//

Иманғали Тасмағамбетов кім? Саясаткер Әміржан Қосановтың жауабы

920 рет қаралды

тссмағБүгін Иманғали Тасмағамбетовтың туған күні

Иманғали Тасмағамбетов жоғарғы биліктегі элита арасында қаншалықты ықпалды тұлға?

Біздегі жүйеде кез келген шенеуніктің шынайы ықпалының үш көрсеткіші, үш өлшемі бар. Екеуі – өткінші, біреуі – тұрақты.

Біріншісі – атқарып жүрген ресми қызметі, яғни, креслосы. Бұл тұрғыдан Тасмағамбетов мырза Қазақстанда бар жоғарғы шенеуніктік қызметтің барлығын дерлік атқарып шықты. Қазір де мемлекеттің ең маңызды саласы – қорғаныс істерін басқарып отыр.

Екінішісі – президенттің ол шенеунікке жеке көзқарасы, оған деген сенімі. Ол жағынан да Тасмағамбетов мырза кенде емес. Осыншама уақыт бойына елбасының ең сенімді серіктесі ретінде өзін танытып келеді, сенім орбитасынан шығып көрген жоқ. Мұның өзі екінің бірінің қолынан келе бермейтін жетістік. Тасмағамбетовтың да дұшпандары осы жылдар ішінде тыныш отырмаған шығар, ол туралы президенттің құлағына талай сыбырлаған да болар. Бірақ ол болса, әлі президенттің жанында. Бұл жайт көп нәрсені аңғартса керек.

Үшіншісі – сол шенеуніктің ел ішіндегі шынайы беделі, танымалдығы, жұрт үмітін ақтай алатындай мәртебесі, жаңа заман лексикасына сай айтатын болсақ, имиджі, реномесі. Ол жағынан да Тасмағамбетовтың тасы өрге домалап отыр.

Осы үш өлшемнің алғашқы екеуі – өткінші, уақытша, көп жағдайда субъективтік сипатта. Қарап отырсақ, бүгін жоғарғы қызметте отырған адам, ертең айдалада қалады, не істі болып жатады. Елбасының да үмітін ақтай алмай, сенімінен шығып жатады.

Үшінші өлшем болса, тұрақты, өйткені жылдар бойы қалыптасқан абырой мен беделді бір күнде өшіру қиын, кейде тіпті мүмкін емес.

Осы үш өлшем әзірше Тасмағамбетовтың еншісінде.

Оның халық арасындағы беделі, қоғамдағы харизмасы қай деңгейде?

Бұл сұраққа жоғарыда жауап берген сияқтымын. Оған бір қосарым мынау.

Бізде басқару элитасында бірнеше ұрпақ, толқын бар. Соның ішінде президентпен о бастан бірге келе жатқан, Тәуелсіздіктің қызығын да, қиындығын да бірге көріп келе жатқан «ескі гвардия». Олар әрқашан президенттің жанында. Қарап отырсақ, сол тегеурінді толқынның ішіндегі ең жасы – Имекең. Мұны өзі оның таптырмас тәжірибесін болашақтағы перспективалармен ұштастыра алуына жол ашары күмәнсіз.

И. Тасмағамбетовтің өзіне ғана тән қандай қасиетін немесе ел тағдыры үшін жасаған ерекше қадамын атап өте аласыз?

Өз басым кезінде ол кісі Мемлекеттік жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы болғанда, оның орынбасары боп қызмет атқарғанмын, сондықтан да оның жеке және іскер қасиеттерін бір адамдай көріп, білгенмін.

Мықты ұйымдастырушы, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін, бір бастаған істің нәтижесіне жетпей, тоқтамайтын басшы ретінде таныдым. Ортақ іс мүддесінде кейде қызбалық танытып, шорт кесетін кездері де болатын. Қазір, уақыт өте ол мінезі өзгерген болар.

Біздің басқарушы истеблишментте ұлтжандылық дефицит, тым тапшы. Сондықтан да көпшілік Имекеңнің осы қасиетін баса айтады, соған тәнті. Ол қасиет болашақта мемлекетіміздің өзін ұлттық сипатта құрып, ұлттық саясатты мейлінше әділетті әрі тиімді жүргізу үшін ауадай қажет деп білемін.

Экономика мен шаруашылықты меңгере отырып, оның рухани салаға, мәдениет пен өнерге бір табан жақын болуы да оны басқа саясаткерлерден рекеше етіп тұрады.

Сөз соңында айтарым мынау. Қазір ел ішінде Назарбаевтың болашақ мұрагері туралы әңгіме жиі айтыла бастады. Біраз адамның аттары аталуда. Сол тізімде өз орнын ойып алған Тасмағамбетовтың болашағы да осы факторға байланысты. Билік іші мен маңындағы кланаралық тартыстың ушыға түсері хақ. Сондықтан да оның жақтастарымен бірге, дұшпандары да аяққа тұрып, қатары көбейе түсері анық.

Дерек көзі «Қамшы сайты»

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар