниеге келеді. Сол жылы қуаңшылық болып, егін шықпай, елді аштық жайлаған екен. «Жақсы ниет – жарым ырыс» демекші, Ділімбет келер күндерден үміттене, халықтың әл-ауқаты жақсарар деген оймен кенже ұлына Елтоқ деген есім береді.

Елтоқ – ағалары Жолыш, Нау­рызалы, Патулла, Елубай мен апасы Зылихамен бірге жоқ­шы­лықтың машақатын көріп өсті.Отбасын асырау үшін балалар жас­тайынан жұмысқа араласты. Жолыш – Арал теңізінің Мойнақ портында балықшы, Елубай байларға малай болды. Патулла үйдегі шаруашылықпен айналысты. Наурызалы ғана Қарақұм медресе­сінде оқыды. Елтоқ ауылдан он шақырым жердегі медреседе білім алып жатқан ағасына тамақ тасып жүріп, әріп тани бастайды.

1916 жылы Николай II майдан үшін бұратана халық­тардан 19 бен 43 жас ара­лығындағы ер адамдарды қара жұмысқа тарту туралы жарлыққа қол қойды. Патшаның бұл жарлығына қарсы халық бас көтеріп, Шымбай қаласында учаскелік жасауыл Микельджанянц өлтіріледі. Көп өтпей толқулар Көккөл ауылына да жетеді. Патулла майданға алынатын болған соң Ділімбет отбасымен Әмудария бойына көшеді. Бірақ бұл жерде көп тұрақтай алмай Арқаға, Ақтөбе жаққа қарай жол тартады. Бестамақ деген стансада екі жыл бұрын тұрмысқа шыққан қызы Зылиха, туысқандары Көшенбай Тәжібаев, Мұхит Есмағамбетов тұратын. Осы жерге келгенде ғана Зылиха мен күйеу баласының сүзектен қайтыс болғанын біледі. Біршама уақыт Көшенбайдың, кейінірек Елжан деген байдың үйін паналайды. Алайда 1918 жылы қыста Ділімбет пен әйелі бақилық болып, он бес жастағы Елтоқ түрлі жұмыс істеп, нанын тауып жейді. Кейде қайыршылық жасауға да тура келеді. Бірде тауар тиелген пойызбен Шалқарға жеткен Елтоқ Қарақалпақстаннан келген қазақтарды жолықтырып, солардың көмегімен Қоңырат қаласына жетеді. Мұнда ол 100 шелпек сатса, бір шелпек алу шартымен наубайшыға қызмет етеді.

1921 жылы Елтоқ ағасы Науры­залыны тауып алып, екеуі Хиуаға келеді. Мұнда ол Хорезм Республикасы орталық атқа­ру комитеті қазақ-қарақалпақ бөлі­мінің қызметкері Бадраддин Саидрасуловтың көмегімен кешкі сауат ашу мектебіне оқуға түседі. Мұнан соң 1922 жылы тоғыз айлық партия мектебінде оқиды.

1924 жылы қаңтар-ақпан айларында Хиуаны түркімен қол­басшысы Құрбан Мәмед сардар – Жөнейітхан әскері қоршап алады. Қала ішінде қалған Елтоқтың да еріктілер қатарында соғысуына тура келеді. Қоршаудан құтылғаннан кейін ауыл-аймақтарды Жөнейітхан әскерлерінен азат етуге қатысады. Майданнан оралған соң Хожеліге жұмысқа жіберіліп, Қопалы ауылында партия ұйымының хатшысы болып істейді.

1924 жылы Ташкентке келіп, Орта Азия коммунистік универ­си­тетіне оқуға түседі. 1927 жылы Қарақалпақ АССР Қоңырат аудандық партия комитетіне бір жылдық тәжірибе жұмысына жіберіледі. 1928 жылы Ташкентке қайтып келіп, 1930 жылы университетті бітіреді.

Жиырма жеті жасында жоғары білім алған Елтоқ Ділмұхамедов төрт жыл бойы Қызылорда өлкелік, Қостанай облысаралық, Ақтөбе жоғары ауылшаруашылығы оқу орындарында сабақ береді. 1934-1940 жылдарда Ташкент, Шымкент қалаларындағы институттарда дәріс оқиды. 1941-1942 жылдары Төрткүл қаласындағы Қарақалпақ мемлекеттік мұғалімдер институтында, 1942 жылдан 1947 жылға дейін Ташкент медициналық инс­титутында кафедра меңгерушісі болады.

Елтоқ Ділмұхамедов әу баста әде­биетші болуды армандаған. Сондықтан болар, 1928-1929 жыл­дары ОАКУ (Орта Азия комму­нис­тік университеті) қазақ-қара­қал­пақ студенттері үйірмесін басқар­ған. Бұл үйірмеге Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин де­ жетекшілік еткен. Сәкен Сейфул­лин­нің тікелей көмегімен Елтоқ­тың балаң жырлары газет бетте­ріне, фольклорлық жинақтарда жария­ланды. Әдеби мақалалары да жарыққа шықты(«Кедей айнасы» журналы,1929 жыл, №4).

АЛТЫ ЖЫЛ ЖАЗЫЛҒАН ДИССЕРТАЦИЯ

Елтоқ Ділмұхамедов 1941 жыл­дың қысынан бастап қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісін зерттеуге кіріседі. Ташкент, Алматы, Орынбор, Мәскеу мұрағаттарын ақтарып, құнды мәліметтер жинайды. 1946 жылы ұзақ әрі тыңғылықты еңбек нәтижесінде 250 бетке жуық диссертация дайын болады.

«Қазақтардың Кенесары Қасы­мов­тың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі, өзінің кең ауқымдылығы мен маңыз­ды­лығы бойынша күштілігімен және тегеурінділігімен ерекшеленген, халықтың көпшілік бөлігін ұзақ уақыт бойы қамтыған, қазақ халқының ХIX ғасырдың бірінші жар­тысындағы ең маңызды көте­рілісі болды. Сондықтан да бұл көтеріліс Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстардың ішіндегі ең айшықты кезеңдерінің бірі болып саналады» деп өз мақсатын кіріспеде айқындап алған автор өз ғылыми еңбегін тарихнамалық кіріспе (деректер мен әдебиеттерге қысқаша шолу), Кенесары және оның көтерілісі туралы әдебиеттерге қысқаша сыни шолу, Кенесары Қасымовтың көтерілісі қарсаңындағы Қазақстанның халықаралық жағдайы, Кенесары Қасымовтың көтерілісі қарсаңындағы қазақтардың әлеуметтік-шаруашылық және саяси жағдайы, Кенесары Қасы­мов көтерілісінің тарихи алғышарт­тары, Кенесары Қасымов көтері­лі­сінің қозғаушы күштері, Кенесары көтерілісінің сипаты мен ұйымдастырушылық негіздері, Кене­сары Қасымов көтерілісінің барысы; а)Кенесарының қарулы іс-әрекеттерінің 1837-1838 жылдардағы дамуы; б)Кенесарының қарулы іс-әрекеттерінің 1839-1840 жылдардағы дамуы; в)Кенесарының қарулы іс-әрекеттерінің 1841-1842 жылдардағы дамуы; г)Кенесарының қарулы іс-әрекеттерінің 1843-1844 жылдардағы дамуы; д)Кенесарының қарулы іс-әрекеттерінің 1845 жылғы дамуы, Кенесарының Қоқан хандығымен және қырғыз манаптарымен соғысы, оның жеңіліске ұшырауы, Кенесары Қасымов көтерілісінің негізгі себептері, Кенесары Қасымов көтерілісінің тарихи мәні (жалпы тұжырым) деп аталған он бір тарауға бөліп қарастырған. Мұның бәрін тізбектеп беріп отырғанымыздың себебі, автордың тақырыпты жан-жақты зерттегендігін көрсету. Ешқандай елеулі оқиға оның наза­ры­нан тыс қалмаған. Сондай-ақ, көтеріліске алғаш рет ғылыми, саяси тұрғыдан әділ баға берілген деп бағалауға негіз бар.

Диссертацияны жазуда пай­дала­нылған дереккөздерінің ау­қы­мы кең. Кітап, газет, журнал жария­ланымдарымен қоса Ташкент, Алматы, Орынбор, Мәскеу мұра­ғат­­тарындағы материалдар да­ пайдаланылған. Н.А.Середа, Т.Бар­дашев, К.Абаза, М.Черняев, Н.Павлов, В.Недзевецкий, Н.Маев, Н.Коншин, И.Крафт, И.Завалишин, Б.Услар, В.Долинский, Ф.Зобнин, М.Галкина, И.Казанцев сияқты авторлардың жазбалары өткен ғасырдың орта шені түгіл, бүгінгі күнде де қол жете бермейтін қат дүниелер санатына жатады. Ал 1876 жылы Варшавада Самоквасов шығарған «Сібір бұратаналарының қарапайым құқықтарының жинағы» туралы да солай айтуға болады. Осы орайда Елтоқ Ділмұхамедов өз еңбегінде Науаи атындағы мемлекеттік көпшілік кітапханасының қорында сақтаулы 690 томдық «Түркістандық жинақ» бар екендігін атап айтып кеткендігін қазақ тарихшыларының біразы біле де қоймас. Сондай-ақ, ғылыми еңбекте Кенесары әрекет еткен аймақтың картасы берілген. Оны Вера Михайловна Малыгина түпнұсқадан көшірген.

«Мұрағаттық деректер бойынша, Кенесары Қасымовтың көтерілісі туралы материалмен бұрынырақ тарих ғылымдарының докторы Михаил Порфирьевич Вяткин танысыпты, ал Саржан Қасымовтың көтерілісі туралы материалдарды Ермұхан Бекмаханов пайдаланыпты. Қалған материалдарды маған дейін ешкім пайдаланбаған екен», – дейді автор диссертацияның алғашқы тарауында. Ол әрине, бұл пікірді Орталық Әскери-тарихи мұрағаттағы деректерді назарда ұстап айтып отыр.

Е.Ділмұхамедов мұрағат дерек­терін алуға КСРО Орталық Әскери-тарихи мұрағатының директоры Николай Яковлевич Шляпников, еңбекті бітіру мен жинақтауда ТашМИ-дің оқу-ғылыми-зерттеу жұмысы бойынша директорының орынбасары, профессор Алексей Никифорович Крыжанков, редак­ция­лауға ТашМИ-дің тілдер кафед­ра­сының аға оқытушысы Петр Рома­нович Косивцев көмектескенін тілге тиек еткен.

Диссертанттың ресми оппонент­тері – тарих ғылымдарының доктор­лары И.К.Додонов пен Е.Бекмаханов және тарих ғылымдарының канди­даты К.Е.Житов болды.

Көшпенділердің мәдени мұралары мәселелері бойынша Қазақ ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент И.В.Ерофеева «Бұл еңбек ХХ ғасырдың ортасындағы тарихи ойдың ғылыми құндылығының ескерткіші болып табылатынын түсіну және мойындау қажет. Сонымен қатар бұл еңбек сол кездегі қазақ зиялыла­рының этнопсихологиялық «өзін-өзі сезінудің» басқалармен қатар көрнекі үлгісі де бола алады» деген болатын. Алайда авторға мұндай жоғары бағаны есту көзі тірісінде бұйырмады. Өйткені диссертация туралы бұл ұнамды пікір 66 жыл өткен соң айтылды. Ал оған дейін…

Ташкенттің төрінде кандидаттық диссертациясын сәтті қорғаған Елтоқ Ділмұхамедов елі үшін пайдалы іс тындырғанына сенімді болатын. Әсіресе, Алматыда 1943 жылы «Қазақ елінің тарихы» (Қазақ КСР-нің ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихы) атты кітап шығарған белді ғалым Ермұхан Бекмаханов Қазақстаннан арнайы барып, рухани қолдау көрсеткендігі жас ғалымның көңілін қуанышқа бөледі. Е.Бекмаханов аталмыш кітабында Кенесары Қасымов көтерілісіне кең орын бөліп, оң баға берген еді. Сондай-ақ, атақты тарихшы «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» деген монографиясын жазып бітіргендігін, онда да Кенесары мәселесі сөз болатынын айтты. Сірә, бұл атажұрттағы ағайынның пікірлес екендігін білдіргені болса керек.

1947 жылы Елтоқ Қазақстанға, Тарих және археология институтына ауыстырылды. Игі іске мұрындық болғандар – ҚазКСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев, Тарих және археология институтының бөлім меңгерушісі Е.Бекмаханов.

«Бақ пен сордың арасы бір-ақ қадам» деп дана халық бекерге айтпаған екен. Елтоқ Ділмұхамедовтің Алматыдағы қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Қаралы жылдар жақын­дап қалған болатын.

1947 жылы Е.Бекмахановтың жоға­рыда аты аталған монографиясы кітап болып шықты. Іле-шала «Казахстанская правда» газетінде В.Шахматов пен М.Ақынжановтың монографияны іске алғысыз еткен мақаласы жарияланды. Бұл топқа Т.Шойынбаев та қосылды. Олардың мақсаты бұрмаланған дәйектермен Е.Бекмахановты аяқтан шалу болатын. Әділетсіздікке шыдай алмаған Елтоқ Ділмұхамедов «ҚазКСР Ғылым Академиясы Жаршысының» 1948 жылғы 1-санында мақала жариялап, Е.Бекмахановты қорғап бақты. «…Шахматов пен Ақынжанов сынының әділетсіздігі – олардың фактілерді әдейілеп бұрмалай отырып, «…Кенесарының есімі «Зарзаман әдеби ағымымен байланысты» деп жазуында. Біздің білуімізше, «Зарзаман» мазмұнының Кенесары есімімен ешқандай тікелей байланысы жоқ. «Зарзаманның» әдебиеттегі авторы Шортанбай Қанайұлы. Ол 1860 жылы жексұрын отаршылдық тәртіпті бар күшін сала сынады, қазақ халқының орыс отаршыларына тәуелділігіне қайғырды…

Бұдан әрі Шахматов пен Ақын­жа­новтың: «Ұлтшыл Мағжан Жұма­баевтың «Батыр Баян» поэмасында Кенесары Қасымовтың ерлігі артық шамада көрсетіледі» деген сынына еш келісуге болмайды.

Осы сын сөздерді айтуда Бекма­ханов монографиясын өздерінің әді­летсіз бағаларын дәлелдеу мақса­тында пайдалануы – сыншылардың қоғам алдындағы жауапсыздықтары. Олар өздерінің тоғышарлық тілек­терімен монографияны сынауға және не болса да көзін жоюға тырысады. «Батыр Баян» поэмасының Кенесары есімімен байланысты екенін дәлелдеу мүмкін болмағандықтан, мұндай сын шынайы большевиктік сынға мүлдем қарама-қайшы. Аталған поэма 1922 жылы Ташкент қаласында «Шолпан» журналының 4-5 және 6-7 нөмірлерінде жарияланды. Онда XYIII ғасырдың бірінші жартысында Абылай ханның бастауымен жүрген «Ақтабан шұбырынды» кезіндегі Баян батырдың қалмаққа қарсы жорықтардағы ерлігі баяндалады.

Байқап отырғанымыздай, кезеңі де, мазмұны да Кенесарыға мүлдем келіспейді», – деп аталмыш мақаласында Е.Ділмұхамедов қарсыластардың жалған сынының быт-шытын шығарды. Бекмахановты қорғау – идеялық жақтан алғанда «Хан Кене» пьесасын жазған Мұхтар Әуезовті де қорғау деген сөз еді. Алайда оның дәлелді пікірлеріне құлақ асқан жан болмады. 1949 жылы И.О.Омаров пен А.М.Панкратованың редакциялауымен монография қайта басылып шықты.

Е.Бекмаханов барлық атақта­ры­нан айрылып, Нарынқолға, соңынан Жамбыл облысына қарапайым мұғалім етіп жіберіледі. 1952 жылдың 5 қыркүйегінде қамауға алынады.

Ермұхан Бекмахановтай көрнекті ға­лымды итжеккенге айдатқан топ Елтоқтың да ізіне шырақ алып түседі. Бұрын ғалым ағасын қорғаштап мақала жазып жүрген Елтоқ Ділмұхамедов енді өз басын да қорғай алмай қалады. 1951 жылы қарсы топ мұның баяғы диссер­тациясын жарамсыз деп тауып, жоққа шығарады. Бірақ, кедей отбасынан шыққандықтан бұл әйтеуір, қамаудан аман қалады.

ТАҒДЫР ТАЛҚЫСЫНА ТҮСКЕН ТАРИХШЫ

Лев Гумилев айтпақшы, әр дәуірде ұлттың пассионарлары өмірге келеді. Өкінішке қарай, қоғам оларды дер кезінде түсінуге қауқарсыз. Өйткені пассионарлар – заманынан озып туған жандар. Кенесары Қасымов қазақ үшін пассионар тұлға. Оны қарапайым халық түгілі ұлт зиялысымыз деп жүрген жандар да дер кезінде түсінбеді. Сондықтан да, санасы әлі ұйқыда жатқан ғалымсымақтардың кесірінен ұлы пассионарды ұлықтаушылар да зардап шекті. Алайда әу бастан тұрмыстың тауқыметін көріп өскен Е.Ділмұхамедов өмірдің күрестен тұратынын ұққандардың бірі болатын. Мойымады. Абақтыға жабылмағанына шүкіршілік етіп, қызу іске кірісіп кетті. Тарихта тың тақырып көп. Түрен салынбаған мәселелерді қаузап, ғылымда өз ізін қалдыруға тырысты. Төгілген тер бекер кеткен жоқ. 1954 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мем­лекеттік университетінің Ғылы­ми кеңесінде «ХХ ғасырдың басын­дағы Қазақстанның тау-кен жұмыс­шыларының революциялық қозға­лысы» тақырыбында қайтадан кандидаттық диссертация қорғады.

Ғалымдық – мәңгілік ізде­ніс. Үнемі мақсат жолында алға ұмтылудан жалықпайтын Е. Ділмұхамедов өткен күннің бей­мағлұм тұстарын зерттеуге құштар болды. 1812 жылғы Ресей мен Франция соғысына қатысқан қазақтар, декабристердің Қазақстан тағдыры туралы көзқарастары, Қазақстандағы поляк революционерлерінің қоғамдық-саяси қызметі, Шоқан Уәлиханов еңбектеріндегі Орта Азия мен Қарақалпақстан халқының тарихи мәселелері жөніндегі мақалалары бұған айқын мысал бола алады.

Ол 1957-1964 жылдары Алматы, Ленинград, Дондағы Ростов, Мәскеу және басқа қалаларда өткен бүкіл­одақтық ғылыми-теориялық конференцияларда Қазақстан және Қарақалпақстан жөнінде баяндамалар жасады.

Елтоқ Ділмұхамедов – ғалым ретінде өзі туып-өскен Қарақал­пақстан тарихын зерттеуге ден қойғандардың бірі. Ол Қазақ Совет Энциклопедиясының тарих ғылымдары бойынша редколл­е­гиясының мүшесі әрі тұрақты авторы болғандықтан Қарақалпақстан тарихына арналған материалдарын жариялап отырды. Энциклопедияның алғашқы томында он ғылыми мақа­ласы жарияланған. Оның ішінде Қарақалпақ жеріндегі ежелгі қалалардың бірі Аязқала жайлы мақаласы үлкен қызығушылық тудырады.

Энциклопедияның екінші томына он екі мақаласы еніп, революцияға дейін Қарақалпақстанға қазақтың үш жүзінен қоныс аударғандардың хал-жағдайы және Қоңырат, Хожелі, Нөкіс, Шымбай, Төрткүл туралы «Бесқала» деген мақаласы бар. 1924 жылдан бастап қазақтар да бұл жерлерді Қарақалпақстан деп атай бастаған көрінеді.

Төртінші томда Е.Ділмұхаме­довтің 30-дан астам мақаласы бар. Қазақтың Шекті тайпасына жататын кейбір рулар туралы «Жанқылыш», «Жақайым» деген мақалалар жазған. Онда аталған рулардың Қарақалпақстанда бұрыннан тұра­тынын тілге тиек еткен. Қарақалпақ қайраткерлері туралы «Наурыз Жапақов», «Тілеуберген Жұмамұратов», «Қаллыбек Камалов», «Сабыр Камалов», «Айымбетов Қаллы» т.б. танымдық мақалалары қазір де өз құнын жоғалтпаған.

Энциклопедияның бесінші томында ол Хорезм Кеңестік Республикасы (1920-1924) орталық атқару комитеті қазақ-қарақалпақ бөлімі туралы көлемді мақала жазды. Бұл тақырыпта зерттеулер өте аз. Тіпті, тарихшыларымыздың көбі 29 жасында ХКР-дің алғашқы басшысы болған Қаландар Адинаевтың қазақ ұлтының өкілі екендігін білмейді де. Сондықтан, мектеп оқулықтарында Хорезм Кеңестік Республикасының басшысы жайлы ақпарат жоқ. Кезінде Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Ғани Мұратбаевпен қатар жүрген бұл қайраткер ұмытылып барады.

Елтоқ Ділмұхамедов 1973 жылы «XIX ғасырдағы Солтүстік және Орталық Қазақстандағы тау-кен зауыты өнеркәсібі және жұмысшы табының қалыптасуы» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.

Заманның ауырлығы осы емес пе, ғылымдағы алғашқы қадамын Кенесары Қасымов өмірін зерттеп, өте сәтті бастаған білікті ғалым кейіннен билікке ұнайтын тақырыптарда диссертациялар қорғауға мәжбүр болған. Алайда өзінің Ташкентте қорғаған диссертациясын басты ғылыми еңбегі деп білген Е.Ділмұхамедов оның бір данасын сақтап қалып, 1990 жылы өмірден өткенше диванның астына жасырып жүрген. Соған қарағанда ол шуақты күндер келетініне сенген сыңайлы.

ОРНЫНДА БАР ОҢАЛАР

Қазақ ғылымында елеулі орны бар тарихшы Елтоқ Ділмұхамедов пен зайыбы Ляля Лутфуллақызынан Марат, Эльза, Атилла, Сәуле есімді ұл-қыздар дүниеге келген. Марат биология ғылымдарының кандидаты дәрежесіне дейін жетті. Өмірден ерте озды.

Эльза Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, кинорежиссер. «Дала сюитасы», «Тау мен дала елінің өткені», «Құрбандық шалу» сияқты көптеген деректі фильмдерді түсірген.

Отелло әке жолын қуып, тарих­шы болды. Жүздеген ғылыми мақала жазды. Оқушыларға арналған тарихи-өлкетану жайлы методикалық қолданбасы 1987 жылы ВДНХ-ның күміс медаліне ие болған. Бірақ өкінішке қарай, әкесі қойған тарихи Атилла есімі кейін Отелло-Олегке айналып кетті. Алматы қалалық тарих және мәдениет ескерт­кіштерін қорғау қоғамы төраға­сының орынбасары, «Жібек жолы» орталығының бас директоры лауазымдарында қызмет етіп, қазақ тарихына қатысты кітаптар шығарды. Оның 2009 жылы Алматыдағы «Жібек жолы» баспасынан шыққан «Древности страны гор и степей» атты кітабына жазған алғысөзінде тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Әуезов «История – одновременно и злой, и добрый гений семьи Дильмухамедовых. Отец Олега, крупный историк Ельток Дильмухамедов, попавший под циничные политические репрессии пятидесятых годов прошлого века, дал сыну имя «Атилла», что было в той ситуации проявлением гражданского мужества и, вместе с тем, неуступчивой воли ученого, пожелавшего через детей своих продолжить изучение подлинной историй тюркских народов. Этому завету отца достойно следует не только Олег, но и его сестра Эльза, снявшая самый содержательный фильм о великом Л.Н.Гумилеве» деп жылы лебізін білдірген екен. Сәуле анасы сияқты дәрігер болды.

2010 жылы Эльза әкесінің атышулы диссертациясының сақ­талған жалғыз нұсқасын жер­төледен, кленкаға мұқият ора­лып, құмға көмілген әрі үстінен тосап құйылған банкалар бастырылған жерінен алып шығып, Болатхан Тайжан қорының президенті, экономика ғылымдарының кандидаты Мұхтар Тайжанға табыстады. Өйткені ұлтжанды азамат Мұхтар сонау өткен ғасырдың 80-жылдары Отелло және Эльза Ділмұха­медовтер жүргізген «Жас археолог» тарихи клубының мүшесі болған. Тіпті, ағайынды Ділмұхамедовтер клубтың бір топ оқушысын (ішінде Мұхтар да бар) Эрмитажға апарып, Лев Николаевич Гумилевпен кездестірген екен.

Қазақ руханиятының жана­шы­ры боп жүрген Мұхтар Болатханұлы Тайжан 2010 жылы, араға 64 жыл салып, Елтоқ Ділмұхамедовтің «Қазақтардың Кенесары Қасымов­тың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі» атты диссертациясын орыс тілінде кітап етіп шығарды. 2012 жылы қазақ және орыс тілдерінде кітапты қайта бастырды. Ғылыми еңбекті Нағашыбай Есмырзаев қазақ тіліне аударған.

Осылайша ұзақ жылдардан соң қазақ халқы өзінің шынайы тарихының бір бөлігімен қайта қауышты десек, артық болмас. Диссертацияның ғылыми айналыс­қа түсуі отандық ғылымдағы жаңа­лық ретінде қабылданды.

Сталиндік кезеңнің азабын тартқан Құдайберген Жұбанов, Ермұхан Бекмаханов, Қажым Жұмалиев сияқты алыптар тобы­ның қазақ қоғамынан лайықты бағасын алғанына көп уақыт болды. Елі үшін ерен еңбек еткен ерлердің ішінде тек Елтоқ Ділмұхамедовтің ғана еленуі кешеуілдеп кетті. Бұған қазірге дейін қандай жағдаяттар әсер етіп тұрғаны белгісіз.

Осы материалды дайындау барысында жазушы әрі драматург Жұмабай Тәшеновтің ұлы Бақтиярмен жолығып, әңгімелескен болатынбыз. Ол қызық бір оқиғаны айтып берді:

– 1960 жылы әкем Нөкістегі «Әмудария» журналының редакторлығынан босап, Алматыға көшіп келдік. Бүкіл отбасымызбен біршама уақыт жерлесіміз, мықты тарихшы Елтоқ Ділмұхамедовтің үйінде тұрдық. Жаз мезгілі. Үйде адам көп. Көбіне аулада ұйықтаймыз. Бір күні таңда біреудің тысырлағанынан оянып кеттім. Қарасам, Елтоқ көке аулада жатқандарды санап жүрген екен. Үндемей жата бердім. Бір кезде әкем оянып, Елтоқ көкеге бірдеңе деді. Сірә, «өзі сыймайтын жерге қазақ түйесімен кіреді» демекші, шиеттей бала-шағасымен масыл боп жатқанына қысылса керек, дауысы қысылып әрең шықты.

– Үндеме, – дегені анық естілді Елтоқ көкенің. – Қысылатын түгі де жоқ. Қате түсінбе. Туысқандарымды түгендеп жүрмін. Мен көп балалы шаңырақта дүниеге келгенмін. Бауырларымның көбі ашаршылық кезінде өліп кетті. Тірі қалғандары алыста тұрады. Үйдегі жеңгең маған «Артыңнан іздеп келетін туысқандарың жоқ» дейтін. Көрдің бе, үй толы адам. Ауланың өзінде шартараптан келген 37 қазақтың қаракөзі жатыр. Осылар менің туысқаным емей кім?..

Елтоқ көкенің ешкімге жат­тығы жоқ еді. Еліміздің түкпір-түк­пірінен оны танитындардың бәрі үйіне ағылып кеп жататын…

Елтоқ Ділмұхамедов көзі тірі­сінде көптеген жерлерде ғы­лымның дамуы үшін атсалыс­қаны оның жоғарыда келтірілген өмір­баянынан белгілі. Қарақалпақстан, Ташкент, Қызылорда, Қостанай, Ақтөбе, Шымкент, Алматы өңірле­рінде еңбек етіп, ғылымда елеулі ізі қалған ғалымның бай мұрасын насихаттау үшін жылда ғылыми-теориялық конференциялар өткізілсе, құба-құп болар еді.

Еліне еңбегі сіңгендерді ұлықтау – мемлекетшілдіктің, өркениеттің белгісі. Кез келген ізгі шара – бүгінгі ұрпақтың дұрыс тәрбиеленуі үшін қажет. Себебі өткен күнсіз болашақ жоқ.

 Бегабат ҰЗАҚОВ,

“Түркістан” газеті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар