Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: өзін көрнекті қаламгер санайтын Қабдеш Жұмаділов (менімен бір жылғы төл, сексен жастың сеңгіріне ілінген түйдей құрдаспыз) «Академиктің көз жасы» атты деректі хикаятының өзінше сұрыпталған оқиғаларын бастан-аяқ менің Қ.И.Сәтбаев туралы ғұмырнама кітабымның бір емес, жиырма шақты тарауларынан ұялмай қымқырған. Өзім жаздым дерлік еңбегі тек қана – мен тарауларға бөліп, сюжет құрып, даралаған көптеген оқиғаларды, айғақтарды өзінше ықшамдап, конспекті түрінде әжетіне жаратқан. Сөйтуінің айқын мысалын жоғарыда даралап көрсеттім. Сөзді көбейтпеу үшін әлбетте барлығын тізгемін жоқ. Қажет деп білсем оны да жасаймын. Қосымша ескертерім: Қаныш Имантайұлының өмір жолын өзінше саралап отырып, Қабдеш әлденеше қателіктерге де ұрынған. Оның бәрін айтсам, Ашық хатым 5-6 бет емес, он шақты параққа созылар еді. Соны газет беті көтермейтінін ескеріп, барлық ұрлығын тізбедім. Бос сөз болмасын: ең соңғы өрескел өтірігін ғана көрсетемін: хикаяттың соңында мынадай тұжырым бар: «Академик Сәтбаев 1964 жылы, 31 қаңтарда Мәскеуде, операция үстелінде қайтыс болып, 3 ақпан күні Алматыда жерленді…», – дейді жазушы. Қаныш ағамыз соғыс жылдарында соқыр ішегін ғана алдырған, одан өзге отаға түскен жоқ, академик Вишневский 1962 жылы ұлтабарын шалған обыр ісігін алып тастамақ болғанда, әскери госпитальда небәрі бес тәулік жатып, Алматыға қайтып келіп, радий сәулесімен емделген. Екі жылдай уақыт қатерлі ісіктен айыққан да. Алайда, Мәскеуге, Жоғары Кеңес сессиясына барған сапарында, бұл желтоқсанның аяқ шені, сол ауру қайта күшейіп, Кунцеводағы Кремль ауруханасына түсіп, оңаша палатадағы төсегінде жатып, 31 қаңтарда, кешкі сағат бес шамасында опат болған…
Қабдеш отадан өлді дегенді де өз ойынан құрастырған. Қайталап айтамын, мұндай ойжоталар хикаятында аз емес…
Ұзақ сөздің түйіні мынау: дүйім жұртқа белгілі, 1980 жылдан бері 11 рет басылған менің еңбегімді тежеусіз жымқырумен қоса әлгіндей ойжота қателері мол, шикілі-пісілі еңбегін журналда жариялап, менен де гөрі өзінің беделіне өлшеусіз зиян келтірді демекпін. Жә, осындай сорақы ұрлыққа ол не себептен барған? Түсініксіз гәп. Мен ойладым: сірә, қаламы жүйрік замандасым жазар тақырыбын тауысқан, өзінше сенсация жасағысы келіп, өзі білмейтін, ғылымын түсінбейтін ауыр тақырыпқа қалам сілтеген. О да бір сәрі, менің еңбегіме қол салған. Қысқасы, қаламгер қартайған шағында масқара іске ден қойғаны үшін менен кешірім сұрасын! Мына «Ашық хатты» жазбаша ескерту деп санасын. Қабдеш Жұмаділұлының бұдан бірнеше жыл бұрын әдебиет ақсақалы Ә.Нұрпейісовке сот үкімімен ұмытпастай айып тартқаны – жұртшылыққа мәлім. Мен де сол шараны қайталауға пейілмін…
Шынымды айтайын, осы хатты жазып қойып, неше тәулік ойландым. Менің жасымда бұл – елімізге, ұлтымызға нұқсан келтірер ұят іс. Ақыры, әділдік үшін, әдебиетіміздің беделі үшін жүзеге асқан осынау әдеби ұрлықты әшкерелеуді жөн деп білдім. Мен үшін әлбетте әділдік қымбат!.. (Бұл мақала қысқартылып берілді – мінбер-ақпарат)
Медеу СӘРСЕКЕ,
жазушы, Семей қаласы мен Баянауыл ауданының Құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің иегері,
Шығыс Қазақстан және Семей университеттерінің
Құрметті профессоры,
МАИ мен Тарих қоғамдық
академияларының толық мүшесі.
17 маусым, 2015 жыл, Семей.
ҰЗАҚ-СОНАР «АШЫҚ ХАТҚА» – ҚЫСҚАША ЖАУАП
Қадірлі Медеу! Жаңылмасам, сен екеуміз – бір жылы туған төл, яғни, құрдас болуымыз керек. Сондықтан кездейсоқ танысқан біреулерше бір-бірімізге «сіз» деп сызылмай-ақ, «сен» деп сөйлескеніміз дұрыс болар.
Маған баспасөз бетінде («Қазақ әдебиеті» газеті, 10-шілде, 2015 ж.) «ашық хат» жазып, көңілдегі күдікпен бөліскен екенсің, оның ешбір айып-шамы жоқ. Өйткені, бұл күнде өз дүние-мүлкіңді түгендеп, айналаға жіті көз салып отырмасаң, сен үшін ешкім де ат сабылтып, шығармаларыңа жидашы, қормал бола қоймайды. Оның үстіне, қазір әдебиетте талтүсте қораңа түсіп, «жиендік» жасайтындар көбейіп кетті. Ол жағы басымызда бар, ондай суық қолдылар кейінгі кезде біздің қораға да жиі түсіп жүр. Ондайлар сенен оқиға ұрлайды, образ ұрлайды, ой ұрлайды. Мұның өзі, шынтуайтқа келгенде, қорадан қой ұрлағанмен бірдей. Мен ұрылар тым басынып бара жатқан соң, олардың бірнешеуін баспасөзде әшкерелеп жаздым да. Амал не, қазір әдеби ұрлықты кәсіп етіп, «жазушы» атанып жүргендер аз емес. Мен оларды өздігінен аңға түсе алмайтын, көктегі қырандар мен жердегі жыртқыштардан қалған жемтікпен күн көретін қарақұстарға теңегенім бар.
Бұл енді таза көркем әдебиеттегі көрініс. Ал деректі, құжатты шығармаларда жағдай одан гөрі басқаша. Сіз әлдебір тұлға туралы тарихи пәктілерді жинақтап, деректі шығарма жазған екенсіз, ондағы пәктілер енді сіздің жеке мүлкіңіз болып саналмайды. Тарихи пәктілер мен деректер халықтың ортақ қазынасы, яғни, әлдебір тарихи деректі алғаш ашқан адам да «мынау – менікі» деп меншіктей алмайды. Өйткені, тарихи пәктілер мен деректерді сіз ойлап тапқан жоқсыз. Олар сізге дейін де бар болатын. Егер оларды сіз жарияға шығармасаңыз да, оны, сөз жоқ, басқа біреу шығарар еді. Сондықтан сіз тапқан тарихи деректі «шикізат» ретінде әркім-ақ өз шығармасында пайдалануға ерікті. Оған іштарлық жасап, ренжудің қажеті жоқ, қайта қуану керек. Сен тапқан деректер сол күйі елеусіз қалмай, қолдаушысын, жалғасын тауып, ел игілігіне жарап жатса, ол жаман ба?!
Енді арамыздағы әңгімеге оралайық. Медеу, сен Қаныш Сәтбаевтың өмір жолын ұзақ жыл зерттеп, ол туралы «Қазақтың Қанышы» атты көлемі 600 беттік, қалың кітап жаздың. Сәтбаев тануда дәл қазір сенің алдыңа түсетін кісі жоқ. «Қазақтың Қанышы» – ғұламаға сөзбен соғылған ескерткіш тәрізді. Сенің әйгілі тарихшы Бекмаханов жайында жазған деректі кітабың да бұл сөзімізге толық дәлел бола алады.
Ал мен жазған «Академиктің көз жасы» – небәрі алпыс беттік шағын хикаят. Әрине, менің повесім көлем жағынан болсын, мазмұн жағынан болсын, сен жазған «Қазақтың Қанышына» теңесе алмайды және оны қайталамайды да. Шығарманың көлемі ғана емес, сен екеуіміздің ұстанған концепциямыз әр басқа. Сен өз кітабыңда Қаныштың күреске толы өмір жолын, ғылымның биік шыңына көтерілген бақытты кезеңдерін суреттедің. Ал, маған – биіктен биікке тынымсыз өрмелеген «бақытты» академик емес, өмірі қайғы-қасіреттен, уайымнан арылмаған бақытсыз Сәтбаев керек болды. Себебі, ұлтың азат болмайынша, сен де бақытты бола алмайсың.
Деректерге қарап отырсақ, ұлы ғұламаның жасыған, қорланған, өкінген, керек десеңіз, еңкілдеп жылаған сәттері аз болмапты. Ғылымның ұшар басына шыққан «№1 қазақтың» көрген күні осындай болғанда, басқа қарапайым қазақтар не күйде жүрді десейші?!
Әрине, Қанышты жылатқан – сол кездегі империялық саясат, орыс шовинистерінің әділетсіз зорлығы. Көзі ашық қазақ зиялысының басына түскен қасірет… Медеу, сен менің повесімдегі Қаныштың советтік түзімге іштей қарсылығын қабылдамайтын сыңай танытыпсың. «Бұл күнде Совет өкіметін жамандайтындар көбейді» деп қағытасың. Өзің ойлап көрші, Қаныштың сексенге келген әкесі Имантай отызыншы жылдары түрмеде өлсе, үш бірдей ағасын: Әбікей, Әбдікерім, Ғазиз Сәтбаевтарды 1937 жылы «Халық жауы» деп еш жазықсыз атып тастаса, ғұламаны өз қолымен құрған академиядан аластап, итжеккенге айдалудан Мәскеуге қашып барып зорға жаны қалса, осының бәрін бастан кешкен Қаныштай дана бір ұрты май, бір ұрты қан советтік түзімге қалай қарауы керек?
Сәтбаевтардың бүкіл заузатын, ағайын-туыстарын түгел жазалап жатқанда, Қаныштың қалай аман қалғанына таңғаласың. Сөйтсек, оның да себебі бар екен. Қанышты ажалдан қорғап қалған – Жезқазғанның мысы мен алтыны, марганеці мен ураны, қазақ даласының бұдан басқа да ашылмай жатқан кеніштері екен ғой. Империялық өкімет ғұламаның айрықша жаралған таланты мен ақыл-ойын, білім-қабілетін, міне, осы мақсатқа пайдаланбақ болды.
Жоғарыда айтқанымдай, мені бұл тақырыпқа қызықтырған – Сәтбаевтың бұл күнде әркім білетін өмір жолы мен ғылымдағы жетістіктері емес, қорланған, өксіген, еңіреп жылаған сәттері болатын. Осы мақсатта Қаныш Имантайұлы туралы жазылған біраз естеліктерді сүзіп шықтым. Ғұламаның 100 жылдық мүшел тойы қарсаңында шыққан естеліктер топтамы, сенің кітабың, тағы басқалар… Міне, осылардан өзіме қажетті тарихи деректерді теріп алып, пайдаланғаным рас. Сен «ашық хаттың» бір жерінде «деректерімді пайдалана отырып, тым құрыса маған сілтеме жасамапты» дегендей өкпе айтыпсың. Бұл өкпең орынды. Шынында да, хикаяттың бір жерінде «кейбір деректер Медеу Сәрсекенің еңбектерінен алынды» деп ескертуім керек еді. Бұл – менен кеткен кемшілік. Кейде, көркем шығармада басқаға сілтеме жасау оқырманның қызығуын кемітіп, әсерін әлсіретеді. Бәлкім, мен содан сақтанған шығармын.
Сонан соң, жоғарыда айттым ғой, жалпыға ортақ тарихи пәктілерді пайдалану – біреудің қорасына түскендік болып саналмайды. Бұл көркем шығармадағы ой ұрлау, оқиға ұрлау, образ ұрлау емес, белгілі деректерді басқа қырынан сөйлету болып табылады. Тарихи деректер – ортақ игілік, ортақ қазына.
Ойым түсінікті болу үшін бір ғана мысал келтірейін. Мәселен, соңғы жылдары профессор Тұрсын Жұртбаев «Ұраным – Алаш» деген ортақ тақырыппен «Алаш» қайраткерлерінің түрмеде тартқан азабы жайында, жалпы қазақ зиялыларын жоюды көздеген репрессия туралы бұрын құлыптаулы жатқан архив материалдарын жарыққа шығарды. Онысын «Жұлдыз» журналының әлденеше санында жариялады. Бұл – аса бағалы еңбек. Алаш қайраткерлері жайындағы кейбір материалдар көркем шығарма жазуға сұранып тұр. Міне, осы тарихи пәктілер мен деректерді Тұрсын «менікі» деп бауырына басып отырмайды ғой. Күні ертең ел игілігіне айналған осы қазынадан әркімдер пайдалануы мүмкін. Одан Жұртбаев ұтылмайды, әрине. Өзі қазған бастаудан бүкіл елдің сусындағанын көріп, мерейі тасиды.
Медеу, мен сені түсінем. Қаныш Имантайұлы туралы әрбір сөз, әрбір дерек саған алтыннан да қымбат. Қаныш туралы деректерді басқаға қимайсың. Мұндайда аздап қызғаныш туатыны да заңды. Алайда, Сәтбаев деген тұтас бір жатқан әлем ғой. Оған қатысты дүниенің бәрі менікі деп, бауырға басу мүмкін бе? Біздің бәріміздің де мақсатымыз – шындыққа бір табан жақындау. Жалпы, Сәтбаев туралы кезінде сен айтпаған шындықты бүгін басқа біреу айтса, оған іштарлық жасауға болмайды. Ғұлама жайында сен тапқан деректер ешқайда кетпейді. Олар қайта айналып келіп, Қаныштың қазанына құйылады. «Академиктің көз жасы» да – сол теңізге қосылған тұщы бұлақтардың бірі.
Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ,
Қазақстанның халық жазушысы.
http://writers.kz
Парақшамызға жазылыңыз
Қысқартылып берілген болса да, оқып шықтым. Екі тараптың да уәжі орынды. Алайда Қабдештікі жөн, меніңше.
Оқып шықтым. Екі тараптың да айтулары орынды және жаға жыртысарлық ештеме жоқ. Қабдеш аға дұрыс уәж айтыпты. Менімше, мұнысы екі жаққа да тоқтам болатындай екен…
Қабдеш Жұмаділов бұған дейін де Сәкен өмірінен “Ақынның ақырғы күндері” деген әңгіме жазып шыққан. Менен алдың деп ірі сәкентанушылар Тұрсынбек Кәкішев, Амантай Кәкен, Серік Қирабаев, т.б. өре түрегелмепті.
Aitysta šyndyq šyghady. Bäri tüsinikti boldy.
Қабдеш атам жақсы айтыпты. Екі жазушының таласын жұртқа жария етіп, бірін ақ, бірі қара ету жақсы дүние емес, негізі. Қабдеш ата мойындаған, шығармасына арқау еткен… Тарихи дерек деп онысын жоққа шығармайды. Қалыпты нәрсе!
Қабдеш шынымен қартайды. Қартайғанда да қазымыр қартайды. Тұрсынбек Кәкішев, Амантай Сәкен, Серік Қирабаев Қабдешпен ырылдасып жатқысы келмегенін анық білеміз.
Қабдеш қазір бүгінгі күнге ілесе алмай
Оқыдым екеуін де. Балалар, Қабдешті арашалап қажеті жоқ. Қабдеш қартайды, қартайғанда да қазымыр. қырт қартайды. Қабдеш те, біз де сендердің қатарларыңа ілесе алмай көштен қалып барамыз. Уақыт сондай екен. Мойындау керек. Латын һарпіне көшеміз дегенде Қабдештің қарсы болғанын естіп, жөнін сұрадым. Айтқаны мынау “Сен екеуімізді біреу латын ғарпіне аударады дейсің бе? Атаңның басы. Ұмытыламыз да қаламыз. Мен Қабдеш атым ұмытылмауы үшін кіммен де болса қырқысамын.”
Қабдеш СССР дің тұсында алқаудың сан түрін көрді, коммунистерге әбден жақты. мына заманда қытайды жаманадап өлуге бар жазушы керек болмай қалды. Қабдеш осыны түсінбей- ақ қойды.
Ұрлықты еш уақытта ақтауға болмайды. Ұры ол қашан да ұры. Үйренбеңдер.
Заңғардың найман сыяқты. Қабдешті біліп тауыстық, біресе ұры, біресе жалақор, біресе даукес, біресе “тарихшы”, біресе… Қысқасы нағыз қыртыл-шыртыл боқтышақ. Бір сөзіне сенбейтін бір кітапты бір кезде тас- талқан етіп,сынағанда айызым қанғантұғын. Енді әбден сасыр кетті.
Заңғар сен қызық екенсің. Ұрының ісі қашан жөн болмақшы? Қабдеш жанасатын адам емес бұ күні. Бұрындарда аса қызғаншақ, сордоңызтұғын, қазір тіпті асып кетті. Сұрашы Қабдещпен араласатын бір жазушы қалды ма екен? Айтыспаған, шабыспаған, ит жеместі жемеген кімі қалды. Заңғар ол сен үлгі ұстайтын адам емес. Шаптыққан сөзіне қарап елдің мұңын ойлайтын жазушы десең қателесесің. қарақан басынан өзге еш ойы жоқ мұңдар неме ол.
“Шынында да, хикаяттың бір жерінде «кейбір деректер Медеу Сәрсекенің еңбектерінен алынды» деп ескертуім керек еді. Бұл – менен кеткен кемшілік. Кейде, көркем шығармада басқаға сілтеме жасау оқырманның қызығуын кемітіп, әсерін әлсіретеді. Бәлкім, мен содан сақтанған шығармын.” Сонда оқырман алдында өзі ұпай жинағысы келіп, Медеу Сәрсекенің еңбегін ескерусіз қалдырғысы келгені ме?.. Мен де Қабаңнан дұрыс болар ештеңе байқамадым.
оу ағалар қойсаңдаршы жыртыла бермей! қабдеш аған кешірім сұрағандай мойындап отырса онысы азаматтық деп білемін.
Қайырлы күн! Мен Қабдеш атамызбен толықтай келісемін. Тарих бұрмалауға келмейді. Медеу атамыз да, Қабдеш атамыз да бір кісінің ұлылығын екі түрлі жанрда жазып отыр ғой.