КҮЛІГІНЕ КҮМІС ЖҮГЕН ТАҚТЫРҒАН

795 рет қаралды


«Ақындар – адамзаттан бір саты жоғары тұрған ерекше бір жаратылыс», – деді Ақсұңқарұлы. Әулиелік десем, даналықты да, көрегендікті де, сыншылықты да тек өткеннен, не болашақтан, не басқа елден іздейтін, қазіргі қазақтан көз қуантар, көңіл жұбатар бір жақсылық таппай, «Зар илеп, запыран құсып» отырған бауырлар не дейді? Гарсиа емес, Кафка емес, өзі тірі, өзі қазақ Ақсұңқарұлы қалай әулие болады? – дері хақ. Бауырларымның апта сайын шығып тұратын пәлсафалық трактаттарға, тіпті Абайдың ғақлиясына келетін әфсаналарын оқыған соң, бұл заманнан, бұл қоғамнан, қазіргі адамнан, қазіргі қазақтан түңіліп кетем. Түңілмей көр: аға буын – ақымақ, алаңғасар, мақтансүйгіш, даңғой екен.

Жас буын – жетесіз, жалтақ, топас, «тіл – шорқақ, ой – мақау» екен. Ақын біткен – арзан­даған, жазушы біткен – жұтаған. Керек де­сеңіз, бір сауатты жазушы, саналы оқырман жоқ екен. Аға буынның алтын ғасырда өмір сүргені де, кітап кеміргені де өтірік екен. Кітапты мақтан үшін жиған екен. Өздері адамның көзіне тіктеп қарай алмайды екен. Егер кімде-кім өз кітабын өзі шығарса, ол барып тұрған арсыз, ұятсыз екен. Қалай ол өз «шатпағын» өзі шығарады және оны осындай білімді балаларға батылы жетіп ұсынады? Бір жақсысы – әлгі өз кітабын өзі шығарған «оңбаған» есіктен шыға бере, әлгі білімді балалар кітапты макулатураға атып ұрады екен. Егер кітап қалың, көлемді болса тіпті жақсы, салмақ тартады, тиын-тебенді молдау береді. Бұрын да, бүгін де кітап, газет оқитын адам жоқ екен. Сон­дықтан да бір-екі «білімді бала» мынау топас дүниеде өздерін «ақ қаздардың ішіндегі аққудай» сезінсе керек.
«Шошимын кейінгі жас балалардан» де­генде Абай неден шошыды – білмеймін. Ал менің шошитыным – толассыз торығу, түпсіз түңілу, айналасынан иненің жасуындай жақ­сылық таба алмау. Мартин Иден қайыр­шы­лар мен қаңғыбастар тұратын ең кедей көшеде кір жуушы боп жүрген кезінде жазды емес пе әлемді жалт қаратқан «Күн тіл қаттысын». Ал «Алла бағын» Физули бақша егіп жүріп-ақ жазды. Атақ-даңқтың Фудзия­ма­сына шыққан Мартин өзі тап болған ор­та­ның соншалықты татымсыз, құнсыз еке­нін көріп, торықты, жаны құлазыды. Осы то­рығу оған өзіне-өзі қол жұмсауға итер­меледі.
Еске түседі. Бір аңыз бар. Қарлығаш бей­­шара Тамұқта мәңгі өртеніп жатқан адам­ға жаны ашып, шырылдап қанатымен су себеді екен. Дәл сол қарлығаштай адамды сүйіп, оның бойынан тек жақсылық көретін адам да бар. Мейірім мен жылулық Аралдай тартылып, бүгінгі пенделер бір-біріне сатусыз сәлем бермейтін мына за­ман­да апта сайын бір ақынның жақсылығын жария етіп, елге танытып жүрген бір азамат бар. Тілінен бал, көкірегінен күн шуағы төгіліп, жаны тек жақсылыққа ұмтылып, қанша адамға қуаныш сыйлап жүрген осы адамның еңбексүйгіштігін мен удан да бал жасап шығаратын бал арасына теңер едім. Ол – Ертай Ашықбаев бауырымыз. Ертайға рахмет. Ол біздерді, оқырманды, өлеңді, ақынды сүюге, ақынды түсінуге және баға­лауға үйретіп жатыр. Мұның өзі тәрбие.
Иә, Ақсұңқарұлының сөзін мен арысы әулиелік, берісі көрегендік деймін. «Ақын­дар – пендеден бір саты жоғары тұрған ерек­ше жаратылыс. Ал нағыз поэзия тобыр­ға ар­нал­­маған». Дайын шумақты, не әуенді құла­ғына жын-шайтан сыбырлап тұрмаса да, олардың бойында ерекше тылсым түйсік, құпия құдірет бар. Ие дейміз бе, кие дейміз бе, әлде тіпті шабыт дейміз бе. Шабыт үстін­дегі ақынды көргеніңіз бар ма? Бұл – шексіз күйзеліс, шексіз қасірет және шексіз бақыт шағы. «Сонда ақын сілкініп, жан-жағына қаранар» деп пе еді Пушкин. «Қуатты ойдан құралып, еркеленіп шығар сөз», «Тасбұлақ­тың суындай, сылдырап өңкей келісім. Кір­леген жүрек жуынбай, тұра алмас әсте өзі үшін» деп пе еді Абай. Ал мен шабыт шағын­дағы ақынды көрдім. …Ол өңі қуарып, қол­дары дірілдей түсіп, бір отырып, бір тұрды. Күр­сінді, күңіренді, тоңазыды, түршікті. Көп сенделді. Шүңірейіп, өткірлене түскен жанарын бір нүктеге қадағанмен, ештеңе көріп тұрмағаны хақ. Әлден уақытта барып столға отыра кетті де, толассыз, асығыс жаза бас­тады. Өңінде сондай асығыстық және сондай қомағайлық бар. Бейне аш адамның тамаққа сұғынғанындай. Әлденені ұстай алмай қалатындай, көз алдындағы бір сурет өшіп кетпей тұрғанда үлгерейін дегендей. Жазып болды да, жүзі жадырап, маңдайы­нан шып-шып тер шықты. Бейне жерік әйел­дің жерік асын жегеннен соңғы рахатындай бір дел-сал күй кешті. Ол жаңа ғана әрі азапты, әрі бақыт шағын бастан кешті. Осы халді сырттан бақылап тұрған адам ақынды ақыл-есі дұрыс деуге шүбә келтірер еді. Ол дән риза. Құдай-ау десеңші! Сондағы жазғаны не дейсіз ғой. Таң нұрымен таласа ашылған қызғалдақтың өрттей алаулаған жапыра­ғында бір тамшы мөлдіреген шық тұрыпты. Сол шық күн нұрымен шағылып жарқыл шашыпты. Бір-ақ сәтке нұрланып, бір-ақ сәтте өшіп кетер сирек сұлулықты ақын жанары ұстап қалды. Сөзбенен суретін айнытпай салды. Сол шағылған, мың құ­былған сәулені суретші де сала алмас еді. Бұл ақын­ның ғана қолынан келер құдірет. Ақын қуан­ды. Өзіндей біреу тендер ұтып қуанды, енді біреу жеке кәсібін ашып қуанды, біреу ақ са­райдай үй салып қуанды. Ал ақын таңғы шық­ты жыр етіп қуанды. Ақын дегеніміз әне сол… Бұл жалғанның дәруіші, әпендісі. Олар адамдарға қаншалықты қуаныш сыйлап, бақытқа бөлеп жүргендерін өздері де біл­мей­ді. Уыс-уыс гауһарды шашып ойнап жүр­ген жас бала секілді. Күйіңіз келсе, ақын әле­міне еніп көріңіз. Пейіш бағына енгендей, барша пендешіліктен арылып, «кірлеген жүрегіңіз жуылмай» шығар ма екен. Аймауытовша айтсақ, «жүрегіңізді алтын легенге салып жуып алғандай» боласыз. Пенденің боқ дүниедегі құмырсқа тірлігіне аянышпен әрі кешіріммен мысқылдай езу тартып тұрған осы бір құдірет иелерінің алдында басыңды иіп, қолын сүйгің келеді.
Хакім Абай «Кісіге қарап сөз алма, сөзі­не қарап кісіні ал» депті ғой. Менің өзін та­ны­­май-ақ өлеңін танып, тәнті боп, жақыным­дай жан тартып, бауырымдай туысып кет­­кен, өлеңдерін баспадан сағына іздеп, кі­тап­тарын қазынадай сақтап жүрген ақын аға-бауырларым, Аллаға шүкір, баршылық. Тәуба етемін. Солардың бірі, бірегейі – Ғалым ақын (Жайлыбаев). Пародокс. Мен Ғалым жайлы ештеңе білмеймін. Қай жылғы, қай жүз немесе ру, қай оқуды, қашан бітірді, қан­дай атақ-мәртебесі бар – бірін біл­мей­мін.
Сөйте тұра, мен Ғалымды баяғыдан әб­ден білетін сияқтымын. Оның ақындық әле­мін, рухани дүниесін, жанын, жүрегін, пейі­лін, азаматтық, ақындық тұрпатын білемін. Өлеңі арқылы біліп, танып, бауырым деп, арыс азамат, арда ақын деп құрмет тұтып, бас игем.
«Ақындар» деп аталатын ғаламшарда Ғалымның өз әлемі бар. Иә, туырлығын мақ­пал түнмен, түңлігін ай сәулесімен жауып, шытыраларын жұлдыздан қаққан ғажап сұлу әлемі бар. Сол әлемге еніп көресіз бе? Адамдық өмірде арсың-гүрсіңі жоқ, бекзат мінезді жігіт ақындық әлемінде ай қанатты арғымаққа мінгендей дүр сілкінеді. Сізді де дүр сілкіндіреді. Асқақ романтика, пафос… Қаныңдағы баяғыда ұйықтап қалған бір түйір қазақылығың оянып, кешегі қиян даланы тұлпарының тұяғымен үш мың жыл дүбірлеткен есіл бабаң есіңе түсіп, көкбөрі­нің тұқымы екенін сезіп, айға қарап зарыға ұлыған Көксеректің күйін кешесің. Сенің де «Күлігіңе қазмойынды ер салып, күміс жүген тағынып, тағасын алтыннан құйдырып, құй­рық-жалын күн нұрына түйгізіп, ауыздығын қа­рш-қарш шайнаған арғымақпен ақ дү­ние­ге» еніп кетерің хақ. Романтикамен жымдаса өріліп жатқан нәзік лиризмі қандай! Сүңгіп бір кетесің. Беу, дүние-ай, десеңші!.. Ақын құдіреті деген осы шығар. Күлесің, күрсінесің, түршігесің. Сәтте сезімің сел болып сетінеп, сергелдең күй кешесің. Өзің дәмін татып көрмеген әлдебір бекзат әлем­ге зарыға, ұмсына қол созасың. Сонау зең­гір көкте ғайып текті ақ құстардың қана­ты­ның суылы естілгендей ме, күнге шағылып жарқ-жұрқ еткен меруерт моншақ па… «Дү­ние-ай, сен де сондай сұлу ма едің» деп, жа­рық күнге, тіршілігіңе, мына өмірге адам болып келгеніңе қуанасың, тәубе етесің. Жарық жалғанды барлық азабымен, маза­ғымен қоса сағына, жабыса сүйесің. «Аспан­таудың аққуын жырлаған, аққу-құс­тың қа­на­тына өлең жазған, талдардың бүр­­тігіне, қыздың кірпігіне ілген маржан жасты жыр еткен, сәуірге сәукеле кигізіп, көктемнің көз жасын сүрткен» ақынды да сүйіп кетесің. Ақын – табиғат перзенті. Табиғатты жыр етпеген ақын жоқ. Сонда байқағаным, кө­біне көктем мен күз, жаз мезгілдері жырланады екен. Ал қысты жырлау, қысты сүю, сағыну сирек. Сонау Абайдан бастап, «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, соқыр, мылқау, танымас тірі жанды» деген кейіпте елес­тете­міз. Қыс десе болды – бір ақшұнақ, қызыл­көз, қырсық шал елестейді де тұрады. Ал Ғалымның ерек­шелігі – ақ қысқа, ақ дүние­ге құмар, со­ған асығады. «Ақын туған ақ­панын» ар­дақ­тап, ақ сәулелер қарықтырып көзімді, ақ дүниеден іздеп жүрмін өзімді. Ай толғанда толғатқанда анашым, ақ дүниеге ақын ұлды сыйлаған» дейді. Айды жыр етпеген ақын бар ма. Бірақ «Айстан» дегенді Ғалымнан бұрын кім айтты? Бұл – Ғалымның жаңалығы. Жарық ай, толған ай, жарты ай, тілік ай, шұ­нақ ай, ару ай, бозаң ай, сарғыш ай деген­ді бұрын білсек те, Айстанды бұрын естімеген екенбіз. Сондықтан да ол «Қара түннің қал­қып ішкен қаймағын, түндігінен ай қалықтап жүзетін, мақпал түннің көгінде ай маңатын» тылсым түннің өзінен әдемілік көреді.
Қара түс – көп ақында қайғы, қасірет түсі. Ал Ғалымда қара түс ерекше қасиет табады. Қазақ өлеңіндегі символикалық бейне – жылқының түсі көркем әдебиетте ақбоз, айбоз, құлагер, салкүрең, қозыкүрең, т.б. деп алынса, Ғалымда қазақ рухы, киесі – Қарайғыр боп келеді. «Түн баласы түсіме кірді кісінеп, иесі жоқ Қарайғырдың үйірі. Қысырақтың үйірінен адасып, кісінейді Қарай­ғыр». Неге екенін қайдам, қазақтың киесі – әлдебіреулер айтқандай кентавр да емес, ай қанатты арғымақ та емес, осы Қарай­ғыр сияқты болады да тұрады. Жарқы­лы мен жарнамасы көп жалғаннан үркіп қашып, екі көзі шатынап, қос танауы пырылдап, жапанға қарай құйықтырып бара жат­қан Қарайғыр секілді… Тағы да бір сөз. «Арда емген, арда» сөзін әр жерден естиміз, бірақ «ар емген, ардан туған» сөзі ақынның өз сөзі. «Арда емген» мен «ар емгеннің» ма­ғы­насы бөлек. «Арда емгенге» қарағанда «ар емген» әлдеқайда мағыналы, бейнелі, образды. Арда емген деп, тай кезінде де енесін еміп жүрген құлынды айтса, ардан туу, ар ему – арына дақ түсірмейтін азамат­тық биіктік, адал сүт емген тектілік. Білім, бі­лік, интеллект дегеніміз осындай-ақ шығар.
Табиғаттың төрт мезгілін бірдей сүйгені секілді туған жерді сүюге де Ғалымда ендік пен бойлық, шекара, ру, жүз жоқ. Ол бар да­ланы, Ұлы Даланы сүйеді. Кеңдікті – дала­мен, биіктікті – тауымен, тереңдікті көлімен өлшейді. Тартылып бара жатқан суын, азайып бара жатқан аң-құсын, шөбін, бұтасын, ағашын жоқтайды. Сондықтан да «Сауырынан құйқылжып құйын қашқан бетпағын, кеберсіген еріні кербетегесін, томсырайған тобылғысын, ақселеуін, жусанын, шеңгелін» мұңая жыр етеді. Еріні кеберсіген кербетеге, томсырайған тобылғы, безерген бетпақ­да­ла, тасында тарам-тарам көз жасы бар тау – бәрі де бір-бір адам секілді. Мейірім мен мүсіркеуге зар адамдар секілді. Ғалым­ның қай өлеңін оқымаңыз, қазақ рухы, қазақ иісі аңқып қоя береді. Қара қобыз, қара айғыр, қара саба, қара атан, қой күзеткен қара бала…
Әлдебір келмеске кеткен мамыражай шықты үздіге сағынады да:
Жағажайда қақталған жалаңбұтқа
Жыр оқысам ұға ма далам жайлы
, – деп күрсінеді.
Өлеңдерінде өзіндік пәлсафалық ой түйін­дері бар. «Көрдім» өлеңінде «Өмірдің өзі ақ пен қарадан тұрады» деген ұлы қағиданы былай береді. «Жақсыны көрдім – жаманды көрдім, алысты көрдім – жақынды көрдім, ақты көрдім – қараны көрдім, жарық та көрдім – қараңғы көрдім, азапты көрдім – мазақты көрдім» деп, табиғаттың ұлы заң­ды­лығын антонимдік жұппен, антитезалық ырғақпен шебер береді. Ақын – алдымен адам, пенде. Оған да қорқу, қуану, жек көру, сағыну, сүю, қызғану тән. Сол секілді, өмірді қимау, өлімнен қорқу сезімі шынайы бе­рілген. Әлдекімдерше «ажалдың көзіне тік қараймын, жағасынан алам» деп өрекпі­мейді.
Аспантаудың аққуын жырлай-жырлай,
Аспан жаққа кетермін бір күн мен де.

…Бұл бес күндік жалғанға
Бес күн қонып аттанам

…Қадыр көкем, соңынан жыр Тұманбай
Біз де аттанар сапар ғой бір күні, Алла-ай
! – деп жүрексіне мойындайды. Кім мойындамасын.
Ал Ғалым ақынның көркемдік шеберлігі, әдіс-тәсілі дегенге келсек, айтар көп. Бір мақаланың шеңберіне сыймас. Ғалымның тілі бай, шұрайлы, нәрлі. Ең әуелі онда ешбір мектеп оқытып үйрете алмайтын, тек ана тілдің уызына жарып, сүтпен кіріп, сүйегіне сіңген қаны сорғалаған қазақы сөз көп. Байлық дегеніміз – осы. «Жаңа ақындардың» түсіне де кірмейтін, түсініп те жарытпайтын сөздері. Мысалы, қазмойын, күлік, күміс жүген, таралғы, берен, таға, ақсауыт, дарабоз, керуен, шанақ, сауыр, шемен, шайыр, аңқа, бағлан, тұмар, қиян, салбурын, шалғай, сүмбіле, өліара, құт, көсеге, құлан иек, аптап, кердең, сарша тамыз, сұрқай, иін, медет, сар желу, самала, қайың сауу, қапылу, үкілеу, үздігу, жылға, ар емген, жамал (жүз), талайлы, тұма, тұнжыр, шағырмақ, қысырақ, жақ айыру, қабару, бұла, болмыс, шарық, шыған…
Тегінде тілі бай дегенде ақын, жазушы­ның тілін бай етіп, сөздік қорын мол етіп көрсететін ол – синонимдер. Бір ғана «өлді» сөзін – өлді, қайтыс болды, қайтты, опат бол­ды, марқұм болды, көз жұмды, ақтық са­пар­ға аттанды, о дүниеге аттанды, қаза болды, майып болды, мерт болды, ажал құш­ты, жан тапсырды, жан тәсілім етті, бақи­лық болды, ақірет сапарына аттанды – деген жиырма шақты сөзбен берген қазақ тілінен бай тіл бар ма? Тек осы бай­лықты игергендер аз. Синоним болғанда да, қай жерге қайсысын қояды. Соны білеміз бе? Ол үшін синонимдік реңктің атқаратын ролі зор. Мағынасы бір бол­ғанмен, бір сөз­ден бір сөздің реңкі, бояуы, ажары басқарақ. Сәл өткірлеу, сәл өтімді. Мысалы, Карам­зин­нің «Бедная Лизасын» қазақ қаламгерлері аударғанда, бақытсыз Лиза, бейшара Лиза, байғұс Лиза, сорлы Лиза, тіпті қайыршы Лиза деп аудар­ған­дар болыпты. Ал Қайым Мұхаметқанов «Сор­маңдай Лиза» деп аударыпты. Сонда Әуезов «Япыр-ай, дөп басқан сөзді қалай таптың?» – деп таңданыпты. Ғалым осы ше­бер­лікті меңгерген.
Қай соқпаққа қосады сүрлеуімді
Шеті де,шегі де жоқ
бір кеңістік.
Осындағы сүрлеу мен соқпақ, шеті мен шегі былай қарағанда мағыналас секілді. Анық зерделесек, сүрлеу – жалғыз адамның, ал соқпақ – бірнеше адамның жолы. Сон­дай-ақ шетіне қарағанда шегінің ауқымы кең. Осыны білген ақыннан айналмайсың ба. Сонан соң өлеңнің көркі – теңеу ғой. Те­ңеу­дің ақын түгіл, кез келген адам қолдана беретін, жауыр болған бір түрі – дай, дей, тай, тей жал­ғауы мен секілді, сықылды, тәрізді шылаулары арқылы жасалған түрі болса, бұл әдіс Ғалымда жоққа тән. Оның орнына әрлі эпитет, ажарлы метафора, шен­дестіру мен айшықтаудың небір түрі кез­деседі. «Үркек үміт, мұңлы арман, үкілі үміт, құйқылжыған құйын, маржан жас, шер­лі шайыр, арда ақын, құлдыр құлын, бұла бұ­рым, ақ дүние, талқы тау, мақпал түн», т.б.
Ақын тілін тағы не байытады? Халықтың ежелгі тіл байлығы – мақал-мәтел, тұрақты тіркестер, идиомалық фразалар мен афо­ри­з­м­дерді шебер қолдана білу. Алтын менен күмістің нақышындай әсем әр береді. Ғалым бұған да бай. «Бес күн жалған, барар жерің – Балқан тау, маңдай тасқа тимей, біреуге мал, біреуге жан қайғы» сияқты тіркестер-мен қатар «Көкалалы көп жылқы көлде жу­сар (Біржан), Астына қанатының маржан тағып (Ақан сері), Дүние шырқ айналар өте­рінде» (халық әні), «Базарыңның барында ойна да күл» (халық әні), «Аққу ұшып, қаз қон­ған» (Мұқағали) сияқты тұтас жолды да қа­жет жерінде бекіту, дәлелдеу, тұжырымдау секілді келтіреді. Соңғы кезде қазақ поэзия­сында көрініс беріп жүрген бір жаңалық-ұйқастың дәстүрлі түрі аяқ жақта емес, бас жақта келуі. Мұны қазіргі ақындар ашқан жаңалық дей алмаспыз. Өйткені, ең алғаш Ілияс Жансүгіров енгізген жаңылмасам. Ғалымда да осы әдіс бар. «Сауырынан-бауырынан, тор сенде-ор сенде, сүмбіледе –жүректі тілгілеме, өміріңде өткенді-көңі­ліңде көктемді, мұң кешіп жатыр-құм кешіп жатыр, шырақ болып жанатын-бұлақ болып ағатын, бүртігінен-кірпігінен, қайран ақпан-сайдан аққан, сағынар жан-лағыл арман». Табиғат пен адамды қатар қойған мына егіз жолдарға – параллелизмге қара­ңыз. Тұнып тұрған пәлсафа, терең мағына, төгіліп тұр­ған сұлулық емес пе.
Өлең көшіп барады жанымыздан.
Үркер ауып барады төбемізден.

…Күлкім де өшіп барады күннен-күнге.
Бұлтым көшіп барады аспанымнан.

…Көл жүрегі дір етті құсы қонып.
Мөлдіреді соңғы рет көктемгі қар.

…Өткен қашып барады көз алдымнан
Көктем қашып барады жазға қарай.

Тайбурылдың шабысындай үдемелі градациясы қандай! Алдыңғы сөзден артқы сөздің әсері сатылап күшейіп отырады.
– Безілдеймін, безектеймін, безінем.
– Бұлдыраймын, булығамын, бұл­қы­нам.
– Сүрлеуімнен, соқпағымнан, жолымнан.
– Бір әніңді алып кетсем нетеді?
Шырағыңды жағып кетсем нетеді?
Сенде мәңгі қалып кетсем нетеді?
Сонан соң заман ағымына дер кезінде үн қосады. Көшкен базар, су тасқыны, дағ­дарған ел.
Бірақ… «Асқар тау, сенде бір мін бар» демекші, Ғалымда да бір кем дүние әр жерден болса да қылаң береді. Кездесіп қа­ла­ды.
– Онсызда болмайды ма күн көруге.
Осындағы етістіктің «болмайды ма» фор­ма­сын айтыс ақындары айтса, елемес едік. Ғалым үшін бұл кемшілік.
– Қайным-ау, – десе қайқаң төс кәрі жеңешем. Ғафудың «Бауырсағындағы» жеңе­шеден анадай қамқор мейірім мен ауыл әйеліне тән шаруакештік, қарапайым­дылық төгіліп тұрады. Ал мына жерде «төсін қай­қаңдатып» жүрген кәрі жеңге бір түрлі сүй­кімсіз көрінеді екен. Төсі қайқаңдаса, жеңгең кәрі емес, кәрі болса, төсі қайқаң­да­май­ды. «Жантық» деген өлеңінде мәңгі өлмейтін, жаны сірі жантықты-жантықтықты имиген ауру түлкіге теңегенің орынды-ақ де­лік, ал қодыққа теңеу… Қодық-қодыға – маралдың лағы. Ең әлсіз, ең қорғансыз, ең әдемі, жанары жаудыраған кінәсіз жануар. Жантыққа мың да бір сипаты келмейді.
Ауылды аңсау исі қазаққа тән. Өйткені, бар қазақтың тамыры – ауыл. Есейіп, ер­жетіп, жігіт болған шағында ауылға келген ақын жігіт сонау періште шақты, бо­саң­дау бозбала күнін, бұлықсыған бойжеткенді, көңірсіген қыр тірлігін үздіге сағынады, жоқ­тайды. Мінген атым, жеген құртым қайда? – демейді.
Ғалымның жоғы:
– Бұлбұл қайда?
– Ай қайда?
– Маржан қайда? – деп аласұрады.
Маржан бұл жерде қыз аты емес, кірпік ұшына ілінген бір тамшы жас. Мүлгіген то­ғай, айлы түн, бұлбұл үні. Қыз кірпігіндегі бір тамшы жастың ай нұрына шағылып мөлт етуі… Ал енді осы мөлдір жас, моншақ жас, ақық жас, тамшы жас дегенді көп естісек те, маржан жасты сирек естіппіз. Және сол маржан жастың кірпік ұшына ілініп тұруы… Ғажап емес пе. «Құдай-ау, қайда сол жылдар» деп, қай жігіт күрсінбесін. Сонан соң жас сорғалайды, ағады, тамшылайды, мөл­тіл­дейді, жылыстайды. Жас шы­лаған кірпік, жасқа толған көз, жас жуған жүз – көркем шығармада көп кездеседі. Ал бірақ… бір тамшы маржан жастың кірпік ұшында ілініп тұруы. Қайдан көрдім осы суретті? Тағы кім­де бар? Иә, Әуезовтен кездестірдім. Айыр­­масы – Әуезов қара сөзбен, Ғалымда өлең­­мен беріледі. Не дейміз мұны. Ұлы­лықпен үндесу емес пе.
Әуезов:
– Қалың жапырақ арасынан сығалаған бір үзік ай сәулесі Тоғжанның оң көзіне түсіп еді, кірпігінде үлкен бір тамшы жас ілініп тұр екен.
– Не дейсіз, Абай, – деп Әйгерім жалт қарағанда, кірпік ұшында ілініп тұрған бір тамшы жас ыршып кетті.
Міне, осыншалық сұлу суретті өлең тілі­мен бере алған ақынның нәзік талға­мы­на, ішкі түйсігінің қуатына және өзі ғана сезініп қоймай, басқаны нандыра алатынына таңданбасқа не шара? Осыншалық қуатты риторикасымен бүкіл ғаламды жауапқа тартып тұрғандай ақын келесі жолда кенет жайдақтап сала береді.
Әттең-ай!
– Ей, апатай, сен жеген қалжаң қайда? – дейді. Рас, ақынның жоқтағаны қыз бен бұлбұл, тамшы жас қана емес, ауыл иісі, қазақы тірлік, келмеске кеткен қазақы құндылықтар. Бірақ «Апатай, сен еккен тал қайда, сен салған нан пеш қайда, бәсіре тайым қайда?» – десе бірсәрі. Апасының өзін дүниеге әкелгенде жеген қалжасына, сойылып кеткен қойға сұрау салғаны қай қисынға сияды? Қазақта күрескенде жы­ғыл­ған жігітке «Немене, сен туғанда шешең қалжа жемеген бе» дегенін естіп ек, бірақ қалжа қайда, қайтар дегенді естімедік. Өзі­ңіз елестетіңізші, айлы түн, бұлбұл үні, әдемі қыз, маржан жас. Енді соның қасына қойды тіркеңіз. Сұлулық сұрқай тартып кетті ме, қалай. Ғалым бұл жерде бұл жолды ұйқас үшін ғана ала салған.
Қалайда Ғалымның «бар асылы түгел жай­нап, маңына сәуле шашқан шырақтай» кезі әлі алдында. Ғалым – ірі ақын, ал ірілік­тің ұлылыққа ұласуы ғажап па… Қазтуған ба­­баша толғасақ: «Жарқыраған беренді те­ле­гейдей сайқалтып теңіз етсе, Тәңір етпей ме».

Әмина Құрманғалиқызы

дереккөзі: Қазақ әдебеті газеті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар