Қазақстан парламенті мәжілісі қаңтардың 13-і күні өзін таратып, елде кезектен тыс парламент сайлауын жергілікті мәслихаттар сайлауымен бірге өткізуді президент Нұрсұлтан Назарбаевтан сұрады. Қаңтардың 20-сы күні президент Нұрсұлтан Назарбаев бесінші шақырылымдағы депутаттардың өкілетін тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Өткен апта парламенттегі үш партия – «Нұр Отан», «Ақ жол» және «Қазақстан халықтық коммунистік партиясы» фракциялары атынан мәжілісті тарату туралы өтінішті айтқан депутат Владислав Косарев «мәжіліс өзінің тарихи міндетін орындап, ұлт жоспарының заңдық негізін құрып, 80 заң қабылдады» деді.
Депутаттар мәжілісті тарату ұсыныстарын «әлемдегі жүйелік дағдарыс және оған қарсы тұру қажеттігімен» түсіндірген.
Азаттыққа пікір білдірген сарапшылар 2012 жылы қаңтарда сайланған бұл мәжілістің төрт жылда қандай істер атқарғанын сипаттады.
«АТҚАРУШЫ БИЛІКТЕН ТӘУЕЛСІЗ БОЛА АЛМАДЫ»
Саясаттанушы Расул Жұмалы тарағысы келген мәжілісті «көп жағдайда қауқарсыз, елге қажетті және өзекті тақырыптарды ашық талқылауға, талап қоюға қауқары жетпеген, дәті бармаған мәжіліс» деп сипаттайды. Мәжілістің «соңғы төрт жылдағы маңызды оқиғаларды – ресейлік «Протон» зымыран тасығыштарының құлауын, Еуразия экономикалық одағына қатысты қайшылықтарды, 2011 жылдың соңында болған Жаңаөзен оқиғасын тексеру жайын – айналып өткенін» айтқан сарапшы оның атқарушы билік әкелген заңдарды бекітумен отырғанын айтады.
– Заң бекітуші орган екені белгілі, бірақ әлемдік тәжірибеде парламенттің функциясы мұнымен шектелмейді. Ең негізгі міндеті – үкіметті, атқарушы билікті бақылап отыру, халықтың атынан талап қою, сынау, отставкаға жіберу. Дәл осы тұрғыдан алғанда «мардымды жұмыс атқарды, атқарушы биліктен мүлде тәуелсіз болды, өзінің тұғырын ұстай алды» дей алмаймын, – дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.
Ол «әлемдегі жүйелік дағдарысқа қарсы тұру қарсаңында өз дәрменсіздігін мойындаған» мәжіліс депутаттарының кейбірі жаңа шақырылымда қайта сайланса, оның қисынсыз боларын айтады.
Мәжіліс үкімет ұсынған идеялар мен шешімдерді жұмсартуға тырысты, бірақ онысы үнемі сәтті болмады. Себебі төменгі палатаның саяси салмағы ауыр емес. Болашақ парламент құрамы да дәл сондай жағдайда жұмыс істейді.
Саясаттанушы Максим Казначеев те бесінші сайланымдағы мәжілістің «саяси-экономикалық, әлеуметтік мәселелер ушығып тұрған шақта өз бетінше шешім қабылдай алмағанын» айтады.
– Жалпы алғанда үкімет ұсынған идеялар мен шешімдерді жұмсартуға тырысты, бірақ үнемі сәтті бола қойған жоқ. Себебі төменгі палатаның саяси салмағы ауыр емес. Бірақ болашақ парламент құрамының да дәл сондай жағдайда жұмыс істейтінін атап өткен жөн, – дейді ол.
«ҚОҒАМ МЕН БИЛІКТІ ЖАЛҒАСТЫРУШЫ ДЕПУТАТ АЗ БОЛДЫ»
Саясаттанушы Толғанай Үмбеталиева өзін таратуды өтінген бұл мәжілістің кезінде «парламент халыққа қарсы заңдар қабылдаумен есте қалғанын» айтады. Ол үкіметтік емес ұйымдар туралы заңды – «азаматтық секторды толықтай бақылауға мүмкіндік берді» деп, жаңа қылмыстық кодексті – «биліктің ұстанымымен келіспейтіндерді қудалауға мүмкіндік беретін заң» деп сынайды.
– [Ал былтыр қабылданған] еңбек кодексіне сәйкес, өнеркәсіп саласындағы жұмысшылардың іс жүзінде ешқандай құқықтары жоқ. Барлық құқық пен билік жұмыс берушілерге берілген. Мемлекет бұл саладан өздерін алшақтатқысы кеп отыр. Менің ойымша, биліктің бұлай етуіне Жаңаөзен оқиғасы ықпал еткен, – дейді саясаттанушы Толғанай Үмбеталиева.
Ол өзін таратуды өтінген мәжілістің төрт жылғы отырыстарынан қызу тартыс көрмегенін, ерекше мәлімдемелер естімегенін айтады. Толғанай Үмбеталиеваның сөзінше, оның есінде жалпы парламенттегі оқиғалардың бірен-сараны ғана қалған.
– Ресей мен Түркия арасындағы оқиғаға байланысты сенат спикері Қасымжомарт Тоқаев дипломат, жоғары палатаның жетекшісі ретінде өзінің саяси көзқарасын білдірді. Егер ішкі ортаға келсек, мәжіліс өкілі Перуашев пен білім және ғылым министрі (Сәрінжіпов – ред.) арасында қайшылық болды. Бірақ оны ситуативті дегеннен гөрі жеке конфликт деуге келеді және олардың нақты проблема шешімдеріне қатысы болған жоқ, – дейді Толғанай Үмбеталиева.
Саясаттанушы тарағысы келетін мәжілістегі бірер депутаттың ғана қоғамда белсенді болуға тырысқанын айтады.
– Көптеген азаматтық ұстанымдарға белсенді түрде қатысқан депутаттар болды. Олар азаматтық қоғам мен билік арасын жалғастыратын транслятор немесе байланыстырушы болуға тырысты. Бірақ мұндай депутаттар өте аз, – дейді Толғанай Үмбеталиева.
Азаттық мәжіліс депутаттарына хабарласып, олардың пікірлерін білуге тырысқанымен, ешбірінен жауап ала алмады.
2012 жылы 15 қаңтарда өткен сайлаудан соң парламенттің бесінші шақырылымдағы мәжілісіне президент Назарбаевты қолдайтын «Нұр Отан», «Ақ жол» және «Қазақстан халықтық коммунистік партиясы» өкілдері өткен.
107 депутаттан тұратын Қазақстан парламенті мәжілісі бес жылда бір рет сайланады. 98 депутат партиялық тізім бойынша сайланады, ал 9 депутатты Қазақстан халқы ассамблеясы таңдайды.
Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ, Азаттық орг.
Парақшамызға жазылыңыз